Қаңбақ (әңгіме)

1035

0

Көз сүрінер қарайған бұдырсыз, бозжусанды, бұйырғынды, арагідік алабота мен итсигек араласып өскен кең көлбеу жазық. Шөп-шалам атаулы жаз бойы дәуренін сүріп, күз түскелі сарғайып, қурап біткен. Бұл маңнан биылдыққа тірі пенде жортып өтпеген сыңайлы. Жым-жырт. Оған маң даланы шырқау биіктен шолып, жападан-жалғыз марғау жүзген кербез Күн ғана куә.

Күн екінтіге ілінісімен күрт төмен сорғалап, көкжиекті қанқызыл бояуға толтырып тастады. Бірте-бірте желегін жиып, жарығы бәсеңси берген.

Жалпақ жазықтың бір бүйірінде ербиіп жалқы өскен Қаңбақ Күннің біресе қызғылт реңденіп, біресе оған сарғыш бояу араласып, біресе жасылын жұқтырып мың құбылған көзіне соңғы рет сұқтана қарады.

Күзгі қарау жел оның беріштене бастаған әлсіз бұтақшаларын сықыр-сықыр қозғап тұрған. Қозғаған сайын семіп біткен ұсақ жапырақтары дірдек қағып, тұла бойынан түгел сыпырылып түсе жаздайды. Есірік желдің екпінімен ызылдаған-дызылдаған сан алуан үн шығарып, мазасыз әуенге салмасқа ылажы қалмағандай. Сыбызғыдай сыңсыған дыбысын жербауырлап жедел жеткен желөкпе жел айдалаға алып қашып, әп-сәтте жоғалтып жіберіп жатыр.

Өзегі қурай бастағасын ба, сыртқы қабығы тырысып, жігі айырылып кетіпті. Буын-буынын сыздатып, өне бойын сырқыратып, жанын жайпап бара жатқан бір дерт бар. Бұрын самалға кеуде төсеп, еркелей елбіреп қана тұратын жапырақтардың дәурені өткен. Кенет сол дәурені өткен мың сан жапырақ тосын мінез танытып, уілдеп-гуілдеп жөнелді. Жүйкесі жеміріліп, жүдеп қалғаны содан. Түсінсе бұйырмасын. Бір жаздық қана өмірінде тоз-тоз боп титықтап, азып-тозып, діңкесі құрып тұрғаны осы. Ертең… жоқ ертең демей-ақ, тап қазір, енді бірер сәттен соң ит зықыңды шығарып, өне бойы өңмеңдеп соққылаған да тұрған сотқар желдің қай қияметке киліктіреріне көз жетпейді. Әйтеуір дәл осылай ербиіп тұра бермейтінін, күндердің бір күнінде әлемді сілкінтіп ұлы өзгеріс жайлайтынын әлдеқашан-ақ түйсінген тәрізді.

Әу баста, жасыл бояуға малынып жер бетіне желкілдеп шыққаннан-ақ көксегені зау биікке өрлеп өсу-тұғын. Көп кешікпей онысы бекершілік екенін ұқты. Ұзарып өскен жіңішке, әлжуаз бұтақшалары қайқаңдап биікке ұмтылудың орнына, бүгежіктеп, ішке қайырыла иіліп, біріне бірі өріліп, біріне бірі ұйысып, біріне бірі тығылып домалана бастағаннан-ақ зау биіктен күдер үзген. Зау биікке ұмтылудың қажет емесін, зау биікке ұмтылса қатерге ұрынатынын жалықпай ескертіп, құлағына құйып тұрған бір құдіреттің растығына көңілі кәміл сенген. Желмен жетті ме екен сол хабар? Әлде тамыр тұстан тұспал болды ма? Білмейді. Қайдан? Қалай? Тап қазір оны айырар хал қайда? Аңғарғаны жалқы ақиқаттан ауытқи алмасы ғана.

Өзегі қаңсып, семіп бара жатқанын түсінді. Тал бойында жалғыз тамшы ылғал қалмай қурап біткені құрығаны ғой. Жапырақ атаулының жамырап, әпір-тәпірі шыққан әлпеті жаман. Жаңа ғана жайнап, жарқырап тұрған дүние ілезде күңгірт тартып, төңірек қап-қара қою түнекке шым батып бара ма немене. Тамыр тараптан нәр тартпақ болған талпынысынан түк өнбеді. Тамырмен түйіскен ұлы буынның дымы құрып, сарғайған бауыры сыр бергендей сазарып алған.

Ұсақ жапырақтардың өкірек желді өгейсініп сыңсығаны үрей шақырады. Паясы жалаңаштанса, тіршіліктен мән қалмағанын меңзегені де. Басқа не? Ажары тайып, арса-арса сояуға айналмағына емеурін болар. 

