Кеудедегі жауһардың көз арбаған жарқылы

1624

0

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыс­тық іс-шаралар жоспарына сәйкес интернет-ресурстарда «Тұлға» айдарымен өз саласы бойынша жетістікке жеткен, жастарға үлгі боларлық азаматтарды танымал ету, қызметін, еңбек жолын жастар арасында насихаттау және ауылдық елді мекендерді мемлекеттік қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту туралы материалдарды орналастыруды және әлеуметтік желілерде ілгерілету ұйымдастырылған еді. Осы орайда 20 ролик дайындалып, facebook, instagram желілеріндегі ресми парақшаларында жарияланды. «Тұлға» айдарының кейіпкерлері әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда сауалнама жүргізу арқылы таңдалды.

Біз бүгіннен бастап таңдаулы кейіпкерлер туралы мақалаларды жариялаймыз.

Сыр елінде атадан балаға мирас болған жауһар жырдың қоңыраулы көші – Нұртуған, Нартай, Жиенбай жыр мектептері арқылы дамып, өркендеп отыр.   

Бүгінгі күннің жыр көшін бастаушысы Алмас Алматов «Көрғұлы» музыкалық эпостық жинағына тек қана Жиен­бай әулетінен 36 мақам-саз әуеннің кірістірілгенін айтады. Осының өзі-ақ Жиенбай жыр мектебінің рухты қуатын көрсетіп тұр.

Біз дәл осы жәдігерліктің тінін жалғап келе жатқан өнер тұлғасы, жырау Арнұр Көшенеев туралы айтпақпыз.

Арнұрдың біз дерегін білетін төртінші атасы Дүзбенбет дуалы ауызды кісі болған деседі. Дүзбенбет баласы Жиенбай өз заманының дарабоз жыршысы, жыраулықтың жампозы атанған өнер иесі.

Ақын Қуаныш Баймағанбетұлының:

«Жиенбай жыр дүлдүлі Кетедегі,

Шәкірт қып көп шайырды жетеледі…», – деген сөзін еске түсірсек, жыраудың биік дәрежесін танимыз.

Жиенбайдың жыраулығы төрт баласының екеуі Рүстембек пен Дастанбекке дарыған екен. Жиырма жасында Отан соғысына аттанған Дастанбек 1942 жылы Сталинград шайқасында ерлікпен қаза табады. Ақын Рахмет Батырбаев «Сыр ұлына» деген поэмасында:

«Дастанбек дүрдің ұрпағы,

Шабыты Сырша шіреген.

Әкесі ақын Жиенбай,

Гауһарын жырдың күреген.

Рүстембек еді ағасы,

Пырақ жырау, пірі – өлең», – деп жырлапты. Осылайша, заманының бір заңғар жырауы жанбай жатып сөніпті.

Рүстембек әке жолымен жүріп, өзін барша жұртқа жыраулық өнерімен мо­йындатады. Рүстембек баласы Көшенейдің де өмірі тым келте болған. «Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» демекші, Мәскеуде оқып жүрген өнерпаз қапыда қаза болады, бар-жоғы 27 жаста еді.

Көшеней дидарын көрмеген мыңдаған адамды дүр өнеріне тәнті қылып, қаза қайғысына жылатқан жан. Соның бірі – өзім, былай деп жыр-жоқтау жазғанмын.

Ерен, ерен, ерен күн,

 Басы  бітеу керең күн.

 Сұңқарымды атқан күн,

 Сені кімге теңермін?

 Өзегін өрт шалдырдың,

 Өлмес мұра өнердің.

Шуақты еді күн қандай,

Шуағынан дым қалмай.

Қос өкпеме біз сұғып,

Он қабырғам сынғандай.

Ой түбіне қамалдым,

Он бір құлаш зындандай.

Қас-кірпікке мұң қонды,

Зарлаған тек тіл болды.

Қайғы адамды тірілтсе,

Қайта келер күн болды.

