Жүрек жазбаларым

661

0

Еркін Әбіл – Сыр журналистикасының ардагері,  бірнеше кітаптың авторы. Ол республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Сыр бойы» және бірнеше аудандық басылымдарда қызмет атқарған. Оның қаламынан туған дүниелер туған жердің, абзал жандардың, қимас достарының өмірі мен өнегесіне арналған.

Қаламгерге өзі туған Арал ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Біз бүгін оның жүректегі жазбаларын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Қараөзекке» қар жаумай ма?

Кезіндегі Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер (тілші) болып еңбек жолымды бастағанмын. Қоңыр күздің бір күні еді. Қыр астында қытымыр қыс тұр. Қой шаруашылығының қыс айларына әзірлігін сарапқа салу үшін жұмысқа қабылданған күннің ертеңіне редактор Ізхан Досмағанбетов «Қараөзек» қаракөл қой совхозына іссапарға жіберді.

«Қаракөл» қой совхозы бастауыш партия ұйымының хатшысы әкемнің туған інісі Әбжәми Сұлтангереев ағам болатын. Іссапарға келген мені ағам құшақ жая қарсы алып, «ГАЗ-69» қызметтік автокөлігін астыма өңгертіп жіберді. Марқұм Айдархан есімді автокөлік жүргізуші екеуміз үш күн бойы барлық қой фермаларын аралап, қысқа әзірлік барысына барынша қанықтық. Көптеген қой қоралары мен шопан үйлерінің жөндеуден өтпегенін, жем-шөптің де жеткіліксіз екенін өз көзімізбен көріп, көңілге түйіп қайтқанбыз.

Ұзын сөздің қысқасы сол, ертеңіне «Еңбек туы» газетінде «Қараөзекке қар жаумай ма?» деген көлемді сын мақалам бұрқ етіп шықпасы бар ма?! Өздеріңізге мәлім, ол кезде коммунистік партияның дүркіреп тұрған шағы. Газетте сын мақала шықты екен, іле-шала аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде қаралатын. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы талапшыл да турашыл Қонысбек Қазантаев болатын.

…Бюро мәжілісі өтіп жатыр. Жоғарыда айтқан Әбжәми ағам да бюро мүшесі болатын. «Әттеген-ай, бекер жазған екенмін» деген ой тұманында салым суға кетіп мен отырмын. Ал, бюро мүшелерінің талқы таразысына түскен совхоз директоры Зинадин Мыңбаев пен бастауыш партия ұйымының хатшысы Әбжәми Сұлтангереевтің ұнжырғалары түсіп, түрегеліп тұр. Жарыса сөйлеген бюро мүшелері оларды жерден алып, жерге салды. Тоқетері сол, совхоз директоры З.Мыңбаевқа қатаң сөгіс, ал ағам Ә.Сұлтангереевке сөгіс берілді.

«Қалам ұшымен ағамның жүрегіне жара салдым-ау» деген оймен қатты қапаланған мен бюро отырысынан соң ағамның алдында басымды иіп тұрып кешірім өтіндім. Сонда ағам:

– Інім-ау, «Бірге тусақ та бірге жүрмек жоқ» деп атам қазақ бекер айтпаған. Жұмысың ғой, қайта дұрыс жазыпсың. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, бұл бізге сабақ болды. Рахмет, айналайын, ойың өткір, қаламың ұшқыр болсын, – деді де жылы жымиыспен жауырынымнан қағып еді-ау. Аға алақанының табы тұла бойымды әлі күнге дейін жылытып тұр.

Айтпағым, «Тура биде туған жоқ» деп атам қазақ айтқандай, еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп, ақ жолдан адаспай жүріп ғұмыр кешкен осындай азаматтардың өмір жолдарынан өнеге алайық, ағайын.

«Мені жырау дейсің бе?»

Бірде Қонекең Қазантаев аудандық газет редакторының орынбасары Болатбек Аманбаев екеумізді шақырыпты. Бардық. Амандық-саулықтан соң:

– Сендерге тапсырма, бүгінде отбасы, ошақ қасында отырған нәзік жандар жетерлік. Оларды жұмысқа тартуымыз керек. Содан да жақында жұмыссыз әйелдердің аудандық кеңесін өткізгелі отырмыз. Соған байланысты менің сөйлейтін сөзімді дұрыстап дайындаңдар, – деп тапсырды.

Болатбек аға екеуміз күн-түн көз ілмей дайындайық келіп. Әңгімені «О, аналар, осындайсың бәрің де, жасың-дағы кәрің де» деген жыр жолдарымен бастап, келе-келе көсіліп бір бердік. Тіпті, орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийдің аналар жайлы толғанысына да орын тиді. Әйел-аналар жайлы жазбаларымызды 20 парақ қағазға түсіріп, Қонекеңе бардық. Әйелдер кеңесі ертесіне өтетін.

Ат шаптырым бөлмедегі үстел басында Қонекең, кіреберіс жиегінде біз отырмыз. Көзәйнегінің үстімен жазбаға тесіле қараған Қонекең бірінші беттен бір-екі сөйлем оқыған болар, екінші бетіне ауысты. Мұны да жедел парақтап, үшінші бетке. Мен Бөкеңе, Болатбек аға аң-таң күйде маған қарайды.

Бір кезде… О, Алла… Құй сенерсіздер, құй сенбессіздер, шашылған 20 парақ жазбамыз үстел үстімен жарыса сырғып, бізге қарай келе жатты. Еденге шашылып түскен жазбамызды тоңқаңдап жинап жүрміз.

Қонекең:

– Мені жырау дейсіңдер ме? Барыңдар, әйда, өзім айтармын, – демесі бар ма?

Еңсеміз түсіп, есеңгіреп сыртқа шықтық. Содан Бөкең:

– Айттым ғой, біз бекер бұлбұлша сайрап кеткенбіз. Қонекең нақты деректі ғана тілге тиек ететін. Ертеңгі әйелдер кеңесіне барайық, сонда көреміз қызықты, – деген.

Ертеңіне бардық. Аудандық мәдениет үйінің ішінде ине шаншар жер жоқ. Мінбеге көтерілген Қонекең әңгімесін төгіп жатыр.

– Дұрыс. Үй тіршілігі, бала тәрбиесі сіздердің мойындарыңызда. Десе де отбасы, ошақ қасында отырып қалу жараспайды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп атам қазақ тектен-тек айтпаса керек. Ендеше, қолдарыңыз қалт еткенде неге еңбек етпеске? Қараңыздаршы, орталарыңызда темір тұлпарлардың құлағында ойнап жүрген комбайнерлер мен тракторшылар, дарабоз диқандар мен балды бармақ сауыншылар бар ғой. Осылардың өмір жолдарынан неге өнеге алмасқа? Әйел-аналар мен бойжеткен қызғалдақтар, ойланыңыздар, – деген Қонекеңнің түйінді сөзін залды кернеген қол шапалақ көмкеріп тастады.

Ұмытпасам, сол 1970-1980 жылдары Тереңөзек ауданында «10 қыз» атты күрішші және сауыншы қыздар бригадасы жасақталып, нәзік жандар да қол еңбегіне құлшына кіріскен болатын. Бертін келе комбайн мен трактор тізгінін ұстағандар де көбейе бастады. Нақтылай айтар болсам, күрішші арулар, Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаева, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттары Бексұлу Синаева мен Райкүл Жалғасбаева, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Алтынай Адаева, «К-700» тракторының тізгінін ұстаған Рысты Өкшебаева, «Ленин» орденді сауыншы Сәуле Өмірзақова, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, шопан Баһаркүл Қордабаева Қонысбек Қазантаевтың үндеуімен еңбек рахатына бөленіп, халық құрметіне кенелді.

Қонекеңді артында өлмейтұғын із қалдырған азамат еді деп қалай ғана айтпасқа?

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<