Марал ишан

4058

0

Қазақта үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы әзизден кейінгі діни қайраткер ретінде Марал ишанның аты белгілі. Ал, аңыз айтатын үш жүзге пір болған, жеті өлікке жан берген сопы әзиз Мүсірәлінің «тоқсан түйе томардың үстінде күймей», хан кеңесіндегі пір сайлау сынағынан өткен кереметі тіпті бөлек әңгіме. Біз қозғағалы отырған Марал баба Құрманұлының Сыр өңірі, одан қалды, қазақ рухания­тында  айрықша орны бар. Бұл жолғы «Сыр медиа» ЖШС қызметкерлерінен жасақталған топ сапары Қармақшы жерінде болды. Қорқыт баба мәңгілік мекен тапқан өлкеден тұтас елге белгілі дарынды ұл-қыздың шыққаны аян. Киелі топыраққа қадам басып тұрып,  әуелі дүние тылсымын қобыз сарынына сыйғызған баба басына бардық. Қазақ философиясында ел бірлігін нығайтып, түркілер дүниетанымының негізін құрған ұлы ақылшы, философ-гуманист ретінде танылатын Қорқыт эпосының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін былтыр сүйіншілегенбіз. Шоқан Уәлихановтың «Қорқыт – Шығыстың ең алғашқы бақсысы» деп бағалаған  күй атасының араға сан ғасырларды салса да күйлері мен жырлары бүгінгі күнмен өзектес, сарындас. Сонымен бірге, кез келген өнер туындысы әбден екшеліп, уақыт елегінен өткен соң, маңызы мен мәйегі ғана ел есінде қалатыны белгілі. 

Кесене басынан 

көргеніміз

Аудан орталығынан 10 ша­қы­рым қашықтықтағы Марал ишан кесенесінің басы халық жиі келетін киелі орын. Біз таян­ғанда қорымнан берірек тұрған тілеухана маңында үш-төрт шағын автобус пен жеңіл көліктер осы сөзімізге дәлел бола алады. Ал, 4-5 шақырымнан көрінетін қос үйтамның бірі – Марал бабаныкі болса, 100 метрге жуық жатқан екіншісі – ұлы Қалқай ишанның кесенесі. Мұндағы ең шоқтығы биік кесенелер осылар. Бұл екеуі ғана киелі жерлер картасына енген.  Бұлардан бөлек мұнда көптеген ишандар мен мақсымдар, ислам дінінің өкілдері  де жатыр.

– Тізімге тек ескерткіштер ғана еніп тұр. Оның дұрыс емес жағы осы. Негізгі құндылық адам болуы керек. Қазақстанда әулиелер қорымы ең көп шоғырланған жер – Сыр бойы. Көбісінің ма­зары белгісіз немесе жай қо­рым ретінде ғана белгілі. Өкі­нішке орай, насихатталуы төмен. Көбіне, үлкен күмбезді кесенелер мен Маңғыстау, Ұлытау жақтағы ескерткіштер жөнінде көп қозғаймыз да, осындай ата­ғы жер жарған, бірақ қорымы елеу­сіздеу тұлғалар қалып қой­ып жатады, – дейді бізбен сапарлас болған белгілі ғалым Серікбай Қосанов.

Айтпақшы, біз жайғасқан мұн­­­дағы түнеухананың салыну тарихы бар. Марал бабаның ма­­зарын екімыңыншы жылдар басында халық ақша жинап кір­пішпен қаптамақшы бол­ған. Бірақ құрылыс бітіп бір тыл­сымның әсерінен тарыдай шашылып түседі. Аруақ қарсы болған дейді халық. Амал жоқ, әрі киеден қорыққан жұрт қан­ша кірпішті жарамсыз етпеу үшін зиярат еткен ағайынға тү­неухана салып берген. Басында көне түнеухана бір бөлмелі сарай болған, кейіннен жапсар­лас етіп бөлме қосылды. Шырақ­шы­ның жеке бөлмесі де сонда орналасқан.

