«Есілде жүріп, Сырды ойлап…»

1535

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада ақын, сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өріс Яшүкірқызының 75 жылдығына арналған кездесу кеші өтті. Оған облыстың зиялы қауым өкілдері, шығармашыл топ жетекшілері, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өріс Яшүкірқызын көзіқарақты қауым ақын, жазушы, сатирик, журналист ретінде жақсы біледі. Төрт жанрды еркін меңгерген оның қай шығармасы да шынайылығымен, тазалығымен тартымды. Әсіресе қазақы бояуға толы кестелі тілі оқырманды жетелеп әкетеді.

Кешті Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, белгілі тележурналист, ақын  Қаршыға Есімсейітова жүргізді. Алдымен жиын модераторы қаламгердің шығармашылық жолына тоқталып, автордың көркем сөз өнеріндегі жанкешті еңбегін жоғары бағалады.

Сондай-ақ кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов құттықтау сөз сөйлеп, жазушыға облыс әкімінің «Құрмет грамотасын» табыстады. Қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жапты.

Айта кетсек, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрмет белгісінің иегері Өріс Яшүкірқызы – журналистикадағы қарымды шығармашылығымен, оның ішінде өлеңдерінен бөлек, юмор-сатирасымен және детектив жанрындағы шығармаларымен де танылған қаламгер. Автордың «Боямасыз өмір», «Сексеуілдің шоғы», «Шенеунікше тактика», «Қараша қаздың қаңқылы» жинақтары кезінде оқырман тарапынан лайықты бағасын алды.

Кеш барысында қаламгердің шығармашылығы мен адами келбеті жайында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сырдария ауданының құрметті азаматы Махмұтбай Әміреұлы парасатты ой сабақтады. Бұған қоса, белгілі суретші, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кененбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне сый-сияпат көрсетті.

Сондай-ақ облыстық филармония әншілері мен «Айдарлы» ауылдық «Әжелер» ансамблі әннен шашу шашты. Кеш соңында Ө.Яшүкірқызы жиналған қауымға ризашылығын білдірді.

Іс-шара соңында қатысушыларға «Қазіргі қазақ детективі» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<