Жылау деген – жүректің жұмсаруы

4201

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында жаңа маусымның екінші премьерасы – Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасы сахналанды. Спектакльдің режиссері Ақтөре Оразалы, суретшісі Нұркен Қалымбетов, композиторы Нұрсұлтан Төреәлі, жарық суретшісі Қайрат Исмайыл.

Қалың көрерменді ойға жетелеп, жанарына жас үйірген қойылымның айтары көп. Кей адамдарға, әлемдегі ең керемет күлкі сыйлағанымен, күл­мейтін тағдыр береді емес пе?! Мұнда автордың қиялынан туған дүниелер емес, шақшадай басынан өткен шы­рылдақ тағдыр суреттеледі. Қиял қу­ған бала Ақбереннің ел танитын ақын Ақберен болып қалыптасуы көз ал­дыңда бір мезетте жүріп өтеді.

Адамдар бала кезін сағынады ғой. Ал балалық шақ болмаса ше? Оны еске алу – азап. Ауыр тағдырды басынан кешпесе де қойылымда көзіне жас алмаған көрермен болмады. «Жылау деген – жүректің жұмсаруы» дейді ав­тор. Расында, адамға мейірімнің қан­шалықты қажет екенін түсіндіретін шы­ғарма кәсіби актерлердің шеберлігі арқасында көрерменнің жүрегіне жетті. Әлемді мейірім ғана құтқарады. Түптеп келгенде бәріміздің ішімізде кішкентай бала бар. Сол баланың басынан сипап, бауырына тартса, адам үшін сол да бақыт. Ал жетімдік көрген баланың жа­ны одан да нәзік. Жазушы жан дерті – «болмаған балалық шағын» жазғанда, оқырманға жеткізгісі келгені осы.

Ақберен Елгезектің сұхбаттарын тыңдап отырсақ, кітаптың екі мақсаты бар екенін аңғарамыз.

– Кітаптың басында екі мақсатым бар деп жаздым. Бірінші мен сияқты жетім балалар оқыса, болашақта үлкен азамат болып, тағдыры өз қолында болады. Жарқын, шуақты күндер алда екенін біліп, жігерленсін деп жаздым. Екінші, жетім балаларды асырап отырған үлкендерге арнадым. Жетім баланың жан жүрегінде не болып жатыр, оның ішкі жан дүниесін түсінсін, ол өте нәзік болатынын білсін, сосын маңдайынан сипап мейірім көрсетсін дедім. Шығарма өз миссиясын орындап жатыр. Мен өте көп хат аламын. Сіздің шығармаңызды оқыдық. «Мен әке-шешемнің қадірін түсіндім», «Ба­ла­лық шағымның бақытты өткеніне Құдайға тәубе» деп айтып жатқандар бар, яғни барлық категорияға әсер етіп жатыр. Мысалы жалғызбасты әйел­дер бар. Оның тағдыры менің анам ар­қылы көрсетілген. Біреу біреуге өгей әке шығар. Ол да қандай болу керек еке­нін түсініп жатыр. Ал Маржанның пер­сонажы бауырмал болу керек еке­нін түсіндіреді. Ойлап қарасам, шы­ғармадағы әрбір кейіпкер өзінің прото­типіне ой салады. Тіпті, қазір бұл менің шығармам емес сияқты, – дейді жазушы.

Осындай ойлы дүниенің бас ке­йіп­керін сомдаған артист Ердәулет Мә­муов. Бұл оның алғашқы үлкен рөлі бол­ғандықтан және көрерменді тәнті еткендіктен оқырманға Ердәулетті етене таныстырып өткенді жөн көрдік. Ол алғаш 2013 жылы М.Мәметова атын­дағы гуманитарлық колледжге «Актер шеберлігі» мамандығына оқуға түс­кен. Колледжді жақсы аяқтап, 2017 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Драма театры және кино әртісі» мамандығына қабылданып, 2021 жылы диплом алды. Ал театрға 2020 жылы «карантинде жатқанша, оқып жатсам да жұмыс бастай берейін» деп келген. Содан бері бірнеше рөл ойнады. Балалар спектаклінде басты рөлде бой көрсетті. Оған қоса, «Ромео – Джульеттада» Меркуционың рөлімен көзге түсті. Сырттан келген режиссерлармен жұмыс істеді.

