«Парасат» журналының парағы немесе бір әннің өмірге келу тарихы

832

0

Пенде алға қойған арман-мақсатына қанша асыққанымен, бәрін де Жаратушының өзі реттейді деген сөзге сенемін. Ақын атанайын деп жыр жазбадым, бойымдағы сазгерлікті де беріге дейін сезбеген болатынмын. Ал емшілік қасиет бабамнан дарыған болса керек. Бірақ өнерді бала күнімнен сүйдім. Мұндай қасиеттер ананың сүтімен, атаның қанымен келетіні мың қайтара дәлелденген ғой.

Иә, менің шығармашылығым, бо­йымдағы бұйығып жатқан өнерім жаңа ғасыр келгеннен кейін ғана жарыққа шыға бастады. 2001 жылдың шілдесінде  Мәмбет бабамның ұстаханасының жанына ескерткіш белгі орнатылды. Күннің аптап ыстығына қарамастан, дүкеннің басына қарақұрым халық көп жиналды.  Ол бөлек әңгіме.

Айтайын дегенім, жеңешем (анам­ды солай атайтынмын) ертеңіне  үйге келді. Екеуміз біраз әңгімелестік. Бабамызға берілген астың артық-кем тұстарын өзімізше ой елегінен өткіздік. Кешегі жиыннан кейін әулие­нің екі бөлме үйін жинастыруды  айта  келген екен. Жеңешем екеуміз ертеңіне азанымен бабамыздың дүкеніне бардық. Самаурынға шоқ салып қойдым да, үйдің ішін тазалау­ға кірісіп кеттім. Жерде шашылып жатқан газеттерді жинап жүріп, көзім текеметтің үстінде жатқан журналдың екі парағына түсті. Еңкейіп қолыма алғанымда, алдымен парақтың тө­менгі жағындағы суретті байқадым. Қасында бірнеше адамдар бар музейдің ішінде түскен сурет екен. Көзіме Камал әкем оттай басылды. Шынымен де, суреттің астында Бердәулетов Камал деген жазу бар екен. Әкеміздің суреті аяқасты болмасын деп, алып бүктей бастағанымда «Жалағашқа жыр шашу» деген өлең тақырыбын оқыдым. Авторы Темірше Сарыбайұлы деп жазылған. «Біздің Жалағашқа арнаған өлең екен-ау»…

Тездетіп үйді жинастырып, еденін жуып сыртқа шықтым.  Ақпана құдықтың жанындағы ағаш орындыққа отыра кетіп,  әлгі журналдың екі парағын қайтадан қолыма алдым.  Екі парақтан бауырсақтың иісі шығып тұр. Сірә, жеті күлше орап әкелген болу керек. Оқи бастадым.

Кеудемнен күміс самал өлең есіп,

Мен саған аңсап жеттім көне бесік.

Даңқыңды алты Алашқа ардақтайын

Туыңды көтерейін, төбеме шық…

Осы бір шумағын мәнерлеп оқып, келесі шумаққа келгенде өзімнен өзім ақынның өлеңін белгісіз бір әуенмен айта бастадым. Бұл жаңа әннің қайырмасы болатын. Тіршілік жасап жүріп әлгі әнді қайта-қайта айтам. Жеңешеммен  сөйлесуден қалдым, есіл-дертім өлеңде. Сыртта жүріп, туған жерін аңсап, сағынып жазған жыр екені көрініп-ақ тұр.

Шілденің аяғы, тамыздың басы. Ми қайнаған ыс­тық уақыт. Ауылға кешкі салқынмен қайтпасақ, асфа­льт­тің үстінде жаяу жүру әсте мүм­кін емес. Күн бата бастады. Сал­қын ауа тынысымды ашқандай болды.  Жеңешем екеуміз жиналып, үйге бет алдық. Түзу жолға шыққан соң, манағы өлең жазылған парақты қолыма тағы да алдым. Сөйтсем, «Парасат» журналының екі парағы екен. Жеңешем әнді керемет айтатын, әдемі дауысы бар еді. Қалай дегенмен Кетенің қызы ғой.

– Мына ән ұнай ма, тыңдашы, – деп өлеңді әлгі әуенге салып айта бастадым. Үндемей тыңдап болып, «Бұл кімнің әні?» – деп сұрады.

– Менің әнім, жаңа ғана шығардым, – дедім.

Ол кісінің өлең жазып, ән шы­ғаратынымнан хабары бар болатын, онша таңданбады.  Бірінші шумағы мен қайырмасын маған қосылып айтып,  әп-сәтте жаттап алды.

