Іссапарға кетті

426

0

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Несібелі Рахметтің «Нөлінші қатар» атты кітабына кейінгі жылдары жазған шығармалары енгізілген. Ондағы әңгімелер мен новеллалардан, сырлар мен ой толғамдардан уақыт тынысы мен замана келбетін тануға болады. Адам болмысы мен алуан түрлі мінез табиғаты да суреттелген. Сондай-ақ шығармаларда өтпелі кезең, өлара шақ, бүгінгі қоғам көріністері айшықталған. Бүгін аталған жинаққа енген әңгіменің бірін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қала орталығындағы мәдениет үйінің концерт залы лық толы. «Кешігіп қалмайын» деп асығып жеткен Есетжан артқы жақтан бір орынды әзер тауып жайғасты. Сәл-пәл демін басып алды да жан-жағына қарады. Ох-хо! Жақ-сы-ы! Зал әдеттегідей жоғары сынып оқушылары және студенттермен емес, шығармашылық иелерімен, өнер адамдарымен, ғалымдармен, басқа да зиялы қауым өкілдерімен толыпты. Тіпті ауыл-елден келген ағайындардың қарасы да аз емес сияқты.

Есетжан жаңа кіріп келе жатқанда-ақ байқаған. Бұл кешті өнерсүйер, әнсүйер қауым асыға күтіп, бүгін қуана жеткендей. Олай болмағанда ше? Бұл анау-мынау емес, аспандағы аққуға үнін қосқан дейтіндей әйгілі әнші-сырнайшы Атамұрат Ахметовтің алпыс жылдығына арналған  шығармашылық кеш қой. Атамұраттың сырнаймен үндестіріп, сызылтып салған әнін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сүйіп, сүйсініп тыңдайды. Жалпы, халық әншіні өте жақсы көреді, құрметтейді, аялайды. Елі еркелетіп, алақанына салған өнер иесінің мұндай кешін көрген де арманда, көрмеген де арманда болары аян. Өйткені бүгінгі концерттің тыңдарманның жүрегін жаулап,көпке дейін ұмытылмастай болып өтетіні сөзсіз. Иә, Есетжан осылай ойлайды. Бүкіл бағдарлама бойы орындалар пәленбай өлең емес, Атамұраттың бір ғана әнін тыңдаудың өзі неге тұрады десеңізші!

Әне, әне, кеш те басталды. Әдемі әуен ойналып, сахна шымылдығы ашылды. Ортаға кіп-кішкене сырнайын құлаштай созып әндеткен сүйкімді ұлан шықты. Бір топ адам жағалай жайғасып, оны тыңдай қалды. Ара-арасында бір-екі ақсақал: «Әп, бәрекелді!», «Өркенің өссін! Еліңнің мақтанышы – күміс көмей, жезтаңдай әнші бол!» деп дауыстап ризашылықтарын, тілектестіктерін білдіріп жатыр. Е-е, енді түсінікті болды. Бұл Атамұрат әншінің балалық шағынан көрініс екен.

Қысқаша қойылымнан соң жүргізушілер ортаға кеш кейіпкерін шақырды. Пай-пай-пай-пай! Екі өңірі құндыздалған қазақы шапан мен құндыз бөрік киген еңселі, келбетті әншіні ұлттық киімдегі екі ару екі жағынан қолтықтап шықты. Жұрт ду қол шапалақтап, орындарынан тік тұрып қарсы алды. Зал бір сәт шапалақ үніне тұнып кетті. Не деген құрмет, не деген қошемет?! Халықтың сүйікті әншісіне деген шынайы ықылас-ілтипаты!

Өнер иесі сахнаның оң жағына қойылған орынтаққа жайғасқан соң сөзге кезек берілді. Алғашқы құттықтау сөзді үлкен бастықтың ортаңғы орынбасары алды. Баппен басып барып мінберге ыңыранып шыққан шұжықтай орынбасар «ыһ-ыһ» деп тамағын кенеп алып қолындағы қатырма қағазын оқыды.

«Құрметті Атамұрат Ахметұлы, – деп бастады ол сөзін. – Осы жердің әйдүк бастығы аса мәртебелі Көсемқұл Әкімбайұлының іссапарға кетуіне байланысты сізді алпыс жылдық туған күн тойыңызбен құттықтау миссиясы маған тапсырылды. Сондықтан маңызы бұдан жүз есе жоғары, әлеуметтік-еканомикалық дамуымызға тікелей әсер ететін, әсіресе еканомикалық жағынан тез өсіп кетуімізге жағдай жасайтын өте жауапты жиналыстың өзіне бармай бірден осында келіп тұрмын. Енді аса құрметті Көсемқұл Әкімбайұлының өзі қол қойған, сырты қызыл барқытпен қапталған аса бағалы адресатты оқып берейін. Ыһ-ыһ… А-айтпақшы, бұған қоса қымбат дә-ә-әу гүліміз бар…»

Қатырма қағазын ежіктеп оқып болып мерейтой иесіне тапсырған орынбасар сахнадан түскен бойда сыртқы есікке қарай беттеді. Соңынан көмекшісі емпеңдей ерді.