– Марал баба 1780 жылы дү­ниеге келген. Қостанайдағы Әу­лиекөлде туған ол (бұрынғы аты Қайранкөл) Кенжебай атты ба­тырдың Құрман есімді ұлынан тарайды. Құрман Абылай ханның ақылшысы әрі емшісі болған деседі. Анасының аты Бибіпатыма. Бұл анамыз қалмақ ханы Қалдан Цереннің екінші қызы болған. 1841 жылы қайтқан, сүйегі осы Сырда жатыр. Өмір сүрген уа­қы­тында Қостанай төңірегінен жеті мешіт ашса, осы Сыр жерінде 14 мешіт ашып, дінге уағыздап, имандылық нұрын шашқан тұлға ретінде дәріптеледі. Сол замандарда қазіргі бас мүфти дәрежесіндегі кісі болған. Руы Орта жүздің Ке­рейі. 2005 жылы Марал ишанның 225 жылдығына үлкен ас берілді, – дейді баба шырақшысы Бекболат Молдашұлы.

Шырақшы сөзінің жаны бар. Тарихи деректерді сөйлет­сек, әкесі Құрман Марал екі жасқа келген кезде қайтыс болған. Ал, бабаның ұстазы Ер Қалмұхамбед (ел арасында Жалаңаяқ әззер деп те атаған, Созақ өңірінде өмір сүрген, есімі де әр намазын жалаңаяқ жүріп оқитын болған соң таңылған). Марал ишан діни сауатты ғана емес, емшілік қасиеті зор тәуіп те болған. 1820 жылы бір рулы ел болып Сыр бойына келген деген дерек бар. Қостанай жерінде патшаның қысымына шыдай алмай осылай ауған. Айтпақшы, Кенесары мен Марал ишанның шешелері апалы-сіңлілі, яғни бұлар бөле болған. Кенесары да орыспен соғыста жеңіліп, Сыр бойына табан тірегені тарихтан белгілі.

– Бабаның дүние салған жері өзі туып-өскен Қостанайдағы «Маралдың шілігі» деген жерде. Енді сүйегі неге Сыр бойында деген сұраққа келсек, оқу бітіріп келген Марал ишанға осы Қармақшы жерінен дарияның үстімен аттың шашасы ғана су болып өтіпті дейді. Бұл аңыз. Ал, аңызды әрі қарай сөйлетсек, «дариядан өткенде алдыңнан ақ түйе көрінеді. Соның бірінші шөккен жері сенің мәңгілік жа­тар жайың. Бұл дүниеден көш­кенде сонда барып жатасың» де­­лінген. Қостанайда қайтыс бо­­лып, түйемен алты қонып, осын­да жерленуі де содан дей­ді қариялар. Түйенің алты қо­нып келген жерінде «Түйе шөк­кен», «Қайыңды тоғай» деген жер атау­лары кездеседі. Өзі анасының аманатын орындап, туған жеріне келіп, ағайынын жи­нап, «мен үш күннен соң о дүниеге сапар шегемін. Сол кезде ақ жуып, арулап, оң жаққа қойған соң бір ақ түйе келер. Ме­ні сол түйеге артыңдар, Қа­мыр­дың қорымына сол түйе апа­рады» деген көрі­неді. Бұрын Марал бабаға дей­ін бұл жерде көне қорымдар болған. Оны Қамыр ана қорымы деп атаған, – деді сөз арасында шырақшы Бекболат.

