Тәуелсіздік – елімнің алтын арқауы!

1053

0

Елдік үшін қиып ғазиз ғұмырын,

Бабаларым ұран еткен ұлығым.

Төл мерекең құтты болсын ағайын,

Тәуелсіздік – киелі алтын тұғырым!

Бағым да сенде, барым да сенде, баяндым,

Ар-намысым, жаным да сенде аяулым. 

Сенімен ғана Қазақ елі мәңгілік,

Сенімен бірге көз іліп, бірге ояндым.

Оянып, бірге ұшқын атып жанарым,

Қуанып тұрып төңірекке көз сап қарадым.

Күлімдеп күнім, үмітпен қарап тұр екен,

Көк байрағым желбіреп «Арман Аралым!»

Еріксіз сонда жорғалап билеп бармағым,

Жан серігім домбырамды қолға алдым.

Ғаламат бір күй кеудемді кернеп ағылып,

«Тәуелсіздік толғауы» деп толғадым!

Тәуелсіздік келген жоқ бізге тосыннан,

Тәуелсіздік – бабалар салған асыл ән.

Асыл әнге қасиетті кешегі,

Желтоқсанның боздақтары қосылған.

Боздақтардың орындалып арманы,

Тәуелсіздік алтын шамы жанғалы.

30 жыл толды, біле білсең жас ұрпақ,

Шын бақыттың басымызға қонғаны!

Желтоқсанның алауынан от алып,

Елің үшін қызмет етіп, бата алып.

Өнеріңді төгіп өтсең арман жоқ,

Қазақстан азаматы атанып!

Тәуелсіздік – боздақтардың толғауы,

Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы, қолдауы.

Жасай бер мәңгі ерлерім салған жарқын жол,

Тәуелсіздік – елімнің алтын арқауы!

ҚОШ КЕЛДІҢ, ЖЫЛЫМ-БАРЫСЫМ!

Жаңа жыл келді әлемге жаңа нұр шашып,

Тіршілік біткен жаңа өмірге шын ғашық.

Еңсесі биік болса екен деп елімнің,

Тілеймін мен де аққардай аппақ жыр шашып!

Бойға қуат, жанға жігер, намысым,

Ұран еткен бабалар асыл арысым.

Ерлігімнің, елдігімнің символы,

Қош келдің жылым – қыран қанат Барысым!

Жағылса деймін, жағылмай қалған шырақтар,

Ашылса деймін, ашылмай жатқан бұлақтар.

Арманшыл көңіл қырандай биік қалықтап,

Арал мен Сырым арнасы толып тұрақтар.

Көп болса ерлер көш бастап қолға ту алар,

Жыр-жүрек шіркін, толғанбай қалай тұра алар?!

Турашыл билер туралап тартса тайсалмай,

Әз халқым сонда сеніммен қарап қуанар!

Арғымақ мінген азамат жолдан адаспай,

Астамсып сөйлеп, «мен, мен!» деп босқа таласпай.

Ойланып шешсе пайдасы тиер жұртына,

Сөзі мен ісі тұрғанын біліп жараспай.

Қымбат емес жалған байлық, алтының,

Қымбат маған жыр сыйлаған әр күнім.

Қай кезде де қадірімді білер қамқоршым,

Бәрінен қымбат амандығы халқымның.

Киелі жылым әрбір үйдің отбасын,

Бақытқа бөлеп, қабағың кірбің шалмасын.

Нұрлы Отаным нұрын төгіп мәңгілік,

Тәңірім қолдап, қазағым биік самғасын!

Мұрат СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

«Құрмет» орденінің иегері,

Арал ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<