Мұнан соң құттықтау сөз қос бірдей басқарма бастықтарының орнына келгендерге берілді.

Әуелі мәдениет жағының өкілі микрофонға таяды.

«Біздің мәдениетіміз бен өнерімізді өгіздей өрге сүйреп келе жатқан қымбатты Атамұрат Ахметұлы, алпыс – талтүсіңіз құтты болсын! Басқармамыздың бастығы Жасағанберген Қоқымыбыштың шұғыл түрде іссапарға аттануы себепті бүгінгі кешке келе алмады. Бірақ сіздің суретіңіз басылып, жалынды сөздер жазылған мына адресат пен ою-өрнек салынған шапанды қалпағымен қоса беріп жіберді…»

Адресат оқылып, шапан мен қалпақ кигізілгеннен  кейін оқу басқармасы бастығы орынбасарының міндетін атқарушыға кезек тиді.

«Ардақты Ақа, – деді жап-жас жігіт екпіндеп. – Сіз өнер мектебінде отыз жылдан бері тапжылмастан шаршамай-талмай еңбек етіп келесіз. Жас ұрпаққа сапалы өнер, саналы тәрбие берумен бірге сырнайға қосылып аңқылдатып ән саласыз. Облысымыздағы армиясы ең көп, ең мықты  басқарма – оқу басқармасының ең беделді бастығы Мұңсыз Майбасұлы сіздің өлеңдеріңізді өте жақсы көреді. Өзі де кейде-кейде көңілді кездерінде, әсіресе жүз грамдатып алғанда, арылдатып-дарылдатып өлең айтады. Әттең, басекеміз аяқастынан іссапарға кетті. Сосын орнына мен келіп тұрмын. Құрқол келген жоқпын, әрине. Мұңсыз Майбасұлы мөр басып,шиырып қол қойған адресной мен сізде гармошка бар болғасын біз енді домбырамен де өлең айтсын деп екі ішегі бар домбыра алып келдік…»

«Апырым-ай, ә» деп ойлады Есетжан осы кезде. – Бастықтардың бәрі бірдей дәп бүгін командировкаға кете қалған екен де. Ей, бірақ оған таңғалудың да қажеті жоқ. Несіне таңғалады. Үнемі осылай ғой. Есетжан кейінгі кездері осындай жиындарда, әсіресе шығармашылық иелерінің кештерінде дәу дөкейдің және түрлі мекеме бастықтарының орынбасарлары, тіпті кейде орынбасар да емес, бөлім, бөлімше меңгерушілері сөз алғаннан-ақ білетін болды: «Қазір бастығымыз іссапарға кетті» дейді деп ойлайды. Айна қатесіз, тап солай боп шығады.

Өткенде қызық болды. Түркі тілінің түбін қазып зерттеген әйгілі ғалымның академик атануына байланысты үлкен жиын ұйымдастырылды. Кілең ығай мен сығай ғалымдар, профессорлар, жоғары оқу орындарының жетекшілері бірінен соң бірі сөйлеп, академикке ізгі лебіздерін білдіріп, қызу құттықтап жатты. Бір кезде сөз Бозкент қаласының әкімі Мәусен Аусаровқа берілді. Бірақ мінберге шаһар басшысының орынбасары шығып әкімнің іссапарға кеткенін айтып, адресатын оқуға кірісе беріп еді, алдыңғы қатарда отырған қарт оқымысты таяғын кезеп:

– Әй, бала, неге өтірік айтасың?! Мәусен ешқандай да іссапарға кеткен жоқ. Жаңа әзірде ғана мен бір үйде қонақта бірге болдым. Олар преферанс ойнап қалды, мен осында келдім, – демесі бар ма.

Орынбасар жігіт бір сәт не дерін білмей, сең соққан балықтай біртүрлі боп тұрып қалды да, іле есін жиып:

– Қайдан білейін, Мәусен Аусарыбыштың өзі солай деді ғой. Бастықтың айтқаны бізге заң. Өл-тіріл, қалай да орындауымыз керек, – деп мұрнының астынан міңгір-міңгір етті.

