Періште (әңгіме)

969

0

Әңгіменің «Періште» деген атына қарап «Дәу де болса… бір қыз не келіншек туралы  шығар-ау» деп ойлап қалған жоқсыз ба, оқырманым? Жо-жоқ, мүлде олай емес, керісінше әңгіме ер адам туралы болмақ. Бұл біздің кейіпкерімізге бала кезінде таңылған қосалқы ат қой. Иә, ал енді әңгімеге кіріселік.

Шілденің аптап ыстығына өзінше қыр көрсеткендей болып ілгері ұмтылған жүйрік пойыз вагондағы пенде атаулыға мұрнын шүйіре «бар тіршілігің маған ғана байланысты» дегенді тақ-тұқ еткен доңғалақтар даусымен сездіре жүйткіп келеді. Дем алсаң ішіңе жалын енгендей. Бейне бүкіл дүние күйіп тұрғандай, осыдан-ақ күн қабағын біле беріңіз. Бірақ оған басын ауыртып жатқан пенде жоқ. Мұздай суға малып әкелген сүлгімен бастарын орап алған денсаулығы нашарлаулары болмаса, еркектердің көбісі сыраға, әйелдер болса шайға ықыластана кірісіп, вагон тербетілісінде мәз болып келеді. Қазіргідей пойыз үстінде ішімдікке тыйым салынбаған, вагон терезесінен далаға көз салсаң жылтырап жатқан бос шөлмектердің көз қарықтырар кеңес заманы болатын ол кез.

Купедегі төртеудің екеуі – жас жігіт, олар жоғарғы орында жатып біруақ кітап оқыған болады. Бірақ тынысты тарылтқан қапырық ыстыққа шыдай алар емес. Содан соң біруақ төменгі орынға отырып, «Сарыағаш» суын қылқылдата жұтады. Ал қалған екі жолаушының бірі – елулердегі жігіт ағасы да, екіншісі – отызға жете қоймаған журналист жігіт.

Тілші жігіт сапарласын қанша қолқаласа да оған сыра батпай келеді. Сыздықтата бір-екі жұтады да, ойға шомады. Сонан соң бір «уһілеп» алып, «шешем қатты науқастанып қалыпты», – дейді қайталап.

– Анаңыз басқа жақта тұратын ба еді? Мана Қызылордадан мінгесін, сізді сол қаланікі шығар деп отырмын, – деді тілші жігіт оны әңгімеге тартып.

– Иә. Қызылордада тұрамын. Шешем қолымда еді, Қазалы ауданының шеткерілеу ауылында апамыз тұрады, соған… қызыма барып келемін деп қоймағасын… Бұлай ауырып қаларын кім білген… Барғанына үш-ақ күн болып еді… Уһ…

Ол ашылып ештеңе айтпады. Дегенмен тек қысқа баяндауынан Қазалының тумасы екені, сауда саласында қызмет атқаратыны, отбасылы екені белгілі болды. Купенің ашық есігінен оны көріп, кей жігіттердің «Асеке, Асеке!», деп құрақ ұшқандарына қарап оның абыройлы әрі әжептәуір дәрежедегі қызметкер екенін де аңғарасың.

– Апыр-ай, мына күннің жануын-ай, шешемнің жүрегінде шікәсі бар еді… Уһ… Төретамнан жігіттер машина дайындап қоямыз деп еді… Алла-ау, мына күннің сонша күйгенін-ай, бәрінен де шешеме қиын болды-ау… Уһ…

Жолаушы тағы да «уһілеуге» кірісті. Оның анасы туралы үзіп-үзіп толқи айтқан әңгімелері тілшіні қызықтыра түсті. Өйткені осы кезге дейін талайлармен сапарлас, талайлармен дәм-тұздас бола жүріп дәл Асекең сияқты анасын пір тұта құрметтейтін, аузынан тастамайтын, бүкіл әңгімесін анасымен байланыстыра айтатын жанды кездестірмеген. Шашының кей тұсы – қара, кей тұсы – ақ, кей тұсы қызғылт болғаны, төбе мен желкенің кей тұсында бір тал шаш жоқ, тек тыртықтың ізі оның ойынан кетер емес. «Неден болды екен, ә? Мұнда бір сыр бары анық». Осы бір ой пойыз дөңгелектері соғысымен бір ырғаққа түсе санадан шықпай оны мазалаумен келе жатқан-ды.

