Құм қойнаудан парасат патшалығына дейін

859

0

Арамыздағы аз-кем жас айырмасы болғаны болмаса, қазақтың көркем әдебиеті деген шүйгінді өрістің «аппақ жарығына бірге құлап…» (Молдекеңше), «иткөйлегін» қатар киіскен Молдаағаң – Молдахмет Қаназбен заман құрдас, заң құрдас, әрі-берідесін, дастарқан құрдас қатынасымыз мына өмір-белесте саз жарасым ауанында деген сенімім бар. Әрине, ол – аға, мен – іні нәмінде… Сонау мөделі «жарыққа келудің» тағдыр бұйыртқан табалдырығынан аттау әр шығармашылық адамына әрқалай жазылған бұйырмыс қой. Ол келуде туу куәлігінен бастап тіркеле беретін мына мимырт өмірдің таптаурын қағидаты деген жоқ. Сонысымен қайталанбас, өзіндік бірегей құбылыс ол. Әдебиет, өнер табалдырығының өзіндік өтпесі әркім үшін әрқалай ашылған…

Егер, сол тұстағы (кейінгі де) қоғам-орта пікірінің орнықты ауанына қол артсақ, сонау бір қауым жас талап – қазақ әдебиеті үшін кешегі ғасырдың 70-жылдары «жыл келгендей жаңалық» боп есік ашқан еді. Олай деуге негіз де жеткілікті болған сыңайлы. Жаңа тыныс, тосын сыр, қуатты сарын – кең сахараның еркін самалындай, теңіз толқынының дүмпуіндей, тау суының құлауындай тыныс сездіре келді сол тұс. Әдебиетке жаңа, бұла ағын құйылды. Ең бастысы, сонау көркем мұраттарда қитұрқылы өмірдің былық-шылығына былғанбаған аппақ қанаттар серпіні, ақ таңдардай көңілдер талпынысы, алғаусыз-кінәратсыз жүрек лүпілі бар еді. Бәрі деуге болмас, әйтсе де, дені солай болатын…

Бүгінгі біраз сөз шебері, қалам иелері үшін Мұзағаң, Шерағаң, Фариза апа – әдебиет өрісі шетіндегі апыл-тапыл талпыныс тұсауларының ала жібін кескен, талай бұла талаптың батасын берген, көп шығармашылық тағдырдың бастауында тұрған абзал тұлғалар.

Елде, жер-жерде талапты-талантты жас ақын-жазушылар қарамы мол еді ол кез. Әйтсе де, сол тұстағы жас таланттар тынысына жіті-сейіс, кемел ұйымдастырушы, белгілі ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың Сыр бойынан Молдахмет Қаназовты, Ертіс жағасынан Мейрам Асылғазинді Алматы алдыруы бір өзгешелеу оқиға болды. Сол кездегі «Жалын» баспасының басшысы, сондай сабақты да жауапты шешімдерге барды. Сейіс көңіл таңдауы кездейсоқтық болмаса керек-ті. Жатырқау да, жатсыну да болған жоқ, құнарлы топыраққа өміршең тамырлар кеп бекем орнықты. Жігіттердің шығармашылық жолдары жаңа, алқаулы ортада жарасымды жалғасын таба білді. Бір өкініштісі, керемет қаламгерлік әлеуеті толық ашылмастан, сол санаулының бірі – Мейрам-дос фәниден ертерек өтіп кетті.

М.Қаназ шығармашылығы төңірегінде әр көңілді зерде көз, әр тұғырлы сыни сөз, әр тарапты талдау жұмыстары бар осы күні. Біздің де пікір-пайым солардың көбісімен үндес, ал кейбірімен кереғар түсіп жатыр. Ғұмыр-наманың мәлім бір кезеңінде, өтілгенге көз салып, өз қабырғаңда байырқалы байлам жасау – өмір-таразының ең мәндісі, әділі сол болар. Ол жан үдерісі – әркімнің өзіне ғана аян, бізге беймәлім, ішкі жұмбақ құбылыс. Ал біздің өз білген-түйгенді айту – бүгінгі сөз ретінің бір парасы болмақ.

