Төбе ақын

933

0

Талантымен дараланған шоқтығы биік ақынның бірі – Төлеубай Үркімбаев. 1898 жылы Жалағаш ауданы  қазіргі Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Ескіше жаңа қоғамның  талабына сай бас­тауыш білім алады. Еңбек жолын теміржолда жұмысшы болып бастайды. 1916 жылы «июнь жарлығына» ілініп, бірінші дүниежүзілік соғысқа алынады. Онда қара жұмысқа жегіліп, майданның алғы шебінде  батпақты, орманды жерлерде бейнеттің азабын шегіп, денсаулығынан айрылып, елге оралады. 

Бойындағы дарыны мен өмірге құштарлық жас Төлеу­байды ерте есейтіп, өз бетімен білімін жетілдіруге  талпындырды. Осы мақсатта ол атақты Сыр сүлейлерінің  өлең-жырларын оқып, оларды жатқа айтып, халық арасында және соларға еліктеп өзі де жаза бастайды. Ол жаңа қоғамның, елдегі болып жатқан өзгерістер мен еңбекші халықтың ерен  еңбегін жырлап, өзінің  шеберлігі мен саяси білімін өмірге деген көзқарасын байыта түсті. Табиғат сыйлаған дарын халыққа ерте танытты. Алғашқы 1927 жылы  жарық көрген «Он жылдағы олжа», отызыншы жылдары жазған «Қатарымыз шынықты», «Тас жарғанда табыс бар», «Сатан­ның сарыатаны», тағы басқа топ­тама шығармалары 1935 жылы «Социалды Қазақстан» га­зетінің 284 санында  жария­ланды. Облыстық партия ко­митетінің хатшысы Ә.Ата­ла­қов өзінің «Талант» атты ма­қаласында Т.Үркімбаевтың  шы­ғармашылығына талдау жасап, оның ақындық талантына әділ баға берген. Ә.Аталақов: «Әттең, науқастықтан самсаған қолдан, шаршы топтан озатын жүйріктің аяғына ақау тү­сіріпті. Бірақ, Төлеубай ақын төсек тартып қалса да, қолынан қаламы түсіп көрген емес. Дәуірдің ұлан-асыр дүбіріне үн қосқан» деп жазған. Шынында да, ақын­ның әрбір өлеңінен дәуір шындығын көреміз.

Төлеубай ақынның өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дарындағы жекенің малын тәр­­кілеп, ұжымдастырудағы асы­­ра сілтеушілер мен шолақ бел­­сенділердің заңсыз іс-әре­кеттерін халық атынан ашы­нып жазған туындысы – рес­пуб­­ликамыздың бас газеті «Со­циалды Қазақстанға» жа­рия­лаған «Сатанның сары­ата­ны» фельетоны еді. Онда же­кенің қолындағы  күш-көліктің жақсы күйден, қоғамдық мен­шікке тәркіленіп өткеннен кейін кез келгеннің билігінде кет­кенін, дала кемесінің өлу хал­ге келгендігін, сарыатанның мұ­ңын сол кездің ащы шын­ды­ғымен жеткізген. Осы бір сын фельетон үкімет тарапы­нан қолдау тауып, заңсыз тәр­кіленген күш-көлік ұжым мү­­шелеріне қайтарылып, олар­ды бағып, пайдалануға рұқ­сат бе­рілген. Жыр алыбы, қа­зақ әде­биеті  мен өнерінің  Мәс­кеудегі  онкүндігіне  қатысып, кеудесіне орден тағып оралған Жамбылды Алатаудан  бастау алатын мөлдір бұлаққа балап, «Жамбыл бұлақ» деген өлең арнаған.

– Мұз болып дүниежүзі 

қатқан кезде,

Адамға ащы тұрмыс

батқан кезде.

Бір таудың жырасында

Жамбыл туды,

Ел үркіп, тау көбелеп

қашқан кезде.

Құрметті асыл сөздің

қыранысың,

Мұзбұлақ қия шалған

қырағысың.

Өлеңнің зәм-зәм  суын

жұтсам, тоймас,

Сен ата, тәтті әуездің 

бұлағысың.

