Артық (әңгіме)

540

0

Өмірдің шыжығын да, салқынын да көрді. Шуақты күндері аспандап, шегіне жете толқып-тасымаған, ренішті сәттерде қатты абыржып, күйінбеген, сабырдан алыс ұзамаған. Мекеменің белді адамы. Бедел-абыройы да аз емес, қалада оны көпшілігі таниды, біледі, сыйлайды. Зейнетке шығуына екі-үш жыл бар. Жұмыстан соң немересін ертіп спорт дүкеніне келді. Мақсаты – оған мұз айдынында сырғанайтын коньки алып беру. Қонышы биік былғары бәтеңкеге бекігенін таңдады. Өлшеп еді, құйып қойғандай, былқ етер емес. Баяғыда қатарымен бірге ауылда конькимен сырғанағаны есіне түсе кетті.

Ата-анасы қаладан қолына іліккен коньки әкеледі. Оған ширатылған жіңішке жіп байлайды. Көл жағасында сол жіптермен конькиін етігіне ылаждап бекітеді. Сосын жарысады кеп, қолына иілген бұтақ ұстап, доп қуып ойнайды. Мұз бетіне шығып тұрған сиректеу жіңішке қамыс сабақтарына сүрініп талай құлағаны, тізенің көгергені әлі естерінде. Сонда да ешкімге есесін жібермей, ауылдағы барша мүмкіндікті пайдалана ойын-сауық құратын.

Енді міне, немере қамымен жүр. Өткенге көз жүгіртіп, таразылап, талдап, бағалаудың уақыты жақындаған сияқты. Өмір мақсаты не болғаны сонда?! Ол орындалды ма? Сол өмір неден басталып еді? Әрине, ауылдан. Туып-өскен ауыл қадірі қашан да биік. Анда-санда ауылдастарымен кез болғанда бірін-бірі құдды біраздан кезікпеген бауыры сияқты ыстық құшағына алады. Мектебіне барар жол бұрылысындағы бұта ығында, арасында ажырығы аралас жиі қаулаған өлеңі, тәтті түйіршігінің бір-екеуін тілге басқанда бет-аузыңды сия жағылғандай бояйтын дөңестеу мүйістегі қарамықтың көсіле жайылып жатқаны, мамыр айының ортасын ала анадайдан мұрныңды жаратын тамаша иісті сары майда гүл ашатын жиде суреті санасында со бойы жатталып қалған. Ойын қуып, шаршаған уақта жиі өскен биік ажырық алаңына құлай кеткен бала құдды қалың көрпеше үстінде жатқандай сезінуші еді. Аумағы мал шаңлағымен қарайлас, топырағын қайда, не үшін алғаны белгісіз, мандытып еш нәрсе көгеріп өнбеген, ыстықта ала шаңды, жаңбырда батпақты сайдан өтіп, ақыры мектебіне тірелетін. Мектеп алды жапырағы шулаған екі тал. Көз ұшында, терістікте сексеуіл шырпысын жамылған аласа құм жоталары жылтылдайды.

Кім білген, заман солай ма, әлде адамның пейілі өзгеріске ұшырады ма, әйтеуір қалада жағдай өзгеше. Асығыс тірлік, бас изесіп амандасу ғана, арнайы шақырмаса бірінің үйіне бірі сүйрегеніңмен бас сұқпайды.

 Бұлар артта қалған ауылдағы дәуірді аңсайды. Балалық шақ бірге өтті. Жаз болса үй алдындағы жерді аударып, қарықтап, дақыл егетін әке-шешеге көмектесу, ауыл сыртындағы атшаптырым көл жағасында қалың өскен құрақты қолорақпен ору да осылардың міндеті. Күз келсе қысқа дайындық басталады. Ауыл маңы бітік жыңғыл. Әріректе ол тығыз және ірі. Соны балалар топтасып барып шабады, дестелеп жинайды. Пешке жыңғылды бұтап жағады, көмір атымен жоқ.