Иә, төрт есіммен, Қамыр ана, Домалақ ана, Айша ана, Жы­лауық ана деген атаумен белгілі бір адамның қорымы Марал бабадан да ілгері уақытта пайда болған сияқты. Ел сөзіне құлақ салсақ, Қамыр ананың баласы мен күйеуі жау қолынан өліп, өзі жалғыз қалғанда Алладан жәрдем тілеп, зар жылап, «өле­тін жерімді әулие қыл, басыма халық зияраттап келсін. Бол­маса, қасыма әулие кісі жат­сын. Дұғасыз қалмайын» деп күндіз-түні жылап, дұға ете бер­ген. Марал ишанға Қамыр ананың қасына жерленуі жайында берілген аянның бір сыры да, Жылауық ана деп те аталатыны содан. Бейіті домалақ пішінде болған соң Домалақ ана атанған. Ал, атын ұмытқан көп адам мұсылманға тән  қасиетті әйел есімі Айшаның атын таңған дейді білетіндер. Кесене басынан көрген дүниенің бірі осы.

Ел жадындағы 

ескі әңгіме немесе 

біз білуге тиістілер

Бабаның ұстазы Қалмұхамед-Жалаңаяқ ишан өзіне 100 бала қабылдайды екен. 101 болып осы Марал баба қабылданған. Бабаның діни ілім алуы жайында елде бір аңыз бар. Жалаңаяқ ишан Маралға айтыпты. «Балам, жалғыз шешеңді елге аманаттап, үйден қырық қадам шыға ғой. Мен сен үшін Алладан тілек тіледім. Қалғанының бәрі Алланың қолында» депті. Сондағы айтқанын істеген бала үйден қырық қадам ұзасымен ғайып болып кеткен деседі. Марал ишан Сыр бойына белгілі Сейтменбет баба, Құлболды ишан, Жәрімбет бабалармен бірге Көкілташ медресесін оқып тауысқан. Әліппе, Әптиек, Құ­л­асар, Көкілташ атты діни оқу сатысы болғанын біз біле бер­мейміз. Сондағы «Әліппе» біз­дегі онжылдық мектептің ілі­мі, ал «Әптиек» бұл арнаулы орта яғни колледждік білімді игер­ген сияқты, бұған шатыр­хат яғни диплом беріледі. «Құла­сарды» оқыса, бұл инсти­тут бі­тір­генмен тең. Ал «Көкіл­ташты» тауысса, бүгінгі магистратура деңгейіндегі біліммен тең деген сөз деп пікір айтылады.

«Бұған қоса қазақта «қырық молданың ілімі бір мақсұмда болады» деген де сөз бар. Енді қараңыз, қырық мақсұмның білімі бір ахунға тең. Ал, қырық ахунның ілімі бір ишанда болады дейді. Сонда ең жоғары лауазым ишан болып келеді. Марал бабаның діни білімі мен оқу сауатын, қасиеті мен көрегенділігін осыдан-ақ аңғара беруге болатын сияқты. Одан көтеріліп өз руына пір болып, одан өзінің жүзіне пір болса, одан білімі артса үш жүзге пір болған. Үш жүзге пір болу деңгейіне жеткен Мүсірәлі мен Марал ишан ғана.

Айтпақшы, бір Қармақшының өзі үш әулиесімен белгілі. Киелі дейтініміз, бірінші бұл жерде Қор­қыт баба жатыр. Екінші Қар­мақшы әулие тақуалықпен айна­лысқан, қармақ құрып, өз отбасы мен ауыл-аймақты асырап, әулиелік дәрежеге жеткен. Үшін­шісі, өзіңізге белгілі осы Марал ишан.

 

Баба ұрпақтары 

мен жолын 

жалғаушылар

Кесене маңынан көргені­міз­дей, Марал ишан кесенесінің басында оның ұлдары мен жолын жалғастырушы дін өкілдерінен бөлек, үш жүз руларының адамдары да қатар жатыр. Оның се­бебі де бар. Қазақ ұғымында «әу­лиенің саясында жатайын, ша­пағаты тиер» деп өлер алдында ұрпағына аманаттайтын бұрынғының адамдары көп болғаны белгілі. Марал ба­ба қайтқан соң да, 130 жылға дейін мүрдесі бұзылмай жатқан. Өткен ғасырдың 70 жылдары баба­ның ұрпағы Қауыс ишан ең соңғы рет кіріп, бабаның сақал-мұр­тын, тырнағын алып берген деген де аңызға бергісіз әңгіме бар.

