Үлкендіктің парызы қандай?

1008

0

Адам өмірі шартты түрде бірнеше кезеңнен тұрады. Айталық, сәбилік, балалық, жігіттік, жігіт ағасы, үлкендік, ақсақалдық, қариялық, қарттық шақ дегендей. Осы кезеңдерді саралай келе адам өмірімен күресе жүріп жұмыс тауқыметі, отбасын асырау, белгілі бір дәрежеге жету, т.б. қамында жасыратыны жоқ кейде қателеседі. Сәбилік пен балалықты айтпағанда, балауса, романтикаға толы жігіт кезінде тіпті жігіт ағасы уақытысында өмірдің ағымына қарай біліп те, білмей де жіберген кемшіліктер мен ағаттықтарға жастықтың желігі, тәжірибенің жоқтығы деп ептеп кешіріммен қарауға болар еді. Ал ақыл тоқтатып, талай өмір өткелінен өтіп, тәжірибе жинап, әке, ата атанған адамның жауапкершілігі, мойнына артар жүгі мен қоғам алдындағы міндеттері өте зор еді.

Енді осы үлкендіктің қарызы мен парызын жұртшылық алдында қалай атқарып жүрміз? Қазақы құндылықтарымызды жастарға насихаттау жағы қалай? Әлде «ас ішіп, аяқ босатып, «сен тимесең, мен тимейін» деп күйбең тіршілік етіп жүрміз бе?!

Ауылға бір барғанымда аузы дуалы, халқына сыйлы, 90-нан асқан Әлен көкем бір әңгіменің ретінде «Енді бізге төс қайда бас болмаса, енді бізге той қайда төр болмаса» деді. Төр қадірін білетін, көкірегі көмбе, осы психолог адамның сөзі біздерді шүкірлікке, сабырлыққа, адалдыққа шақыр­ғаны деп білдік.

Қалай екенін қайдам, қазір көптеген қарияларымыз томаға тұйық, жасқаншақ, жалтақ. Неге күрмеуі шешілмей жатқан, халыққа пайдасы тиетін өзекті мәселені турасынан қоймайды? Мәселені айту бір басқа, егер оның дұрыстығына көзі жетсе, соны орындатуға күш салып, дәлелді, пәтуәлі сөзім нысанаға жеткізгені жөн ғой. Осыларды көкірегі ояу, көзі ашық, беделі асқақ зейнеткерлер айтуы қажет емес пе?!

«Сыр ардагері» газетінің 2017 жылдың 14 қаңтарында жария­ланған «Алпыс үш жыл бұрынғы айыбымды өтеп келемін» атты мақала есімде қалыпты. Оқи­ғаның мәнісін қысқартып айтайық: Қызылордалық Қайып Сүлейменов ақсақал осыдан 63 жыл бұрын бала кезінде дүкеннен ұрлаған тәпішкісі есінен кетпей, көңілі тыншымай, балалықтың, жоқшылықтың әсерінен істе­генін баяндапты. Сол кінәсін қарызы мен айыбын өтеу үшін алыстағы Арал ауданындағы «Бөген» елді мекеніне барып өмірден өткен баяғы сол дүкеншіге құран бағыштап, әйелі мен балаларына қолдан келген көмегін беріп, кешірім мен ризашылығын алған екен. Міне, азаматтық, ұятты, арлы, намысшыл, иманды адам деп осындай кісілерді айтқан болар. Қаһарман Бауыржан Момышұлы «Арлы адам ардақты. Ар – ардақтың ана­сы» – деген. Осы оқиға түрлі жас­тағы адамдардың көкірегіне ой салады, салмақ түсіреді, түсіне білгенге үлгі-өнеге деп ойлаймын.

Ойдан ой туады. Соңғы кездері бәзбір кісілер атына небір жөнді-жөнсіз мақтау сөздер айтып, тіпті ел ағасы (осы сөздің мағынасын түсіне ме екен?) еді деп дәріптеп, көше атын беру жөнінде ұсыныс көбейіп кетті. Дұрыс түсінсеңіздер, мен олардан көшені қызғанып отырғаным жоқ, айтайын дегенім, кешегі партия кезінде арын сатпай,  маңдай тер, адал ісімен, халқының санасына нұр құйған, еліне қалтқысыз қызмет еткен адамдар ескерусіз, атаусыз қалып барады.

Тіпті сол заманда Социалистік Еңбек Ері атанған аға-ата­ларымыздың бәрін ескеріп, көше (басқа да құрмет) бердік пе? Берсек те саусақпен санарлық. Ендеше, оларды неге құрметтемеске? Әлемнің әміршісі – еңбек десек,  бұл еңбекті насихаттағанымыз, құрметтегеніміз болар еді.

Ардагерлер ұйымдары тә­лім-тәрбие аларлық түрлі сайыстар, конкурстар, жарыстар, байқаулар өткізіп жатыр. Неге екенін қайдам соңғы уақытта «Жігіт сұлтаны» сынды ер адамға байланысты конкурстар өтпейді, өтсе де өте сирек. Біздер – зейнеткерлер «әрбір атқан таңымызға, қолдағы барымызға шүкіршілік» деп өмір сүріп жатсақ та, кө­бі­міздің қайратымыз бар,  белсендіміз, өмірге деген құштарлығымыз күшті. Соған орай, белсенділікті паш ететін іс-шаралар неге ұйымдастырмасқа? Осы жерде Рим философы Сенеканың «Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» деген сөзі еске түседі. 

Ежелгі Эллада елінде «Жастарға көрген-білгенін айтпаса, ағалардың өздері кінәлі» деген. Меніңше, пәтуәлі сөз айтатын, аузы дуалы, өрісі жоғары, ақыл-ойы терең ардагерлерді оқу орындарына бекітсе. Олар сол мекеменің тәрбиелік іс-шараларына қатысып, өмірден алған мол тәжірибесімен жас­тарды толғандыратын сан-салалы сұрақтарына жауап берер еді. Осылай жасай отырып, олар қоғамның санасына серпін берген Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын (онда өте көп мағына бар) насихаттап жүзеге асыруға мүмкіндік алады.  

 «Жақсы қартайса, қазына болар, жаман қартайса, қазымыр болар» деген бабаларымыз. «Үлкендіктің жүгі ауыр» деген де сол текті қарттарымыз. Бұл– бәрімізге қарата айтылған сөз. Үлкендік келді, енді оның беделін түсірмей өз мәнінде, биігінде алып жүрейік дегім келеді.

Қырымбай МҰХАМБЕТИЯРОВ,

зейнеткер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<