Құрақта ұлт үні бар

820

0

Көшеден өтіп бара жатып көпқабатты тұрғын үйдегі «Керім сұлу» деген жазуға көзім түсті. Жақындап барсам, «Керім сұлу қыз жасауы» деп жазылған. Қыздарға арналған дүкенге бас сұқтым.

Өзін Жанармын деп таныстырған замандасым жылы қарсы алды. Дүкеннің іші құрақ көрпешелер мен мамық жастықтарға, қыз жасауына толып тұр. Қиыстырып құрақ қиып, көздің жауын алатын ұлттық бұйымдарды тігуді апалы-сіңілі Жанар мен Шынар қолға алған.

− Анамыз бала күнімізден бізді қол қусырып отырмай, он саусағынан өнер тамған, жан-жақты, еңбекке бейім болып өскенімізді қалады. Үстімізге түрлі киім тігіп беретін. Бізге де ине ұстатып, құрақ құрауды, пішуді, тігуді, кестелеуді үйретті. Өз кәсібім болса деп армандайтынмын. Бірде жолым түсіп Англияға бардым. Мен олардың өнімдеріне қызықсам, олар біздің үстіміздегі ұлттық киімдерге қатты қызықты. Қайта-қайта ұстап көріп, қалай аталады, қалай тігілген деп таңғалды. Елордаға келгенде, дәл алдымда маңдайшасына «Кербез» деп жазылған ателье көрдім. Қазақ қызының нәзік образын беретін осы ат қатты ұнады. Қызылордаға келіп кәсіп ашу үшін қайтарымсыз грант іздедім. Ала алмадық. Өзіміз үш бөлмелі пәтерімізді тігін цехына айналдырдық. Үшінші қабатқа тай-тай мақта таситын едік. Бастапқыда тек бір ғана тігін машинамыз болды. Көрпеше, көрпе тігуге тапсырыс алдық. Күн-түн демей орындайтынбыз. Тігін тігіп отырып ұйықтап кететін кезіміз болды. Көршілердің мазасын алмауға тырыстық. Кейін ою қырқатын аппарат алдық, тігін машиналарымыз көбейе бастады, − дейді Жанар.

Құрақта ұлт үні бар

Шебер қыздар қайтарымсыз грант ала алмағандарын айтады. Жас әрі жұмыссыз болу керек деген шарттарына сәйкес келмепті. Кәсіпкер болу үшін табандылық қажет. Бұл қасиет кімнің бойында бар деген сауалымызға Шынар жауап берді.

− Бір анадан тусақ та, мінезіміз екі түрлі. Мен адамдармен көп араласқанды қаламаймын. Тұйықтаумын. Ал Жанар ашық-жарқын, қайтпас қайсарлығы бар. Өзің қарызға батып отырсың, кәсіпті қалай бастайсың деп бәріміз қарсы болдық. Сенбедік. Қолдамадық. Алған бетінен қайтпай, ізденіп «Даму» қоры арқылы үйімізді кепілге қойып, 14 млн теңге несие алды. Кепілге мүлік таппай біраз жүрдік. Қомақты қаржыны қалай қайтарамыз деп  те қорықтық. Жанар батыл. Алған бетінен қайтпайды. Көп ұзамай ресми құжаттар менің атымнан рәсімделді. Бұл қаржыға ғимарат сатып алып, әрі дүкен, әрі тігін цехын ашып жұмыс істеп отырмыз, − дейді ол.

Құрақта ұлт үні бар

Жанар мен Шынар тұрмыста. Кішкентайлары бар. Ата-анасы, бауырлары, отбасымен бірге кәсіпті қатар үлгертіп отыр. Құрақ көрпе-көрпешелер − бүгінде әр шаңырақтың шырайы. Әдемі дүниені шығарудың ар жағында қажырлы еңбек пен төзім жатыр. Бүгінде олардың тігін цехында 7 тігінші жұмыс істейді. Өнімдерін Instagram желісі арқылы жарнамалап, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс алуда. Ісмер әпкелі-сіңілілер құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін керемет бұйымдар тігуде. Арманы асқақ, жұмыссыз отырған қыз-келіншектерге тігін тігудің қыр-сырын үйретіп курс өткізбек. Болашақта бір атаумен балаларға арналған киімдер жинағын тіксек деп мақсат қойып отыр. Біз ұлттық бұйымдарды жаңғыртуды қолға алған қос қызға сәттілік тіледік.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<