Ұстаз, ғалым һәм ғибратты жол

4

0

Бүгінгі таңда әлем қарқынды дамып келеді. Алайда өркениет көші алға жылжыған сайын мемлекетаралық қарым-қатынастарда қарама-қайшылықтар да жиілеп барады. Ғылым мен технологияның қарыштап дамуы адамзат өмірін жеңілдеткенімен, табиғатқа түсетін техногендік салмақты еселеп арттырды. Соның салдарынан жаһандық климаттың өзгеруі, ауа температурасының көтерілуі, қуаңшылықтың күшеюі, топырақтың деградацияға ұшырауы, мұздақтардың еруі, тұшы су қорының азаюы секілді адамзатқа ортақ күрделі мәселелер туындауда. Мұның бәрі қоршаған ортадағы тепе-теңдіктің бұзылып, экологиялық ахуалдың күрделене түскенін аңғартады.

Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Түрлі сынақ полигондарының, «Байқоңыр» ғарыш айлағының, кең ауқымды тың игеру науқанының әсері ғасырлар бойы табиғатпен үндесіп келген экожүйенің тепе-теңдігін бұз­ды. Оның салдары халықтың денсаулығына, әлеу­меттік жағдайына, қоршаған ортаға ауыр зар­дап­тарын тигізіп, бүгінге дейін жалғасып келеді.

Соның ең ащы көрінісі – Арал тағдыры. ХХ ғасырдың 50-80 жылдарында жүзеге асқан алып ирригациялық жобалардың салдары ХХІ ғасырда «Арал апаты» деген атпен әлемге мәлім болды. Миллиондаған жылдар бойы тіршілік бесігі болған алып теңіздің небәрі жарты ғасырға жуық уақыт ішінде тартылып кетуі – табиғатты жүйесіз пайдаланудың адамзат тарихындағы ең ауыр мысалдарының бірі. Кезінде Еуразия кеңістігінің інжу-мар­жаны атанған Арал теңізі бүгінде экологиялық қасіреттің символына айналды.

Бүгінгі күні Арал маңы халқы теңіз тар­тылуының зардабын жан-тәнімен сезінуде. Әсі­ресе Қызылорда өңірінің тұрғындары ме­ди­циналық, экологиялық және әлеуметтік-пси­хо­логиялық ауыртпалықтарды бастан өтке­ріп отыр.

Дегенмен, осындай жағдай боларын еш­кім мүлде болжаған жоқ деу шындыққа жа­нас­пайды. Кезінде Одақ көлемінде Сібір өзенде­рінің суын Торғай арқылы Аралға бұру жо­басы дайындалып, тіпті алғашқы жобалық-із­дестіру жұмыстары басталған еді. Арнайы шаруа­шылықтар, болашақ канал бойындағы инфра­құрылымдар жоспарланды. Алайда түрлі се­беп­термен бұл жоба жүзеге аспай қалды.

Тарихи шындықты айту – келер ұрпақ алдындағы міндет. Сондықтан Арал мәселесін шешуге бағытталған батыл қадамдарды да ұмытпауымыз керек. Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асқан «Көкарал» бөгеті, САРАТС жобасы, «Көксарай» су реттегіші се­кілді маңызды нысандардың арқасында Кіші Арал қайта толысып, өңірдің экологиялық ахуалы біршама жақсарды. Бұл жобалардың әлеуметтік-экономикалық маңызы да айрықша болды. Осындай күрделі кезеңде елдің су шаруашылығы саласына өмірін арнап, ғылым мен өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалау – ұрпақ алдын­дағы парыз. Солардың бірі – Байманов Жан­ұзақ Нұрділдаұлы.

Биыл ол пайғамбар жасы – 63-ке толып, зейнеткерлікке шығып отыр. Әрине, күн сайын зейнет жасына жетіп жатқан азаматтар аз емес. Бірақ олардың бәрі туралы мақала жазыла бермейді. Ал Жанұзақ Нұрділдаұлының өмір жолы мен азаматтық болмысы кейінгі буынға үлгі боларлықтай.

