ЖАЗ
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда.
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда.
Шұрқырап жатқан жылқының,
Шалғыннан жоны қылтылдап.
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып, ыңқылдап.
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап.
Жоғары-төмен үйрек, қаз,
Ұшып тұрса сымпылдап.
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап.
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып.
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап.
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып.
Жасы үлкендер бір бөлек,
Кесесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала,
Жағалайды шешесін
Ет әпер деп қыңқылдап.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<