– Туууған жер!

Басымды ием, жан анашыыым, – деген жолдарын  айтқанымда күліп, «жан анашым» деп арнап әндеттің бе, әлде өзіңнің шешеңді әнге қостың ба? – деді.

(Шешең деп отырғаны  марқұм Нәти әжем  болатын).

– Ту, жеңеше-ай, бұл ән өзің естігендей туған жерге арналып тұр ғой дегенімде, өкпелеген адамдай сыңай танытып:

– Мені алдай салуды да білмейсің-ау. «Иә, жеңеше, бұл әнді саған арнап шығардым» десең, қуанғаннан жүрегім жарылып, екі көзім көріп кететін еді, – деп күлді. Екі жанарының көрмей қалғанына жиырма жылдай болған, қайран анам көріпкел, көкірегі ояу жан еді-ау.

– Егер көзің көріп кететін болса, қуана бер, «Жалағашым» әнін өзіңе, әрине әкеме де арнадым, – деген болатынмын.

– Әніңді де, жырыңды да әкеңе арнай бер. Марқұм бұл өмірден не қызық көрді, ерте кетті ғой. Бабасының басына салынған тамды да, ар­уақты құрметтеп ескерткіш белгі қойғанын да көре алмай арманда кетті. Екі жанарымды суалса да, осындай жақсылықтарға куә болдым ғой. Мен бақыттымын! – деді. Үлкен жолдың үстінде біресе өткен-кеткенді  айтып, біресе әлгі әнді айтып келе жатып, үйге де жетіп қалыппыз.

Анам сол үлкен жолда  «Бұл ән бабаңның басында дүниеге келді, әніңнің келешегі баянды болады» – деп ақ тілегін айтқан болатын.

Үш ай каникул зымырап өте шықты. Қыркүйек айы басталып, жұмысқа қосылып кеттік. Кеңседе жоспарымды бекіттіріп тұрғанмын. Мектептегі музыка пәнінің мұғалімі Алтын Нағыметқызы жаныма келіп, «Апай ауданда патриоттық әндердің байқауы болатын еді. Соған жергілікті сазгерлердің әндерін орындау керек екен.  Әніңіз бар ма?» – деді. Ойы­ма бірден «Жалағашым» әні түсті. Екеу­міз бір класқа кіріп, қолымызға баян­ды алып, мен әнді аспапта ойнап, Алтын нотаға түсіре бастады. Бабамның басында дүниеге келген әнімнің алғаш орындаушысы сол кездегі қатардағы мұғалім, қазір жоғары санаттағы үлгілі де өнерлі ұстаз Алтын Жаңашева болатын. Содан бастап Алтын менің 20-дан аса әнімді нотаға түсіріп, оқушыларға үйретіп, оларды түрлі байқау­ларға қатыстыр­ды. «Жалағашым» әнін шәкірттерімнің ішінде алғаш орындаған Назерке болатын. Сол кезде ол жақсы өнер көрсетіп, баспасөз беттеріне жарияланған.

Жаңа XXI ғасыр менің шығармашылығымды шыңға сүйрей бас­тағанын айтып кеткенмін. Бұл ән әуелде «Жалағашқа жыр шашу» деген атпен орындалып жүрді. Менің 1991 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан ұжымым – №201 орта мектеп  2003 жылы «Көктемді сендермен қарсы алам» деген атпен шығармашылық кешімді ұйымдастырды. Көп ұзамай әр жерде шашылып жүрген өлеңдерімді, әндерімді жинақтап «Көктемді сендермен қарсы алам» деген атпен жыр жинағым жарыққа шықты. Екінші ұлым Айбек Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «дәстүрлі ән» бөлімінде оқи жүріп, республикалық «Сегіз қырлы» ән байқауына қатыс­ты. «Сіз естімеген бір ән» айдарында Темірше Сарыбаевтың сөзіне жазылған, «Жалағашым» әнін орындап шықты. Сонда Ержан Қосбармақов, Ұлжан Байбосынова,  Сәуле Жан­пейісова,  Айгүл Қосанова, Абдулхамит Райым­бергенов, Ардақ Исатаева сияқты мықтылар, Қазақстанның Еңбек сіңірген  мәдениет қайраткерлері осы әніме жақсы бағасын берген еді. Кейіннен бұл әнім Қазақ радиосынан да орындалып жүрді. Әр жасымда әртүрлі тақырыпқа жазылған біраз әндерім баршылық. Дегенмен, республика сахнасына дейін барған Мәмбет бабамның дүкенінің басында дүниеге келген осы «Жалағашым» атты әнім екен.  Меніңше, бұл кездейсоқтық емес.