Арты кеніш болсын деп,

Арнұр деген ұл берді…

Көшенейдің бірге туған бауыры Бидас әкесі Рүстембек жыраудан тәлім алған ізбасар. Көп жыл білім ордаларында ұстаздық етті. Мәдениет саласының үздігі атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Оның жыр қоржынында «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты алып эпос­тардан бөлек бірнеше Сыр сүлейінің көлемді терме-толғаулары бар.

Көшенейден төрт перзент тараған. Бәріміз де жыр айтамыз. «Домбыраңды қолға ал» десе, тартынатын бірі жоқ. Атадан аманат болып келе жатқан жырау­лықтың байрағын түсірмей, байламын босатпай келе жатқан қас жүйрік – Арнұр. Бұл – халықтың бағасы.

Арнұр Көшенеев өнер жолындағы оқуын Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында бастап, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетін бітірген. Жыр­шы-жыраулардың көптеген байқауларында жүлдегер болған жүйрік. 2007 жылы Тұрмағамбет шайырдың 125 жылдығына арналған республикалық жыраулар байқауында бас жүлде «Джип» автокөлігін иеленген. Бұл еліміз бо­йынша жыраулар байқауына тігілген ең бірінші қомақты жүлде болатын. Міне, осыдан кейін жыраулар байқауы жиіледі, құзіретті орындар тарапынан көзқарас кеңейді. 

Арнұр бүгінде Шәмшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәде­ниет үйінің директоры болып қызмет етеді. Өнер жанашыры осы қызметке барғалы ауызтұщырлық істердің ұйтқысы болды.

«Аймақтар аламанын» ұйымдастырып, танылмай жүрген аудан көлеміндегі қанша жас өнерпаздың тұсауын кесті. Аудандық мәдениет және клуб үйлерінде қазір 1200-ге тарта тұрақты мүшесі бар 90 үйірме жұмыс жасайды. Егер біз осы үйірмелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен олар жеңіп алған жүлделерді атап-түстесек, соның басында жампоз жырау, іскер ұйымдастырушы Арнұр Көшенеевтің тұрғанын айтуға тиіспіз. 

Жас мамандар арасындағы «Жас маман – 2019» атты облыстық байқау­да Халық театрының режиссері Мадияр Махамбетұлы топ жарып, бас жүлдені иемденді. «Үздік үйірме жетекшісі – 2019» облыстық байқауында МДК меңгерушісі Ғалымжан Шакизада бас жүлде алды. Облыстық «ХХІ Боз­торғай» балалар шығармашылығына арналған байқауында көркемсөз оқудан Ақсұңқар Айдынұлы бас жүлдеге лайық болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ұлағат болсын ұлыңа, ғибрат болсын қызыңа!» атты  әжелер ансамбльдерінің облыс­тық байқауында «Әжелер» ансамблі арнайы жүлдемен марапатталды. Облыс­тық мәдени-үгіт бригадалары арасындағы «Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын» атты байқауында «Өрлеу» үгіт бригадасы бас жүлдемен оралды.

Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Айқаракөз» би тобы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Нұрлы жастар» атты республикалық өнер фес­тивалінде І орын, Шымкентте өткен «Таңғы шұғыла» республикалық байқауында І орын, Алматыда өткен «Emotion Dance KZ» республикалық би байқауында гранпри жүлдесін жеңіп алды.

Осылай санамалай беруге болады. Елге пайдасы тиген ер жігіттің ертеңі жарқын болары анық. Арнұрдың алар асуы да, атқарар жұмыстары да әлі талай игі сөздің жүйесіне айналар.

Мәдениет саласының үздігі, жауһар жырдың асыл арқауы Арнұр Көшенеевтің жыр қорында эпостық жырлармен бірге, Сыр сүлейлерінің көлемді шығармалары да бар. Баяғы таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулардың көзі ортамыз­да жүргенін білмейміз, кейде. Алайда, алтынның сынығы да алтын, ол жарқырамай тұра алмайтын бір сиқыр.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз