Күймен ұйықтап, күйменен оянайық!

641

0

Айналдым, қаситетті домбырадан,

Бабаларым құлағын сан бұраған.

Құрманғазы күй төксе күңірентіп,

Пернелерден Біржандар ән құраған.

Күй патшасы күй төксе домбырадан,

Тау жаңғырып, сайында сел құлаған.

Бипаз қақса пернеден бұлбұл сайрап,

Әуезіне бар әлем балбыраған.

«Ақсақ құлан» күй басы, дастан далам,

Домбырамен сөйлеген бастан бабам.

Қос ішектің бойында құлан ойнап,

Хабаршы боп ханнан да жасқанбаған.

Ол – рух, қу ағаш деп қарамайық,

Ата-баба мұрасын аялайық.

Домбыраны пір тұтып барша қазақ,

Күймен ұйықтап, күйменен оянайық!

Жұмабай ЖАҚЫП,

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<