Бір істің сәтін саларда Жаратушының өзі ыңғайын келтіре қояды емес пе?! Бұл жолы да солай болды. Жосалы стансасынан мінген жолаушылардың дені билеті жоқтар екен. Әрине, бұлай болуы түсінікті де, екі-үш сағаттық жолға бола олардың билет алып жатпасы да белгілі. Жолсерікпен келісіп жапырласа вагонға енген олардың бірі қуықтай коридордағы орындықтарды иемденсе, енді бірі купе жағалап, отыра тұратын орын іздеуде. Солардың бірі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында жаз шықты болды осы өңірдің еркек-әйелінің басым көпшілігінің үстінен түспеген «Адидас» деген жазуы бар спорт костюміндегі денелі, бойшаң әйел бұлардың купесіне бас сұқты.

– Ығысыңдар әрі, екі кісі ығысса, бір кісіге орын табылады деген, еркектердің Қазалыға дейін тамбурда тұрса да ештеңесі кетпейді, ал бізге … ой-бүй… ай, осы елді… қазақтың санын көбейтеміз деп… қазір ауырмайтын жеріміз жоқ…

Жасы елуді еңсергені анық, алайда оған қарап тұрған әйел жоқ. Ол ығыстыра-ығыстыра жас жігітті үстіңгі жақтағы орнына шығуға мәжбүр етті. Төменде отырудың өзі мұң болып келе жатқанда жас жігіттің «бәледен машайық қашыпты» дегенді ұстана амалсыз орнын бергені енжар қимылынан-ақ көрініп тұр. Үлкен ала сөмкені купе сөресінің астына қарай ығыстырған ол ілулі тұрған сүлгінің кімдікі екенінде шаруасы болған жоқ, сілке алды да, тершіген маңдайы мен мойнын сүртуге кірісті.

– Уһ, әйтеуір құйрық бастық-ау… Күнді-ай, леп жоқ қой, леп жоқ, бұлай жана берсе, өртеніп кететін шығармыз, тіпті ағып кеттік қой… Ал, жігіттер, жол қысқартайық, әңгіме айта отырыңдар. Шайларың жоқ па?

Осыны айтып болысымен әлгі әйелдің көзі кенет Асанға түсіп, аузы сәл ашыла аңтарылып қалды. Бұл бір сәттік қана тосылыс еді. Лезде көзінен таңырқауға қоса ерекше бір ұшқын сезіле жолаушыларды елең еткізді.

– Ойбай-ау! Періштесің бе… Өлә… Әй… Қайдан жүрсің?

Жігіт ағасының өңі қуаныш шуағы құйылғандай кейіпке енді.

– Әсиямысың?! Кездесуімізді қара… апыр-ай, ә?!

– Мен ғой. Ал… Періште жол болсын!

– Ту-у, Әсия-ай, Періште деп… ол енді… баяғы, бала кездегі ат қой.

– Баяғы?! Қой-ей, бала кезгің не сенің? Сен біз үшін Періштесің. Жұрт, мейлі, сені Асан дей берсін, ал мен сені Періште деп атай беремін. Мұны біліп қой.

– Да… Саған енді… кім қарсы келсін… құдая-тоба, баяғы қалпың… Енді…е… оған да отыз жылдан асып кетті емес пе? Бір облыста тұрып жатсақ та кездеспегенімізге жиырма бес жылдан асыпты…

– Тү-у! Әй… Періште-ай… Сонда әйел басыммен сені мен іздеуім керек пе, «Жиырма бес жыл, жиырма бес жыл» деп сайрағанша, еркек емессің бе әрі естуімше білдей бастықсың, сен іздемейсің бе?..

– Енді… ол дұрыс қой… Шешем ауырып қалыпты… соған тығыз келе жатқаным… Әлпиянікіне барып келе қояйын деп кетіп еді… Кім білген… Күн болса мынау… Уһ…

Осы сәт тілші жігіт шайнекке қол созды.

– Мен ыстық шай әкеле қояйын.

– Жо-жоқ, өзім әкелейін.

Ол шалт қимылдап орнынан тұрды да, мұның қолындағы шәйнекті алды.

– Шайды өзім әкелейін, әйтпесе ертеңдері Әсияның «Асан бір шайнек шай әкеп беруге жарамады» деп айтып жүруі мүмкін. Ол жымия күлді.

