Басына қышқылдық құйып, денесін шамаданға жасырған: Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты сұмдық деректер айтылды

5

0

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары “Осторожно: Собчак” YouTube-арнасына берген сұхбатында қылмыстың жантүршігерлік мән-жайын айтып берді. Олардың сөзінше, марқұмның көмейі кесіліп, саусақтары шабылған. Сондай-ақ басын денесінен ажыратуға әрекет жасалып, үстіне қышқыл құйылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Малды бауыздағандай өлтірген”

Марқұмның анасы Шолпан Батқалова қызының денесін бөлшектеуге әрекет жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Айгүлдің басына қышқыл немесе басқа химиялық зат құйылған. Соның салдарынан шашы күйіп, көзі зақымданған.

Марқұмның бетіндегі жұмсақ тіндердің барлығы тілінгендіктен, оны бірден тану мүмкін болмаған.

“Оны малды бауыздағандай өлтірген. Денесін бөлшектегісі келген болуы керек. Басын кесуге тырысқан, көмейін тілген. Мұны көру мүмкін емес. Басына қышқыл немесе химиялық зат құйылған болуы керек, өйткені шашы да, бір көзі де болмаған”, – деді Шолпан Батқалова.

Анасының айтуынша, әйелдің мойнына белгісіз дәрі егілген. Жәбірленуші тараптың өкілдері бұл формалин болуы мүмкін деп болжап отыр.

“Саусақтарының буындары түгел кесілген. Сарапшылар оның белсенді қарсылық көрсетіп, пышақтың жүзінен ұстауға тырысқан болуы мүмкін екенін айтады. Барлық саусағы мен буындары тілінген. Денесінің, беті мен басының әр тұсына 30-дан астам пышақ жарақаты салынған. Тіпті басы мен буындары да кесілген”, – деді Шолпан Батқалова.

Айгүл Сайлыбаеваның денесінен жалпы саны 30-дан астам пышақ жарақаты табылған. Туыстары оны мұрнындағы меңі арқылы ғана таныған.

“Бір мезетте басынан ұрып, іш тұсынан пышақтаған”

Адвокат Жанна Оразбахованың айтуынша, жәбірленуші тарап Айгүл Сайлыбаева күйеуімен бірге тұрған пәтерде өлтірілді деп есептейді.

Олар қылмысқа енесі Наталья Донцова мен оның ұлы, Айгүлдің күйеуі Александр Донцов қатысқан деп болжап отыр. Бұдан кейін олар қылмыстың ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін.

Адвокаттың сөзінше, пәтердің іші мұқият жуылып-тазаланған. Алайда криминалистер арнайы құралдың көмегімен жуылған қан іздерін анықтаған.

Қан іздері үйдің жертөлесінен де табылған.

“Сараптама деректеріне сүйеніп, пәтердің мұқият тазаланғанын, қанның жуылғанын байқауға болады. Бірақ арнайы жарық түсірілгенде қан бөлшектері көрінген. Жертөледен де қан іздері анықталды. Айгүлдің қарсылық көрсетіп, арпалысуы пәтердің ішінде болған сияқты. Кейін денесін жасырған. Көршілердің әлдебір шу естігені туралы куәліктері бар. Денені түсіріп алуы да мүмкіні”, – деді Жанна Оразбахова.

Адвокат Айгүл Сайлыбаеваның жүктіліктің жетінші айында болған ересек әйел екенін атап өтті. Оның пікірінше, Наталья Донцова марқұмның денесін жертөлеге жалғыз өзі түсіре алмас еді. Осыған байланысты жәбірленуші тарап Айгүлдің күйеуі Александр Донцовтың да қылмысқа тікелей қатысы бар деп есептейді.

Олар Александр Донцов пен оның анасы Айгүлді бір мезетте басынан ұрып, пышақ жарақаттарын салған деп санайды.

“Неліктен оның қылмысқа тікелей қатысы бар деп ойлаймыз? Сот-медициналық сараптама мен мәйітті ашу қорытындысы өмірлік маңызды мүшелерге пышақ жарақаттары салынған сәтте, оның басынан ауыр әрі қатты затпен соққы алғанын көрсетеді. Бір адамның бір мезетте кеуде мен іш тұсынан пышақтап, арт жағынан желкесіне қатты затпен соққы жасауы мүмкін емес”, – деді адвокат.

Айгүлдің денесі қалай табылды?

Марқұмның ағасы Жанат Сайлыбаев қарындасының денесі қалай табылғанын айтып берді. Оның сөзінше, белсенді іздеу жұмыстары басталған алғашқы күні-ақ өзеннен шамадан табылған. Оның ішіне Айгүлдің денесі салынған.

Іс материалдарына сәйкес, шамадан дене табылардан бір түн бұрын суға тасталған.

“Денесі суды сіңіріп, аздап ісініп кеткен. Сондықтан ірілеу болып көрінді. Түнде бізге келіп, бұл әйел адамның денесі екенін айтты. Мұрнындағы меңі сияқты ерекше белгісі болғандықтан, оның менің қарындасым болуы мүмкін екенін жеткізді. Келесі күні менен ДНҚ сынамасын алды. Шамамен екі күннен кейін ғана ДНҚ-ның сәйкес келгенін растады”, – деді Жанат Сайлыбаев.

Мән-жайы

Айта кетейік, 2024 жылғы маусымда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.

2025 жылы Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. Алайда кейінірек Қазақстанның бас прокуратурасы Ресей тарапы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін мәлімдеді. 

Ал жақында Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов әйелінің өліміне кінәлі емес екенінайтқан.