Ал былтырғы болған театрлар фестивалі ше? Оның ашылу салтанатының өзі қандай! Айтатыны жоқ! Алматыдан бастап көптеген өңірлерден келген сахна саңлақтары мен танымал режиссерлер, әйгілі актерлердің қызыл жолкілемнің үстімен жүріп жасаған шерулерінің өзі тамаша бір көрініс болды. Неге десеңіз, әртістердің көбі жақсы таныс. Ал оларды дәл жанынан көру адамға үлкен қуаныш сыйлайды екен. Шынымен де Есетжан сол сәтте әкесін көргеннен кем қуанған жоқ. Жалғыз бұл емес, сол жердегі дүйім жұрттың қуанышында,өнер иелеріне деген ыстық ықыластарында шек болмады. Ал әртістердің онан кейінгі сөйлеген сөздері мен көрсеткен ойындары тіпті керемет болды. Әй, халық та рахаттанып, әсерленіп, бір жасап қалды-ау, сол жолы.

Осындай айтулы мерекені ашып беруге тиісті нән бастықты жиналғандар ұзақ күтті. Ұят болды. Өзімізді қойшы. Біз ондай-ондайға үйренгенбіз ғой. Қонақтарды айтсаңызшы. Масқара. Өте масқара. Күн болса анау, уақыт жылжыған сайын тас төбеге жақындап, күйдіріп барады. Айтақыр алаңда көлеңке болар лыпа да жоқ. Қайта әртістердің көбінде көздің жауын алар сәнді қолшатырлар бар екен… У-у-уһ! Бір кезде келді-ау. Жо-жоқ. Нәннің өзі емес. Ол жоқта орнына сөйлейтін, билік айтатын белгілі шенеунік.

 Апыл-ғұпыл жеткен ол ең әуелі фестивальге қатысушылармен «Өнер десе ішіп отырған астарын жерге қоятын,театр десе құстай ұшатын, спектакль көруді жанындай сүйетін сауықшыл да еңбекшіл халқы бар Күншуақ еліне хош келдіңіздер!» деп пафоспен сәлемдесіп алды да:

– Біздің аймағымызда соңғы уақыттары шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты бірінші басшымыз аса құрметті Байбол Жайылғанұлы  іссапармен үлкен жердегі үлкен жиналысқа кетті. Сіздерге дұғай-дұғай сәлем айтып, «қап, өзім барып ашып беруім керек еді» – деп өкіне-өкіне кетті, – деді. Сөйтті де бастығы үшін өзі де өкініп тұрғандай «ү-ү-үһ» деп дем шығарып, қалтасынан қатталған орамалын алып жалтыраған маңдайын сүртті. Осы кезде мұнан әріге шыдамады білем, сахнаның ғана емес, киноның да хас шебері атанған әйгілі актер:

– Қарағым, бізге Байболыңның қайда, неге кеткенінің қажеті жоқ, тез басташы, күнге қақталып өлдік қой түге. Осы жерде шыжғырылып тұрғанымызға бір сағат болды. Это что за безобразие конце до концов, – деп айғай салды. Сол-ақ екен:

– Иә, расында күйіп кеттік қой. Осылай етуге бола ма екен?

– Қонақтарды сыйлаған түрлерің осы ма?

– Біз және жәй қонақ емеспіз ғой, – деп әртістер шулап қоя берді.

Мұны күтпеген әлгі:

– Кешіріңіздер, кешіріңіздер, Байбол Жайылғаныбыштың атынан кешірім өтінемін, екінші қайталанбайды, – деп абдырады да қалды…

Сонан Есетжан салтанатты шара аяқталар-аяқталмастан асығыс үйіне қайтты. Түстен кейінгі шаруасы бастан асады. Аялдамадан түсіп ілгері қарай жүре беріп еді, анадай жердегі жаңадан салынып біткен супермаркеттің алдына жиналған адамдар мен іркес-тіркес тұрған көліктерді көрді. Жақындап барды. Бір мейрам болып жатқан сияқты. Айнала қызылды- жасылды жалаушалар мен шарлар ілініп тасталыпты. Кішкене алаңқай жасап қоршай тұрған жұрт. Ортада ұзын сирақ микрофон. Тілдей қағазға қарап біреу… Жо-жоқ, біреу емес, біреу емес! Тап-таныс адам. Өй, мына қара, мынау үлкен жердегі үлкен жиналысқа кетті деген Байбол бастық қой. Есетжан өз көзіне өзі сенбей басын шайқап-шайқап, кірпігін қағып-қағып қайта қарады. Иә, сол, дәл соның өзі… сөй-ле-е-п тұр:

– Жоғары жақтың тапсырмасына сәйкес облысымызда шағын және орта бизнес өте қарқынды дамып келеді. Ол – біріншіден менің,  екіншіден  кәсіпкерлердің  арқасы.  Бізде іске мығым, қалтасы қалың азаматтар баршылық. Солардың ішіндегі мықтысы, қазіргі кезде аты дүрілдеп тұрған атақты бизнесмен Марс Дайыров. Бүгін таңертең Марстың тағы бір жаңа кәсіпорны – қазы-қарта дайындайтын цехын аштық. Енді міне «Чупа-чупс» деп аталатын азық-түлік дүкенінің лентасын қиғалы тұрмыз…