Жапан далада шошайып жалғыз өскен Қаңбақтың мүшкіл халі өңге дүниенің жырына кіріп-шықса, кәне. Шөп тектестер бірін-бірі аяу деген сезімнен жұрдай-ау. Қай қияметті де көтерер өзінің қылша мойны екенін сезгені ме, өзегі мұздай бастады. Жоққа жұтылар алдындағы жалғыздықтан ешкім жалтарып кете алмасы хақ.

Енді не болатынын білмегені жаман. Не болса да жақсылық емес, соны түйсінді. Зәресін алып тұрған да сол. Бұтақтары қабыршақтанып, тұла бойын тырыстырып, буып бара жатқан дерттің қашан басылары беймәлім. Күші сарқылған. Өзегі талған. Буын-буыны сырқырап, зар илеп, қақсап ауырып, әкетіп барады. Әне-міне сынып түсетін тәрізді. Төменнен тебер нәрден де, төбеден құйылар нұрдан да қылаудай белгі қалмаған.

Жарық дүние шұғыласын шашып, өмір енді басталған кезде жаралған жапырақтар кенет бырт-бырт үзіліп, бет-бетіне бытырап ұша жөнелді. Желпілдек жаяу жел оларды ес жидырмай дүркіретіп айдаған күйі әп-сәтте зым-зия жоқ қылды. Сол-ақ екен сарнаған үндері де сап тыйылғаны. Артынша-ақ алғаш қылтиып шыққан жапырақ астында пайда болған гүлден түйін байлаған қыруар дән сау етіп төгілгені. Омыртқа жотасын кеміріп, зар қақсатқан дерті топырлап құлаған сансыз дәнмен бірге сылынып түскендей cап тыйылып, жаншылған еңсесі жеңілдеп сала берді. Ұлы өзгеріс деп күткені демде бола салғанға аздап қайран, аздап қобалжу да бар. Көкірегін қысқан құрсау ағытылғандай, тынысы кеңейіп, бей-жай қалпын тапты.

Жаз бойы жапырақпен жауып, күннің көзін көрсетпей көлеңкелеп, бесікке бөлегендей тынымсыз тербеп өсірген мың-миллион дәннің бір сәтте төгіліп түсуінен көңілі жайланғандай. Баяғыда, өзі де дән кезінде дәл осылай бұтақтан бөлініп, кенет төменге қарай құлдилай жөнелмеп пе еді. Жадында ғой. Өзі ғана емес, жан-жағына шүпірлей шоғырланған дән атаулы бір сәтте жерге жамырай құлаған. Сонда ғой бұтақ біткеннің бір ыңырсып, теңселе үн қатқаны. Онда да дәл осындай қара түнек түн еді. Арамза жел азынап тұрған. Бұтақтан жамырай төгілген ұп-ұсақ тіршіліктің біреуі болып барып жерге жығылып түскен сәт ұмытыла ма? Жердің сондай жайлы, сондай жұмсақ екенін байқағаны сонда. Балбырап қанша жатқанын білмейді, бір заманда байқаса, төңірек жап-жарық. Көз қарықтырады. Маңайы толған алты аяқты, қап-қара құбыжық. Құмырсқа. Қаптап, өріп жүр. Аштықтан жаңа келгендей бұлтиған көздері алаң-жұлаң етіп, жалаң қаққан түрлері-ақ қорқынышты. Жүрген жүрісі ылдым-жылдым, алты аяғын жаңылыспай басып жосылған немелер ес жия алмай бейберекет шашылып жатқан бұтақтас дәндерді тістеп ала сала, әлдеқайда аттандап барады. Асығыс. Бір замат дәл жанына құйрығын дамылсыз қозғап, шөжеторғай кеп қонды. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қаранып алып, ол да тұмсық батырып дән шоқи бастасын. Неге шоқиды, шоқыған соң не болады? Ұқпады. Өзін де шоқып алар деп күтті де жатты. Сірә, байқамады-ау, жұп-жұқа терісі қыртыстанған сирағы сидиып, жанынан секеңдеп өте бере пыр етіп ұша жөнелгенде, қос қанатынан тұрған шолақ жел бұны топыраққа көмді де тастады. Содан кейін не болғанын еске түсіру қиын. Осылай аз жатты ма, көп жатты ма, білмейді, оянса, дүн-дүние жып-жылы, жап-жарық. Көкірегін бір алапат қуаныш кернеп барады.

Осының бәрін енді өзегінде жалғыз тамшы ылғал қалмай саудырап суалған кезінде ойласа, көкірегін ағыл-тегіл сағыныш кеулеп ала жөнеледі. Есіне еміс-еміс оралған естеліктер ұйтқыма желді ұмыттырып, бір сәт іштей тынып тұрып қалған екен.

