Сегіз белес

661

0

Ғұмырдастан

Өмірің өтеді екен қас-қағымда,

Кеше еді дүние есігін ашқаным да.

Ал бүгін сексен деген бір биіктің,

Алқынбай шығып тұрмын асқарына.

Демеймін мұны армандап, қиялдадым,

Жоқ әрі қалап, таңдап, сұранғаным.

Деймін мен мұны ұлы Жаратушы,

Айрықша маған деген сыйы Алланың.

Жүретін, тірі жанға  жүгіретін,

Жасайтын жақсылықтың бір ретін.

Қашанда қамқорлығы сансыз, шексіз,

Алланың айту парыз құдіретін.

Кеудемнен шыққанынша шыбын жаным,

Көрем де таланыма бұйырғанын.

Бір Алла Жарылқаушы, Жаратушым,

Бір Алла сенгенім де сыйынғаным.

Не жазар тағдырыма, таланыма,

Бақытым, бағым лаулап жанады ма.

Көремін не көрсем де бір Алладан,

Алланың ризамын қалауына.

Төмендеп, кейде биік аспандаймын,

Шалқимын, кейде мені басқандай мұң.

Шалдығып, енді бірде шаршап, талып,

Сексенде сегіз қырдан асқандаймын.

Сексен жас сегіз биік емес пе екен,

Әлде ол жатқан жеті белес пе екен.

Ой толғап, өткен зулап өмір жайлы,

Көп жайды көз алдыма елестетем.

Сексенің сегіз онға бөлінеді,

Әр он жыл бір белес боп көрінеді.

Жасалған жағдайы, жайы бөлек,

Әр он жыл өзгеше бір өмір еді.

Жас сәби кеше ғана емес пе едім,

Белгілі жылдарменен тең өскенім.

Сексен жыл сегіз он жылдан тұрады ғой,

Мен үшін әр он жыл бір белес дедім.

Сегіз он жыл сегіз белес өмірімде,

Жетелеп қалдырмаған мені бірге.

Сол өткен жылдарым мен өмір жайлы,

Жыр туды толқып менің көңілімде.

Бірінші белес

Алғашқы он жыл сәби емеспін бе,

Тұңғышы өткен сегіз белестің де.

Қайтадан бүгін тағы ораламын,

Есімде қалған ескі елес күнге.

Туыппын қырық екінің ақпанында,

Әлемдік соғыс өршіп жатқанында.

Қамыққан көңілдерді жаншып, таптап,

Қайғының қара бұлты жапқанында.

Соғыстан соққан дүлей қара дауыл,

Қаралы ел, қаралы жұрт, қаралы ауыл.

Айрылған талай асыл азаматтан,

Жүрекке түскен зіл мен жара да ауыр.

Талпынып өмірге енді енгенімде,

Көрдім бе, сол кез жайын көрмедім бе.

Өртіне соғыс салған, өршіп, жанған,

Шарпылдым мен де жатқан жөргегімде.

Майданда оқтар қарша борап жатты,

Көп ерлер елін қайта көре алмапты.

Аттанған менің сегіз айлығымда,

Жан әкем сол соғыстан оралмапты.

Білдірмей жоғын анам жарының да,

Бейнеттің көрген талай ауырын да.

Көрсетпей қатарынан еш кемдікті,

Өсірген төрт баласын бауырында.

Ардақтым, аяулым да, дара да анам,

Қашанда қамқор бізге сая да анам.

Ешкімнен кемдік көрмей есейгенбіз,

Бауырыңда балапандай паналаған.

Жан анам бізді аялап, мәпелеген,

Естімей өстік сөзді әке деген.

Қатардан бізді ешбір қалдырмады,

Анашым қолымыздан жетелеген.

Көп жайды аңғардым ба, аңғармадым,

Соғыстан соңғы қиын жайлар мәлім.

Біз үшін анам күн-түн еңбек етті,

Кездерін көргенім жоқ алған дамыл.

