Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне өзіндік қолтаңбасын қосқан тұлға, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаевпен әңгіме.
– Қорғанбек аға, Сыр елінің өсу, даму жолында сіздің ізгілік ізіңіз жатыр. Бір азаматқа жүк боларлық қызметтер атқардыңыз. Біз тұлғалармен сұхбаттассақ осылай деп қызметіне қарай ойысамыз да шыққан тегіне қарай шықпаймыз.
Өнеге мен ғибраттың ғұмырдария құярлығы – аталар арнасынан басталатынын ұмыт қалдыра береміз.
Әңгіме тінін әріден тартайықшы.
– Біздің арғы аталарымыз – 1792-1872 жылдары өмір сүрген тарихқа танымал тұлға Торғай Қуатбайұлы.
Торғайдан Шоқай, Қалымбет, Әліш және Оспан атты төрт ұл туады.
Шоқайдан алты Алаштың ардағы, түрік халықтары көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқай өмірге келген.
Ташкент гимназиясын да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін де алтын медальмен бітірген Мұстафа Шоқай – қазақтың қоғамдық және саяси қайраткері, біртұтас Түркістанның еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрес жүргізген тұлға.
Мұстафа Шоқай нағыз полиглот болған, қазақ тілінен бөлек орыс, неміс, ағылшын, француз, түрік, өзбек тілдерін жақсы меңгеріп, еркін сөйлеген.
Мұстафаның сауаттылығын, азаматтық биік болмысын ұнатқан атақты опера әншісі, Петербург аристократының бесінші ұрпағы Мария Яковлевна Горина Шоқай үшін отбасын және мансабын тастап кеткен. Осылайша, Мұстафа Мариямен үйленді. Мұстафаның өзін ғана емес, идеясын, ұлтын, дінін құрметтеген Мария мұсылмандықты қабылдаған.
Торғайдың тұқымынан осындай мықтылар өрбіді. Әліш атты баласы патша үкіметіне хат жазып, ауылдан төрт кластық бастауыш мектеп салдырған. Ауыл балаларының сауатын ашуда бұл мектептің маңызы зор болған. Мұстафа да алғаш сауатын осы Әліш мектебінде ашқан.
Торғайдың жалғыз қызынан туған Айша Меңлібаева кезінде Социалистік Еңбек Ері атанып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Торғайдан бері айта берсек талай жерге барамыз.
Менің атам Қосеке деген кісі болған. Қосекеден 1912 жылы Қайрулла өмірге келген.
Әкем соғысқа бармаған. Ол кісі – ең алғашқылардың қатарында механизаторлық оқып, трактор руліне отырған адам.
1932 жылы Сырдария МТС-і ұйымдастырылып, осы төңіректегі колхоздар мен дарияның арғы бетіндегі Құмшығанақ, Айдарлы, Ақарық, Қызылту колхоздарын қамтыған. Ол кезде жанар-жағармайды өгіз арбамен таситын. Техника түрлері қырық аяқ ХТЗ, НАТИ деген тракторлар, сосын астық басатын «Молотилка» болған. Көбелектің атын иемденген осы техника бір орында тұрады, астықты оған қолорақпен орып, көтеріп әкеліп салады.
Соғыс уақытында Сұлутөбеде механизация мектебі, өндіріс комбинаты, итсигек дайындайтын, астық қабылдайтын пункттер жұмыс істеген.
Колхозда, тіпті осы өңірде ең бірінші комбайншы болған менің әкем. Соғыстан кейін колхозға «Коммунар», «Сталинист-6» деген комбайндар келді. Өзі жүрмейді, трактормен сүйрейді, ол астықты орып әрі дәні мен сабағын айырады.
Әкем сол үш кластық біліммен колхоздың механигі, бас инженері болған.
Әкемнің қарамағында Жақыпбек Маханбетов те трактор айдаған. Мінезді кісі болыпты. Шаршаған кезде сол жерде тракторды тоқтатып, астына жатып алады екен. Оның қырсықтығын білетін бастықтар да оған тұр дей алмайтын көрінеді. Сол бір қайтпайтын қайсарлығы болар, Жақыпбек Отан соғысында Кеңес Одағының батыры атағын алды.