Бабаның белінен тараған Қал­­қай (ұстазы Қалмұха­мед­тің құрметіне қойған), Қалы­бай, Елібай, Пірзада, Текзада, Есмұханбет, Смайыл атты ұл­дары болған. Смайыл жас кү­нінде қайтыс болған. Марал бабадан 33 ишан, 88 мақсұм дәріс алып шыққан.

Баласы Қалқай ишан 1810 жы­лы дүниеге келіп, 1873 жылы 63 жасында қайтыс болған. Қазақ­тың көрнекті ға­лы­мы Шоқан Уәли­хановтың есі­­мін қойған аруақ­ты адам. 27 жыл Бағдатта ілім алып келген аса діни сауатты тұлға. Қал­қай ишанның кесенесімен Түр­кістандағы Ахмет Яссауидің ке­­­се­­несінде ұқсастық бар. Ел аузында бұл мазарды Ахмет Яссауидің кесенесін салған шебердің шәкірттерінің ұрпақ­тары тұрғызған деп те айтады. Қалқайдың кесенесін балалары әкесі Марал ишанның бейітінен де биік қып салған көрінеді. Бірақ, ол үш рет тұрғызғанның өзінде қайта-қайта құлап түсіпті. Сонда Қалқай ишан өз ұлдарына аян беріп, «әкемнен биік тұр­масын. Құлаған күйі жата бер­сін» деп аян берген. Ал, осы Қалқай ишан­ның бейіті ішіне адам кірмейтін себебі, «Әкеме келген адам, менің үстіме кі­ріп келмесін. Ме­нің дәрежем әкеммен бірдей болмауы керек, өзім әкемнен төмен болып қалуым керек» деп аманаттаған. Марал баба басына барып, кесене ішіне кірген зиярат етушілер баласы Қалқай ишанның басына барғанмен, бейіт ішіне кірмейтіні де осыдан.

Әйткенмен, мұндағы ишан­дар мен ахундардың, қалпе­лер­дің қатарына келсек, кей деректерде Марал бабадан тарайтын һәм дәріс алып, шәкірт болған 88 мақсұм, 33 ишанның да осында жерленгені туралы жиі айтылады. Өйткені, бір ғана Қалқай ишанның мазарының ішінде он алты адам жерленген және оның он бірі ишан болған көрінеді.

– Қауыс ишан, Оспан ишан, Есенбай қалпе, Әмит ишан, ел аузында Сары ишан атанып кеткен Мұсайыпхан ишан, Пірзада ишан, Қалқай ишан, Аралбай ишан, Мамырбай ишан, Құлжұмыр баба тәрізді тұғыры биік тұлғалар жатыр осында. Қалқай ишанның қалпесінің бейітін жақында тауып алдық. Сенесіз бе, 7-8 жасар қыз бала тапты. Оны науқастанып жүр деп Ақтөбеден ата-анасы алып келген. Бабаның басына қонып жүрді. Кенет Қалқай ишанның мазарының алдында отырған екі-үш адамды орнынан тұрғызып жіберіп, «арттарыңда ақ киімді ата қарап тұр. Құлпытасы мына жерде» деп бір жарым метр тереңдіктен қаздырды. Сол құлпытаста «Өмірге келген адам өлімнің дәмін татады. Алланың берген аманатын өзіне қайтардық» деген жазу тұр. Оны да оқитын адам таппадық, Меккеден келген кісі оқып берді, – деді Қалқай ишанның бейітін көрсетіп тұрып.

Баба басынан шығып келе жатып, шырақшы баба басына жақын жатқан атақты Бейсенбай әулие жайлы да сөз етті.