Ардақ – класс ішіндегі алғыры. Қатары арасында сыйлы. Мығым, аз сөйлеп, мол іс атқаруға ниетті. Төрт үйден кейінгі көршісі Артық керісінше, жеңіл, сөзге жақын, жаңғалақтау. Екеуі бір топта. Мектепке бірге барып, бірге оралады. Содан біріне бірі үйір. Қолтық әрірек тұрады. Ол нәзіктеу, білімі орташа, сөзі аузынан түскен болбыр, көп араласпай ылғи шеттеп жүргені. Бұлармен бір класта Сәрсен де оқиды. Ол білімге құштар. Бірақ, мінезі тұйықтау, бірбеткейлеу.

Үй шаруасына пысық, ұстаған балтасы ылғи өткір, сондықтан күзде, қыста жыңғыл шабудан Ардақ алдына жан салған емес. Жыңғыл бұтағының білекке жетеғабыл жуандарын қырқады. Майдаларына тиіспейді, өсе берсін деп. Және балтаны қиғаштап бір-ақ сілтейді, кейде екі рет. Кесілген жыңғыл бұтағы жатады менмұндалап сәнденіп, үшкірленіп. Мүмкін, осы мінезде алғы өмірінде ұстаным болар тиянақтылық пен жүйелілік, мақсаттылық пен қайсарлық нышандары байқалған болар. Өзге балалар баста шапқан жерінің о жақ бұ жағын қайта-қайта ұрғылап, мылжалап, берекесін қашырады, құдды жыңғыл бұтағында ала алмай жүрген өші бардай қинап, өздері де болдырып. Артық екеуі кеше жыңғыл шапты. Аралары әжептәуір, әудем жерде, отындары араласып кетпес үшін. Ертең олар жыңғылды есек арбамен тасып алмақшы. Арбаның қолға түсуіне қарай. Әр үйде ол бола бермейтін.

Төрт-бес күнді артқа салып, арбаға қолы жетісімен Ардақ жыңғыл шапқан тұсқа келді. Сөйтсе, дайын жыңғылы тып-типыл жоқ. Біреу сыпырып кетіпті. Қатты ренжіді. Өзгенің пасықтығы мен күпірлігіне. Досының үйіне күн бұрын отын түскенін біледі. Сол үйге тақады. Кеше түскен жыңғыл үйіліп жатыр. Түптеріне қарады. Шапқан бұталары көзіне оттай басылды. Байбалам салуға ұяты жібермеді, бірақ, Артыққа деген мұның жүрегі суи бастады. Осындай жағымсыз, әдепсіз іске оның неге, қалай барғанын іштей түсінбей әлек.

Ертесіне Ардақ Қолтықпен кез бола кетті. Қолтық Артық үйіне арбамен жыңғыл түсіріскенін айтты. Алғашында бөлек үйілген жыңғылды тиегендерін, сосын әріректе қырқылған бұтаның ірілеу екенін сөз етті аңқау Қолтық. Ардақ бәрін түсінді. Одан әрі сұраған жоқ, Қолтық та тиелген отынның жарысы Ардақтыкі екенін сезген жоқ. Келесі күні Ардақ Артықпен жолықты. Көзі жыпылық-жыпылық етіп, төмен қараумен болды. Бұл онымен салқын ғана амандасқаны болмаса шешіліп сөйлеспеді.

Екі-үш күн көрінбеген Қолтық сабаққа бүгін келді. Көзінің айналасы қарауытып тұр, шамасы бұрын ол біреуден таяқ жеген сыңайлы. Мұның сырын Ардақ салғаннан түсінді. «Ұры іштей қуыстанады» дегендей, кінәсіз Қолтықтың бекерден таяқ жегеніне таңданды.

Қалаға қоныс тепкелі ширек ғасырдан асты. Әрқайсысы әр саланың мамандары. Ұжымда Ардақтан бір-екі жас үлкендеу Жарқынай бар. Ол да – Ардақ сияқты осы мекемені қолымен қойғандардың бірі. Зейнетке жасы келгенімен әлі осында, өйткені, көпке қажет, тәжірибесі мол. Түскі үзілістің соңын ала мекеме азаматтарының қапталдас жатқан дүкендерді анда-санда шолып шығатын әдеті бар еді. Осындай сәтте сол кісіге Ардақтың хатшы қызы кез бола кетті.