Күн шықпай егістікте бола алатын,

Әлсіреп шаршап түнде оралатын.

Сонда да үйде диірмен тартушы еді,

Кездерін көргенім жоқ дем алатын.

Жұмылған жұмысына көпке еріп,

Елдегі қай істен де шеттемедік.

Бау тасып, отақ отап, егін егіп,

Біздер де ерте есейіп кеткен едік.

Ананың жұмыстағы соңына еріп,

Біздер де көп бейнетті көріп едік.

Мектепте бастауышта оқысақ та,

Колхоздың мүшесіндей болып едік.

Бала боп ойынға бас бұра алмадық,

Достармен допты да көп қуа алмадық.

Ашқұрсақ болып күнде жүргенменен,

«Жасасын, партия!» деп ұрандадық.

Комсомол – партияның қолғанаты,

Пионер – комсомолдың оң қанаты.

Павлик Морозовқа еліктедік,

Әкені сатып мәлім болған аты.

Кештерде алау жағып, дабыл қағып,

Жас ұлан болып жандық, жалындадық.

Партия комсомолмен не айтса да,

Біздер серт, ант сөзіндей қабылдадық.

Қаһарлы кезең бұлттай қазандағы,

Бой тіктеп, ел еңсесін жаза алмады.

Темірдей қатал тәртіп тітіреткен,

Тұтас ел елестетті казарманы.

Көрсетті қатыгездік күшін қатты,

Бір ауыз артық сөзі үшін де атты.

Ашыққан балаға уыс бидай алған,

Ана да түрмелерге түсіп жатты.

Сыр бермес тарыққанда, жабыққанда,

Төзімді біздегідей халық бар ма?

Ерінбей еңбек етіп, мал өсіріп,

Ерлігін солар елге танытқан да.

Еңбегі ел, Отанға ерен еді,

Қайғысы, қасіреті де терең еді.

Аяулы асыл жандар ауылдағы,

Солардан көріп өстік өнегені.

Түсірдім көп жайды еске, түсірмедім,

Түсіндім кей істерге, түсінбедім.

Көтерген қаншама ауыр азап, мұңды,

Мен де сол ел, халықтың ішіндемін.

Жаппаймын жалған сөйлеп, жауырды көп,

Ауыр кез, ауыр жылдар, ауыр міндет.

Қиындық көрген халық арасынан,

Қашанда айта аламын табылдым деп.

Алдымнан аласартпай талап тауды,

Қатайды жаным солай қанаттанды.

Осылай елу екінің соңы бітіп,

Алғашқы он жылым да аяқталды.

Екінші белес

…Ғасырдың жиырмасыншы аспаны әлі,

Соғыстан соңғы мұң мен жас баяғы.

Екінші белесім мен он жылдығым,

Елеулі елу үштен басталады.

Ұмыттым, кей жайларды ұмытпадым,

Атырып жүрген кезім үміт таңын.

Бар жайды бағамдауға шамасы бар,

Мектепте мен төртінші сыныптамын.

Өзгерген қалауым да, талабым да,

Қиындай түскен оқу, сабағым да.

Колхоздар іріленіп, біріккен соң,

Келгенмін жаңа мектеп, жаңа ауылға.

Жаңадан осы жаққа қосылғалы,

Көп жайдың бұл жақтағы тосын бәрі.

Басқаны бастауыштан көрмеп едік,

Оқимыз он жылдықта осындағы.

Көне жұрт «Бозарықтың» бойындағы,

Сонда да ескі «Еңбекші» ойымда әлі.

Үлкен сай, ауыл, Ақкөл, туған үйім,

Айналды сағынышқа соның бәрі.

Сол жақтың ұшсам деймін құсы болып,

Сол жаққа елжіреймін, ішім еріп.

Ақкөлім жатқан талай жағасында,

Жүреді кейде менің түсіме еніп.

Жаңа жер «Мақпалкөл» деп аталатын,

Айтамын «Еңбекшіммен» қатар атын.

Бұл жаққа пионер боп келген едім,

Комсомол болдым енді атанатын.