– Бұл қойылым Ақберен Елгезек ағамыздың «Болмаған балалық шақ» кітабынан алынған инсценировка. Мен бала Ақберенмен қатар, ержеткен Ақ­беренді сомдаймын! Мұнда Ақберен ағаның басынан кешкен тағдыры су­рет­теледі. Өте ауыр тағдыр. Бір емес 3 отбасыда балалық шағы өтеді. Алдынан бала болса да көп қиындықтар кез­деседі, ал мұны менің кейіпкерім та­бандылықпен көтере білді. Мойымады, жасымады, құламады, ұлы ақын болам деген арманынан таймады!

Ақбереннің табиғаты өзіме ұқсас қиял­шыл, аңғал, ақкөңіл. Тіпті өзіне пы­шақ сілтеген жан болса да оған еш реніші болмады! Рөлім өзіме өте қызық. Арманшыл қияли баланы сомдау мен үшін қиындау еді. Себебі 25-тегі адамға 7 жастан бастап шамамен 15 жастың аралығындағы баланы сомдау керек. Өзімді біраз сындырдым. Қы­зықты тәжірибе болды. Спектакль өте аз уақытта дайындалды. Тіпті премьера күні тым жақын қалғанын сезбедік десек те болады. Бірақ артық ойға бе­рілмей 17 қараша күні шығарамыз деген қағидамен жұмыс істедік. Ұжым­дас­тармен бар күшімізді салдық. Жа­­ныма жақын рөл, образ болып сақта­ла­ды, – деді Ердәулет Мәмуов.

Өзі жыламаймын деген Ақберен елді жылатты. Көрерменнің пікірі мен ойы қойылымның жоғары деңгейде өтке­нін дәлелдейді.

– Ақберен Елгезектің повесін оқы­ғанымда еңкілдеп жылағаным есімде. Премьерада да дәл сондай күй кештім. Екі сағаттық қойылым бірде күйіндіріп, бірде сүйіндіргені рас. Ойын баласы болса да ой үстінде жүретін қилы тағ­дыр толғандырды. Сондықтан балалық шақтың бал дәмін татпай, ерте есейді, бәлкім?! Әлімжеттік пен әжуа сөздің ортасында қалса да «Құдайдың баласы» қаймықпады. Әкеге құрмет, анаға сағынышын сезгенде ет жүректің езіл­меуі мүмкін емес. Қойшы болам десе де, әкесінің ізгі ізін жалғады. Рухани байланыс демегенде не? Өлең Ақбереннің өн бойына қонды.

Қойылым қоғам құбылысын дөп бас­ты. Көрермен қатарында мектеп оқу­шылары да көп кезікті. Демек, олар да құндылықтың құнын түсінді де­ген ойдамын, – деді көрермен Нәзік Дас­танқызы.

Өнердің бар түрі тоғысқан қойы­лымда өлеңнің де қасиеті анық ашыл­ғандай. Ақынның:

– Сен мені қазаққа сыйладың, мама,

Ғажаптардан қағылсаң да.

Мен сені азапқа қимадым, мама,

Қанша жыл сағынсам да.

Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,

Ал, мен – Құдайдың баласымын.

Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,

Көзімдегі қарашығым, –

деп келетін шумағы суыған жүректерге шуақ сыйлады. Мұны ұзақ соғылған қошеметтен-ақ сезіндік. Қойылым со­ңында жиналған қауымның екіұдай ойда, сұрақ пен жауаптың арасында қай­тып бара жатқанын көріп, спек­так­льдің өз мақсатына жеткенін түсінуге болады.

Айта кетейік, биылғы маусымда театр ұжымы жаңа қойылымдарды сахналап, ерекше жобаларды іске асырып, сырбойылықтарды қуанта бермек.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<