Тәрбие

733

0

Айдостың әжесі қиын да қызық кісі. Ескертуі таусылмайды. Ананы үйтпе, мынаны бүйтпе. Ана затты үйтіп қойыпсың, мына нәрсені бүйтіп тастапсың. Бұлай етуге болмайды.

–  Неге болмайды? – дейді Айдос ондайда түк түсінбей.

– Болмайды дегесін болмайды! Айтқанды істе, қасарыса бермей, – дейді әжесі өз сөзінен қайтпай.

Ал бүгінгісі тіптен жөнсіз болды. Бір кесе қайнаған суды іше салып, далаға ойнауға кетіп бара жатқан. Крассовкасының бауын байлап бола бергені сол еді, ас үйден әжесінің:

– Айдос, әй Айдос, бері кел, мынауың не? – деген қатқыл даусы шықты.

– О не, әже, мен далаға кетіп бара жатырмын.

– Жоқ, кетпейсің, кел бері!

– Қойшы, әже, келгесін айтарсыз. Мен аяғымды киіп қойдым.

Бұл есікті ашамын дегенше әжесі жанына жетіп келді де қолынан ұстай алды.

–  Шеш мрасопкіңді!

– Мрасопкі емес, крассовка ғой, әже.

– Мейлі итсопкі болса да, жүр қане!

Әжесі қолынан жетектеп, дедектетіп асханаға алып келді. Жан-жағына қарап еді, бүлінген ештеңе жоқ. Заттардың бәрі орны-орнында тұр. Сонда неге айқайлап жүр?

– Мынауың не? – деді әжесі шүмегі таңқиып тұрған топ-томпақ сары шәйнекті қолымен нұсқап.

– Оған не болды? Мен жаңа су іштім, басқа ештеңе істеген жоқпын.

– Қалай қойып кеткеніңді көрдің бе?

– Қайтып қойыппын? Орнында тұр ғой.

– Шүмегін міне, міне, бері қаратып қойғаныңды көріп тұрсың ба?

– Түк түсінбедім, бері қараса неғылады?

– Көзіңе кіреді. Көзіңді ағызып жібереді.

– Қалай кіреді, шкафтың үстінде тұрған шүмек?

– Әй, шкафты ашайын деп еңкеймейсің бе, сосын тұра бергеніңде көзіңе кіреді де кетеді.

– Ту-у, әже, олай болмайды ғой.

– Неге болмайды, осы жап-жаңа менің көзіме кіріп кете жаздады. Қайта Құдай сақтап қалды.

– О-о-ой, әже, сіз де айтасыз-ау.

– Солай, ылғи ескертем саған, құманның шүмегін бері қаратып қойма деймін. Өмірі бір айтқанды істемейсің, ақпақұлақ!

Айдостың денесі түршікті. Жыны келіп кетті. Бойын ыза буды. Ызаланғаны сонша, тамағына өксік тығылып, көзінен бырт етіп жас шығып кетті. Саусағының ұшымен көзін сипаған ол не істерін білмей сәл тұрды да бөлмесіне қарай бұрылды. Енді оның сыртқа шыққысы да, ойнағысы да келмей қалды.  «Балдардан ұят болды-ау, – деп ойлады төсегіне тақай беріп. – Бүгін арғы көшенің аулаішілік командасымен доп ойнайтын еді. Қап… Жарайды, бұның орнына қосалқы топтағы Жасұланды немесе Мақсатты қорғаушы қылар.» Қайтеді енді, жаман ренжіді. Өзінің әдеті, біреуге қатты өкпелесе болды, ештеңеге зауқы соқпай қалады. Ешнәрсеге қолы бармайды. Сосын бұған қанша жалын, қанша жерден айт, үгітте, бәрібір. Барлық нәрсе мәнін жоғалтады. Былайынша айтқанда дүниенің бәрі бір тиын. Қашан реніші тарқап, өкпесі жазылғанша селт етпейді, ешқандай сөз әсер етпейді. Сыртта жүргенде көңіліне қаяу түссе достары мен сыныптастарының ешқайсысымен сөйлеспей, бөлектеніп кетеді. Ал үйде бар тірлігін қоя салып бөлмесіне кіреді де, тоң-теріс боп жатып алады.