Купе ішінде әдемі бір көңіл шуағы орнады. Олар шай ішуге кірісті, негізгі әңгіме Әсия мен Асан арасында, тілші жігіт тек тыңдаушы болып отыр. Екеуі бірін-бірі ерте кезден білетін сынды, таныстарын сұрастырып, жан-жақтың амандығын біліп дегендей, өзгені ұмытқан. Олардың осы қалыпта қанша отырарын кім білсін, тек пойыз Төретам стансасына келіп, Асан бұлармен асығыс қоштасып, сыртқа беттеді.

Өткен күндерді еске алды ма, кім білсін, таусылмас ой көшіне ілесіп отырған әйел пойыз қозғалған сәтте-ақ дағдылы қалпына түсті.

– Қайным боласың ба, бәлкім баламмен қарайлас та болып қалуың мүмкін, қарағым, тағы да шай ішсек. Мына күн кептіріп барады ғой…

Бұл шай әкелді, Қазалыға дейін біраз уақыт бар, әңгіме тиегі ағытылды.

***

«Ол өзі періштедей тап-таза, ғажап жігіт», – деп бастады әңгімесін Әсия. Он бір жыл бір класта оқып, 1964 жылы орта мектепті бітірдік. Он бір жыл бірге интернатта жатып оқыдық, екеуміздің де ата-аналарымыз малшы болды. Қыстауларымыз да, жайлауларымыз да қатар, қоңсылас отыратынбыз. Ие… о да бір заман екен! Бой-сойы келген көркем жігітті кім ұнатпасын, тек біздің кластастар ғана емес, бізден бір-екі класс төмен оқитын қыздар да ұнататын. Ол кезде жоғары класс оқушылары «полубокс» деген шаш қоятын. Ол да сөйтті, мұның шашы ол кезде қазіргідей емес, қалың әрі бұйра болатын. Содан болар кей тұстарында аздаған қызыл, кей тұсында бір-екі тал ақ шаш барлығына да мән бермейтінбіз… Е…зымырап бара жатқан уақыт-ай».

Дене бітімі әйелден гөрі ер адамдарға келетін ірі денелі, адырақ көзге келетін үлкен көзінен от шаша қарайтын әйел біруақ ойға шомып кетті. Жанарға бір-екі тамшы ілінді, кестелі беторамал көзге барғыштады.

«Оны мен де ұнаттым, бірақ ол Ақалтынды көрді де, бүкіл ғұмырын соған бағыштап өте шықты. Ана қатынның бағын қарасайшы, мектебіміздегі жалғыз періштені қолына қондырды да алды».

Ол күлді, бітімі бөлек әйелдің күлкісі де ерек екен, маржандай тістер сыңғыр күлкіні жұрттан қызғанатындай, тізіле қалыпты.

– Қайным-ау, мен… жай, әншиін, сөз арасында айтып жатырмын… Қызғаншақ біреу екен деп ойлап қалма.

Иә, Ақалтын бізден екі класс төмен оқып еді, нағыз сылқым болатын, маңдайдағы жазу ғой… Мектеп директорының қызы еді…Ән де салатын, би де билейтін. Бастапқыда Асанды менсінбеген. Бірақ мына жігіт бөлек қой… несін айтасың, бөлек қой ол.

Он бір жыл бойы оның бір рет те жалған сөйлегенін, бала болып алысып-жұлысқанын, төбелескенін көрмеппіз де, естімеппіз де. Соған қарамастан, не тылсымының барын кім білсін, біздің ауылдағы небір сотқарларыңның өзі одан ығыса жүретін. Бос мақтаннан аулақ, уәдесіне берік жігіт тіпті мұғалімдердің өзімен де тең дәрежеде сөйлесетін.