– Апай, сізге күлкілі жайтты айтқым келеді. Мен Ардақ ағаның қабылдау бөлмесіндемін ғой. Бөлімде істейтін келіншек отырған қасымда. Бастық жоқ еді. Артынша Ардақ аға кіріп келсін. Екеуміз де орнымыздан ұшып тұрып амандастық. Ол кісі кабинетіне асықпай өте берді. Сол заматта жаңағы келіншек артынан иіліп сәлем салсын. Маған осы қызық көрінді. Тіпті күліп жібере жаздадым. Кейін осындайды басқалардың жасағанын тағы бір-екі мәрте байқағаным бар, – деді ол.

– Сәлем салды соңынан дейсің бе? Оған сенімдімісің? Мүмкін, саған солай көрінген шығар, қарағым?!

– Жоқ, апай! Мен ауылда өскенмін. Келіндердің үлкендерге сәлем салғанын талай көргемін. Дәл сондай болды.

– Ғажап екен! Сен түсінген жоқсың ғой оның мәнісін?

– Қайдан түсінейін? Мұндайды бұрын көрмесем!

– Мен де жөнді ұқпай тұрмын! Бірақ, жадыма ертеректе анам айтқан сөз келіп тұр!

– Ол қандай сөз еді, апай?

– Е-е! Өзім анығына жете алмай тұрып, саған не дейін?!

Анасы «Қарағым, тәуір адамның жақсылығы мол болады! Саған ол тікелей шапағатын тигізбей-ақ қойсын! Бірақ, оңды адамның қасында болуың, маңынан табылуың, жағымды өнегесін үйренуің, оңды тәлім-тәрбиесін көру де аз емес!» деп еді. Ендеше, жаңағы келіншектер Ардақтың айналасына таратып жүрген игілігінен үміт күткен болар! Олар, шамасы, өмір мұқтажына кезіккендер. Адамнан сұрап ала алмайтынын Ұлы Жаратушыдан Ардақ арқылы тілегені шығар. «Жақсыдан – шарапат» дегендей. Әлде, жақсы адам Аллаға біртабан жақын жүре ме?! Ардақтың дұрыс адам екені рас. Өйткені, ол қиянатқа бармайды, өтірік айтпайды, әділ. Сауатты, білімді, ұстамды. Алла оған жарасымды келбет те беріпті деп, түйді ішінен Жарқынай.

Ол екі-үш жыл бұрын Сәрсенмен кез болған. Тұрағы қаладан көш жерде, өзеннің малға жайлы шұрайлы қуысында екен. Бала-шағасымен осы тірлікке бейімделген. Жағдайы бөтен емес. Телефон арқылы хабарласып, келіп кетуін өтінген болатын. Сонда бұйымтайын да айтқан еді. Пайдаланып жатқан жер құжаттарын реттеп алуға көмек сұраған. Алайда, Ардақ оған жарамды көмек бере алмаған.

Жол түсіп, Ардақ Сәрсен үйіне бүгін тағы соқты. Сәрсеннің түрі жүдеңкілеу, көңіл-күйі бұрынғыдай емес. Бұл тәптіштеп сұрамай-ақ, ол мән-жайды бірден өзі түсіндірді. Сізден кейін көмек сұрап Артыққа бардым деді ол. Ол бірден келісе кетті. Жерімді асықпай бірге аралады. Бар құжаттарды түгелдей қолына ұстаттым жылдам кірісем дегесін. Шамалы уақытта жаңадан дайындаған қағаздарды әкеліп маған қол қойдырып алып кеткен. Содан тағы көп ұзамай қолыма дайын құжатты табыстады. Тек түсініксіздігі – жерімнің жарысын ғана иеленгенім. Қалған жарысы мемлекетке тиесілі болды, өйткені ол ережеге сәйкес келмейді деді. Малға қажет қоңды жайылымнан айырылдым. Кейін білдім сол жер оның жақын адамына берілгенін. Осы құлағына тиісімен Ардақтың түрі бұзылыңқырап кетті. Шамалы ойланғасын, күрделі шешімге келгендей көтеріңкі дауыспен:

– Қолыңда бар құжаттарыңды бер маған! – деді.

Сәрсен бірден қағаздарды жинастырып, Ардаққа ұсынды.