Төкеңнің өлеңдері  облыстық газеттерде жарияланып, есімі байтақ елге таныла бастады. Бі­рінші дүниежүзілік  соғысқа қатысқан майдангер өмірден көргені мен түйгені, басынан кешірген  оқиғалары жайлы сол кездегі елдің, дүниенің сая­си-қоғамдық ахуалы туралы про­залық еңбектер де жазған. Өкінішке қарай, бұл еңбектері қолды болып, жоғалып кеткен. Дегенмен, Төкең науқастығына қарамастан бұл салаға қалам тартуын  тоқтатпады. 1939 жы­лы Төлеубай Үркімбаев КСРО Жазушылар одағына мүше­лік­ке қабылданады. Сол жылдары республикада  бұл одаққа Мұхтар Әуезов бастаған санаулы ғана ақын-жазушылар мүше еді. Төкеңнің қаламгерлігіне тәнті болған облыс басшылары ақынға кейбір саяси  нау­қандарға, атаулы, мерекелі күн­дерге байланысты арнау өлең­дерге тапсырмалар бере бастайды. 1940 жылы ұлы Абайдың туғанына 95 жыл то­луы қарсаңында облыстық «Ле­нин жолы» газетінің 15 қа­зандағы 240 санында  «Абай сөзі – алтын сөз» деген өлеңі жарияланады.

– Қазақта  өтсе бұрын

талай ақын,

Атасы сол ақынның

Абай ақын.

Кімде-кім ақындарды

ауызға алса,

Атайды дәс әуелі Абай атын.

Төкең жазба әдебиетінің  өкілі ғана емес, суырып салма ақын, екі саланы да тең ұстаған. Жас кезінде домбыраның  құла­ғында ойнаған. Қолдан қалса да, құлағы мен дауысында мү­кіс болса да, өз қатарларынан  қалмаған. Шаршы топта айтысуды  армандап  өткен. Сон­­да да болса замандастары Тө­кеңді әрқашанда іздеп, қа­тар­­­ластарынан қалдырмаған. Со­ның бір айғағы, 1945 жы­лы ақ­пан­ның 2-4 күндері Қызыл­орда қаласында ақындардың облыстық ІІ слеті өткен. Бұл слетке 50-ге тарта ақын-жазушы мен жыршы қатысқан. Ақындар слетіне жасы 80-ге жеткен қарт ақын Тұрымбет Салқынбаев қатысып, өзінің құттықтау өле­ңін оқыған. Ақындар слетін облыстық партия комитетінің хатшысы Ә.Аталақов ашқан. Слетте орденді ақын А.Тоқма­ғамбетов «Ақындар айтысы және олардың алдағы мін­дет­тері» жайлы баяндама жасады.

Айтыстың  қорытындысы ту­ралы қазылар алқасының  мү­шесі ақын Ә.Оңалбаев хабарлама жасаған. Айтысты ашу мәртебесіне Төлеубай Үркімбаев ие болған. Төкең «Ақындарға арнау» өлеңімен ашқан.

– Ақындарым келіңдер,

Ой мен қырдан жиылып.

Маған кезек беріңдер,

Айтуға өлең бұйырып.

Төбеммен қызмет етемін,

Келіншектей иіліп.

Ұнаса сөзім нақ солай,

Қаларсыңдар сүйініп.

Ұнамаса лаж жоқ,

Қаларсыңдар күйініп.

Ерлерім жүр майданда,

Төрт жыл бойы сабылып.

Төсегіне мұз төсеп,

Қардан көрпе жамылып.

Қарсы ұмтылды айбатпен,

Арыстандай шабынып.

Тұтасып келген  қалың қол,

Тұс-тұсынан  жарылып.

Тас-талқан боп жайрады,

Жалынды өртке шалынып.

Қырғын тобы қырылды,

Қызыл қанға малынып.

Сыпырылып терісі,

Жерімізден арылып.

Өз жеріне тығылды,

Өрістері тарылып, – деп жеңістің жақындап келе жатқа­нын  шабыттана жырлайды. Тө­кеңнің өлеңдері «Ақын жырла­ры» (1958 жыл), «Пернедегі  термелер», «Үш ғасыр жырлайды» (1965 жыл) атты «Жазушы» баспасынан шыққан жи­нақтарға енген. Тұрмыс тау­қыметін бір адамдай тартқан ақынның ең­бектерін Қазақстан Респуб­ли­касы Ғылым академия­сы­ның Ор­талық ғылыми кітапха­на­сынан іздестіріп жүріп жинап, М.Әуезов  атындағы әдебиет  және қолжазба қорына табыс етуде белгілі  әдебиетші ға­лым М.Байділдаев көп еңбек сі­ңір­ген.

