Бесінші белес
Тарихтың тартқан алға кемесінде,
Ой, қиял өткен күндер елесінде.
Аяулы сексен үштен басталады,
Бесінші он жылдығым, белесім де.
Қырықтың тұрмын қазір қырқасында,
Көңілде ән шарықтап, күй тасуда.
Қылыштай қылпылдаған кезім де осы,
Бұрылмай қарсы тұрар бұрқасынға.
Демеймін орындалды бар арманым,
Жай жүрдім, кейде қатты, аяңдадым.
Әйтеуір арман қуған, алға ұмтылған,
Қалайда қатарымнан қала алмадым.
Жыл жылжып, айлар зулап, алмасты күн,
Қашанда уақыт тоқтап, алмас тыным.
Газетте сексенінші жылдарда да,
Бұрынғы жұмысымды жалғастырдым.
Өмірдің тартқан өрге кемесінде,
Ол да бір асқан асу, белесім бе.
Баспасөз хатшысы боп қызмет еттім,
Үш-төрт жыл кәсіподақ кеңесінде.
Дабылды, даурықпалы кез болатын,
Күнде сөз, талас, талқы қозданатын.
Көшбасшы, ел ұйтқысы, туы болған,
Партия жайлы да сөз қозғалатын.
Белгісіз кімнің құлап, сүрінгені,
Ұқпайсың ештеңені күн ілгері.
Барқырап даурыққандар бар даусымен,
Барлығын мұның «Қайта құру» деді.
Келетін қандай болар күн алдағы,
Білмеді, ешкім де оны біле алмады.
Бас хатшы мінберлерден барлығын да,
Қайтадан құрамыз деп ұрандады.
Бос ұран, сөзден халық мезі болды,
Бос дүкен, тапшылықты көзі көрді.
Байқалар партияның осалдығы,
Шайқалар іргесінің кезі келді.
Өктемдік өз бейнесін танытты енді,
Зорлықты, зобалаңды халық көрді.
Мәскеуден қазақ елін басқаруға,
Өкілін өзге ұлттың алып келді.
Көңілде бір өкініш тұрды ащы,
Жарық күн қара түнек түнге ұласты.
Мәскеулік өкілдердің нұсқауымен,
Жасаған бейбіт шеру қырды жасты.
Басқарсын өз басшысы ұлтыңды,
Күн көсем бұл нұсқауы ұмытылды.
Осы жай партияға шын берілген,
Менің де жойды шексіз үмітімді.
Басқа да бізден өзге ел тынбады,
Жалғасты дүмпу, шеру толқындары.
Өктемшіл империя өз ішінен,
Бұзылып, қабырғасы солқылдады.
Алып ел құбылыстай бір-ақ күнгі,
Ақыры шіріп, қаусап, құлап тынды.
Одақтас елдер сан жыл бодан болған,
Байланған тас бұғауын лақтырды.
Бізге де тәуелсіздік таңы атты,
Шаттық сел тас қамалды жарып ақты.
Елдегі күн сайынғы жаңалықтар,
Мені де көппен бірге жадыратты.
Ел болдық бөлек отау, ордасы бар,
Елтаңба, Әнұраны, Елбасы бар.
Жаңарып жаңа заңмен жатты бәрі,
Әкімдер, министрлер, қолбасылар.
Нарықтың заңы қатал, күресі де,
Жекенің бәрі тиді үлесіне.
Бұл кезде қызметімді мен де өзгеріп,
Ауыстым әкімшілік жүйесіне.
Жаңа өмір жаңа жайған жас қанатын,
Жаңадан істер қанша басталатын.
Бұл шақта бір ауданның әкімдігі,
Бөлімін болдым енді басқаратын.
Жүгірген кез болса да ала шапқын,
Жүгіндім талабына парасаттың.
Ауданда жаңа өмір қызған шақта,
Тізгінін алдым ішкі саясаттың.
Өмірдің бұл кез биік өріндемін,
Елеулі ердің жасы елудемін.
Ел, халық мерейтойды атап өтіп,
Орнатты өзгеше бір көңілге күн.
Сездім бе ел, халықтың махаббатын,
Көрдім бе басшылардың шапағатын.
Алғашқы «Құрметті азаматы»,
Ауданда болдым солай аталатын.
Алдымнан аларсатпай талап тауды,
Жылдарым жылжып, өсіп, қанаттанды.