– Ешнәрсе қалған жоқ па? Сен осы аумақ нағашы атамнан қалған жер деп едің. Ендеше, соны дәлелдейтін құжат болуы керек, – деп сөзін жалғастырды Ардақ.

Басын сипап қалған Сәрсен, шамалыдан соң төтен олжаға ұрынғандай: «Таптым-таптым, есіме түсті, таптым!..» деп, қуана, ескі сандықты ақтарып, ішінен сарғайған қалың қағазды алып шықты.

Ардақ шығып кетті. Бір жеті өтті хабарсыз. Он тәулік артта қалды үнсіз. Сәрсен әйтеуір шыдап бақты. Айға жете қаба ақыры жетті-ау Ардақ. Құр келген жоқ. Мол іс бітіріпті.

Ардақ араласып, Сәрсеннің бар жерін қайтарып бергізді. Абырой болғанда Сәрсен сандығы ішінде нағашы атасының ескі құжаты табыла қалғаны. Сол қағаз арқылы бәрі орнына келіпті. «Залымның арты бір уыс» дегендей Артықтың ықпалымен шындықты бұрмалағандар сол құжатты көргесін, шалқасынан түсіп, есінен танып қала жаздапты.

Үндемейтін Қолтық қазір әңгімешіл. Уақыт адамды өзгертеді деген осы шығар. Әсіресе көңілді сәтте оны тоқтата алмайсың! Кешегіні сөз етуге шебер. Бүгін ол сол сарынға тағы ойысты.

– Өткенде бір кісі телефон соқты. Ертеректе біздің ұжымды мықты ұйымдастырушы, іскер азамат басқарып еді. Соның рухына арналған кітап дайындалып жатыр екен. Естелік жазыңыз дейді. Жиырма жылдан астам уақытта менің жадымда сол азамат туралы мәліметтер тұратын ба еді?.. Ақыры ешнәрсе жазбадым. Ана адам бір-екі мәрте тағы қоңырау шалды, шаршаған болуы керек, кейін хабарласуды қойды, – деді ол.

Ардақ миығынан жымиды жәй ғана. Сәл қозғалып сөз бастап кетті. Түнеукүні көпті көрген, мол жасаған, сонда да болмыс салмағына анау айтқандай еңкейіп, иіліп, беріле қоймаған қария сөзін тыңдағанын айтты.

– Балалар, сендер казір бар істі аударып жүрміз деп ойлайсыңдар. Сөз жоқ, пайдалы жұмыс атқарып, жұрт үшін керек тірлікті орындап жатырсыңдар. Ол рас. Бірақ, одан да салмақты, құнды істерің бар әлі игеретін. Біз соны өткеріп келеміз. Сол мағыналы істі адам баласы көбінесе зейнетке шыққанда оңғарады екен. Себебі, қолы бос, уақыты жеткілікті, білімі бар осыған дейін жинақтаған, және оның санасында сол кезде ғана: «Жұртқа, елге көмегімді тигізейін, обал-сауабы мол іс атқарайын» деген ой пайда болады екен. Жас шағында, жігіт ағасы, кісі болғанда да сол ой адамды көп мазаламайды, өйткені, шындығына келгенде ол кезде санаңды шыр айналдырар күйкі тірліктен адамның қолы да, ойы да босамайды, – деп еді сол қарт.

– Әрине, орынды, аталы сөз! Дегенмен, ақсақал пайымы кей жерін қолдамайтын ойым да бар. Өйткені, адам әртүрлі. Бір азамат жетпістен асқанмен оның қарттық салмағы мен жауапкершілігі әлі жұтаңдау. Ал екіншісі зейнеткерлікке жетпей-ақ жұрт алдындағы мол жүкті түбегейлі сезініп, пенденің парызы мен қарызын барынша нық таразылайды, – деп сөз жалғады Ардақ.

– Ендеше, сен Қолтық оңбай омақаса жығылыпсың! Айтулы азаматтың басқаруымен жұмыс атқарсаң, неге сенің жадыңда мардымды ешнәрсе қалмағаны?! Дені сау адам алты-жеті жасынан кейінгіні жадында сақтайды. Күшігінен асыраған ит те жоғалып кеткенмен, қанша уақыт өтсе де өз иесін танып, қуанатынын, сен білемісің? Сен, осы адамға жақсылық істедің бе? Қайдам! Алла саған сол мүмкіншілікті берген екен! Сауап мықтысы аруақ алдындағы парызды орындау еді ғой! Сен, бейбақ, одан да құралақан қалыпсың!..