Ие… өтті ғой не заман… Шешесінің өзі оның айтқанын екі еткізбейтін. Бала кезде қайдан білейік, кейін білдік қой неге бұлай екенін. Бірақ, несін айтасың, Асан өте ақылды болып өсті. Менің әке-шешемнің де ол дегенде әңгімесі бөлек еді. «Сызған қағаздай ғой» деп үнемі ауыздарынан тастамайтын, иманды болғырлар. Е…зымырап бара жатқан уақыт-ай… Ие… жаңа айтып қалдым ғой, бұл өзі бір кәкірі бар шаруа. Періштенің жаны қалмай «анам, анам» деп отырғаны – өгей шешесі. Өз шешесі мұның қырқынан шықпай-ақ дүние салған. Сосын жағдайды көріп отырған ағайындары мұның әкесіне үш-төрт жастағы қызы бар әйелді қосқан ғой. Манағы Әлпия деп отырғаны – сол еріп келген қыз. Ал сол әйелдің, әлгі өгей шешесінің мұны өлтіріп жібергісі де келген емес пе құндақтаулы кезінде. Періште соның барлығын біледі, сөйте тұра «анам» деп жаны қалмайды. Қызық… Өзіне сондай істеген адам. Ол әйел ертеректе менің шешеме келіп жылапты ғой: «Құдай-ау, сол кезде неден алжасқанымды, азғырғанға еріп… шайнам ми болмағаны-ау менде. Мына бала «апалап» асты-үстіме түскен сайын жанымды қоярға жер таба алмаймын. Ішімнен шыққан қызым маған ондай ықыласты емес. Ал, бұл бөлек…Оны көрген сайын күнде өліп отырмын ғой қазір», – деп. Е… Алланың жазуы да. Ол кемпірдің де «Біздің Асанжан періште ғой, біз құсаған сорлаған пенделерді Аллам, өзің кеше гөр дегенін» де талай естідім. Е… барлығы да бұйрықтан шығар.

***

Ол бүгін тым көңілсіз, бәлкім, күздің ызғырық желінен бе екен, әлде осыдан үш ай бұрын өмірден озған әйелі еске түсті ме, әйтеуір жан-дүниесі құлазудан арылар емес. Дүзгіннің түбіне сол жамбастай қисайған еді, түпсіз бір ойға сүңгіді де кетті. Тек ара-тұра құлағына шырылдай жылаған бала даусы келгендей болғанда ғана еріксіз селт ете қалады. Әлдеқашан жапырағы ұшып, дәні төгіліп кеткен адыраспан қауызы мен арбиған көкбұта азаннан қара кешке дейін желмен ызылдай мұңды әуен сызылтады. Бұл шопан көңілін онан сайын құлазытады. Қыс хабарын жеткізгендей болып күшке міне бастаған қара суықтан ықты ма, көктегі бұлттар да дарияға қарай жылыстап барады.

Оты қашқан далада қой аузына түсер мандымды ешнәрсе жоқ. Тек шидің түбін, жусанның түбірін қажаған қойлар да бір-біріне тығылып жайыла алар емес. Жазда тырс еткен дыбысқа сақалын шошаң еткізе жалт қарайтын қара текеден де күй кеткен бе, тұсынан жалп-жалп етіп, бір көтеріліп, бір қонып, кейде домалай жөнелген қаңбаққа да назар аударар емес. Шідерлеп жіберген Томай торы да біраз жерге барып қапты. Тышқан қуудан шаршаған Жолдыаяқ аянышты дауыспен қыңсылап қойып, төңірекке самарқау көз салады.

Қойға мініледі демесең, осыдан үш-төрт ай бұрын Томай торының да, көзін сүзе қарап қайдан сып етіп шыға келетінін ешкім білмей қалатын, жүрген жерінде қой-ешкіге бір соқтықпай өтпейтін, содан жаны рахат тапқанмен, ішкен-жегені бойына жұқпайтын қара текеге жиіркене қарап жатқан Жолдыаяқтың да күйі – күй, жағдайы бөлек еді ғой. Ал, қойды қоралап тастап, аяғы ауыр әйелі екеуі мұның терсіңді күпәйкесін жамыла кешкі шайға отырғанда бұдан бақытты адам жоқ еді-ау, жер бетінде. Ие… не дерсің бұған, не істерсің енді жазу солай болғасын.

Нәзипа марқұмның жаратылысы бөлек жан еді ғой. Ойлап отырса – ол екеуі отын түтеткен бес-алты жылда мұның үйінен ренжіп шыққан жан болмапты-ау. Тіпті еңсесі түсіп, өзін тіршілік тұңғиығына батып бара жатқандай сезінетіндердің өзі мұның отының басынан ырзалықпен жадырай аттаныпты. Туысы бар, басқасы бар үлкендердің «Әйай келін», кішілердің «Әйай жеңге», «Әйай апа» деп атауы да марқұмның адам атаулыға деген ықылас-пейілінен екен-ау. Құдай-ау, лақ-қозы, мысық-күшікке дейін соның маңынан шықпайтынын қайтерсің. Бұл болса оның соларды да еркелетіп, адам сынды әңгіме айтқанына қайран қалатын. Қайран қалатын да: «Әй-ай бәйбішем-ау, олар сенің не айтқаныңды қайдан түсінсін, несіне сөзіңді шығындап, әуре боласың», – деп қалжыңдайды. «Жо-оқ, олай деме, жер бетіндегі тіршілік иесінің барлығының да, тіпті гүлдер мен шөптердің де өзіндік тілі бар. Оны біз түсінбейміз, алайда, олар да біздің жақсы айтқанымыз бен жаман айтқанымызды түсінеді», – деп жымия жауап берер еді. Бұл оны сол кезде келіншегінің сәбилі бола алмай жүргенінен болар, сірә, – деп өзінше болжам жасапты. Әй, ақымақшылық-ай, сонда мұның Нәзипаның болмысын, табиғатын ұға алмағаны ғой. Е… енді не дерсің… Дүние-й… О да бір дәурен екен-ау…

Дүзгін уілдеді. Ой лезде ғайып болды, ол маңын шолып шықты. Отары да аман, Томай торы да, Жолдыаяқ та орнында екен. Бұл қалғып кеткен шығармын деп ойлады, алайда оның ой сүрлеуіне түскеніне бар болғаны екі-үш минуттай ғана болған еді. Көз алдына тағы да Әйай бәйбішесі келді. Бұған қарап жымияды, тура баяғы қалпы. Иә, сол күні еді-ау, ертеңгі шайды бұлар таң қараңғысында ішетін-ді. Өйткені жаздың күні қызамын дегенше отар біраз жайылуы керек. Ал түс болды дегенше қойлардың бірінің көлеңкесіне бірі тығылып, жайылмақ түгіл жүрмей қоятыны белгілі емес пе? Сондықтан қойшы атаулы күн ысуы күшіне мінгенше құдық басына қайта оралуды жөн санайды. Ол үшін таң атар-атпастан-ақ малды өріске беттететін.

«Көкесі-ау, түс көрдім. Сосын өзім жорыдым. Түсіме Жанқожа бабам кіріп: «Балам, ұлды боласың. Атын Асан қой», – деді. Мен «Иә» дедім. Ол батасын берді де ғайып болды, оянып кеттім, сөйтсем түсім екен». Иә, ол осылай деген еді-ау. Бұл оны елей қойған жоқ. Елемегені былай тұрсын, кей сәтте мұның көңілін аулау үшін айтқан болар деген күпірлік ойларға да барыпты ғой бұ жазған. Бірақ, қыстау басына көшіп келісімен-ақ келіншегінің бала көтергені белгілі болды. Сөйтті де күллі дүние тамаша бір кейіпке еніп жүре берген еді-ау сонда.

Ыз-зың…ыззз…уу… Дүзгіннің уілі күшейе түсті. Бұл етегін қағып, орнынан тұрды. Жел қатая түсіпті, қойлар ықтауға көшкен. Мана ғана ит қуған тайлақтай алды-артына қарамай дария жаққа қарай безіп бара жатқан бұлттар енді осы жақты бетке ұстап, түйіле тұтасып келеді екен. Ол жүрісін жылдамдата Томай торыға беттеді.

«Апырай-ай, тағы да селдетіп тұрып алмаса болды да. Биылғыдай жауынды бұрын-соңды көрмепті. Көрші отырған қойшы Дүйсен шал да таңғалып: «Баяғыда бала кезімде, тө-у-у … Мекалай патша заманында осындай енапат жауын болып еді. Онда бар ғой, бір жеті бойы төпеді де тұрды, құмға қақ тұрғанын сонда көріп едім. Содан кейінгі мұндайды көріп тұрғаным – осы», – деген болатын. Бес күн нөсерлеткен жаңбырдың тоқтағанына да бір аптадан асыпты, енді қайта басталмаса етті».