Осылай тоқсан екінің соңы бітіп,
Бесінші он жылым да аяқталды.
Алтыншы белес
Тарихтың тартқан алға кемесінде,
Ой, қиял өткен күндер елесінде.
Аяулы тоқсан үштен басталады,
Алтыншы он жылдығым, белесім де.
Уақыт тынбай зырлап алмас тыным,
Жыл жылжып, айлар зулап, алмасты күн.
Атқарған әкімдікте жұмысымды,
Тастамай одан әрі жалғастырдым.
Нарықтың жаңа өрлеген кезі еді,
Бар жерден тек тапшылық сезіледі.
Көрсетіп, барлығын да көтеретін,
Темірдей берік халық төзімі еді.
Белгісіз қашан жұрттың жанар бағы,
Бел жазбай еңбек етті, аянбады.
Тиісті зейнетақы, жалақысын,
Сонда да айлап, жылдап ала алмады.
Нарықтың көрді халық сынын қатты,
Құбылтты заман желін, құйындатты.
Бар жерде қаржы үнемдеу мақсатымен,
Амалсыз қысқартулар жүріп жатты.
Қиын кез қыспақтардан қысқан түрлі,
Шығатын одан түрлі нұсқа айтылды.
Бір мектеп, балабақша, мекеме емес,
Аудан да мен істейтін қысқартылды.
Жұмыссыз қалды халық. Мына жайтқа,
Ешкімді ала алмайсың кінәлап та.
Қысқарды бар мекеме, әкімдік те,
Қызметте қалдым әрең мұрағатта.
Бұл кезең тоқсан жетінші жыл болатын,
Жұмыссыз жандар қанша қиналатын.
Айрылып осы жылы жан анамнан,
Айықпас менде де ауыр мұң болатын.
Анашым, асыл анам, аяулы анам,
Қамқоршым, панам да анам, саям да анам.
Біз үшін өмір бойы еңбек етіп,
Бойын да тіктеп биік жая алмаған.
Әрі ана, әрі бізге әке де еді,
Кем етпей ешкімнен де мәпеледі.
Соғыстан қайтпай қалған жары орнын,
Жоқтатпай алға бізді жетеледі.
Аялап бізді әлдилеп, тербегені,
Анаға қандай адам тең келеді.
Аздаған ақындығым болса менде,
Ол-дағы жан анамнан келген еді.
Балалық шығармайтын күнін естен,
Шықпайтын Ақтайлақтың құмы да естен.
Туысы Тұрмағамбет соңына ертіп,
Жырларын жастай жаттап жүріп өскен.
Ақынның бар өлеңін білетін-ді,
Кейбірін бізге де айтып жүретін-ді.
Түнімен диірмен тартып, ән де айтып,
Тек таңның алдында көз ілетін-ді.
Жыр айтқан әрі әнші болған да анам,
Кезім аз жырын тыңдап, толғанбаған.
Бойымда сәл ақындық бола қалса,
Ол-дағы ана арқылы қонған маған.
Өнер де берген әрі өмір маған,
Мен үшін бар міндетті орындаған.
Жан еді жүзі жарқын, жүрегі алтын,
Жәннаттың жүрген шығар төрінде анам.
Сағынып нұр бейнесін бір көруге,
Анасыз өтіп жатты күндерім де.
Нарыққа бейімделген жаңа өмірден,
Менің де көп ойға алып, түйгенім де.
Бәйгеден шын жүйріктер келмек дара,
Бұл кезең тек бейнетке бермек баға.
Ізіне ілгерінің еру үшін,
Ізденіс, тек ізденіс, еңбек қана.
Кең салып үміт деген кемені өрге,
Ден қойып жүрген кезім көп өлеңге.
Ой салды тоқсан сегіз, наурыздағы,
Бір хабар жарық көрген «Егеменде».
Көресің жақсы істі қалай бөтен,
Бір мектеп Арыстағы қалаулы екен.
Шығарған өз газетін баспа арқылы,
Онысы мың дана боп тарайды екен.
Осыдан келді дереу бір ой басқа,
Тірлігі бір мектептің мынау баста.
Үш жүздей мектебі бар облыста,
Бір газет неге арнайы шығармасқа?
Кім білер істің бірден бола аларын,
Көңілде күдік те көп, көп алаңым.
Сонда да, бір аптада басқармаға,
Тапсырдым жаңа газет жобаларын.