Ел өсті, өсе түстім мен де бірге,

Көбейді көңілге алып, көргенім де.

Бастадым бастауыштан жырға талап,

Кеудемде бір үмітті  тербедім де.

Білуге жырдың бағдар, бағыттарын,

Үйрену, ізденуден жалықпадым.

Мектепте және ауылда кітабы бар,

Оқыдым ақындардың тауып бәрін.

Әр ақын жаңа гүлдей ашылатын,

Жаңа жыр маржандай боп шашылатын.

Сол жылдар үш томдығы жарық көрген,

Айрықша әсер етті Қасым ақын.

Бір үміт тыншу бермей жас жанымда,

Талпынып жырға қадам басқанымда.

Асыл нұр көкірегіме ұялатып,

Қасым-жыр жарқылдады аспанымда.

Секілді бір ғажабы сүйікті елдің,

Қасымдай асу бермес биік көрдім.

Қасым-жыр шығар шыңы, туы болды,

Мендегі арман, мақсат, үміттердің.

Тау бұзып, нөсер жыры тас жаратын,

Көрмедім одан артық асқақ ақын.

Ақынның жыр кітабын аяладым,

Түнде де болдым оны жастанатын.

Алла да талабымды құптады ма,

Қасымдай әлде ақынның  ықпалы ма.

Мектебім құттықтады алғаш рет,

«Лениншіл жаста» жырым шыққанында.

Атқарған жырдың алғаш үміт таңын,

Сол күнді әлі күнге ұмытпадым.

Наурыздың он бесі еді, елу сегіз,

Мен онда тоғызыншы сыныптамын.

Көріндім содан жиі баспаларда,

Ұқсадым жырға сапар бастағанға.

Ауылда ақын бала атандырды,

Ағайын, ел, жұрт және басқалар да.

Зымырап жылдар жылжып өте берді,

Есейтіп мені де алға жетеледі.

Толысып ойым да өсті, бойым да өсті,

Демеймін өткен күндер бекер еді.

Балаң кез қалды артта балалықтар,

Бойымда кішілерге ағалық бар.

Көтеріп келе жатты ел де еңсесін,

Көбейді ауылда да жаңалықтар.

Ауылға алғаш рет жарық келді,

Қуатын, кереметін халық көрді.

Әр үйге, бағанаға орнатылған,

Ән-жырды радио ағытты енді.

Талпынған алға жастың талабы мың,

Кірпіш боп тиіс сен де қалануың.

Есейіп бозбалалық шаққа жеткен,

Менің де көбейді енді жаңалығым.

Үздік боп мектепті де тамамдадым,

Қай жерде дедім ойлап жанар бағым.

Баратын астанаға қаржы таппай,

Амалсыз Қызылордада аялдадым.

Білмеймін таланым ба, талабым ба,

Бір үміт жүрегімде жанады ма.

Қосылдым студенттер қатарына,

Ұстаздық оқу орнын қаладым да.

Қашанда қалауы ашық, талабы ашық,

Тез кеттім шулы ортаға араласып.

Ой қудым, білім қудым, жыр да жаздым,

Жастық шақ думанымен жағаласып.

Көп жайдың білмесек те мәнісін де,

Болатын жақсы, жаман бәрі ішінде.

Сол жылдар сазгер аға Қалауовпен,

Жазғанмын «Қызылорда вальсін» де.

Алдымнан аласартпай талап тауды,

Қатайып, жаным солай қанаттанды.

Осылай алпыс екінің соңы бітіп,

Екінші он жылым да аяқталды.

Үшінші белес

Тарихтың тартқан алға кемесінде,

Ой, қиял өткен күндер елесінде.

Аяулы алпыс үштен басталады,

Үшінші он жылдығым, белесім де.

Бұл кезең жастық шағым, жанған шағым,

Балқыған махаббатқа балдай шағым.

Талпынып шығар биік тауды аңсадым,

Жаныма жалау болар жарды аңсадым.

