Ыстық самса

929

0

Абажадай орталық әмбебап дүкеннің алдындағы жұрт сеңдей соғылысады. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан халық араның ұясы тәрізді қобыр-қобыр. Жолай самсаған дүкендердің әрқайсысына бас сұға өтіп, көк базар құлайтын, көк базар жақтан шалдығып қайтып келе жатқан кісілер біріне-бірі қақтығысып, сапырылыса ағады. Бүгін – жексенбі. Көктем енді дем беріп келеді. Дүкеннің жанындағы жерасты өткеліне түсетін баспалдақ жанында самай шашы ширатылған, қараторы келіншек онсыз да ың-жың көшені саңқылдап басына көтеріп тұр:

– Самса! Самса! Ыстық самса алыңдар! Самса!

Тоқтап қалған сауда да жоқ, қаңтарылып бос тұрған бұл да жоқ, әйтсе де жағына тыным тағы жоқ. Өтіп бара жатқандардың бірсыпырасы жырыла кідіріп, айтқандай-ақ ыстық шелпектен сатып алады да, келесі дүкеннің қызығынан қалып қоймасқа жолай күйсеген күйлері асығыс кете барады. Дауыс өктем де ашық:

– Самса! Ыстық самса!

Сол қолында таяғы, оң қолындағы тордың ішінде екі бөтелке айран мен бір бума картобы бар, қолдары қалтыраған арық шал самса сатушыға жақындап келді де, жерге қарап, шұқшиған күйі аңырып тұрып қалды. Кейбірі жартылай желінген, кейбірінің шетінен бір ғана тістелген самса қалдықтары әрлі-берлі өткен адамдардың аяқтарының астарында батпаққа батып, әр-әр жерде иленіп жатыр еді. Көзі жасаураған қарияның түсі бұзылып, нан мен өткен-кеткендерге кезек аңтарылып едәуір тұрды. Бірақ, аяқ астына қарап, нанды көтеріп былай алып қойып жатқан  кісі көрмеді: бәрінің де мұршалары жоқ, әлдеқандай шетелдік заттың маңында топырлаған кезек жаққа мойындарын созып ентелей ұмтылады.

Сәл беріректе, балалардың жеңіл аяқ киімін сататын ләпкенің жанына үймелеген шоғырдың шетін ала бере, нанды көзі аларып обырлана асап тұрған орта жастағы әйел, ұрты бұлтиған қызының аяқ астына лақтыра салған самсасын тас үйдің іргесіне қарай аяғымен ысырып тастады. Сол-ақ екен қолы қалтыраған шал ышқынып барып, семіз әйелдің аяғын таяқпен қағып қалған.

– Ұятсыз! Нанды тебе ме екен! Ең болмаса баладан ұялсаңшы…

Өзі еңкейіп алдымен әлгі қыздың бір тістеп лақтырған нанын көтерді. Сонан кейін күбірлей жүріп, ақсиған  тістердің ізі қалған, аяқ астында балшыққа батып езіліп жатқан басқа да шелпектерді тезек тергендей біртіндеп тере бастады.

Мына қол жұмсаған алжыған шалмен шаппа-шұт ұрыса кетпеген шешесіне қыз таңырқана қарайды:

– Немене? Атаның қарны аш па? Тастаған нанды неге жинайды?

Әйел балшық болып қалмады ма екен деп шұлығына қарады да:

– Мүмкін, аш шығар… Мүмкін, жалғызбасты болар. Көгереңдеп жүргенін көрмейсің бе?! Жүр, – деп қызын жетектеген күйі төмен, трамвай аялдамасы жаққа асығыс бет алды.   

Шал қалтақтап бір қолымен қабырғаға сүйеніп, жерасты өткеліне түсті де, қалааралық сөйлесу орталығы алдындағы тыныштау алаңқайға өтті. Баспалдақтың тас жақтауына сүйеніп тұрып, тайыншадай қара ала ит жетектеп ойнап жүрген кішкене қызды қол бұлғап шақырды:

– Бері кел, қызым. Итіңе нан берейін.

Шал адам аяғы баспайтын, енді-енді тебіндеп келе жатқан көгалдың үстіне газет жайып, газетке торындағы нан қалдықтарын ақтарды. Тапталып, мылжаланған нан бір үйме болды.

– Джек ондай нанды жемейді ғой, ата, – деді бұның жанына итін жетектеп келген қыз.

– Неге жемесін. Нан жемейтін ит болатын ба еді…

Деуін дегенмен қыз жүні жылтыраған семіз итін үйіндіге тартқылап алып келді. Джек үйінді шелпекті еңкейіп бір иіскеп алды да, әріректе, төменде «Табиғат сыйы» көкөніс дүкенінің алдында құлағы салпақтап доппен ойнап жүрген қарала қаншыққа одырая қарады. Қыз: «Джек! Джек! Нан жейсің бе?» – деп қарғы бауынан тартып еді, төбет кекірейіп енді орталық дүкен жаққа мойын созып жіберіп, нанның үстіне сарымаққа оң аяғын көтере берді. Шал бұндай болар деп мүлде күтпеген екен, аяқ астынан тыпырлай бажылдап, тұра ұмтылып, жанында тұрған таяғын таба алмай, екі қолын ербеңдетіп, маңғаз тұрған итті қуды.

Қыз:

– Айттым ғой, әнекей. Джек ондай нанды жемейді, – деп итін жетектеген күйі көгалға қарай жүгіре жөнелді.

Қарттың көз алды буалдырланып, қолы дірілдеп кетті. Тамағы қаңсып, үні шықпай қалған.

Шелпектерді қалтаға орап, төмен түсетін баспалдақтың тас жақтауына алып барып, буын-буыны дірілдеген күйі, енді жабайы көгершіндерге үлестірмекке біртіндеп уатып шаша бастады. Әлдене деп күбірлеп сөйлеп отыр. Жан баласына қарамайды. Ұнжырғасы түсіп, бүрісіп шөгіп кеткен.

Дәл осы жерден нәпақа тауып әдеттенбеген көгершіндер мен торғайлар да оңайлықпен жинала қоймады. Олар тас жолдың арғы жағындағы автобус аялдамасы жанындағы қоқыс салғыштан жарты бөлке нан тауып алып, көкпарға салып әрлі-берлі сүйрелеп, жұлмалап жатқан. 

Арғы беттегі шаңқылдаған дауыс бұл жаққа ап-анық естіліп тұр.

– Самса! Ыстық самса алыңдар!

Молдахмет Қаназ,

жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<