Күресу білмейтін палуан

1686

0

Бұл Дастанбаев Көшекбай деген кісінің айтқаны екен. Ол кісі бұрын Өзбекстанда тұрып, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қармақшыға көшіп келеді. Ал, мен ол кісінің айтып кеткен әңгімесін Қармақшы ауданында көп жыл ұстаздық қызмет жасап, кейін аупарткомда еңбек етіп, аудандық газет редакторы болған Шегебай Құндақбаев ағамыздың аузынан естідім.

Өзі бір кезде палуан атанған Көшекбай әкеміз былай депті.

***

– Бір күні бір кісінің денесіне қатты қызықтым. Белі мен иығы нағыз балуандікі. Жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттері де күресетін адамның пормысы. «Аға, күресейік» дегенмін, қызыққанымнан. Сонда әлгі ағам күліп, мына әңгімесін айтып берді:

– Мен сияқты палуаннан күрес тәсілін үйренгің келіп тұрған бала сияқтысың ғой. Оның дұрыс. Бірақ сен мына оқиғаны тыңда.

Жиырмаға толған шағым. Ауылда жүрмін. Өзің айтқандай, пормым нағыз балуандікі. Бірақ біреудің белінен ұстап, күресіп көрген емес едім. Тіпті, күресіп жатқандардың қимылынан қорқамын. Жазғытұрым мезгіл, бір күні ауылға келген бір байдың мырзасы қонақ жайлап жүрген мені көріп:

– Бала, күзде пәлен жерде Пәленше деген кісі қызын ұзатып, той жасайды. Соған ауылымыздағы небір атсейістер ат жаратып, жорға дайындап жатыр. Бірақ лайықты палуан жігіттеріміз болмай тұр. Менімен жүр. Жаздай жағдайыңды жасап, тынықтырам. Құдай қаласа күзде палуан бәйгесіне түсесің. Жаман болмассың, – деді.

Менің түр-сипатыма қарап, тіпті күресіп көріп пе едің деп сұраған да жоқ.

Түсіне қойдым. Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны. Жығылсам жер көтерер, көрейін деп келісе кеттім.

Сонымен сол ауылда жаздай жаттым. Өз алдыма бір шағын үйді тігіп берді, күніне үш мезгіл жегенім қаймақ. Сусыным қымыз бен қатық. Жас қозының құйрығы мен жілік майына тойып алып, сүт қатқан қою қызыл күрең шайды кесені айналдырып ішемін. Кей кезде жұртқа көз қылып, иығымды қозғап-қозғап күреске дайындық жасаған адамның кейпін көрсетіп қоямын. Қажымұқанды да ешкім бүйтіп бақпаған шығар. Өзім ақшұнақ болып семіріп алдым.

Қойшы, бір күні тойға жиналдық. Бардық. Онда да көргенім құрмет. Ертеңінде төбенің басына шығарды. Ат жарыстың түрлері, әртүрлі ойын-сауықтар басталып кетті. Кезек палуан күреске де келіп қалды. Бірнеше пар күресіп, жыққандары бәйгелерін алып жатыр. Менің көңілім күпті.

Жаршылар бас бәйгеге күресетін палуандарды хабарлағанда, біз жағынан менің атым аталды. Шегінер жол жоқ. «Иә, Алла!» – деп ортаға шықтым, сыр бермедім. Абырой болғанда, қарсыласым менен де ірі шойғара екен, енді мынадан жығылсам да ешкім өкпелей қоймас деп көңілім бірленіп тұр. Айтып отырмын ғой, жығам деген ой әуелден-ақ басыма кірген емес.

Күрес басталды. Екеуміздің де белдік жіптен ұстасқанымыз есімде. Сол-ақ екен, көзім қарауытып кетті. Не болғанын, шойғараның қандай әдіс қолданғаны есімде жоқ. Қай әдісті білгендеймін. Әлгі палуан тік көтеріп, тулақ қаққандай айналдырып лақтырғанда басымды топыраққа тығып жіберіпті. Мені үкілеп бәйгеге қосқан жігіттер соңғы сәтке дейін сенімді болған болса керек. Тұяқ серпіп, қарсылық көрсете алмағанымды көріп тұрған мырзаның бір жігіті зығырданы қайнаған қалпымен атпен шауып келді де: «Оңбаған, жаздай берген қаймақты құмға төктің-ау» деп қамшымен осып кеп жіберді. Мен басымды қорғалап, аузыма кірген топырақты қышырлатып түкіргіштеп жатырмын.

Міне, менің палуан болып көрсеткен қайратым осы, шырағым, – деп ағамның шынын айтқаны бар, – деп кеңк-кеңк күліпті Көшекең.

Көшекеңнің күресу білмейтін палуанға қызыққаны секілді осы әңгімені естіп, мен де қызықтым. Сол замандағы қазекемнің палуанға көрсеткен құрметі, одан намыстанып қамшылайтыны қандай керемет.

Ал, енді бір тоюды ойлаған жігіттікі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын әркім өз әлінше бағалайды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<