Аруды сүйем мен де, сүйгіземін,

Алқызыл соған арнап гүлді үземін.

Балқимын оның отты жанарынан,

Махаббат айдынында бір жүземін.

Зулайды уақыт тоқтап, тынбайды әрі,

Жастық шақ жайлы жүрек тулайды әлі.

Заман да құбылмалы, бұрылмалы,

Жай мәлім алпысыншы жылдардағы.

Көп алаң жұрттың ойы, көңілінде,

Аудандар бір қосылып, бөлінуде.

Жоғары оқу орнын тамамдаған,

Менің де көп өзгеріс өмірімде.

Бәрі де бір керемет болмағанымен,

Кез екен қайталанбас ол да дәурен.

Диплом алғаннан соң ұстаз болдым,

Оңтүстік облыста жолдамамен.

Өмірдің жаңа ашқандай парақтарын,

Ұстаздық жолды сүйіп, қалап та алдым.

Тек әскер қатарына шақырылып,

Бір оқу жылын ғана аяқтадым.

Жылжыған жаймен өмір сапарында,

Бұйырған дәм мен тұзын татамын да.

Жанында ұлы Горький қаласының,

Бір жылдай болдым әскер қатарында.

Жыл жылжып, айлар зулап, алмасты күн,

Қашан да уақыт тоқтап алмас тыным.

Әскердің қатарынан оралған соң,

Елге кеп жұмысымды жалғастырдым.

Әр кезде ел, халықтың арасынан,

Табылар талабыңа жанашыр жан.

Қаланың іргесінде орын тепкен,

Ауданнан жұмыс  таптым жаңа ашылған.

Тасбөгет – жаңа ауданның орталығы,

Ежелден еңбегінде ер қадірі.

Төрт жылдай газетінде қызмет еттім,

Осында журналист деп ел таныды.

Шаттығы болған біздің алғаш үйдің,

Осында отау тігіп, жар да сүйдім.

Осында шын қуантып анамды да,

Тұсауын кестіргенмін алғаш ұлдың.

Қарайтын жас сәбиге «іңгәлаған»,

Ұқсайтын нұрын шашқан күнге де анам.

Ұйтқысы, берекесі үйдің – ана,

Мұндайда қандай жүрек туламаған.

Ананың көру бақыт қуанғанын,

Дедім мен мұны айрықша сыйы Алланың.

Көбейді жылдан жылға немересі

Бұл менің көптен күткен шығар бағым.

Осында өсті ой, санам, ұғымым да,

Өмірдің көрдім жеңіл, қиынын да.

Алындым қызметке аупарткомға

Ауданның бас партия ұйымында.

Демедім тым жауапты, ауыр ісі,

Аудан мен жүретінім ауыл іші.

Атандым мені білер көпшілікке,

«Істейтін райкомда сары кісі».

Осында қатал тәртіп қысқанымен,

Көрдім деп айтам үлгі, нұсқаны мен.

Бәрін де біз мүлтіксіз орындадық,

Жоғары партияның нұсқауымен.

Димаштай болды ол кезде дана басшы,

Достасып Бас хатшымен араласты.

Туған ел мүддесі үшін сондықтан да,

Жүзеге ойлағаны талай асты.

Көңілі жұрттың тағы көтерілді,

Ел жақсы нәтижеге жете білді.

Саяси Бюрода боп Димаш аға,

Еліне адал қызмет ете білді.

Алдымнан аласартпай талап тауды,

Жылдарым өсіп, толып, жарақтанды.

Сонымен жетпіс екінің соңы бітіп,

Үшінші он жылым да аяқталды.

Төртінші белес

Тарихтың тартқан алға кемесінде,

Ой, қиял өткен күндер елесінде.

Аяулы жетпіс үштен басталады,

Төртінші он жылдығым, белесім де.

Отызым орда бұзар жасым ба еді,

Алдымнан жаңа белес ашылды енді.

Жанымды жадыратқан, жалындатқан,

Жастық шақ – өмірімнің жасыл белі.