М.Байділдаев 1984-1985 жыл­дары ақынның 12 баспа табақ көлемдегі өлеңдерін бас­паға дайындап өткізген. Түрлі себептермен ақын жинағы жа­рыққа шықпай қалған. Төкең ел байлығын еселеткен айдынды Аралдан қазыналы Қаратауға  дейінгі аралықтағы құрыш қол­ды еңбекшілерді жырлаған. Со­ғыстың аяқталу тұсында облыстық, аудандық газеттер жазба ақындардың  айтыстарын  ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып,  оны жариялап тұрған. 1945 жылы Төлеубай Үркімбаев қармақшылық Би­сенбай  Қасқырбаев пен қаза­лылық Байназар Өтеповпен газет арқылы айтысты. «Ленин жо­лы» газетінде үздіксіз жария­ланып, газеттің құндылығын арттырып, оқырмандардың қы­зы­ғушылығын тудырған. Ақынның «Бармысың, Қар­мақ­шыда Қасқырбаев?!», «Қай­дасың, Қазалының Байназары?!» деп  бас­талатын айтысы оның бұр­қыраған жыр күшінің құдіретін  көрсетсе керек. 1945 жылы  44 ақын қатысқан айтыста Төкең  бас бәйгені жеңіп алып, киіз үй, бір жылқы, пальто, тағы да басқа бағалы заттармен мара­патталған. Осы айтыстан кейін Төлеубай Үркімбаев облыстың «Төбе ақыны» атанып, Қызыл­орда, Жамбыл облыстары ақын­дарының айтысында Сырдың на­мысын қорғаған. Айтыста  тауды төмендетпей, да­ланы асқақтатпай екі облыс­ты тең ұстап, халықтың көңі­лінен шыға білген. Өзінің ма­­ғы­налы да мазмұнды жыр­ларының  арқасында  хал­қы­ның сүйікті ақынына ай­нал­ған. «Қазақ ССР-нің құ­рылғанына 15 жыл» төс­бел­­гі­сімен, 1945 жылы «Құр­мет белгісі» орденімен, «Ең­­бек­­тегі ерлігі үшін» меда­лі­­мен  ма­рапатталған. Төкең­ді ұс­таз са­наған  Әбділда Тәжі­баев, са­ти­рик-ақын Асқар Тоқмағам­бетов, Бөлебай, Тұрсын, Сыр­байлардың оған тәнті болғанын бүгінгі жастар біле бермейді.

Халық ақыны Төлеубай Үр­кімбаев туралы еліміздің көр­некті ақын, жазушылары, қо­ғам, мемлекет қайраткерлері жақсы пікірлер айтқан болатын. Филология  ғылымдарының  док­торы, сыншы, әдебиетші, ғалым, профессор Есмағанбет Ысмайлов «Совет халқы ақын­дары ішінде шоқтығы биік тұлғалардың бірі Төлеубай Үр­кімбаев» десе, ақын Оңалбай Әбдікәрімов  «Төлеубай халық ақыны, желдей ескен, кес-кестеп жүйріктердің алдын кес­кен» деп баға берген. Әбділда Тәжібаев Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, мемлекет және қо­ғам қайраткері  Қонысбек Қа­зантаевқа жазған хатында:  «Жа­лағаштың суырып салма  ақы­ны Төлеубай Үркімбаевтың  артында қалған мұраларын жинауға, атын ұлықтауға ұйыт­қы болуды және баласына қам­қор­лық жасауды өтінемін» деп­ті.

1943 жылы Төкеңнің үлкен ұлы туғанда Нартай қасындағы әріптестерімен келіп шілдехана  өткізіп, «Төке, ендігі  өміріңіз қуанышты болсын» деп бала­сының есімін Қуанышбай қой­ған екен. 2003 жылы ақын­ның баласы Қуанышбай Тө­леу­байұлы жерлес жазушы, эт­нограф-ғалым Тынышбек Дай­рабаев  құрастырған ақын­ның «Өлеңмен өрілген шын­дық»  жинақ кітабын «Бастау» ғылыми  басылымдар  редакция­сынан шығарып, оқырманға тарту етті.

Төлеубай  Үркімбаев  57 жа­сында  1955 жылы ақпан айын­да қайтыс болды. Мен елуінші  жылдары көр­ші тұрып, сабақ­тан қол босағанда ауырып төсек тартып жатқан ақынның айтуымен өлеңдерін көшіріп, тапсырмасы бойынша  баспаға жолдап отырдым.

Биыл ақынның туғанына 120 жыл. Төкеңнің  еңбектері  заман өзгерсе де, құн­дылығы мен мағынасын жойған жоқ. Бүгінде елімізде бүкіл халық­тық қолдау тауып, осындай аттары көмескіленіп бара жатқан тұлғаларды қайта еліне қауыштыру  біздерді қуантады.

Рысбай КӘРІМОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<