– Түріктің бір палуанымен шығар қазақ болмапты. Жауырыны қақпақтай батыр талайдың мойнын үзген екен. Бір күні Бейсенбай әулие Марал бабадан бата сұрай келіпті. Үш күн қатарынан келген оған бабамыз үшінші күні бата берген екен. Ертеңіне үлкен тойда әлгі пал­уанды өзінен асыра лақтырған Бейсенбай оның мойнын үзіп, мерт қылса, өзі белден айырылып, еңбектеп қалыпты. Сонда Марал баба шығып: «Енді маған келген қай-қайсысың болмасын, берген сыйларыңның жартысын Бейсенбайға беріңдер. Алдымен Бейсенбай әулиеге барып, содан соң маған жол тартыңдар. Ал, біз өмірден өткен соң, менің есімімнен соң Бейсенбай әулиенің есімін қалдырмай атаңдар» деген екен, – деді.

Қызығушылықпен Қармақ­шы ата жайлы сұрағы­мыз­ға, Бек­болат ағамыз айтқан мына әпсананы оқырманға ұсынсақ.

– Бала күнде естіген аңыз­дың бірі ғой, – дейді шырақшы. – Жәрімбет әулие, Марал ишан және Ер Сейітпенбет, Қармақшы әулие төртеуі  Сыр­дың бойындағы осы төңіректе бас қосыпты. Сонда үш жүзге пір болған Марал баба әңгіме арасында:

– Кімге қай жер бұйырар екен, – деп сауал тастапты.

Сонда Жәрімбет тұрып: «Мен мана атымның тұяғы тұр­ған жерде қаламын» (ол жер «Қа­рақ» деген төбенің басы екен) десе, Марал ишан оның сө­зін жалғап:

– Жәрімбет, саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар, сіздің атыңыз шықпаса да осы Қарақ төбенің аты көп шығады. Сен, Сейітпенбет, қалың құм ішінде қаласыз, басыңызда үй мен құдық болады. Ал, мен суы мол нұралыққа жайғасармын, – деп жауап беріпті. Сөйтіп, соңында Қармақшы (деректерде ол кісі­нің есімі Жүсіп болған деп те айтады) атаға қарап, «Елде қа­ласың, атың әлемге тарайды, кейінгі ұрпақ атыңды қағаздан кө­ріп отырады» деген екен.

Айтқанындай-ақ, бабаның өзі айналасын көл қоршаған, сулы жерге жайғасты. Жәрімбет әулие «Қарақ» тауының басынан орын тепсе, Ер Сейітпенбет те өзі айтқан жерге орнықты. Бұл қатардағы Қармақшы атаның атын әлем білетіні рас. Қазір картадан қарасаңыз, «Қармақшы ауданы» деген жазу тұр емес пе?!

Аңыз бен 

ақиқатты 

салыстырсақ…

Қармақшы жеріндегі «Қырық мешіт» деген атаумен қалған жерге денесі қойылған бабаның кесенесін Сыр бойы қазақтары тұрғызғаны рас. Сонымен қатар, атауы айтып тұрғандай, бұл жерде діни сауаттылықты арттыруда баба мен оның ұрпақтары мешіт пен медресені көптеп салғызған. Жер атауы да соған сай жұрт аузында қалып отыр. Бұлай атау себебіміз, мешітте жұрт намазын оқып, Аллаға құлшылық ғибадатын жасаса, екінші жағынан, жергілікті елдің балалары оқып, діни тәлім алған, сөйтіп, медресенің де қызметін атқарған. «Қырғы мешіт» (қыр жақтағы мешіт деген мағынада), «Қыш мешіт», немересі Оспан ишан мешіті және өзі отыр­ған «Қамыр» төбесіндегі күм­без­деп салдырған мешіті солар­дың бір дәлелі іспет­тес. Сыр бойының шайырлары Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Тұр­мағамбет ақын жырына қосқан, қазақ даласында мешіт-медресе орындарының кең қанат жаюына тікелей ықпал еткен Марал ишанның діни ағартушылық жұмысын бүгінде ешкім де жоққа шығара алмайды.