Халық өнерді құрметтейді, бағалайды. Тек жүректен шыққан дүниелер жүрекке жету керек  деп ойлаймын. Осы әннің сөзін жазған ақын ағамен  танысып-білісу арманым болып жүрді. Бірде ауданда үлкен жиналыс  болып, «Алматыдан Темірше аға  келді»  деп естіп, сонда барып, таныс­тым. Өте қарапайым адам екен. Сабырлы қалпымен «Ә-ә, сол қыз сенсің бе?» деп жылы амандасты. Естуім бар, бірақ сол әнді өзім тыңдап көргенім жоқ, – деді.

Кейіннен ол кісінің Алматыдан елге көшіп келгенін естідім. Сол жылы ақын Темірше Сарыбаевтың 70 жылдығы облыста аталып өтті.

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінің көрермендер залы адамға лық толы. Кеш басталып кетіпті. Ақынның өлеңдері оқылып, слайдтан балалық шағын  бейнелеген көрініс түсірген екен, соны айналдырып көрсетіп тұрды.  Кеш соңына таяп қалды, менің әнім орындалмайтынын байқадым.

Қасымда қаламгер әріптесім Роза Көшекбайқызы бар, сахна артында «Енді қалай болады екен?» деп  абыржыңқырап тұр едім, сол арада Жұмабек Аққұлов ағайым келе қалды. Әкемді көргендей қуанып кеттім. Аман-саулық сұрасқан соң, ол кісіге ойымды айтып едім, «жөн екен, осы жерде домбыра көп қой, дауысыңа келетін біреуін  ал да сахнаға шығып әніңді айта бер, қызым» деді. Домбырашы жігіттерден дауысы әдемі шығатын бір домбыраны сұрап алып берді. Аяқ астынан сахнаға шықтым. Тілегімді айтып болып, домбыраның құлағын келтірдім де, «Жалағашым» әнін бастап кеттім. Әрине, әнші емеспін. Дегенмен, әнді орындап шығуыма тура келді. Көрермен жылы қабылдады. Сахнаның бір жақ шетінде отырған Темірше ағамызға құттықтауымызды жеткізіп, құрметімізді білдірдік. Көп ұзамай ол кісі өмірден озды. Сол әнді теледидардан да, радиодан да тыңдай алмапты. Менің орындауымда әлгі әнді марқұмның алғашқы және соңғы рет естігені сол екен. Бір кем дүние…

 Осы «Жалағашым» әнінде бір тылсым құдірет жатқандай көрінеді.  Олай дейтінім, Темірше Сарыбаев өзінің «Қоңыр күзде туыппын» деген өлеңінде былай дейді:

Қоңыр күзде туыппын, қарашада,

Көргендерді тамсантып тамашаға.

Сүйіншіге айнала ат шаптырып       

Келген елден босапты қара саба.

Маған дейін он бесін жерге берген,

Жүзі сынық жүріпті өзгелерден.

Көңіл айта бергесін жыл құрғатпай

Қаймығатын болыпты келген елден.

Болады ғой атқа де небір себеп,

Көз жасын да көреді төгілсе көп

Төске салып кесе сап кіндігімді,

Әкем қойған бұл атты Темірше, – деп толғанған ақын өз тағдырынан хабардар етеді. Он бес баласын жер қойнына берген әкесі Сарыбай, он алтыншы ұлы болып дүниеге келген ұлының кіндігін ұстаның темір төсіне қойып кесіп, есімін Темірше деп атауында үлкен мән барын байқап отырған шығарсыздар. Сол Теміршесі аман қалып, өмірін қасиетті өнер жолына арнағаны қай-қайсысымызға да ой салады.

Ұсталығымен елге әйгілі Мәмбет бабамның дүкенінің басында Темірше ақынның сөзі жазылған журналдың екі парағын тауып алып, оған менің ән шығаруым да кездейсоқтық болмаса керек. Бір кездері есімін елге айтуға да тыйым салған, небір құйтырқы замандардан өткен, ұзақ уақыттардан кейін, жаңа XXI ғасырда тарих сахнасына шығып, халқымен қауышқан Мәмбет бабамның рухы оянып, халқымен қайта қауышқандай еді…

 

Айкүміс ОРЫНБАЕВА, 

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<