– Әй,  сенің  осы  бір  жаман   мінезің-ай, – дейді әжесі ондайда қасына бір келіп, бір кетіп, кіріп-шығып жүріп. – Ашулансаң болды үндемей, тас метін болып қаласың. Мен сөйлесем саған не нәрсенің де жөнін айтам. Жақсы болсын деймін. Басыңнан бір тал шаш түспесе екен деймін. Қане, құлыным, тұра ғой енді, тұра ғой, әдемілеп шәй дайындап қойдым. Ішіп алайық.

Жоқ, бұл оңайлықпен тұра қоймайды. Неге тұрады? Ренжіткен өзі емес пе? Мінезің жаман дейді. Өзінікі жақсыдай-ақ. Егер жақсы болса, болмашы нәрсеге ұрыспас еді ғой. «Шанышқының ұшын жоғары қаратып шошайтып қойыпсың, пышақтың жүзін бері қаратып қойыпсың, ол адамның көзіне кіреді, қолын кеседі. Судың шүмегін қисайтып тастапсың, терезенің пердесін дұрыс жаппапсың, есікті  дұрыс кілттемепсің, жуынатын жерді жөндеп сүртпепсің, ана бөлменің жарығын өшірмепсің…» Қойшы әйтеуір, мың сан ескертуі таусылмайды.

Осындай кездері Айдос үйден қашып кеткісі келеді. Қайтсін енді. Құлағы әбден жауыр болады. Бұның істеген ісінің көбі әжесіне ұнамайды. Қыл аяғы еденді жуып болғасын төсеніштерді қағып-сілкіп орнына төсегенде әжесі келеді де:

– Ой-бүу, мынаны дұрыс төсемепсің ғой, басын аяғына, аяғын басына келтіріп қойыпсың, бұлай болмайды, – деп оларды дереу аударыстыра бастайды.

Ал Айдостың көрпешелер мен жастықтарды жинағаны мүлдем іске алғысыз болады.

– Немене  мынау,  болбырап-солбырап, ыбырсып тұрғаны, адам өйстіп те жинай ма екен?

Әжесі осылай дейді де, әп-әдемі болып тұрған көрпеше, жастықтарды лақтырып-лақтырып жібереді. Сосын біртіндеп алып бүктеп, әр көрпешені қойған сайын қолымен қайта-қайта сипап, тақтап, кірпіш қалағандай түп-түзу етіп жинап шығады. Жастықтардың ұшын овчарка иттің құлағы сияқтандырып едірейтіп қояды. Рас, қанша тырысса да бұл дәл бүйтіп жинай алмайды. Содан да күн сайын ұрыс естиді.

Иә, кей-кейде Айдос үйден қашып кеткісі келеді. Бірақ қаша алмайды. Бір-екі рет кетіп қалып та көрген. Әкесі мен апасының үйіне. Бірақ одан не пайда? Артынша, жарты сағат өтпей-ақ әжесі жетіп барды. Барды да, әкесіне бассалды.

– Иә, бала сенікі екен ғой, білдік, бауырыңа басып, рахаттанып жатсың ба? Мен отырмын ана жақта қайда кетті деп қан сиіп. Ашуы жаман неме бірдеңеге ұрынып қала ма деп зәрем ұшты. Осында келгеннен кейін емешегің үзіліп иіскей бермей, әжеңе бар деп дереу қайтармайсың ба?

– Апа-ау, не деп тұрсыз, иіскегеніңіз не? Менің жұмыстан келгенім осы. Кіргенім жаңа. Міне, әлі шешініп те үлгірген жоқпын. Үйде кім бар, кім жоғын да білмеймін. Айдос келіп пе еді?

– Келмесе мен неге кеппін. Отыр ғой анау, шешесімен шай ішіп. Әй, қатын, сенікі не? Баланы неге дереу қайтарып жібермейсің? Сонша өбектеп. Емізейін деп пе едің?

– Апа, қазір шайын ішіп болысымен өзім де солай етейін деп, үйіңе бара ғой дейін деп отырғанмын.

– Немене, біздің үйде шай жоқ деп естідің бе?

– Жо-о-оқ, олай емес, апа, енді…былай…келіп қалғасын…

– Әй, көп сөзді қой. Кәне, Айдос, жүр! Түс алдыма!

Екі ортада түк жазығы жоқ әкесі мен апасы сөз естіді. Оларға жаны ашып әрі қатты ұялғаннан бұл ләм деместен әжесінің соңына еріп жүре берді.