Білмеймін, ұқтым нені, ұттым нені,
Күдікті үміт жеңіп, шықты ілгері.
Басқарма бастығы Әли Мүсілімов,
Шақырды, апта өтпей-ақ күттірмеді.
Жан екен ойы биік, кең жүрегі,
– Менде де, осындай бір ой жүреді.
Құптаймыз, жедел бәрін атқарамыз,
Көп міндет бізге қалды енді, – деді.
Талапшыл басшы өзін танытты енді,
Барлығын не қажеттің тауып берді.
Бір айда облыстардан алғаш рет,
Ұстаздар басылымы жарық көрді.
Көп жайды зерделейтін көңіліне,
Басшының ие болдым сеніміне.
Ұзамай «Сыр мектебі» ұстаздардың,
Айналды ең сенімді серігіне.
Табысқа болмас асып, тасынуым,
«Абырой – еңбекте» деу асыл ұғым.
Ұзатпай шығара да бастадық біз,
«Бал дәурен» балалардың басылымын.
Ай зулап, жыл артынан жыл жүгірді.
Есейіп, егде болған күн білінді.
Құрметтеп білім сала басшылары,
Өткізді менің алпыс жылдығымды.
Алпыс жас талайлардың бір арманы,
Белгілі туыстардың қуанғаны.
Бәрінен болды қымбат – Тұма аға,
Жарымен бірге келіп, жыр арнады.
Алдымнан аларсатпай талап тауды,
Жылдарым жылжып, өсіп, қанаттанды.
Екі мың екінің де соңы бітіп,
Алтыншы он жылым да аяқталды.
Жетінші белес
Тарихтың тартқан алға кемесінде,
Ой, қиял өткен күндер елесінде.
Екі мың үштен енді басталады,
Жетінші он жылдығым, белесім де.
Бірін жай, бұрағандай бірін қатты,
Бұл өмір болмайды ғой бір ырғақты.
Сонда да қызметім бұрынғыша,
Кідірмей газеттерім шығып жатты.
Көп еңбек нарыққа сай ете білген,
Бұл кезең ел еңсесі көтерілген.
Асқақтап елімнің де абыройы,
Көп табыс, нәтижеге жете білген.
Ел жайы, халық жайы толғанғаны,
Қашанғы қамқорлығы, қолдаулары.
Халыққа нақты көмек, медет болды,
Жылдағы Елбасының Жолдаулары.
Жолдаулар айналды істің ұранына,
Жұрт жауап тапты ойдағы сұрағына.
Жасалды бағдарлама ауыл үшін,
Қолға алды тез мәдени мұраны да.
Бәрі де Бас қаладан басталады,
Жайнатты жарқыратып Астананы.
Салынып сансыз мектеп, емханалар,
Көп адам болды жаңа баспаналы.
Көп жайға халық қолы жете білді,
Қаймықпай қиындықтан өте білді.
Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы,
Бірнеше есе өсіп, көтерілді.
Көп әлі көрмегенің, көргенің де,
Жаңалық, жақсылықтар елде күнде.
Солардың игілігін, шапағатын,
Көппенен көріп келем мен де бірге.
Менің де жағдайым бөтен демен,
Жайым бар өзіме сай мекендеген.
Бар әрі жеке жеңіл көлігім де,
Жеріме жеткізетін жетем деген.
Алладан бұдан артық не тілеймін,
Ешқашан өткеніме өкінбеймін.
Реттеп барлығын да Жаратушы,
Біздерді желеп, жебеп отыр деймін.
Жетілді қолымда өсіп ұл-қыздарым,
Солар ғой менің жарық жұлдыздарым.
Бәрі де бөлек бір-бір үйлі болып,
Көз көрді бір-бір отау тұрғызғанын.
Көп жайға шүкір деймін, жұбанамын,
Көбейді асыл туыс-құдаларым.
Бақытын балалардың бірге ойлайтын,
Соларды көрген сайын қуанамын.
Көбейді немерелер, құлындарым,
Солар ғой қуат берер бүгін дәрім.
Бар тәттің, қызығың да солар екен,
Өмірден осы менің ұғынғаным.
Туыстар ойға алынбас қалай бүгін,
Солармен айбаттымын, арайлымын.
Тілекші әр кез маған болып жүрген,
Тілеймін тек олардың амандығын.
Оң қарап жарылқаушы Жаратқаным,
Оңғарсын барлығының талаптарын.