Қазақы түсінікте қасыңда жүрген інілерің­нің есейгенін байқамай қалып, «сен де зейнеткер болдың ба?» деп таңырқап жататынымыз бар. Бұл – уақыттың өткіншілігін аңғартатын өмір заңдылығы. Адам жетістігінің астарында әрда­йым маңдай тер мен табанды еңбек жатады. Осындай тұлғалардың өмір жолын насихаттау – жастар тәрбиесіндегі маңызды міндеттердің бірі.

Жанұзақ Нұрділдаұлы 1963 жылы 22 ма­мырда қасиетті Сыр мен Қызылқұм түйіскен Іңкәрдария ауылында дүниеге келді. Ол ең­бекті өмірінің темірқазығына айналдырған Нұр­ділда ағамыз бен Қатшагүл анамыздың көп­балалы отбасындағы төртінші перзенті.

Мал шаруашылығымен айналысқан отба­сы­ның тіршілігі жеңіл болған жоқ. Шопан өмірі – табиғатпен бетпе-бет келіп, жылдың төрт мезгілінде тынымсыз еңбек етуді талап ететін ауыр кәсіп. Қыстың қақаған аязы, жаздың ап­тап ыстығы, күздің ызғарлы желі, төл алу, қой қырқу, жайлау мен қыстау арасындағы кө­ші-қон – мұның бәрі үлкен төзімділік пен та­бан­дылықты қажет ететін шаруалар.

Осындай ортада өскен Жанұзақ жастайы­нан еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс болды. Еңбектің дәмін ерте татқан бала се­зімтал, еңбекқор, жауапкершілігі мол азамат бо­лып қалыптасты. Мектептегі каникул уақыт­тарында қолы қалт етсе кітап оқуға әуес болатын. Әкесі баласының еңбекпен шыңдалып өскенін қаласа, анасы «баламыз ертең ғалым болады» деп, оның кітап оқуына іштей қуанып, әрдайым ерекше қамқорлық та­нытқан екен. Осындай тәлім мен тәрбиені қатар көріп өскен Жанұзақ әкесінің інісі, инженер-электрик Өмірзақ ағасына қарап бой түзеп, техника саласына қызығушылық таныта бастады. Сөйтіп 8-сыныпты тәмамдаған соң, сол кездегі еліміздегі өте беделді су шар­уа­шылығы, құрылыс, электрофикация, меха­ни­зация салаларына техник мамандарды даяр­лаған Қызылорда политехникалық техни­ку­мына түсіп, гидротехникалық құрылыс ма­ман­дығын меңгеріп шықты.

Кеңес дәуірінде әскер қатарына барып, Отан алдындағы борышын өтеу әрбір бозбала үшін үлкен мәртебе саналатын. Жастайынан еңбекпен шынығып, спортпен айналысқан Жан­ұзақ үшін әскер өмірі де үлкен мектеп болды. Сол кезеңде әлемде НАТО мен Варшава шарты елдері арасындағы әскери-саяси текетірес күшейіп тұрған еді. Әскери комиссия оның білімін, денсаулығын, жігерін, төзімділігін бағалап, Венгрияда орналасқан Оңтүстік әскери тобына жібереді.

Алты айлық арнайы танк командирі-ме­ха­н­игін даярлау курсын үздік бітіріп, бір жа­рым жыл механик-жүргізушісі болып абы­рой­лы қызмет атқарған ол 1984 жылы елге аман-есен оралады.

Көп ұзамай ата-анасының аманатын орын­дап, жоғары білім алуға бел буады. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институ­ты­ның Қызылорда филиалына оқуға түсіп, 1989 жы­лы гидромелиорация мамандығын үздік тә­мамдайды. Кейін сол оқу орнында оқу ше­бері, ассистент, оқытушы, аға оқыту­шы, фа­культет деканының орынбасары қызмет­терін абыроймен атқарды.