Бұл шақта барлығын да көтеремін,

Бойымнан алау жағып, от өремін.

Бағымды, бақытымды алдан күтіп,

Жанымды жақсы істерге жетеледім.

Басқаша болды бағдар, бағамым да,

Көбейді қанатты іс, қалауым да.

Атқарып жүрдім мінсіз алға қойған,

Жауапты аупартком талабын да.

Ойлаймын жұмысымнан өңге нені,

Сияқты түсінгендей ел де мені.

Жылжытты мені үш рет қызметке,

Бірінші хатшы маған сенген еді.

Көп үлгі ұялаған бір басында,

Өзгеше тектілік бар тұлғасында.

Бірінші хатшы Еламан Жүнісбаев,

Бекітті қызметімді бюросында.

Жайым жоқ жалған сөйлеп, жасқанатын,

Өткір сөз тауды бұзып, тас жаратын.

Халықтың тілі болған, үні болған,

Газетті болдым енді басқаратын.

Ешкімге жоқ берешек, аласым да,

Біреуге жоқ тайталас, таласым да.

Туымды өзім тіккен төмендетпей,

Жырымды жазып жүрдім арасында.

Білмеймін ұтылам не ұтарымды,

Көп адам жырды қадір тұта білді.

Алматы, жаңа «Жалын» баспасынан,

Шығардым екі бірдей кітабымды.

Түсінген менде жырдың бар ұшқынын,

Есімде сол бір кездер, алыс күнім.

Кездесіп атақты ақын Тұманбаймен,

Ұласты туыстыққа таныстығым.

Мөп-мөлдір тұма жырды жаза алатын,

Тұмағаң бір керемет, ғажап ақын.

Елі де еркелетіп, қадірлейтін,

Ауылдан шыққан асыл азаматын.

Жырлары әр жүректі өртеп отты,

Еліне ақын аты ерте жетті.

Атақты Әбілда ақын құлай сүйіп,

«Тұмаш» деп баласындай еркелетті.

Өнбойы тулаған жыр, тұнған өлең,

Достастым Тұмағадай тұлғаменен.

Сүйгеннен Әбділданы айрықша еді,

Ақынның ықыласы Сырға деген.

Жанынан жыр да беріп, нұр да беріп,

Жүргенді ұнататын Сырға келіп.

Көп көрдік өн бойынан өнегені,

Өзімен өлеңді де шыңдап едік.

Жыр болды оған елдің ту алғаны,

Күлгені, шаттанғаны, қуанғаны.

Туған күн, жаңалығым болса толқып,

Маған да әлденеше жыр арнады.

Талап бар, тағылым бар әр ісінде,

Көп жайдың үйрететін мәнісін де.

Сол жылдар айтуымен біріншінің,

Жазғанмын «Сырдария вальсін» де.

Бірінші басшы зор күш, қуатты да,

Жан еді жүзі жылы, шуақты да.

Болды әнді бар басшыға айтқызатын,

Ән сөзін, әуенін де ұнатты ма.

Бәлкім бұл шығар менің бақ, таланым,

Жақсының білу мерей жақтағанын.

Бірінші басшымыздың әлі күнге,

Шықтым деп сенімінен мақтанамын.

Өмірден өзі, жары өткенімен,

Өшпестей өнегесі көп те, білем.

Үздіксіз он сегіз жыл басшы болған,

Талайлар шықты Елекең мектебінен.

Айтамын мен де соның бірімін деп,

Көргенмін, қамқорлығын, жылуын көп.

Қашанда алға қарай талпынамын,

Қойғандай алға Елекең ірі міндет.

Таниды деген ғой ел талапты ерді,

Жақсылар жаныма көп қанат берді.

Бағым да бақытым да солай жанып,

Енгендей болдым мен де санатқа енді.

Алдымнан аласартпай талап тауды,

Жылдарым жылжып өсіп қанаттанды.

Осылай сексен екінің соңы бітіп,

Төртінші он жылым да аяқталды.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<