Ал тағы бір рет сөйтіп, сол үйге барғанда әкесі отырғызбады. Бұл есіктен кіргеннен-ақ:

– Әжең қайда? – деді үрпиіп.

– Үйде! Мен әжеме ашуланып келдім. Бүгін осында қонам!

– Ойбай, жоқ! Айдосжан, айналайын, дереу қайт! Әжеңе несіне ренжисің. Үлкейген адам ғой. Ол кісінің сөзін елең қылма. Кешіре сал. Бұл үйге бір өзің келме. Әжеңмен бірге келші. Өткенде көрдің ғой. Келеді де шаңымызды қағады. Болмаса жүр, мен таксимен апарып тастайын.

– Керегі жоқ, өзім-ақ барам!

– Сөйте қойшы, балам. Ойбу, балам деппін ғой. Аузыма қайдан түсті, атаңанәлет. Сен әжеңе айтып қойып жүрме. Ешқайда бұрылмай бірден үйіңе бар. Әйтпесе іздеп келеді. Жаны қалмай отырған шығар әжеңнің де. Негізі әжең жаман адам емес. Сені қатты жақсы көреді. Сосын да бізден қызғанады. Сен де оны түсінуге тырыс. Үлкен адам болғасын сөйлейді. Оның бәрін сен көңіліңе алып, ашулана берме. Жарай ма, балам? Ойбай, тағы балам деп қойыппын-ау. Не болды-ей, маған. Сен менің емес, әжеңнің баласысың ғой, әжеңнің! Соны айтайын дегенім ғой…

Бұның күлкісі келді. Бір жағынан сасқалақтап шыр-шыр еткен әкесін аяп кетті. Амал жоқ, келген ізімен кері қайтты.

***

Айдостың бүгінгі қатты ренжіген себебі – «ақпақұлақ» деген сөз. Адамға түрпідей тиетін, ыңғайсыз естілетін  осы  бір  сөзді  бұл  жаман  жек көреді. Кейбір балалардың құлағынан исі мөңкіп, былжырап бұлақ ағады ғой. Осы сөз дәл сол сияқты. Сондай кәпір. Естігенде тұлабойы түршігеді. Жиіркенеді. Әрбірдесін құсып жібере жаздайды.

– Әже, маған неге ақпақұлақ дейсіз? Менің құлағымнан ештеңе ақпайды ғой. Міне қараңыз. Құлағым тап-таза. Мен үнемі тазалап, жуып жүремін, – деген осы сөзді әуелі естіген кездері.

– Жо-о-оқ. Ақпақұлақ деп құлағынан бұлақ ағатындарды айтпайды. Құдай сақтасын. Сенің ондайың жоқ. Ақпақұлақ деген сөз естігені бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кететінді, яғни айтқаныңды айтқан жерде қалдыратынды білдіреді. Ондай адамдар ескерткен нәрсеңді мына сен сияқты көбіне жадында ұстамайды.

– А-а. Ұмытшақ десеңізші.

– Иә, ұмытшақ, нағыз ұмытшақ. Содан да ол ақпақұлақ!

– Әже, бір өтініш айтсам орындайсыз ба?

– Айта ғой, құлыным. Сенің өтінішіңді орындамағанда кімнің өтінішін орындайын.

– Онда маған енді ақпақұлақ деп айтпаңызшы!

– А?

Әжесі немересіне таңғала қарады. Сосын басынан сипап, құшағына қысып, бетінен сүйді де:

– Жарайды, құлыным. Көңіліңе ауыр алып қалдың ба? Айтпа десең екінші айтпай-ақ қояйын. Менде қайбір ес қалды дейсің. Миым атала боп, алжиын дегенмін ғой.

Содан Айдос біраз уақыт осы бір жексұрын сөзді естімей кеткен.  Осы соңғы кездері әжесі бұны қайтадан «ақпақұлақ» қылып жүр. Бұл қорлыққа қашанғы шыдауға болады?! Рас, аздап ұмытшақтығы бар. Кейде былай қой деген затты басқаша қылып қояды. Сырттан қайтарда дүкеннен бір нәрсе ала кел десе тарс есінен шығып кетіп, қайта барып жүреді. Әсіресе дастарханға отырғанда осы сөз көп айтылады. Ас үйден пышақты әкел десе, бұл қасықты апарып қояды. «Ой-бу, қызыл бұрышты ұмытып кетіппін»  десе, қара бұрышты ұсынып тұрады. Бұның бәрін әдейі істемейді, әрине. Ойланып жүріп дұрыс естімей қалады, кейде жөнді тыңдамағаннан болады. Мұндай кездері «ақпақұлақпен» қоса Серғазы деген баланың аты аталады:

– Біздің  кластағы Серғазы айтқанды өмірі дұрыс орындамайтын-тұғын. Қаншама бала үйреткен сабағыңды бірден ұғып алып, бірінен соң бірі қол көтеріп, таласа-тармаса тақтаға шығып, жарыса айтып жатқанда ол меңіреу құсап отыратын. Сұрасаң басқа бір нәрсені айтып кететін. Міне сен сол Серғазыдан айнымайсың!

«Осы Серғазы сор болды-ау» деп ойлайды бұл құлағын әбден жауыр, жүрегін мезі еткен әңгімені кезекті рет естігенде.

– Серғазы қайда қазір? Ақыры дұрыс адам болмады ма? – дейді және әжесінің көңілін аулайын деген оймен тыныш отырмай.

– Ол Астанада тұрады. Университет бітірген. Үш баласы бар, – дейді әжесі мақтанышпен.

– Онда жаман жігіт болмағаны ғой?

– Иә, жақсы, жақсы болып кетті.

– Серғазыға ұқсасам кейін мен де жаман болмайды екенмін, ә?

– Әрине жаман болмайсың. Сен менің балам емессің бе? Ал менің баламның жақсы, отлично болмауға құқы жоқ. Осыны ұмытпа! Мен тәрбиелеп, білім берген шәкірттердің ешқайсысы жаман болған жоқ. Бәрі де өмірден өз орындарын тауып, дүниенің бір-бір кірпіші болып қаланды. Сен де солардай болуың керек. Тіпті олардан да артық болуға тиіссің! Өйткені сені қырық үш жылдық тәжірибесі бар үлкен педагог мына мен – Зүбайра Керімтаева тынымсыз тәрбиелеп келемін. Бұл ешуақытта есіңнен шықпасын!

Әжесі зорға тоқтайды. Тәрбие тақырыбына келгенде «жанып» кетеді. Арқаланып, құлшынып, екпіндеп-екпіндеп сөйлейді. Жалықпай, ұйықтап қалмай тыңдай берсең жыраулар секілді таңды таңға ұрып «жырлауға» бар. Ал осы турасында үнемі айтып отыратындықтан Айдос ол әңгімелердің біразын біледі, жаттап алған.

Негізі мәселенің бәрі осы «тәрбиеге» байланысты туындайды. Себебі, өзі айтатындай, әжесі ұза-а-ақ жыл мектепте мұғалім болған. Қатардағы, жәй ғана мұғалім емес, есімі елге мәлім озат ұстаз атанған. Есепті шемішкеше шағатын мықты математик! Соған сәйкес бұл кісіден оқып, тәрбие алғандардың басым бөлігі білімді болып, жоғары оқу орындарына түскен. Бұл орайда әжесі де мақтанады, немересі Айдос одан да бетер мақтанады. Бірақ…бірақ әлгі тәрбие жағы қиындау. Иә, сүйікті әжесімен бір шаңырақтың астында тұратын Айдосқа оңай емес. Өйткені күндіз-түні тәрбиеленеді. «Олай отырма, былай отыр. Жауырыныңды бүкірейтпе, еңсеңді тік ұста. Басыңды қатты шайқама, қатты еңкейме, мойының үзіліп кетеді. Ауыр зат көтерме, тамырың созылады. Желдеткішті ашпа, суық тиеді. Ана нәрсені неге бұлай істедің, оның түк тәрбиелік мәні жоқ». Қойшы әйтеуір, ескертулерінің шегі көрінбейді. Содан да бұл әскердегі солдат секілді. Қылп ете алмайды. Темірдей тәртіптің құлы. Белгілі бір сағатпен жүреді. Сабақтан боса да мезгілімен қайтады ғой. Ал бос кезінде бір жерге немесе ойынға шыға қойса айтқан уақытта міндетті түрде үйде болуы керек. Өйткені әжесі екі көзі төрт боп жолына қарап күтіп отырады. Тамағын ішпейді. Ең қиыны осы.  Кейде  қанша тырысқанымен  барған  жерінен бірден қайта алмай, аздап кешігеді. Ондайда тамақ суып қалады. Әжесі ашудың арғымағына мініп отырады.