Мен 1943 жылдың қазан айының 25-нде дүниеге келгенмін. Бір жасымда шешем қайтыс болғасын, мені әкем өзінің апасы Әнипаның қолына берген. Ес білгелі сол апамның үйінде болдым.
Әнипа апаның үйі Тартоғайда, дәл стансада емес, «Белтораңғыл» деген жерде. Апамның үйінде жүріп, жерден таяқ жеген жетіге келдім. Әкем мені жеті жастан асқанымда өз үйіме алып кетті. 1951 жылы «1-Май» колхозындағы №40 Орджоникидзе атындағы орта мектепке бардым. Сұлутөбе стансасында да орта мектеп бар, бірақ ол жақтың онжылдығы орысша, қазақшасы – жетіжылдық. Сол себепті Майлытоғай, Айдарлы, Жетікөл, Бірлестік секілді жақын орналасқан ауылдардың ересек балалары «1-Майға» келіп оқиды. Біздің ауылда интернат болды.
Ауылда екі жыл оқып, 3-кластың бірінші тоқсанында Майлытоғайдағы мектепке ауыстым. Қазіргі Майлытоғайды ол кезде «КИМ» колхозы дейді. Өйткені, әкем – осы аймақтағы жалғыз комбайнды жүргізетін жалғыз комбайншы. Әкем қай колхоздың егінін оратын болса, біз үйімізбен сол жаққа көшіп барамыз.
Егін-терім жиналып, комбайнды МТС-ке алып келгенде, 3-кластың қалғанын Сұлутөбедегі Ломоносов атындағы мектепте оқыдым.
Төртінші кластан бастап алтыншыға дейін тағы да Тартоғайға, тағы да Әнипа апамның қолына бардым.
Мектепте орыс тілінен және ән-күйден сабақ беретін Клара Сергеевна Лебедева деген апай болды. Ағайынды алтауды араз қылғандай сұлу жан еді.
Бесінші оқып жүрген кезіміздегі Клара апайға қатысты мынадай бір оқиға есіме түседі. Ол кісі Андрей Петренко деген адамға тұрмысқа шықты. Періштедей болып жүрген Клараның күйеуге тигені маған ерсі көрінді, мұғалімдік дәрежесі төмендеп қалған сияқты сезілді. Баламын ғой, солай ойлағаным рас. Өзім жастығымның астына тығып жүріп өлең жазатынмын. Анасынан бір жасында айрылған бала өлең жазбай қайтсін. Сол жазғандарым өзіме кәдімгідей кестелі еді, бірақ ешкімге көрсетпейтінмін.
Содан апайға арнап өлең жаздым. Мазмұны әлгі айтқанымдай. Шамасы, астарында сарказм бар, яғни ауыр мысқыл анық байқалатындай. Балалар қолдан қолға өткізіп, бір парақ қағаздағы өлеңді оқып, шықылық-шықылық күлісті. Орыс тілі сабағы өтейін деп жатқан, класқа кірген апай балалардың қолынан қолына көшкен бір парақ қағазды алып қойды. Бұлардың бәрі неге күліп жатыр деген таңданыспен үңіліп қарады. Қағаздағы өлең сөздеріне түсінбегені анық, бірақ өзінің «Клара» деген атын оқыды. Содан бірден директордың кабинетіне қарай жүгірді.
«Енді мұндайды қайталайсың ба?», – деп директор жеңімнен сілкіледі. Әбдікәрім Аманқұлов деген ағай завуч еді. «Сен енді мұғалімді мазақтауға шықтың ба?!», – деп ол шапалақпен тартып жіберді. Бетім ду-у ете қалды. Бұл мен үшін қатаң жаза еді.
Ә дегеннен-ақ марапат емес, шапалақ жегізген өлеңді жек көріп кеттім. Бұрынғы жазғандарымды да жыртып-жыртып тастадым. Қазір күлемін: «Ай, Клара апай, қазақ поэзиясының белгілі бір тұлғасын қыршынынан қидың-ау» деп. Әрине, бұл өткен күндерге деген сағынышым, бірақ ақын бола жаздағаным шын.
Кейін «1-Майдың» мектебіне қайтып келдім.
Біз мектеп бітіретін жылы газеттерде мектеп бітірушілер кәсіби мамандықтар иеленіп, ауыл шарушылығында жұмыс істеу керек деген бастама көтерілген.
Дәл осыған орай Сұлутөбеде УМСХ деген орталау оқу орны ашылған еді. Бұл тарқатып айтқанда «училище механизации сельского хозяйства» деген сөз. Осы училищенің бірінші директоры Жақып Әбдіхалықов деген кісі болды. Ол – көп жыл М.Мәметова атындағы педучилищені басқарған Әлима Әбдіхалықованың әкесі.
Комсомол жиында бізге Надежда Лушникова үгіт айтып, сөз сөйледі. Елімізді көркейту үшін жастар механизаторлыққа мамандану керек деген мазмұнда сөйледі. Сол кезде Надежда аудандық комсомол комитетінің хатшысы екен.

Сөйтіп жүріп, мектепті де бітірдік.
– Қорғанбек аға, жеке кітапханаңыз бай екен. Ертедегі қытай ақыны Ду-Фу, ежелгі грек философы Эпикурдан бастап, әлемдік әдебиеттің көптеген өкілін кітап сөреңізден көріп тұрмын. Баспадан 1966 жылы шыққан «Айтыстардың» үш томдығы да тұр.
– Біз – кітапқұмар ұрпақпыз. Бұл кітаптарды сәндік үшін жиған жоқпын. Көбін оқыдық, көбін көзбен шолдық, адамға керектің бәрі кітапта ғой. Кейде ақындардың өлеңдерінен мысал келтіріп жіберетініміз сол кітап оқығандығымыздан.
Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, жастардың көбі кітап оқудан қол үзіп қалды. Интернет, жасанды интеллект игіліктерін пайдалану әрине, прогресс, оның пайдасыз жақтарына бас ұрып кету дерті ушығып тұр. Сондықтан бүгінде ұрпақты кітап оқуға қайта алып келу мәселесі мемлекеттік деңгейде қолға алынып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл шаралар аясында зерделі ұрпақ қалыптастыру мәселелері нақты қаралған.
Өмірдің өзі – мектеп, зерделі адам өмір сабағын оқиды. Біздің аталарымыз өмір академиясынан дәріс алған асылдар еді.
Қалта телефонының қызығына үңілген баланың көз жанары нашарлайды, миы шаршайды, ұйқысы қашады, туыс, дос қарым-қатынасынан тыс қалады. Ал кітап оқыған баланың көз алмасы еркін демалып, миы толығады, рахаттанып ұйықтайды, араласу аудиториясы кеңи түседі. Осыдан-ақ кітап оқудың қандай пайдалы екенін түсінуге болады.
– Кітап оқымаған бала патриот та болмайды деп қоссақ, дұрыс бола ма?
– Дұрыс болады. Ата-бабасының ерлігін білмеген, олардың бір қарыс жері үшін қасық қанын төккен қаһармандығын оқымаған бала қалай отаншыл болсын. Тіпті, олар Отан қорғауға да құлшынысты емес. Әскерден қашып жүргендер көп.
Қазіргі балдардың неге әскерге барғысы келмейтінін түсінбеймін. Иә, кейбір ата-аналар солдаттың тамағы нашар, тәртібі қатал дейді. Әскер демалыс орны емес, ол – босбелбеу баланы ер азамат қылып қалыптастыратын мектеп.
Мен әскери борышымды үш жыл, үш ай атқардым. Қазіргі әскер мерзімі қанша, өзі? Алты айлық әскер бола ма?
Бұрын әскерге бармау ұят еді, біздің замандастарымыздың бәрінің де бойын намыс кернеп тұратын. Рас, ол кезде де бірлі-жарым әскерге бармағандар болды, олар өзі қатарлы жастар бас қосқанда шеттеп тұратын.
– Қорғанбек аға, 1996 жылдан бастап тоғыз жылдан аса облыстық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы болдыңыз. Сол кездердегі бір оқиғаларды еске түсіріңізші.
