Арайлы Қызылордам – Ақмешітім,
Тербеген ән мен жырдың бақ бесігін.
Жүрсем де сенен алыс сағынышпен,
Күмбірлеп жүрегімде жатты есімің.
Қайырмасы:
Арайлым – асыл арман,
Тұғырым – тұңғыш ордам.
Киелі Қорқыт баба күйін төккен,
Жасай бер, қыдыр қонған Қызылордам!
Құлпырған көркің қандай, халқың қандай?!
Жасампаз жауһар жүрек алтын маңдай.
Тәлімді кең құшағын айқара ашып,
Жұмақтың шуағына шақырғандай.
Қайырмасы.
Қазақтың көш бастаған жарасымды,
Міржақып, Шоқай, Ғани шын асылды.
Ән – Нартай, жыр – Асқар мен Әбділданы,
Ұшырып кеңге жайдың құлашыңды.
Қайырмасы.
Ғажайып мұрасы көп ашылмаған,
Жаралған тегі сонау асылдардан.
Атыңнан айналайын, Қызылорда –
Тағылымды төрім болған ғасырлардан!
Қайырмасы:
Арайлым – асыл арман,
Тұғырым – тұңғыш ордам.
Киелі Қорқыт баба күйін төккен,
Жасай бер, қыдыр қонған Қызылордам!
Арайлым – асыл арман,
Жайнаған жасыл орман.
Бірлік пен елдігімнің үлгісі боп,
Жасай бер, жасара бер Қызылордам!
Мұрат Сыдықов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы, күйші-композитор, ақын-жырау
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<