Мен білерде, М.Қаназ шығармашылығының ара-жігінде анық меже-шек сезілмейтін үш айқын аймақ бар. Бұл белестер уақытпен межелеуге келмейді. Тақырыптық, мазмұндық, идеялық тұрғыда анықталады. Оның біріншісі, балалар және жасөспірімдерге арналған дүниелер әлемі. Бұл тұнық тақырыпқа алғаш қалам тартқан жазушы, кейін, сарабдал қалыптасқан шағында да сол әлемге, құштарлық пен іңкәрлік сезімінде, қайта айналып соғып отырды. Өткендердің рухына, әлде, тақырыпқа адалдықтың мысалы дейміз бе… Бұл іспетті көркемдік алабы, сонау, әдебиет өрісіне тағдырлы қадам боп түскен жазушының алғашқы «Чика – Дабылдың баласы» хикаятынан басталып, «Ақ тайлағым-ай», «Қияндағы күн нұры», «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балалары», «Жайлауы келісіп бейқам жатқан бала батыр Бидастың Жайбасар Майтабан қолбасшы бастаған сарбаздармен Асаталасат атты күлегеш Аждаһаға не себепті аттанғаны жайлы», «Аққанат» сияқты әр жылдар туындыларынан қатар құрайды.

М.Қаназдың қазақ әдебиетіне өз үнін мәлім ете келген «мыңның басы» – «Чика – Дабылдың баласы» хикаяты. Бүгінгі сын көзіне, бұл дүние көп сырларын жаңа бір реңкте ашып жатыр. Кезінде осы – күшті әспеттелген «интернационалдық достық» үлгісі, стандарттардан бөлек соны шешім (зұлматты күндерде ата жау баласын бауырға басу) түрінде қабылданған биік идеялы шығарма болды. (Мұндай стандарт бұзған жаңашылдық, алдында ғана, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсі» түрінде бүкіл Одақты бір «дүрліктіріп» еді). Енді осы күні бұл дүние, заманауи қазақ танымына ұлтымыздың «таспен ұрғанды аспен ұр» мәрттігі, еш зұлмат таптап өлтіре алмаған (өлтіре алмайтын) болмысы бөлек гуманизм идеясын ашып отыр. Ол сонысымен бүгін де актуалды. Қаттаулы астарлы шығарма айтарының терең мәні де осында. Классикалық туынды әлеуеті де осы іспетті болар…

Балалар, жастар тақырыбындағы әр дүниенің өзіндік үні сезімтал оқырманның жан пернесін бейтарап қалдырмайды. «Ақ тайлағым-ай», «Қияндағы күн нұры», «Аққанат» повестері сыртқы қарапайымдығы, біртоғалығы астарында ширыққан сезімдер, толқынысты жан дүние коллизияларын жүре-бара ашып жатады. Әсіресе, өмірі ақ тайлақ тағдырымен біте қайнасқандай бала Біләлдің («Ақ тайлағым-ай») жан дүниесінде, бала көңіліне сыймастай ауқымда киліге орнап жатқан қатыбастау өмір шындығының зілі адамды қиналта отырып, мойындатады. Қинай отырып, бір ізгілік пен үміт сарынының нәзік сарынын санаңа жеткізеді. Дегенмен, қатыбас өмір ішінде Әбусаттар қария, аңқылдақ ауыл адамдары сияқты ізгілік шуағының мөлтектері бар. Үміт отын, жақсылық отын өшірмейтін сол кереметтер.

«…Батыр бала Бидас…» хикаятының бітімі де, болмысы да ерек туынды. Фантасмагория (бүгінше, фэнтэзи, ал турасы – заманауи ертегі) табиға бұл көркем сөзде әлемдік қасіретке айналған бір экологиялық апаттың себебі, үні-тілі жоқ табиғатқа істеліп жатқан зорлық-озбырлық пен ындыны тоймас ашкөздіктің түбі барар жері, тіпті, сол «ақырды» әділдік жолымен орнату үшін батыл әрекет-шешімдерге шақырған атой да бар. Әр сөйлем, сюжеттік желілер астарын аңдай оқуға шақыратын, балаға да, үлкенге де айтары тереңде жатқан мол кеніш дүниесі.

Жазушының ендігі бір көркемдік әлемі әңгімелер және кейінгі жылдар повестерінен тұрады. Егер, сол ғұмыр-алапты «Алматы кезеңі» деп атар болсақ, бұл дүниелер сонау 70-жылдардың орта тұсынан бүгінге дейін үзілмей жалғасқан шығармашылық жұмыстың толымды жемістері түрінде тізбек құрап тұр. «Саяқ», «Қызыл дамбал», «Ескі қыстау», «Ит өлімі», «Бұру жол», «Армандай алыс жағалау», «Жусан иісті жүрдек пойыз», «Қолжазба», «Үрей», «Жесір», «Жебір», «Тағатсыз күткен бір мезгіл», «Жетінші кластағы жойқын махаббат», «Екі жүз сексен жетідегі Гүлнәзия», «Алматыдан Тараз арқылы Қызылордаға дейін», «Кеменің кезекті қайырлауы», «Жаңбырлы жаз еді», «Қашықта қалған елес-ті», «Саяттан соң», «Ақтық сапар», «Аңғал», «Бөлек ауылдың бір түні» әңгімелері сол қатардан. Және бұл қатарда «Құм қойнау», «Жер кіндігі», «Суық көлеңке» повестері бар.

«Қызыл дамбал» идеялық қатпарларына тереңдемегеннің өзінде, характер, образ, тіл жөнінен әдебиетіміздегі шұрайлы да шырайлы, бәдені бай дүние екенінде дау жоқ. Бұл әңгіме тек М.Қаназ қаламына ғана тән іспетті колоритті юмор, өмір деталдарының аңғарымпаз зергер қолынан шыққандай нәзік те шебер қиюласуымен өрнектелген туынды.

«Қызыл балықшы» колхозының басқарма мүшесі, разнарабош…» Дүрәлі Егенсартов өз сеніміне адалдықтың жауынгері және… құрбаны. Кешегі ғасырдағы қазақ басынан өткен талай тарихи-қоғамдық саяси перипетиялар, жаңа өмірге бейімделудің (адаптация) күлкі мен қасіретке малшынған оқыс-оқшау сәттері еріксіз күлдіреді, қынжылтады, бір реттерде, жаныңды ауыртады. «Ей, қайран қазағым-ай!» деп, күлкіңе күрсініс қоса отырып оқисың бұл дүниені. Бәрі рас. Бәрі де әрқалай жағдайларда бұл өмірде қайта-қайта болған жайттар. Және біздің қаламгерлер қаламымен сан нұсқада өрнектелген шындықтар.

Біз бір татымды дүние көре қалсақ, соны кешегі өткен классиктермен немесе шетелдік аналог дегендермен шендестіре тамсанып жатамыз. Біздегі бір стандартты ойлау жүйесі сондай. Аруағыңнан айналайын, ол өткен асылдарымыз еңбегіне күмән жоқ. Бірақ, сол мектептерден өткен, сол «шапандардан» шыққан бүгінгі таланттар мен талаптар еңбектерін өз болмысында бағамдап, айта алу – өсер өмірдің, диалектика деген әлеуеттің бір қажетті шарты емес пе? Солай еткенде, өткеннен оқ бойы озық кеткен (өскен) нұсқаларды орын-орнына қойып байқауға, бағалауға болмас па! Аталған әңгіме мені осындай ойларға бастайды.

«Саяқ» әңгімесі. Қазақ прозасының шоқтығы биік бір олжасы. Өзіндік ерек табиғаты, идеялық, мазмұндық мән-мағынасы тым тереңде жатыр. «Таза» символизм үлгісі деуге болады осы дүниені… Шығармадағы басты кейіпкер Теңбілкөк – қылқұйрықты, төрт аяқты бір жаратылым ғана емес, хазірет-қасиеті онан жоғарырақ жеке адам дейсің бе, әлде, түгелдей бір ұлт-ұлыс болмысы дейсің бе – ауқымды мағына арқалаған, кәдімгі, шығармалық кесек тұлға. Мына өмірдің сәби шағының мереке-думанынан бастап, махаббат пен азап, бақыт пен қайғы, қуаныш пен қасірет, жеңіс пен жеңіліс, тіпті, «болу мен болмаудың» қат-қабат қордаларын аяусыз да сезімсіз түрде алдыға тарта беретін тағдыр безбеніндегі болмыс бұл. Адам (ұлт) тағдыры перипетияларын Теңбілкөк өмірімен өрнектей, аса мәнді символикалық шешімдерге бара алған автор соны сөз, батыл ой, сәтті сюжет үйірімдерін еш жалтақ-жасқанусыз, ұтырымен жүзеге асыра білген. Сонан да, оқыған жанды бейтарап қалдырмайтын, өмір, тағдыр, өлім туралы тағы бір толғамды пайым туған… Неше түрлі пікірлер сынынан өткен «Саяқ» анығы, әдебиетіміздегі көзге де, көңілге де толымды әсер қалдыратын классикалық туынды. Жалпы, Молдекең нендей жайтты да қалам ұшына алса да, принциптілік, батылдық мұратында айтар сөзін жеріне жеткізе айтады.

М.Қаназ шығармашылығындағы орны бөлек тақырып – қазақтың ұлттық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өмірі мен тарихи рөліне қатысты дүниелер. Бұл ауқымды туындыларды ерекшелеп тұрған, әрине, ең алдымен, ғұмыры да, тағдыры да қазақ батырларының ешбіріне ұқсамайтын ересен қасиет тұлғасының қасіретті, күрделі болмысы. Және осы шындықты кешегі де, бүгінгі де саяси конъюнктураларға бас шұлғымастан, сол бар қалпында жарыққа шығара білу шешімділігі. Бұлай деуімізге себеп, Жанқожа батыр тұлғасына кешегі «қызыл» саясатта да, онан бергі азат тарихымыз бедерінде де, сырттан да, іштен де топырақ шашушылар аз болған жоқ. Әулие, рухи таза және шәксіз қасиет иесі батыр бабаның аруақты атына обалды амалдар көп болды. Осы орынсыз пендешілік қорысын тіліп отырып, әділет сөзін айту, айтқанда да, негізді, деректі, дәйекті уәждерге табан тірей жеткізу жазушы өмірінің ең мағыналы құндылықтарын талап етті.

Ілгергі-кейінгі замандардағы көп батырлардан шоқтығы биік, батыр баба Жанқожа туралы шындық сөз оңайға түскен жоқ. Ұзына ғұмыры Хиуа, Қоқан басқыншыларына қарсы күресте өткен, 1856-1857 жылдардың ереуіл күндерінде Сыр бойы халқының мұздай қаруланған Ресей патшасы озбырларына қарсы көтерілісін, 80-нен жасы асқанда аруақ, намыс, ағайын бүтіндігі жолында атқа қона басқарған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы имани сөз ағайынға жетті. «Кек» атты үш актілі тарихи драма, киновесть және бірнеше танымдық, проблемалық зерттеу мақалалар жазды автор. Хас батырдың өмірі мен күрес жолын баян ететін С.Қалуовпен бірге құрастырған «Ел қорғаны ер Жәкем» жинағы 2007, 2008, 2012 жылдары үш рет жарық көріп, Алматы облысы мен қаласы, Қызылорда облысының Арал, Қазалы аудандары жұртшылығына тегін таратылды. Бір жағынан, халқымыздың 18-19-ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігінен, тіпті, саяси әлеуметтік халжағдайынан да мол мәліметтер беретін, энциклопедия шендес еңбек болды бұл. Ал 2014 жылы атақты батырдың 240 жылдық мерейтойы тұсында мақалалар мен тарихи құжаттар негізінде құрастырылған «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты кітап шығарды. Осы кітабы үшін 2016 жылы жазушыға Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы берілді. Қалың оқырманды тұшынтқан толымды еңбек еді бәрі.

Молдекең сырлы сөзде лирик, замана-оқиға қамтуында эпик қаламгер. «Сонар» (1973), «Жер кіндігі» (1975), «Арна» (1978), «Ақ тайлағым-ай» (1980), «Свет далекого солнца» (1982), «Құм қойнау» (1984), «Старая зимовка» (1985), «Армандай алыс жағалау» (1988), «Экспресс из полынной степи» (1989), «Жаңбырлы жаз» (1991). «Чика – сын Дабыла» (1991), «Қияндағы күн нұры» (1993), «Жанқожа» (2001), «Чика – Дабылдың баласы» (2003), «Кек» (2013) атты кітаптары жарық көрді. 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен екі томдық шығармалар жинағы шықты. «Қияндағы күн нұры» повесі грузин тіліне аударылып, Грузияның халықаралық «Саундже» журналының 1989 жылғы 3-4 сандарында жарияланды. Сол секілді «Чика – Дабылдың баласы» повесі өзбек тіліне аударылып, жеке кітап болып басылып шықты (Ташкент, «Узбекистон» баспасы, 2016 жыл).

Орыс жазушысы В.Карповтың «Тірілей ұсталсын» романын, В.Распутин әңгімелерін, болгар жазушылары Елин Пелиннің бірсыпыра әңгімелерін, Иордан Милеевтің «Шатырұста мырза» повесін қазақ тіліне аударған. 1975 жылдан Жазушылар, 1996 жылдан Журналистер одағының мүшесі.

Әрбір туындысы оқырманға өзіндік, қайталанбас үнімен жететін М.Қаназ шығармашылығы жайлы әр жылдары беделді қаламгерлер, сыншылар толғамды сөз жазған. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиев, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Қалтай Мұхамеджанов, Қадыр Мырза-Әлі, Сайын Мұратбеков, Баққожа Мұқаев, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы, белгілі жазушылар Шәкен Күмісбайұлы, Қаржаубай Омарұлы, Арасанбай Естенов, Берік Шаханов, Балтабай Әділ, Қастек Баянбаев, филология ғылымдарының докторлары Бақытжан Майтанов, Құлбек Ергөбек, Бекен Ыбырайымов, Алпысбай Мұсаев, Қанипаш Мәдібаева, филология ғылымдарының кандидаты Мамытбек Қалдыбаев, сыншы Әлия Бөпежанова, орыс сыншылары Г.И.Московская, Л.Э.Разгон, бұлардан басқа да әдебиет жанашырлары А.Тасымова, М.Оралбаева, Ж.Ыбыраев, Е.Сарин, М.Дүйісмағамбетов, Ж.Шайқақовтар Молдахмет Қаназдың барын бағалап, жылы лебіздерін білдірген.

Белгілі қаламгерлер Ахмет Өмірзақ пен Бегабат Ұзақовтың «Парасат парақтары» деп аталатын зерттеу еңбегінде М.Қаназ шығармашылығы толғамды талданған. Зергер жазушының шығармашылығын алғаш рет бар қырынан алып, кең түрде саралап ерекшелігін ашқан бұл еңбек қаламгердің балаларға арналған хикаяттары мен үлкендерге арналған повестерінің, әңгімелері мен мөлтек әңгімелерінің және публицистік туындыларының, олардың кейбірінің әдебиетте бағалануы мен орынсыз сыналуының себеп-салдары жөнінде батыл ойларға толы тұжырымдар. Оқырман қолына биылғы жылдың басында тиген бұл кітап соңғы жылдардағы қазақ әдебиетануына олжа салған туынды ретінде бағаланса артық болмас. Себебі кітап қазақ жазушысы туындыларын қадір-қасиетін бағамдауда әлем әдебиетіндегі үздік шығармалармен шендестіріле, салғастырылып, еркін көсілген жаңаша тұрпатты еңбек.

Көркем әдебиеттегі «норма» деген ұғым, кәдімгі, жақтау болып табылады. Ал жақтау дегенің еркін ойға опа беретін нәрсе емес. Кешегі бір уақыттарда бізде «қалыптасқан әдеби тіл нормасы» деген сияқты ұғым болды. Жазба әдебиетіміз жұтаңдау кезде, қазақ-кеңес әдебиетін көтерген өткен ғасырдың авторитетті қаламгерлерінің сөз саптауы негізінде қалыптасты сол ұғым. Асылы, «тіл нормасы» деген жақтау – менің көңіліме қонбайтын нәрсе. Анығын айтайық, стилистикалық қасаңдықтан бұрын, бұл сөз саптауымыздағы бірөңкейлік, таптаурын стандарттар жүре-бара, тіпті, жұтаңдыққа апарар жол болды. Бұл дегеніңіз көркем әдебиет үшін қып-қызыл обал, кәдімгі тар қапас ішінде не бір қыран құсты қолдан жемдеген кепілді өмір іспетті жайт.

Бүгін де біраз қаламгер әлі де сол кепілді «норма» ішінде, әрсіз, әуенсіз, көңіл татымын қандырмайтын сөздер мен сөз тіркестер алабында жүр. Өкініштісі, онысын өздері сезбейді. (Сезсе де, шығармашылық әлеует әлсіздігінен тепсініп биік шыға алмай ма?..) Сонан да, оңай оқылатын, шырайсыз, функционалды баяндау бар. Талас жоқ, олар – жазушы, ақын… Сөзі түзу, ойы дұрыс, бірақ, тұзы жоқ астай, шырыны татымсыз балдай. Рухани ләззат құшыры қанбайды. Еркіңді алмайды, жаныңды тұтқындамайды, жүректі селт еткізбейді… Осы ретте, Сыр бойының шұрайлы тілі, оңтүстік-солтүстік-шығыс шалғайда бар тілдер диффузиясына шалдықпаған таза қазақи сөз байлығы кейінгі кезде, «әдеби тіл нормасы» тұғырына сәтімен көтерілгенін аңдау керек. Сөз шырайы кірді, баяндаудың өңіне қан жүгірді. Расында, бұл дегеніңіз бар қазақта бар, тек кешегі қасаң ғасырда прагматизм топырағына көміліп қалған шынайы қазақ лексикасы, синтаксис, семантикасы қазыналарының ашылу, өмірге оралуы ғой.

М.Қаназ шығармалары – осы үдерістің бас жағында жүрген дүниелер. Қазақи сөздің мәйегін жұтатпай не әсіре әлеміштемей, көркем сөз өріміне өру – шеберлік қана емес, шығармашылық бақыт.

М.Қаназ 1992 жылы республикалық «Денсаулық» журналының бөлім меңгерушісі қызметіне барды. 1993 жылдан бүгінге дейін осы журналдың бас редакторы. Бұл 30 жыл еңбекте еліміздің танымал медицина саласы тұлғалары Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев ағалармен жарасым сөз, өмір-тәжірибелік қазыналарын халыққа жеткізуде екі арада алтын көпір салған жайы бар. «Денсаулық» – бүгін медицина саласы мамандарының журналы ғана емес, дені сау ұрпақ, салауатты отбасын өсірсем деген кім-кімнің де күтулі басылымы.

Сыр атырабындағы «Бекбауыл» деген елдің осыдан 80 жыл бұрынғы кескін-келбетін айта алмаспын. Ал осы күні, тұтас бір аумақты «экология» деген зіл-ахуал тұмшалап тұрған аймақта, бұл жер бір өзіндік жасыл мөлтек, әлде, Алатау-Қаратау бөктеріндей өзгеше өлке әсерін береді. Тұранның ой-қырлары ерекше ғой. Сондай жердің бір ерегі бұл. Құбыла бетін әдіптеп, Сырдария сылаңдайды. Шығыс бетте шұрайлы Көкшекөл алабы көсіледі. Соның бәріне мейір көзін салып тұрған іспет, Арыстанбаб пірәдардың мәңгілік бір жайы қоныс тепкен Ақирек тауы теріскейде маңғаз бой көтереді… Қазақ киногерлері, әлденеге, осы маңдарды сүгеретке басқанды жақсы көреді. Бұл жерлерде қиял қумау, шығармашы болмау мүмкін емес деген ой көңілде тұрар еді…

Молдекең абыз жасқа келіп отыр. Дабыра-дақпыртпен емес, жылбысқы рушылдық-жершілдікпен емес, сүркіл еңбек жолымен, әділет-ақиқатқа деген алғаусыз сенімімен, Құдайдан тілеген көңілімен. Адалына жүгінген азамат болмысы осы. Шаңырақ отын демеген, қабағына қақ тұрмайтын Шарипа жеңгеміздің қазаны құтты, дастарқаны берекелі. Көнелер айтса, бұл іспетті қасиет – жігіттің бағы, отбасының берекеті, шаңырақтың құты. Алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеген. Роза, Ұлбосын, Ақбота қыздар, Барлас, Жәдігер атты оғыландар бүгінде өздері де бұғанасы бекіген азаматтар санатында. Немере сүйіп, шөпшек қолынан су ұрттаған үлкендер.

Неше түрлі аңыздарды кейінгі ұрпақтар құрастырып алады, ал көзкөргендер, негізі, шындықпен сөйлейді. «Жазушы туралы» деп атаған бір оқшау ой қалыптауда өзім аңдаған қаламдас-әріптес хақында мынадай бір сөздер желілеппін:

«…Сонау алыс-сәби шақтың аққанат сезімдерін кейінгі, бұғана ғана емес, көңіл де қатая-қасаң тартқан, иір-қиыр емен қабығы өрнегіндей өмір сүрдектерінде жатсындыра, жетімдете шетінетіп алмай, жан төрінде ақ ұлпа балапандай мәпелей, қанаттандыра жүру…

…Төңірек-қауымға деген ақеден сенімде, аңқылдаған ақжарма көңілдің рухын жер қаптырмай, мына асыр-тасыр дүние күлдігінде топырақ-күресінге араластыра былғап, жамал-дидарын қарайтып алмай, адами табиғаттың шұғылалы биігінде, дегдар арлылықта алып өту…

…Болмашыға есі кете қуанып, болмыстың жай ғана жайттарына сүйсінуден танбай, өмір-тіршілікке жан-тәнімен таңдана тәнті бола білу…

…Қоңторғай хәл, түлкіқұрсақ ахуалда да сөз құдіреті, жазу мұратына адалдықта, жағы суалып, көз майын тауыса, дүния қызығынан баз кеше, рухи ләззаттың өзгеше бір бейнетін кешу…

…Ұйқысыз түндер, ағарып атқан таңдар бозында адам, ғалам жанының қорда-қолаттары қалыңын құшынаштай тамырлатып, нәзік сезім мен ұлы қайғы ескегінде көз ілмей шаршау…

…Сұңғыла саясатшылдықта, әлем-дүниенің оңы мен солын безбендеген сайдақ-сейістерінен биік тұра, бекем тұғырда көтеріңкі сөйлеу…

…Даң-дәреже ұлы жаһангирлерден биігірек патша көңілде, абыздарша аңыратып, ел-жер тағдыры хақында тарауы тоқсан ой толғау…

…Көкейлерде күмбірлеген, а, бәлкім, қаперде жоқ ғайып-тек жайттарды сезімтал аңдап, кей көңілдерді қуанта, кей кемшіндерді шошынта, жарық дүние көзіне жайрата жайып салу…

…Қулық-сұмдық, айла-шарғы – пасықтық амалдарын жеккөре, адал, таза, дегдарлық іңкәрінде, соқпақсыз соқтықпалы өз жолымен жүрудің қастерлі де қасиетті бейнетін адалдықпен талмай кешу тектілігі…»

Өз пайымым жеткен осынау қасиеттер. Қаламгер болмысы. Осылар, бәлкім, бұдан да тереңірек адами қасиет қазынасын қатарыңнан көру  жан марқайтады, өмірді сенімділік пен мәнділікке толтырады. Кәдімгі, адамдар ортасындағы адам қуанышымен жарылқайды.

«Қияндағы күн нұрынан» қуат алып, алыстағы «Құм қойнаудан» тепсіне серпініп, рухани биіктерге самғай көтерілген, сол ақ-адал еңбекте парасат патшалығының төріне абырой жолымен шыққан, бүгін абыз жас биігіндегі әріптес, аға Молдахмет Қаназ туралы бір мөлтек пайым бұл.

Сайлаубай Жұбатырұлы,

жазушы.

Қызылорда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<