Ынтымақ, ырыс, бірлік берік болып,
Тілеймін елде тыныш таң атқанын.
Көп істі бітірейін, бітірмейін,
Барлығын бірдей қалай бүтіндеймін.
Сонда да осы күнгі тірлігіме,
Аллаға ризамын, «шүкір» деймін.
Бар шығар дұрысым да, бұрысым да,
Көп билік жоқ қой менің уысымда.
Керемет нәтижеге жетпесем де,
Жайымен жүріп жатыр жұмысым да.
Бастадым көп газеттің ашылуын,
Емес бұл мақтануым, тасынуым.
Тағы да елімізде алғашқы рет,
Аштық біз ардагерлер басылымын.
Секілді елдің биік, қырат, тауы,
Сейілбек Шаухаманов қуаттады.
Ардагер кеңесінің төрағасы,
Газеттің қолдаушысы тұрақты әрі.
Әр істің жарқыратып жаңалығын,
Көбейтті басылымның таралуын.
Сүйсініп оқып әр «Сыр ардагерін»,
Алады барлық аудан, қала бүгін.
Тарихтың тартқан мініп кемесіне,
Көз салып өткен күндер елесіне.
Алланың маған берген сыйы шығар,
Шыққалы тұрмын сегіз он белесіне.
***
Зымырап өтіп жатқан білінбес күн,
Ұға алмас ай мен жылдың сырын да ешкім.
Ашқалы дүние есігін аз ба, көп пе,
Сегіз он, сегіз белес ғұмыр кештім.
Қарайтын кез де келді арты-алдыма,
Өмірде өз жүгімді тарта алдым ба?
Алдымен дүниеге алып келген,
Борышын ата-анамның қайтардым ба?
Әлі де көңілімде көп арманым,
Әкемнің жүзін де анық көре алмадым.
Соғысқа кеткен сегіз айлығымда,
Анам көп айтушы еді. Содан мәлім.
Күтті ме мен туғанда әлде үмітті,
Рүстембек жырауға ән салдырыпты.
Соғысқа кетіп бара жатып сүйіп,
Атымды үйге жазып қалдырыпты.
Әкенің ақтадым ба аз мұратын,
Таптым ба көркем жыр мен саз қуатын.
Басшы боп отыз жылдай басылымға,
Мың рет, миллион рет жаздым атын.
Анамның көрдім бұған қуанғанын,
Бұл да бір маған деген сыйы Алланың.
Білмеймін әке үмітін ақтадым ба,
Әйтеуір анық атын шығарғаным.
Жан анам елжірейтін, елбірейтін,
«Жарығым, аман жүрсең болды» дейтін.
Бүгінгі амандығым, өміріме,
Сияқты «Шүкір, көңілім толды» дейтін.
Борышым көп қой бірақ ел алдында,
Көп жүгін көтеруге жарармын ба.
Таусылмас аман жүрсең борыш, міндет,
Дос, бауыр, ағайын мен бала алдында.
Орындап шыға аламын қалай бәрін,
Әйтеуір қай істен де аянбадым.
Кетігін дүниенің жаппасам да,
Бір кірпіш болып анық қаланғаным.
Көп істі бітірейін, бітірмейін,
Әйтеуір көңіліме «шүкір» деймін.
Қолымнан келгені де осы болды,
Қайсысын көп жыртықтың бүтіндейін.
Өмірдің көрдім ауыр, қиынын да,
Дей алман шайқап өстім тұнығында.
Қашанда бейнеті көп, беделі аз,
Қызметтің жүрдім төмен буынында.
Болған жоқ менің істен тынымым да,
Біреуге міндет артып, бұйыру да.
Жөн көрдім бәрін қолмен атқарғанды,
Жалқаулық жоқ болды еш ұғымымда.
Мәртебе, атақ қуып жүгірмедім,
Не елеп, ескермесе күйінбедім.
Мен «Ерен еңбегі үшін» медалімды,
Елбасым, елден алған сыйым дедім.
Қараймын жүріп өткен жолдарыма,
Жасамай басқа дақпырт, мол дабыра.
Ризамын Қызылорданың және ауданның
«Құрметті азаматы» болғаныма.
Мен үшін осы сый да жетер деймін,
Өткен жоқ өмірім де бекер деймін.
Зымырап, өткен зулап сегіз он жылым,
Секілді бір сегіз күн екен деймін.