Ол атына мінді. Жаңа ғана тек желмен қосыла уілдеген бұта мен шөп үні, қойлардың шөп жұлған дыбысы, Томай торының ауық-ауық пысқырғаны мен Жолдыаяқтың қыңсылағанынан өзге үн жоқ даланы оның айқайы мен сылдырмақтың сылдыры азан-қазан етті. Темір шығыршыққа өткізіліп жасалған, шағын түйежапырақтай төрт-бес қаңылтырды бұл төңірек сылдырмақ деп атайды. Оны қойшының негізгі еңбек құралы десе де болғандай. Отарды қайыруға одан артық ешнәрсе ойлап таба қоюың да қиын болар, сірә. Басын ілмекше кертпеш етіп жасаған таяқпен қалаған тұсыңа лақтырып кеп жібердің болды, ол салдырлай ұшып, дүниені басына көтереді. Ол түскен маңайдағы үріккен қойлардың кері қайтпауға, не бағытын өзгертпеуге шамасы болмайды. Ал оны түскен жерінен ат үстінде жүріп-ақ әлгі таяқпен іліп алып, қайта лақтырасың. Отардың арғы жағында жүрген Жолдыаяқ әдеттегі мінезіне басып қиыстай бұра тартқан қара текені отар арасына қуып тықты, қара теке болса дым болмағандай басын кекшите қойлардың алдына шығуға ұмтылуда.

Отар ауылға бет түзеді, күн райының бұзыларын сезді ме, әйтеуір, жөңкіле жөнелген қойлардың тек алдыңғы жағындағылар ғана асыға жерден бірдеңе ілуде. Ал соңындағылардың олардың қарасына ергеннен басқаға шамасы жоқ. Әскери сапта алдыңғы лектегілер жай адымдап жүріп келе жатса, соңындағылардың жүгіргенге жақын жүрісі болушы еді, бұл да құдды сол сияқты. Бес жылға созылған алапат соғыстың қиындығын бастан өткізіп, оның екі жылында қанды қасап ортасында болған, бірнеше рет жарақат алған, ауыр жарақатынан соң елге оралған ол бұрынғы ата кәсібіне кірісіп, шопан таяғын қолға алған болатын. Бәлкім, соғыста болған жерлерінен басқа сыртқа шықпай, тіпті, мына тұрған Аралға да барып көрмегендіктен бе екен, ол тіршіліктегі барлық жайтты әскер өмірімен, соғыс кезінде көргендерімен салыстыра қарайтын, соған теңейтін. Бұл жолы да сөйтті.

Ойына өткенде ғана көршісі Дүйсен шалдың кемпірі айтқан әңгіме оралды. «Шырағым, абай болшы. Өткенде сен қойда жүргенде мына әйел үйде жалғыз ғой деп халін білейін деп ауылыңа бара қалып едім, шошып қайттым. Екі ауылдың арасы тиіп тұр, үйлердің төбесін көріп отырмыз, қатыспағанымыз ұят дегендік қой менікі. Кеше Нәзипа барда қандай едік, түскі асты біздікінен, кешкі асты сіздікінен дегендей… Иә… Жан Аллам, жайын жәннатта қыла гөр келіннің. Сосын мынаған құрт-ірімшігімді алып, жаяу келе салғанмын ғой, үйдің ішінен: «Сен көрбақты құртып тынбай маған жарық жоқ шығар, шешеңді жұтқаныңмен қоймай мені де жұтарсың бір күні. Қақылдайсың да жатасың. Жұрттың «Өзіңе бай, қызыңа әке болады» дегенге сеніп қалғаным-ай. Сенбегенде не істеймін, бай болса өлді, елде еркек қалған жоқ, бәрін соғыс жалмады. Мына қызбен күнкөрісім нашарлап бара жатыр, енді қайтем бұған тимегенде. Ал мұның менің қызыма әке болатын түрі жоқ. Бар ықыласы мына шаранада, емешесі құриды да тұрады. Әлпия-ау, мұны құрту керек, сонда ғана көзіміз ашылады, жеңешемдікі дұрыс», – деген естілді. Қызына сөйлеп жүр ме, әлде өз-өзімен сөйлеп жүр ме, ит біліп пе, бірақ осылай дегені анық. Менің келгенімді білмей қалды-ау шамасы, естімеген болып, ешнәрсе айтпай кеттім. Бірақ, әйтеуір сақ бол, мына қатын бірдеңе ойластырып жүрген сияқты».