– Бұл нағыз әскери тәртіптің жұмысы болды. Күндіз-түні тыным таппадық. Сол жылдары дария тасуы жиі орын алды. Қаланы су басып қала жаздады. Әупіріммен алып қалдық, талай қиын күндер өтті, бастан. Соның ең күрделісі – адам шығынымен аяқталған «Көкарал» бөгетіндегі оқиға.
Аралда Қаратерең деген жер бар. Теңіздің жіңішкерген тұсы. Сол жерден «Кызылордаводстрой» тресі «Көкарал» бөгетін салды. Осы бөгет Шаухаманов облыс басшысы болып тұрғанда алғаш рет салынған. Мақсат – Кіші Аралды сақтау, су тұрса балықшыға жұмыс бар, елге күнкөріс бар деген сөз. Әуелі бітеп тастағысы келді. Су жайылып, алқап суланады деді. Сол кезде Қызылордаға іссапармен келген Қазақ КСР Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев та бөгет басында болды.
Мен сонда министрге олай болмайды, су легі бөгетті бұзып кетеді дегенмін. Ол кісі мынау кім дегендей маған бір, Шаухамановқа бір қарады да қойды. Шынында мен айтқандай, сол бөгет бұзылып кетті. Сөйтіп, ол жерге үш рет қосымша шлюз салды.

Морозов басқаратын «Кызылордаводстрой» бөгет жұмысын жүргізіп жатқан бір күні гидрометеорологиялық орталық қатты дауыл болатыны туралы алдын ала ескертті. Мен – ТЖ басшысымын. Морозовпен бірге бөгет басына бардық. Вахталық әдіспен істейтін механизаторлар, шопырлар, жұмысшылар бөгет басында. Олардың қосы төменгі жақта орналасқан.
– Дауыл соқса қума толқын қуаты зораяды. Бөгетті бұзып, жұмысшылар қосы су астында қалады. Оларды көшіру керек дедім. Бұл әрине, оңай жұмыс емес, эвакуациялау. Соны қиынсынды ма, Морозов:
– Ештеңе де болмайды, – деді көзімен жоғары-төменді шолып. Оқыған инженер айтып тұрғасын не деймін.
Ертеңіне «Көкарал» кетті деген суыт хабар келді. Дереу тікұшаққа мініп, әуелеп жеттік.
Вахталық поселканы су шайып кетіпті. Орнында ештеңе жоқ. Бөгет теңізасты құмынан жасалған. Ол құм қолмен ұстағанда бірікпейді, бархан құм емес. Сондықтан ол бөгетке мықты материал бола алмайды. Міне, нәтижесі, мен мұны да айтқанмын.
Дауыл соғып, бөгет жығылғанда вахтада 29 адам болған. Облыс әкімі, аудан әкімі келді. Төбе басында шұғыл жиын өтті. Ақырында тікұшақпен адам іздеуге шықтық.
Мен Морозовты тікұшақтан түсіріп кеттім, орнына Асфендияров деген өзімнің бір мойорым және қаратереңдік екі қарулы жігітті мінгіздім.
Су теңізбен астасқан. Қиыры көрінбейді. Тасқын су техникаларды итеріп, бірнеше шақырымға алып кеткен. Олар тіпті су қоршауынан машиналармен қашып шыға алмаған. Тікұшақпен зымырап келе жатырмыз, тұмсығы жерге қарап еңкейіп келеді. Құйылып аң ілетін бүркіт сияқты. Бір кезде машиналардың үстінде тұрып қол бұлғаған адамдар көрінді. Бәрі КамАЗ-дардың, К-700 тракторлардың үстіне шығып алған. Күн желкем, су үсті суық әрине, көктемнің кезі ғой.