– Астапыралла, сен не деп кеттің Ардақ! Өмірімде адамға қиянат істеген емеспін!

– Дұрыс айтасың, Қолтық. Сен біреуге зиян да, жақсылық та істемеген адамсың! Ендеше, сенің жұртқа қажетің қанша?! Жарайды, сен қиянат істемепсің! Бірақ, сен өзгенің біреуге қиянат жасап жатқанын көрдің бе осы?

– Ия, талай көрдім!

– Зорлық көруші азаматқа жақтасып, араша түстің бе?

– Оның маған қажеті қанша? Маған тыныштық керек!

– Міне, сенің бейшаралық болмысың осы! Онда, сенің өзгеге қиянат көрсеткен пенделерден айырмашылығың бар ма?!

Артық пен Қолтық Ардақ қызмет жасайтын мекеме есігін ашты. Бірден Жарқынай отырған кабинетке бұрылды. Салынатын жаңа құрылысқа рұқсат беретін бөлімді басқарады Жарқынай. Бұрынырақта Қолтықтан өтініш түскен еді. Қала аумағында өндірістік шағын құрылыс салуға рұқсат сұраған. Алайда, ережеге сай құжаттардың түгел болмауынан бөлім сұранысты кейін қайтарған еді. Қолтық бүгін Артықты алдына салып, доқ көрсете келіпті.

– Өтінішім неге қайтарылғанын білейін деп едім, – деп сөз бастады Қолтық.

– Неге қайтарылғанын жазып едік қой! Құжаттар түгел емес, – деді Жарқынай. Сол-ақ екен, Артық орнынан ұшып тұрды.

– Білеміз, сіздің өзгелерге қалай рұқсат беріп жатқаныңызды! Мына момын, өздігінен бір шаруаны бастамақшы болған қарапайым азаматты неге қинап отырғаныңызды! –деді ол зілдене.

– Сіз кім едіңіз маған соншама айып тағатындай? Мен өз міндетімді арыма сай атқарып келе жатқан маманмын, – деп, салқын жауап қайырды Жарқынай.

Дәл осы сәтте кабинетке Ардақ енді. Ардақты көрісімен Артық мүлде шабыттанып кеткендей, дүрсе қоя берді.

– Ел арасында сөз жатпайды деген, естіп жатамыз түрлі әңгімені, кәне, сол рұқсат қағаз үшін мына сорлы қазақ қанша беруі тиіс сендерге, – деп ол бастырмалата жөнелді.

– Сен не сандалып отырсың осы, саған тиыш жүруді бұйыртпаған-ау! – деп тоқтатты оны Ардақ.

– «Су да жақынына ағады» деген, сенің келгенің мұндай жақсы болар ма, Ардақ досым, бізден алатындарыңды екеуің қақ болып алыңдар да, ісімізді бітіріңдер, – деп Артық зымияндық пиғылын одан сайын аша түсті.

– Артық, сенің ойыңды да, бойыңды да ұсақ пенделік пейіл мен мақсат билегеніне көп уақыт болды! Бүгінгі мынау болымсыз, ұят жүрісің соның айқын көрінісі мен дәлелі. Саған сөзім жоқ! Қодардың Жантығындай жақсы қосылған екенсің Артыққа, сен Қолтық! Асықпасаң, жеткізер мұратыңа! Барған сайын кіре бер үгітіліп, майдаланып, ұнталанып Артық қолтығына, аңқау неме! Енді айтарым жоқ сендерге, тағы кідірер болсаңдар тиісті орынға жауап берулерің хақ! Жағдайды ушықтырмай, тайыңдар бұл жерден, – деп Ардақ сөзін аяқтады.

Артық үйіне келді. Апыл-ғұпыл шайын ішті. Өзімен-өзі сөйлеп кеткенін байқамай қалды:

– Қарай гөр, дәмесінің зорын?! Шындықты айтпайсың дейді! Шыншылын пәтшағардың! Мені өзіндей көреді, білем! Ж-о-о-қ! Мен ондай болмаспын ешуақытта! Әркімнің бетінен алып, мінін айтып, жек көрінішті болатын мен емес?! Шындық айтуды соған-ақ бердім. Содан не береке тауып жүргенін өзі де білмейді?