– Қонбадың ба сол жаққа? Мені қайтесің? Достарың болса дүние түгел ғой саған, – дейді бұрқ-сарқ қайнап.

– Өй, балдар ғой жібермеген. Стадион жаққа барып футболистердің жаттығуларын көргенбіз. Шетелден жаңадан екі ойыншы келген. Екеуі де қап-қара, негрлер екен. Соларға қарап аузымыз ашылып қалды. Балдар әлі сонда. Мен тезірек қайттым…, дейді бұл ақталып.

– Тез қайтқаның осы ма? Тамақ баяғыда суып қалды. Қайта-қайта ысытқаннан әбден езіліп, ботқа болды.

– О-о-ой, әже, тамағыңызды іше бермейсіз бе? Маған несіне қарайсыз? Келгесін өзім ысытып жеймін ғой.

– Қалай ішем мен? Сенсіз іше алмаймын. Сенсіз тамағымнан ас өтпейді. Сен шығар бір өзің қақиып отырып соға беретін.

–  О-о-ой, әже-ай…

– Бол тез, көп сөзді қой! Қолы-басыңды жу!

***

Бұлардың үйіндегі жиһаздар мен басқа да дүние-мүліктердің әр жер-әр жері жаралы адамдардай таңылып, қағаз, шүберектермен бүркемеленген. Мәселен, дивандар мен үстелдердің, орындықтардың алдыңғы аяқтары жұмсақ маталармен томпиып-томпиып қаптаулы тұр. Ас ішетін, сабақ оқитын үстелдердің төрт бұрышына төрт кардон қорап кигізіліп байланған. Шкафтардың бұрыштары мен есіктері де осылай көмкерілген. Үйге келген кісілердің таңырқап:

– Мыналарыңыз не? Неге бүйтіп бәрін таңып, байлап тастағансыз? – деп сұрамайтындары кемде-кем.

Айдос жаман ұялып төмен қарайды. Ал әжесі болса өзіне-өзі риза кейіпте түсіндіре бастайды:

– Ана дивандардың аяқтары темір, үстелдердің сирақтары ағаш болғанымен, қырлары пышақтай. Айдосжан бақайымен қағып кетіп, санын ұрып алса тіліп түседі ғой, тіліп түседі. Мына ішкаптар мен қаңқиған үстелдердің бұрыштарын бүркеп қойғасын барып жаным тынышталды. Әйтпесе құлыным бүйірін соғып, еңкейе бергенде көзін шығарып ала ма деп зәрем қалмайтын. Мұның да әдісін таптым. Ү-ү-үһ, қайтейін…

Иә, әжесі өстіп мұны көрінген нәрседен қорғайды да жүреді. Жазатайым бір жерін майып қыла ма деп қорқады. Құдды бұл аяғы жаңа шыққан сәби сияқты. Сондай, енді ғана өз бетінше еркін жүре бастаған бала зыр жүгіріп дамыл таппайтын кезде бірдеңені қағып кетпесін, тізесін ұрып алмасын, отқа, суға түсіп кетпесін деп көлденең тұрған заттарды қуыс-қуысқа тығып, орап, көлегейлеп қоятын  еді  ғой.  Ол  дұрыс енді. Өйткені олар әлі бөпе, ақыл-естері кірмеген, аяғына жаңадан мінгесін жүруді, жүгіруді қызық көретін шығар. Ал бұл ше? Ер жетті емес пе? Өткенде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі жайлы кітаптан оқып алды. Бала бірінші мүшелден кейін ер жете бастайды екен. Бұл қазір тіпті бозбала жаста. Дүрдиген ернінің үстінде үлпілдеп түбіт мұрт тебіндеп келеді. Жарасып-ақ тұр. Бет-әлпетіне жігіттік сипат береді. Айнаға қараған сайын өзін нағыз жігіттерше сезінеді. Қыздарда да көңілі жоқ емес. «В» сыныбындағы Мереймен достасып жүргеніне біраз болды. Өзі сұп-сұлу, бойы сұңғақ, сымбатты. Бұл сияқты ол да спортқа әуес. Жеңіл атлетикамен айналысады.

