Ұлт мәйегін ұйытып Ұлытаудан,
Керуен-тарих көшімен ғасыр ауған.
Сарыарқаның кіндігі ата жұртым,
Тін өріліп, Тәңірдің нұры жауған.
Ақ киізге көтеріп хан-сұлтанын,
Ел бірлігі басталды ұлықтаудан.
Ұрпақтардың еншісі – Ұлы дала,
Аманаты – тастағы «таңба-таған».
Сақ, ғұн, түрік, қыпшақтың батырлары,
Көрік басып, дұшпанға қару жонған.
Іргелі ел, шаңырақты ұлылардың,
Ұлы жұрты, киесі, қыдыр қонған.
Топансу тоғытқанда жердің жүзін,
Шың-шоқысын басының жаба алмаған.
Кенереңді көктеген өзен, сулар,
Табиғаттың тартуы дүррі-маржан.
Дешті қыпшақ қазығы Ұлытауда,
Ұлт ұраны жалғасқан Алашадан1.
Тұранды тұтастырды ол, айбатымен,
Өрелі билік етіп Хан ордадан.
Тоқтамыс, ер Едіге ел билеген,
Мұрагерлер із басқан ұлы ханнан.
Азияның барысы – Ақсақ Темір,
Ат қаңтарып, жоныңда ізі қалған.
Асанқайғы желдіріп ақ бурасын,
Жерұйықты іздеген Ертағынан2.
Кетбұға азалаған хан баласын,
«Ақсақ құлан» күй тартып Кертағынан3.
«Ұлық ұлыс»4 – ұлы жол, ұлт арқауы,
Ұлытауды жастанған Жошы ханнан.
Жәнібек, Керей дәуірлеп, ту көтерді,
Қазақ деген халықтың хандығынан.
«Жеті жарғы» мирасы Әз Тәукенің,
Әділетті «қасқа жол» – Қасым ханнан.
Жоңғардан елін, жерін азат еткен,
Абылай орда орнатты – Бабатаудан.
Арғанаты, Айыртау, Әулиетау,
Шежіре, сыр шертеді заманадан.
Ұлытауым, ұлысың – ұлт ұясы,
Ұлтың да ұлы, нәр алған тек-қайнардан.
Әлемді мойындатқан сан қырларың –
Тарихыңның кәусары түпте тұнған.
Арманы орындалып бабалардың,
Тәуелсіз ел атандық, бағы жанған.
Ұлт ұпайын түгелдер ұлдарың бар,
Ту құлатпай, болатын елге қорған.
«Ай тұяқ» мөрлі алып ел – «Алтын орда»,
Шаңырағын көтерген Ұлытаудан!
1. Алаша – Алаша хан (ұлт ұраны).
2. Ертағы – Ұлытау.
3. Кертағы–Кішітау .
(Жошы ұрпағы Әбілғазы Баһадүр ханның «Түркі шежіресінен»).
4. «Ұлық ұлыс» – Алтын орда мемлекетінің негізі.
Даража Балапан,
заңгер,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың иегері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<