Тарихтан белгілі, Кенесары ханның бастауымен ұлт-азаттық толқу басталып, орыстармен шай­қасып жатқан кезде туған бөлесі Марал ишан Құсмұрын атырабында ғазауат соғысын жүргізеді. Кенесары әскерінің жеңіске жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің де үлесі болған. Бірақ, кейіннен Сыр бойы халқының өзіне деген адал жүрекпен айтқан өтініш-тілектерін қабыл алған ол Сырға қоныс аударыпты. Марал баба келген соң жергілікті халықты Ислам діні жолына түсуге насихаттап, бір жағынан халықтың сауатын ашып, мәдениетін кө­теруге еңбек сіңірген.

Мұнымен қатар бабамыз 1821 жылы қазақтарды зорлап шо­қындыруға, құнарлы жерлерді тар­­тып алуға қарсылық білдіріп, Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге және Сібір әскери бөлі­мі­нің бастығы генерал П.Капцевич арқылы өзін Ресей императорына қабылдатуды сұрап, хат  та жолдаған.

Ақиқатында Марал ишан ис­лам діні негізіндегі шығыстың бүкіл білімімен өз бойын дамытқан көрнекті тұлға. Оған дәлел ретінде әулиенің халыққа қызмет етуге арнаған жұмыстарын айтуға болады. Оның исламдық ағартушылық қызметі халық арасындағы мүгедектерді сауықтыру арқылы белгілі болған. Қиындық көріп жүрген мүгедектерге көмектесу, шипалы ем жасау, олардың тәні­не де, жан дүниелеріне де иман­дылық нұрын себелеу ислам дінін ұстанатындардың қасиетті қағидасы. Марал бабаның талай-талай адамдарды өзінің Ал­ла дарытқан әулиелік, емші­лік-дәрігерлік құдіретімен сау­­ық­тырғаны хақында ұстаз-та­рихшы Сәден Нұртайұлының «Ислам және Марал баба» кітабын­дағы деректер айғақтайды.

Марал ишанның тағы бір қы­ры елді отырықшылыққа, егін­шілік кәсібіне баулудағы ұй­ым­дастыру жұмыстарынан да танылады. Тіпті, баласы Қал­қай ишан да осы әке кәсібін әрі қарай дамытқан. Демек, көш­пелі тұрмыстың жан-жақ­ты дамуын жетілдіру үшін әулие осы бағыттағы озық өрке­ниет­­тік жолын жұртымызға дары­ту жұмыстарын жалық­пай жүр­гізген. Осындай ағарту­шылық бағытты ұстанған қайрат­кер тұлғалар мен діни-ис­лам­дық ілімді таратушылар халық­тың тұрмысының да, дүние­та­ны­мы­ның да жетілуіне, өсіп-өр­кендеуіне пайдалы ықпал ету жұмыстарымен айналысты.

Қызылорда-Қармақшы-Қызылорда.

Суреттерді түсірген

Нұрболат Нұржаубай.

ТҮЙІН: Өңіріміздің киелі жерлерін сақтау мәселе­сінде қайта жаңғырту жұмыста­рының маңызы зор. Облыстық бюджеттен соңғы жылдары Қор­қыт ата ескерткіш кешені, Қал­қай ишан кесенесі реставрациядан өтті. Марал ишан кесе­несіне де 2010 жылы ес­керт­кіштердің төлқұжаттары рәсім­деліп, мем­лекеттің қорғау­ында екендігі жайлы қорғау тақтасы қойылды. Облыс әкімдігінің 2018 жылғы 25 мамырдағы №19 қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде мемлекеттік тізімге енген баба мазарына реставрациялау жұмыстарын жүргізіпті. Ал, баба жайлы бар мұраның аңыз бен ақиқатын ажыратып, тұтас елге ғылыми тұрғыдан таныту – кезек күттірмейтін жұмыс. Ал, біздің киелі жерге сапардан жазбамыз әрі қарай жалғасатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<