– Осы пәс пәтшағарлар маған тиіскіш! Менде не шаруасы бар екен? Өздерін неге үлгертіп алмайды, өмірге икемі жоқ өңкей ынжық! Бұлар баршасының тең болғанын қалайды! Оқымысты айтқан екен: Дүниеде бір адам екінші адамаға ұқсамайды, әр адам өзгеше, оның жолы мен несібесі бөлек, ол өзіне бұйырған қабілетіне сәйкес өмір сүреді деп. Сол ып-рас! Менің қабілетім, ақыл-ойым биік, сондықтан мен жақсы өмір сүруім керек! Өзгеде менің шаруам жоқ! Осыны сезбейді-ау бұл пасықтар! Момын шіріктерді жұмсап, пайдалануым керек, бабаларым соны жасаған кезінде!

Бөлме есігі ашық еді. Әйелі кіріп келді. Ол таңданыспен:

– Кіммен бажылдасып сөйлесіп жатырсың? Үйге біреу келді ме десем, сайрап отырған бір өзің екенсің ғой! Бұл не сұмдық, жалғыз адам өзі отырып шулап сөйлескенді көруім осы?! Не болды саған? Бұрын мұндайың жоқ еді! Әлде, бірнәрсенің салқыны тиді ме саған?!

– Шошыма, қатыным! Асылы, дұрыс кеузейсің, сен! Асықпасаң, маған дүниенің салқыны емес, ыстығы мен жылысы жұғысатын болады! Көр де тұр, менің уақытым туды бәлем!

Кешқұрым Қолтық Сәрсен үйіне келді.Кірісімен сөйлей жөнелді.

– Сәрсен, сен менің ең жақын досымсың! Екеуміздің жақындығымыз сонау жас кезімізден-ақ байқалған. Сөзіміз де, ісіміз де бір жерден шығатын еді сол уақытта. Казір де сондаймыз.

– Иә, Қолтық, айтқандарыңның өтірігі жоқ. Жастығымыз тамаша ауылда өтті ғой. Ол бір ұмытылмас заман еді-ау!

– Өзгелердей емес екеуміздің тірлігіміз де орайлас, әйтеуір шама-шарқымызға қарай күн көріп келеміз, Сәрсен! Сенімен бұрын да кездесіп пікірлескім келіп жүрген. Әйтеуір, тілеулес адамдармыз ғой. Пендеге не керек? Көп керек емес! Шынымды айтар болсам, маған Артықтың жолы ұнайды. Ол ешкімге есесін жібермейді. Одан үйренеріміз көп. Ол әрнәрсенің жөнін біледі. Қалай ойлайсың? – деп, Қолтық желімдей жабыса түсті.

– Солай екен-ау! Кім білген, көп нәрсені бара түсінеді деген рас болар.

– Солай, Сәрсен досым! Әрдайым бірге жүрейік. Салқын күзде ық болардай адамға пана керек! Артық сондай азамат! Тегі, одан сен де зиян таппассың! Жақында ауылымызға барамыз. Жиыннан соң бірден қалаға шапқыламай, шамалы аялдап, аз-кем ентігімізді басып, бір-екі күн қол-аяғымызды жазайық. Қарсы болмаса, сенің ініңнің қора жайы кең көрінеді, сол үйде демалайық. Мынау соған арнайы Артықтың беріп жатқан сәлемдемесі деп, Қолтық Сәрсенге газетке ораған қомақты қаржы ұстатты.

Бұлар өскен ауылында мектепті бітіргендеріне қырық жыл толуына байланысты бас қосып еді. Салтанатты жиын кеше өтті. Сәрсен інісінің үйінде шай ішіп отыр. Ұзаққа шабатын аттың басын қоя беріп, тізгінді тартпай алаңсыз босатып, өткен-кеткенді барынша көңілдері мен саналары қаныққанша ағытып, енді шамалы саябырлаған уағы. Сәлден соң жол жүрмекші. Ойда жоқта Артық төтен сөз суырды.