Енді ұшқалақ жел ұшырып, шейіт болған жапырақтардың тасасында өскен ішкі жапырақтар нәубетке ұрынып, дірдек қаға бастады. Олар да алдыңғылар сияқты ызғарлы желдің ығына жығылып, сарғайған жапырақ сарынын бастап кеткен, соңы кеуек қуалаған гуілге ұласты.

Бұл жолы үрейді ұмытты. Тәрізі осылай болуы тиістідей көрінген. Жел жұлмалаған жапырақтардың бұтақтан бөлініп, жөнін табуын төзіммен күтті. Дірдектеп панасыз қалған мың сан піскен дәннен де арылу парыз екенін біліп тұр. Олардан арылу өзіне Тәңірі табыстаған ұлы міндет екені түйсігін түрте береді. Осы міндетті орындаса ғана буын-буынының сырқырағаны, тұла бойын кеміріп, жан шыдатпай қақсап, сынып бара жатқаны сап басылатын тәрізді.

…Жаз бойы жападан жалғыз кешкен қамсыз өмірі-ай! Оның алдында өзінің де бұтақтан ажырап, жерге түскен дән болғаны, баяғы бір арса-арса кәрі бұтаның жалғасы өзі екені санаға ғайыптан құйылды. Енді тұла бойын бүргеше буған манау мың-миллион дәннің де келер көктемде өзі болып бой көтеретіні тым ғажап. Олар да ә дегенде зау биікке өрлеп өсуді көксей ме екен? Қызық! Дән бұтаның жалғасы деген сол. Әлде бұта дәннің жалғасы ма? Мәңгілік жұмбақ. Әйтеуір тіршілікте тоқтау жоғы көңілге медеу.

Бұтақ біткен быжынап гүлге толып, шешек атқан сәті – қысқа өміріндегі ең бір бақытты кезеңі. Майда гүлдердің күлтеленіп, ұрықтанар алдындағы жайнауы қандай! Толып піскен аяулы аналықтардың оймақтай ауыздарын құмарлана ашқаны, айнала қоршай қалған аталықтардың аналық аузына құшырлана ұрық құйғаны құмарлықтың шырқау шыңы. Аталық атаулының өмірі сонымен түгесілетіні аянышты-ақ. Ал буаз гүлдердің күлтесін төгіп, белдері жуандай бастаған шағынан өткен салтанаты жарасқан дәурен жоқ. Түймедей гүлдің ішінде титімдей тіршілік тепсініп қояды, бұл кезде өз міндетін қапысыз атқарған аталықтар жаппай шетінеп, аяқ асты жер тезек боп шашылып жатқаны. Осының бәрі кейде ешқашан болып көрмеген, құр елес қана сияқтанар еді-ау, егер анау, әне-міне шашылып-төгіліп шартарапқа тарап кеткелі тұрған дән-тұқымдары болмағанда.

Дән-тұқымдарының жаһан кезіп кететінін сезінгенде көкірегіне алабөтен қуаныш құйылып, өзінің осы жолда не қияметке де сақадай сай дайын екенін, басын сол үшін бәйгеге тігіп тұрғанын түйсінеді.

«Жел қаттырақ соқса ғой, – деп тіледі бір сәт. – Долданып кеп жұлмалай жөнелсе ғой. Жерден жұлып алса ғой! Құла түзге айдап әкетсе ғой!»

Сондай күн туса, баяғы балдай тәтті ләззаттан пайда болған тұқым-тұяғы бұтақта жабысып қалып қоймай, Тәңірі талап еткен топырағына тезірек табысар еді-ау!

«Жел! Жел-ау, жел! Қайдасың, жел! Жынды жел! Соқшы, солқылдатып! – деп жалбарынды іштей. – Қаттырақ! Қаттырақ соққылашы! Аямашы! Жындысың ғой, сен! Мен сенің сүйем ғой жындылығыңды!»

Қаңбақтың тілегі қабыл боп, үйіріліп кеп бүйірден киліккен күйлі жел балаққа біткен кебу бұтақшаларды сытырлатып сындырып өте шықты. Дүр етіп қураған жапырақтардың тағы бір легі жапа-тармағай ұша жөнелді, сау етіп сан мың піскен дән жерге төгілді. Осы сәт тамырмен ұстасқан ұлы буынның жігі жеміріліп, айқасқан кемпір аузы ашылып кетсін. Жаз бойы тамырға тұсалып, тырп ете алмап еді, енді көгеннен босаған лақтай ыршып шығып, көз талдырар далиған кеңістікке маңып ала жөнелді. Алпауыт желдің апырып-жапырып мылжалағанына да, сиқын кетіріп дал-дұлын шығарғанына да үнсіз көне берді.

Бетбақ жел беталды домалана жөнелген Қаңбақты құтырына қуалап, жеткен жерде шалғайына жармасып, көкке ұшырып, көктен қармап ұстап жерге қайта соққылап, сілесі қатып, айызы қанғанша салды-ау ойнақты. Жерге соғылған сайын тұқым-тұяғы саулап төгіледі. Саулап төгілген сайын айызы қанып, сықылықтап күле берді. Күлкісін тыя алмайды.