Иә, одан соң бұл оны бақылай бастаған-ды. Бірде ол жатар алдында байқамаған болып, үлкен жастықты құндақтаулы баланың үстіне тастай салды. «Тұншығады-ау». Бұл жастықты тез жұлып алды, сәби қып-қызыл болып кетіпті, ал ол болса: «Ойбай, аңғармаппын ғой» деп жатыр. Бұл түйіле отырып сол жолы оған балаға мұқият болуын, егер жазатайым оған бірдеңе болса, оңдырмайтынын ескерткен.

Кеше қой қораның есігін бекітісімен үйге қарай қадам басуы мұң екен, шарылдай жылаған бала даусын есітті де, жанұшыра табалдырықтан аттады. Сөйтсе, төрт жастағы Әлпия мұның ұлының аузына тары талқанын тығып жатыр екен. Бала тұншығуға жақындаған. Әйелі болса тағы да түк білмеген болып: «Бөпенің қарны ашты деп жүр еді, өй, ақымақ қызым-ай, бүйтуге бола ма екен, байқамағанымды қарашы» деп азар да безер болды. Бұл оның қылуасынан қорқайын деді.

Ол асыға бастады. Алаңдаулы. Осыны күткендей төңірек қараңғылық пердесін жамылғандай болды да, нөсер құйып берді. Бұл кезде отардың алды есігі ашық тұрған қораға шұбыра еніп бара жатқан еді. Томай торыны төбесін шыптамен жауып, үстіне жаман-жәутік пен жалба тастаған қалқа астына байлап, киіз үй есігін серпе ашқан сәтте шатыр-шұтыр еткен найзағай төңіректі жап-жарық еткен. Үйдегі білте шамның не жанып, не жанбай тұрғаны да байқалмай қалды. Оның көзі бірден ошақта жатқан құндақтаулы балаға түсті.

Әй-й-й… Шатыр еткен найзағай үнімен қатар шыққан оның дауысы маңайды сілкінтті, үй ығында жатқан Жолдыаяқ Томай торы тұрған қалқаға қарай зытты. Ол отқа ұмтылды.

***

…Оттан жұлып алған құндақтың жалыны өшер-өшпестен құшағына қысқа күйі атқа қонған ол отыз шақырым жердегі ауылдық ауруханаға жеткенше Жаратқанға, ата-баба аруағына сыйына ұлының тірі қалуын тіледі. Ауруханаға жеткенше көз жасы тыйылмады. Жасты сүртуге де шама жоқ, бір қолда бала, бір қолда тізгін, тек мұртты саумалап келгенін жұта берді, жұта берді…

Құдай тілекті беріп, Асаны аман қалды, дәрігерлер: «Баланы періштесі қағыпты, енді он бес-жиырма минут кешіккенде айрылып қалатын едің» деді бұған. Мұның алқымына бір нәрсе тығылғандай болды, көзге жас келді. Оның мұндай күйге екінші реті түсуі еді, біріншісі – Нәзипаны жерлеу сәтінде болған. Онда да аздан соң жүрегі жаншып ауыра бастаған, бұл жолшы да сөйтті. Ал, әйелі болса тағы да: «Байқамай қалдым, жылылау болсын деп отқа жақын қойып едім, домалап кеткенін қарашы» деуден жазбады.

***

Пойыз түн ортасы ауа Шалқарға жетті, ал тілші жігіттің ұйқысы келер емес. Ойына Әсияның: «..Ал сол әйелдің әлгі өгей шешесінің мұны өлтіріп жібергісі де келген емес пе құндақтаулы кезінде. Періште соның барлығын біледі, сөйте тұра «анам» деп жаны қалмайды. Қызық… Өзіне сондай істеген адам. Ол әйел ертеректе менің шешеме келіп жылапты ғой: «Құдай-ау, сол кезде неден алжасқанымды, азғырғанға еріп… шайнам ми болмағаны-ау менде… мына бала «апалап» асты-үстіме түскен сайын жанымды қоярға жер таба алмаймын. Ішімнен шыққан қызым маған ондай ықыласты емес. Ал, бұл бөлек… Оны көрген сайын күнде өліп отырмын ғой қазір» – деп. Е… Алланың жазуы да… Ол кемпірдің де «Біздің Асанжан періште ғой, біз құсаған сорлаған пенделерді Аллам, өзің кеше гөр дегенін» де талай естідім…» дегені оралды да, бұл да ішінен «Аллам, өзің кеше гөр» деді.

Алдажар ӘБІЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<