Сөйткенде әжесінің істеп жүргені мынау. Әп-әйдік немересін әлі бесіктегі баладай сезінеді. Рас, әжесі мұны қатты жақсы көреді. Бұл үшін жанын беруге бар. Әлгі күлкілі, адам ұялатын бүркемелердің бәрін сол себепті де ойлап табады. Таусылмайтын ескертулері мен ұрыса беретіні де, әкесі мен апасынан қызғанатыны да, адамдарға қосқысы келмейтіні де сол «сүюдің» кесірі. «Әжем мені бүйтіп жақсы көрмей-ақ қойғанда ғой, – деп ойлайды Айдос осылайша ренжіген кездерінде. Қазір де дәл сондай ой үстінде жатыр. – Анау әкесі мен апасының үйіндегі, солардың балалары Елдос пен Жандосқа рахат. Бұл кісі олардың да әжесі, бірақ ол екеуімен тіпті де шаруасы жоқ. Ал әлі бір жасқа да толмаған, топ-томпақ, сүп-сүйкімді Самалға бәрінен де рахат. Өйткені ол ештеңе білмейді. Өкпелеуді де, қуануды да, жақсы көруді де, жек көруді де білмейді. Тек апасының ақ мәмесін борпылдатып еміп, құшағында алаңсыз ұйықтаса болды.» Ой-й-й. Айдостың жүрегі біртүрлі елжіреп кетті. Сағынып кетті. Көргісі келді. Үлпектей шашынан иіскеп, топ-томпақ бетінен шөп-шөп еткізіп сүйіп-сүйіп алғысы келді. Тоқта…тоқта… Тек кішкентай Самалды ғана емес, оны құшағына алып аялап отырған адамды да сағынған сияқты… Шіркін, оларға бір барып, көріп келер ме еді… Шіркін-ай, сөйтсе ғой… Тәйт! Бұл өз ойынан өзі шошып кетті. Алақтап жан-жағына қарады. Ұрлық жасаған секілді. «Әжем сезіп қоймады ма екен әйтеуір?» Қорыққаннан маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. «Сезбесе екен, білмесе екен, әжесінің айтуынша бұның түк тәрбиелік мәні жоқ, тәртіпсіз ойларын сезіп қалмаса екен». Сасқанынан үнемі ренжігенде, қысылғанда «Енді не істеймін? Қалай қылсам дұрыс болады? Қандай ақыл бересіз?» – деп «көмек сұрайтын» атасының портретіне қарады.  Сөйтсе диван-кроватының тұсында ілулі тұрған атасының суреті жоқ. Көзін уқалап-уқалап, кірпігін қағып-қағып жіберіп қайта қарады. Жоқ! Сүйікті атасының, соғысқа қатысып Сталинградты, Москваны жаудан қорғаған, танкист болған ержүрек атасының суретінің орны бос тұр. Ы-ы-ы! Енді есіне түсті. Әнеу күні әжесі:

– Ана шалдың суретін жалпитпай ол жерден алу керек! – деген.

– Неге? Тимеңіз оған. Мен ылғи атама қарап жатам, – деген бұл шырылдап.

– Жоқ! Алу керек! Зілмандай бәле басыңа түсіп кетсе, тіл тартпай кетесің.

Иә, әжесі алған бетінен қайтпайды. Ойлаған нәрсесін орындамай тынбайды. Суретті қайда қойды екен енді?

Ол орнынан қалай ұшып түрегелгенін білмей қалды.

– Әже! Әже!

– Ау, құлыным, тұрдың ба, келе ғой, өзім де барайын деп отыр едім. Сен жақсы көретін шибауырсақ пісіріп қойдым.

Жұмыртқаға илеп, қаудырлатып пісірген тегеш толы шибауырсақты көргенде Айдостың екпіні басылып, қалт тұрып қалды.

«Ай, әжем-ай, әжем-ай! Мен үшін не істемейсіз?! Жарты ғасырдан астам уақыт отасқан шалыңыздың суретін де алып тастадыңыз. Міне, енді онсыз да қайнап тұрған ыстық үйде отқа түсіп нан пісіріпсіз. Асыл әжем менің!»

Сәлден кейін әжесі мен баласы аузыңа салсаң еріп кететін ақсары шибауырсақпен шүйіркелесіп шай ішіп отырды. Қарсы қабырғадағы портреттен жүзінен мейірім шуағы төгілген атасы бұларға «ризашылық сезіммен қарай қалыпты».

Несібелі РАХМЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<