– Қырық жыл айтулы мәре ғой! Ендеше, жеткен жетістігімізді айта отырайық! Ортамызда ерекше қабілетті адам отыр. Өзгені сынға алып, кім-көрінгенге себепті-себепсіз тиісіп, тыныш жатқан жұртты мазалап, құдды дүниенің бар шындығын өз бойына жинағандай, қате-кемшілігі жоқ пендедей, айналасына ылғи ақыл айтатындай білгір бар ортамызда. Ол – Ардақ досымыз. Сенен әрдайым өзгенің қамын жейтін адамның кейпін киген пендені көреміз. Өзгені былай қоя тұрайық! Осы сен, алдымен өз қамыңды неге күйіттемейсің?! Ендеше, сен осы жаңа бас білген, үстіндегі қайраты төмен балаға бой бермей, айдалаға шапқан асау құнандайсың?!..

– Сен кеселге ұшырағансың, Артық! Өзің жасап жатқан ісіңді, жаныңдағы дұрыс деп ойлайды деп сенесің. Қатең сонда. Білмеймін, осыған сен шынымен сенесің бе, әлде бұл сенің өзіңше тауып алған сасық қулығың ба?! Мүмкін, осыныңа сен солайымен сенетін де шығарсың. Онда сенің кеселің ауыр, оның емі жоқ.

– Айтпақшы, осы жұрт сені, Ардақ, білімді, сауатты дейді. Ендеше содан сен не пайда тауып, не сый көрдің, ә-ә?! Соны айтшы, кәне? Менің шамам сенен анағұрлым артық! Кім білген, Алла маған сондықтан Артық деген ат бұйыртқан да шығар! Сен осыны сезесің бе?! Міне, әділдігің мен шындығыңның бағасы сол! Сен екен ғой болмыс сырын түбіне жетіп түгендеген! Қарай гөр мұны, өмірдің ойына түсіп, шыңына шығып болған адамдай, сайрауын!

Қолтық Сәрсенге тесіле қарады. Сәрсен басын еңкейте, көзін төмен салып, беті қызара, құмығып, қинала сөз бастады.

– Мен Артықты қолдаймын. Айтып тұрғандарының жөні бар сияқты, – деді ол. Кешелі бері өткен осы жиынға да Артықтың сіңірген еңбегі мол дегенді ол көтеріңкі, салмақты дауыспен айтып үлгерді.

Сол мезетте Ардақ түсі қас-қағым сәтке ғана бұзылып өзгерді де, жылдам қалпына келді. Іле сөзін жалғастырды.

– Пенденің өтірік, иә шын айтып тұрғаны жанарынан белгілі. Сен көбінесе ой түбіңдегіні сыртқа шығармай, айтатының кіл өтірік! Жұртты алдай алмайсың, Артық! Сен жалған болмыстасың! Соның бәрі тек өз қамыңды ойлаудан! Бүйте берсең, бір күні әйелің мен туған балаларыңа да бекер сөз айтып, залал тәрбие шақырып қондырарсың, әлі! Өзім деген, бір ауылда өскен жақын адамдарға істеп отқан қиянатың мол, сонда сен жеке басыңның пайдасы үшін алдыңнан шыққан қаймана қазақтың баласына не істемексің?! Сен жұртқа жақсылық ойлап, жасаудан алаңсыз мақұрм қалғансың! Илеуіне барар жолда кезіккен ұсақ-түйекті тістеп сүйреген, со маңда ойнақтап жүрген баланың аяқ киімі астында қалғанда жарықпен қыңқ етпей қоштасатын құмырсқадан, тынбай жем іздеп талдан – талға, жерден – жерге, бұтадан – бұтаға ұшып-қонып дамыл таппай, өмірде түк көрмегендей ашқарақша қомағайланып, жұрттың ақысын жеп, ақыр соңында темір тордың аржағынан шыққан болымсыз пендедей, дымын шығармай аңдып жатқан мысықтың тырнағына ілінетін торғай мен кептерден сенің айырмашылығың қайсы?! Уақыт көрсетер әлі кімнің артық, кімнің толық, кімнің кеміс екенін! – деді.

Серікбай ҚОШҚАРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<