Ұшқышқа тікұшақты барынша төмендет дедім. Арқан тастап тартып ала алмайтын түріміз бар. Шайқалақтатып жел алып кетеді. Бұл тікұшақ адам құтқаруға арналмаған, механикалық құралдары жоқ. Не болса да адамдарға барынша жақындап, қолдарынан тартып шығаруға мәжбүрміз. Тікұшақ суға жақындағанда астымыздағы су шаң сияқты көтеріліп, түк көрінбей кетті. Мен ұшқышқа әлі де төмендет деп бұйрық бердім. Ол болса мұнан төмендей алмаймын, сотталамын ғой деді. Иә, оның ойлағанындай әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Тікұшақ соқтығып құлауы мүмкін, адам шығыны болуы мүмкін. Бірақ бұл ойланып жататын кез емес. «Сотталсаң түрмеге өзім тамақ апарып тұрамын!» деп айқайладым, ұшқышқа. Сол сәтте ол да тәукелге барды. Бір кезде тікұшақтың дөңгелегі судағы КамАЗ-дың бір жақ бұрышына жанасып тиіп кетті. «Гүрс-с» еткен дыбыс шықты. Бірақ ұшқыштың шеберлігімен тез түзелді. Ештеңе ойлап үлгерген жоқпыз. «Құладық-ау, кеттік-ау» деп қорқып жатқанымыз жоқ. Жанталасып адамдарды құтқаруға кірістік. Біртіндеп қолдарынан тартып, тікұшаққа мінгізіп жатырмыз. Сөйтіп, бөгеттен он бір шақырым жерге дейін қаусыра қуалаған судан қашып барып, ақырында судың бетінде қалқып қалған 27 адамды құтқардық. Әбден тонған, оған қорқыныш қосылған, әл-дәрмендері қалмаған.
Ал екі адам жоқ болып шықты. Олардың өлі денесі кейін табылды.
Егер сол күні осы адамдар су бетінде қалып қойғанда тоңып өліп қалар еді немесе су бірте-бірте тереңдеп, қалқыған көліктер суға батып, адамдар бірге кетер еді.
Менің тоғыз жарым жыл төтенше жағдайлар басқармасында қызмет істеген кезімде көрген қиындықтарым көп, ең бір ұмытылмайтыны осы оқиға болды.
– Қорғанбек аға, мынау шынында адамды шошытатын оқиға екен. Мұндайдың беті аулақ, ел аман болсын!
Сізден бір нәрсе сұрамақпын. Мен отыз жылдан бері журналист болып келе жатырмын. Біраз сөздерді бұзып айтып жүргенімізді сезем. Сондықтан өздеріңіз секілді көп оқыған, ана тілін аялап, бұзбай жүрген білімді кісілерден сұрап қалатыным бар. Бізге қандай сын айтасыз?
– «Сыр бойы» – тіл тазалығын сақтап келе жатқан баспасөздің бірі. Алайда, арагідік кемшіліктерің де көрініп қалады. Мысалы, сендер «январьды» «қаңтар» дейсіңдер. Осыны тоқсаныншы жылдары ай аттары қазақшаланғанда қолында баспасөз құралдары бар журналистер қалыптастырды. Негізі қыстың екінші айы – қаңтар емес, ақпан.
Сәбит Мұқановтың:
«Басталар қыс аясы ақпанменен,
Сонарда түлкі аулайды қақпанменен.
Сол Сегіз Мәжнүндей ғашық бопты,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген», – дейтін өлеңі бар.
Қазақтың сөзін де, дәстүрін де жетік білген Сәбит Мұқановты шатасып тұр деп кім айтады. «Қыс аясы» деп қыстың екінші айын айтып отыр. Егер ол «ақпан» деп «февральды» айтса, онда «басталар» демей, қыс аяқталып жатыр дегенді де ұйқастырар еді.
Қыстың үшінші айында дала да, мал да қаңтарылып қалады. От азаяды, қар қалыңдап қасаттанып жатады. Сондықтан, қазақ көктемге шығар айды «қаңтар» деген.
– Рахмет аға, сіз – тектің үзілмес тіні секілді сана иесісіз. Өзіңізбен сұхбаттасу арқылы жан дүниеміз бір демалып қалды. Мұнан әрі де қызықты тақырыптарды қозғай беруге болар еді. Бірақ өлшеп берген көлем бар.
Аман болыңыз, аға!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