Сол жылдары гидромелиорация маман­дығы бойынша Одақ көлемінде теңдесі жоқ оқу-зертханалық база қалыптасты. Оның жа­сақталуына Жанұзақ Нұрділдаұлының сіңірген еңбегі зор болды. Осы кезеңде ол тек ұстаз ғана емес, ғылымға ден қойған ізденімпаз зерттеуші ретінде де танылды.

Аспирантурада оқып жүріп, сол кезең үшін тың саналатын «Сырдария өзенінің тө­менгі ағысында малазықтық дақылдарды суару мен тұзданған топырақтарды шаюда ағынды суларды пайдалану технологиясы» та­қырыбында ғылыми-зерттеу жүргізді. Белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор О.Зұбайровтың жетекші­лігімен техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғап шықты.

Осы сәттен бастап оның ғылым мен өн­дірісті ұштастыруға, сапалы мамандар даяр­лауға бағытталған ауқымды қызметі жаңа қарқын алды.

Ақмешіт гуманитарлық-техникалық инс­титутының ректоры қызметін атқарған жыл­дары жоғары білім жүйесін ұйымдастыру, сту­денттер контингентін қалыптастыру, нор­ма­тивтік-құқықтық құжаттармен жұмыс істеу бағытында мол тәжірибе жинақтады.

Ал 2012 жылы Ы.Жақаев атындағы Қа­зақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры қызме­тін ат­қарып жүрген кезімде, Жанұзақ Нұр­діл­да­­ұлын арнайы шақырып, «Білімді тарату ор­талы­ғының» басшысы қызметіне қабыл­дадық. Бұл кезеңде институт алдында ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу, халықаралық ұйымдармен байланысты күшейту, су үнемдеу технологияларын шаруашылықтарға тарату секілді ауқымды міндеттер тұрған еді. Осындай жауапты жұмыстарды жүзеге асыруда Жәкең­нің білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті ерекше қажет болды.

Осы қызметте жүріп ол халықаралық ФАО, ПРООН, GIZ, IWMI ұйымдарымен ты­ғыз байланыс орнатып, су ресурстарын тиім­ді пайдалану бағытындағы жаңа техноло­гия­лардың өндіріске енгізілуіне, өңірдегі аг­рар­лық саланың инновациялық дамуына елеу­лі үлес қосты.

Шетелдік әріптестермен жұмыс бары­сында Жанұзақ Нұрділдаұлы өзін кәсіби дең­гейі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті мықты маман ретінде көрсетті. Оның баста­масымен институтқа инновациялық жаб­дықтар, тамшылатып суару жүйелері, ла­зер­­лік тегістегіштер мен заманауи сепкіш тех­ни­калар әкелінді. Ғалымдар мен шаруа­шы­лық мамандарына арналған семинарлар мен тре­нинг­тер ұйымдастырып, жаңа техноло­гиялардың өндіріске кеңінен таралуына үлкен үлес қосты.

Жаңалыққа жаны құмар, еңбектен жа­лықпайтын Жәкең бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа жетсе де, Арал тағдырына, климаттың өзгеруіне, жер мен судың болашағына алаңдап жүреді. «Алла денсаулық берсе, елге қызмет етуді тоқтатпаймыз ғой» деп отыратыны да содан.

Иә, Жәкең – өмірден түйгені мол, ел қа­мын ойлаған, ағайынға сүйеніш болған азамат. Бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысына, мәуелі бәйтерегіне айналып отыр. Асыл жары, ар­дақты ұстаз Ләззат екеуі өнегелі отбасы құрып, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Дос-жаранға сыйлы, әріптестеріне қадірлі, қоғамға танымал ғалым ретінде Жанұзақ Нұрділдаұлы – біздің мақтанышымыз.

Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,

техника ғылымдарының докторы,

ҚР ҰАҒА академигі, профессор