Міне, Есетжан осындай-осындай «іссапарлардың» да куәсі болған. Иә, не көрмей, не естімей жүр дейсің қазір…

«Ой, пәлі!», «Ой, жаса!», «Уай, жарайсың!» Есетжан жан-жағынан шыққан дауыстардан селк ете қалды. Қай-қайдағыны еске түсіріп, сабақталып бара жатқан ойы үзіліп кетті. Аңырып сәл отырды. Сосын дереу ойын жиып, зейінін сахнаға аударды. Үкілі  бөрік  киген  жас  жігіт  гармонын  құлаштай  созып әуелете шырқап тұр. Атамұраттың айту мәнері. Дауысы да, сазы да, қайыруы, шарықтата шырқауы да айнымайды. Сірә, өзінің тәрбиелеген шәкірті болуы керек. Ду етіп шапалақ ұрылды. Сырнайын алып тағы бір жас шықты. Бұл да шәкірті сияқты. Бірінен   бірін асырып екі ән орындады. Ағып тұр. Ұстаздың өнерін жалғаушы талантты ізбасарлар. Тыңдап отырып еріксіз риза боласың. Атамұраттың мықты әнші ғана емес, сонымен қатар мықты ұстаз, жақсы тәрбиеші екені де айқын көрініп тұр. Келесі сәтте төрт бірдей мейман төрге озды. Олар көршілес Қарақалпақ, Қырғыз елінен және Татарстаннан келген мәдениет министрлігіне қарасты халық шығармашылығын дамыту комитетінің басшысы   мен   кеш   иесінің   өнерпаз   достары болып шықты. Төртеуі де өз тілдерінде сөз сөйлеп, бауырлас халықтардың ыстық ықыластарын жеткізді. Сөйтсек, білмейді екенбіз, олардың елдерінде біздің жұрттың, соның ішінде Атамұрат әншінің өнерін өте жоғары бағалайды екен.

«Ахметовтей ғажайып әнші-сырнайшыларыңыз бар сіздер бақыттысыздар. Мұндай дауыстар бүгінде өте сирек кездеседі. Жоқ деп айтуға да болады. Сондықтан да мен Атамұрат әншіні өз халқыма тыңдатып, әнсүйер жастармен жақынырақ таныстыру үшін елге шақырамын. Гастрольдік сапар шығынын түгелдей өз мойныма аламын» деді Нөкістен келген қонақ.

Қызығы, министрлік өкілі де сөзінің соңында Атамұратты ауылына шақырып, шырқатпақ ниеті бар екенін білдірді. Ал Бішкектен ат басын бұрған екі айырқалпақтының бірі манасшы екен де, бірі қомызшы екен. Әншіні құттықтап, сыйлықтарын тапсырғаннан кейін олар «ырларын» айтып, қомыздарын тартты.

«Біреу сөзіңді сөйлеп жатса, тілің қышып бара ма?» дегендей, мерейтой иесіне кезек кештің соңғы жағына таман берілді. Өзін құрметтеп, қошеметтеп келген көрермен қауым мен алыстан ат арытып жеткен қадірлі меймандарға, басшы-қосшыларға ризашылығын білдіріп, ағеден алғысын айтқаннан кейін Атамұрат ән тиегін ағытты. Жұрттың асыға күткені де, аңсағаны да – осы сәт. Зал сілтідей тынды. Сырнайдың сызылған үнімен астасып еркін шарықтаған, еркелей қалықтаған дауыс сахна аясынан асып, көкке көтеріліп, аспанмен тілдесіп жатқандай болды. Бұрынғылардың «Сал-серілер мен бұлбұл көмейлердің шырқап  салған  әндері  бір  ауылдан  екінші  ауылға  жететін» дейтіндері осындай дауыстар шығар деп ойлады Есетжан таңырқай табына отырып. Тоқта, тоқта, сонда бұл кісінің өзі өткен ғасырлардағы сал-сері, дүлдүл әнші-жыршылардың соңғы тұяғы болғаны ғой, ә? Әрине, солай! Дәл солай! Өкініштісі – үлкен бастықтардың үнемі «іссапарларға кетіп» осындай ғажайып таланттарды көре алмайтындықтары, қайталанбас дауыстарды тыңдай алмайтындықтары.

Қайтейік, дәу дөкейлерге ондай бақыт, қолда бар алтынның шұғылалы сәулесіне шомыла отырып, барды бағалай білу бақыты бұйырмапты.

Несібелі РАХМЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<