Cегізінші белес
Зымырап өтіп жатқан білінбес күн,
Ұға алмас ай мен жылдың сырын да ешкім.
Ашқалы дүние есігін аз ба, көп пе,
Сегіз он, сегіз белес ғұмыр кештім.
Көп жайды көрдім, әлде көрмедім бе,
Қиянға әлде құлаш сермедім бе.
Күйбеңмен күнделікті ғұмыр кешіп,
Сексеннің білмей қалдым келгенін де.
Кім ұғар бойыңдағы жайды біліп,
Өмір ғой тұра-тұғын сан құбылып.
Қажытқан тосын келіп талайларды,
Қарттығың мойыныма алды мініп.
Қашанғы әдетімдей алмас тыным,
Тағы да жұмысымды алға астырдым.
Басқарып өзім ашқан басылымды,
Журналист қызметімді жалғастырдым.
Бұл өмір болмайды ғой бір ырғақты,
Әртүрлі қиындықтар туып жатты.
Сонда да мен басқарған басылымдар,
Баспадан кідіріссіз шығып жатты.
Аз да емес үйренгенім, үйреткенім,
Жанымды лас іспен кірлетпедім.
Ұстаздар, оқушылар басылымы,
Тараттым «Бал дәурен» мен «Сыр мектебін».
Жұмыстан тынар кезің бар ма, сірә,
Жақсы істің болады ғой жалғасы да.
Көп болмай біздегі «Сыр ардагері»,
Айналды енді «Ардагер айнасына».
Өзгерттік басылымның қалай атын,
Қарттардың газеті боп саналатын.
Басылым Сыр бойына ғана емес,
Болды енді байтақ елге таралатын.
Жыл жылжып, ай артынан ай қуалап,
Уақыт шапқан бейне арғымақ ат.
Осылай ардагерлер басылымы,
Кең байтақ елімізге жайды қанат.
Білмеймін аз ба, көп пе бітіргенім,
Демеймін бар жыртықты бүтіндедім.
Ризамын қазыналы қарттарымыз,
Газетке жазады ой-пікірлерін.
Мәлім ғой қарттық деген жай бүгінгі,
Еңкейіп еңсең, белің сәл бүгілді.
Рас па деп ойлаймын олжа деген,
Алпыстан кейін жасар әр жылыңды.
Қайтемін төндіріп бос қайғы-мұңды,
Ойлайын саулығың – бас байлығыңды.
Рас па деп білемін олжа деген,
Жетпістен кейін көрер әр күніңді.
Есейді бұл уақытта ұл-қыздарым,
Солар ғой менің жарық жұлдыздарым.
Көз көрді олардың да мерейі өсіп,
Елімде бір-бір отау тұрғызғанын.
Айрықша болды үлкенім, Ғалым балам,
Кезі жоқ еңбектен еш дамылдаған.
Атқарған қай істе де мерейі өсіп,
Жас болды топтан озып жалындаған.
Құрметтеп жақыны да жат та атын,
Онымен болдық біз де мақтанатын.
Бірнеше министрлікте еңбек етіп,
Басқарды әкімдіктің аппаратын.
Сүйсінтіп адал еңбек, талайды ісі,
Айтылды ризалық пен сан алғысы.
Парламент Мәжілісіне депутат боп,
Халқының болды енді қалаулысы.
Қолға алып көп кәсіптің бірін батыл,
Ғалиям бір биіктің шыңында тұр.
Жолдасы Айтбаймен ұзақ жылдар,
Мәскеудің ортасында тұрып жатыр.
Қамқоршы болып жүрген жан-жағына,
Аттары мәлім ауыл-аймағына.
Шүкір ғой Әлия мен Ізеттердің,
Қазіргі өмір сүру жайлары да.
Көңілге қуаныш боп ене берер,
Жылдарым жылжып тағы келе берер.
Жалғасып ұрпағыма ұрпақтарым,
Көбейіп келе жатыр немерелер.
Осылар бақытым да, байлығым да,
Айбарым, арқа сүйер айбыным да.
Өрімдей боп өркендеп, өсе берсін,
Қашық боп қай кезде де қайғы-мұңға.
Білмеймін қанша алдымда ғұмыр барын,
Алланың көремін де бұйырғанын.
Жүрермін туған жерде шыр айналып,
Шыққанша көкірегімнен шыбын жаным.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<