«Соқ! Соқ осылай! Ұрғыла! Аяма! Жынды жел! Жынды жел! Жындысың сен!»

Зіл басқан иіні жеңілдеп, масаттана жүйткіді. Көктеп-көгерген жерде тамырдан ажырай алмай, тұсалып қалудан Құдай сақтасын! Онда үсті-басыңа қаптап құмырсқа өрмелер, құмырсқа өрмелесе, құр сояудан басқа түгің қалмас. Өміріңді жалғайтын ұрығың жебір жәндіктің аузында кетер. Жебір жәндіктің жемі болмай, жаһанға жайылып өсіп-өнгенді айт! Міне, бүргеше жабысқан дән-тұқымдардың тағы біразы шашылып түсті. Құдайдың жеткергені, әне, сол! 

«Ах-а-ха! Та-ма-ша!»

Дегенмен дән дегенің әлі тегіс төгіліп болмапты. Бұтақтарының қуыс-қолтығын қармап, үймелеп-ақ тұр. Мол-ақ. Ажырап, топырағын табу ойларына қашан келер екен? Тырмысып, жабысып алған. Тәңірден пәрмен түспей, төгілуге себеп жоқ. Бұларды алыс-алыс қиырларға апару арман ғой. Жел жынынан айырылып, тынып қалмаса, апарар әлі-ақ.

Қаңғалақ қағып, заулап келе жатып, бірер бұтағының сынғанын, сынған бұтақтың кейіндеп, кідіре бергенін байқап үлгерді. Енді оларға өзі сияқты бозғанақтың басынан секіріп, домаланып ұшу қайда? Сонысы жаман. Дәннің топыраққа түспей, бұтақта қалып қойғаны шын қасірет. Дәннің бақыты топырақта. Өзі болса, қияннан қиянға шарлар, қиырдан қиырға дән шашар. Сенері жел. Желсіз күні қараң. Жансыз денесіне жан бітіретін құдірет жалғыз жел ғана, өзінің осынша жанталасып, дедек қағып жүргені желдің арқасы. Жанкештілікпен тұқым тарату маңдайына осылай жазылса қайт дейсің.

…Әлденеге тіреліп, тоқтап тұр екен. Тірелгені шеңгел боп шықты. Шеңгел түбіне дән төгіп те үлгеріпті. «Қап, әттең-ай, – деп өкінді дәрмені құрып, – көлеңкеде көктей алса жақсы, біз деген Күннің сәулесін сүйеміз ғой».

Ұйысқан бір бұтағы шеңгелдің діңін қармап қалған екен, желдің айналдыра қуалағанына ажырай қоймады.

«Жіберші, шеңгел!» деді іштей жалынып. Шөп тектестердің дауыстап сөйлей алмайтыны қандай жаман. Тәңірі түспегір тіл бітіре салса, қайтеді? Әй, тілі болса да, шеңгел шіркінге дауа жоқ, тікендерін тіктеп алып, тастүйін қалпын бұзбас. Әйтпесе ұшарын жел білген ұлы мұратына кесірін тигізбес еді-ау!

Шеңгел міз бақпады.

«Жел! Жел-ау, жел! Үйіріп соқшы!»

Әумесер жел әпербақандығына басып, орай соқса да тамыры тереңге кеткен қалың шеңгел түп жағына маңайлатар емес. Қоңыраулары күмбір қағып, күшене тап берген есерсоқ желді екпінінен айырып тастай береді. Бар ашуын ішіне тартқан тентек жел долданып кеп қайыра соққанда, топ шеңгел теңселіп барып түзелді. Ілініскен бұтағы буыннан ажырап кеткен Қаңбақ қаңғалақ қағып, құла түзді бетке алып босып берді дейсің. Шеңгелге ілініскен ызасын ысқырынды жел ілезде тарқатып жіберген. Енді біразырақ бошаласа, дән атаулыдан ада болып, өзінің де тамтығы қалмайтындай.

Бір мезет қарсы алдынан ыстық леп лекілдеп білінгені. Шұбатыла шалқып, қызыл тілі жалаңдап, өршелене көкке ұмтылып, қарсы тұста алаулап от жанып жатыр. Қызуы сонадайдан бетке ұрды. Ырықсыз ұшып-қонып, қаңғалақ қаққан Қаңбақты желігі басылмаған әупілдек жел апшысын қуырған қалпы өкшелеп, құйындата қуалап кеп, лаулаған алаудың қып-қызыл өңешіне сүңгітті де жіберді.

Лап етіп ілезде жанып-сөнген Қаңбақтың күлі де қалмады.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

Жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<