Жұмақ арал

513

0

Баяғыда Арал теңізінің қойнауында Ахмет деген дәулетті, бай адам өмір сүріпті. Оның Анар, Жанар, Зере атты үш қызы болыпты. Үшеуінің де бойына Алла бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі қасиет дарытыпты. Үлкен қызы Анардың дәмі тіл үйіретін алуан түрлі ас пісіретін аспаздығымен аты шықса, ортаншы қызы Жанар он саусағынан өнері төгілген тігіншілігімен елге танылыпты. Ал, кіші қызы Зере болса әкесінің ат шаптырым ауласына лала гүлі жайнаған, бұлбұл құсы сайраған гүлзар бақ орнатқан, табиғатпен тілдескен тамаша қасиетімен көзге түсіпті. Әлгі дәулетті Ахмет бай қыздары ес білгеннен-ақ өзіндей терезесі тең байлармен құдандалы болып, қыздарын атастырып қойыпты.

Күндерден күн өтіп, қыздар кәдімгідей бірінен-бірі асқан сұлу болып бой жетіп, ұзатылар жасқа да келіпті. Бір күні Ахмет бай «Келіндеріңді алып кетіңдер» деп құдаларына хабар беріпті. Көп кешікпей тарту-таралғысымен, артынып-тартынып, үш жақтан үш құдасы да керуендетіп келіп жетеді. Жасына қарай алдымен үлкен қызы Анар ұзатылады. Ол той дастарханының бар мәзірін өз қолымен дайындап, дәмі тіл үйірген тағамдарымен құдаларының көңілінен шығады. Ортаншы қыз Жанар қонақтарға көзге көрінбейтін жібек жіппен зерлеп тігілген қамқа тон, құндыз бөрік сыйлап, ол да ерекше көрініпті. Енді кіші қыздың кезегі келеді. Зере өзінің күйеу жігітінен бастап барлық құдаларға бір-бір гүл, бір-бір бұлбұл сыйға тартады. Не киер киім емес, не ішер ас емес қолдарындағы бір-бір гүл, бір-бір бұлбұлдарымен не істеп, не қоярын білмей аңтарылған құдалар «Бұл не қылған мазақтары» деп әбден ашуға мініп отырады.

Құдалардың жағдайын білуге қыз әкесі келгенде бас құда орнынан буырқана тұрып:

– Атам қазақ гүлдің түбі шөп деген, құстың түбі бір асым ет деген. Бір қолымызға гүл, бір қолымызға құс беріп қақшитып отырғызып қойған бұл не қорлықтарың. Біз мұндай мазақтарыңа көнбейміз, кетеміз, – деп ашуға мініпті.

Бұған не дерін білмеген қыз әкесі:

– Айтқандарыңызға құлдық, сәл сабыр етіңіздер, бұған қызымыздың өзі жауап берер, – деп қызын шақыртыпты.

Сонда Зере:

– Құрметті құдалар, сіздер мені дұрыс түсінбеген екенсіздер. Қолдарыңа гүл бергенім – ертең барғанымда елдеріңді гүлдей жайнатамын, ал құс бергенім – көңілдеріңді осы бұлбұлдай сайратамын деген тілегім еді. Мені әлден түсінбесеңіздер, келешек келін болып та келіспеспін. Мен сіздерге лайық емес екенмін, одан да бас бостандығымды беріңдер! – деп отау үйіне кіріп қайтып шықпапты.

Келіннен де, сөзден де жеңілген құдалар кешірім сұрап қаншама барғанымен қыз келісімін бермейді. Сөйтіп бұл құдалар еліне келінсіз бос қайтады. «Құдалықтан айырып, халқыма мазақ еттің» деген Ахмет бай да қызына ашулы күйде қалады.

Күндерден күн өтіп жатады. Зере болса сол баяғы қалпы, солған гүл, шөлдеген шөп көрсе су құйып тірілтеді. Қанаты сынған құс, аяғы сынған аң көрсе соны ұстап емдеп, сауықтырып жібереді. Осылай ертелі-кеш құстармен сөйлесіп, гүлдермен сырласады. Бұларға шын беріліп кеткені сол, өзге дүниеге көңіл де аудармай, үйін де, әке-шешесін де ұмытып кететін. Зере өте сезімтал, табиғатпен біте қайнасқан, бір тылсым күштің иесі еді. Оның бұл қасиетін ешкім білмейтін. Содан да болар бертін келе кейбіреулер «Ахмет байдың қызына даланың салқыны тиіп, гүл мен құсқа әуейі болып ақыл-есінен ауысайын депті» деген сөздерді де айтатын болыпты.

Осыны естіген Ахмет бай бір күні отырып: – «Ахметтің ақылынан адасқан қызы» дегенді естігеннен өлгенім артық. Бұл қыздың жаман аты жайылмай тұрғанда оны бір жерге апарып тастайын. Қалай өмір сүріп, қалай адам болар екен, сөйтіп бір сынап көрейін, деген тоқтамға келеді. Сөйтеді де қызының қажетті заттарын алдырып, қасына үш жалшысын қосып, үлкен кемемен Ұлы теңіздің қиырындағы адам аяғы баспаған бір аралға әкеліп тастайды. Әкесінің ауласынан жүз есе үлкен, неше түрлі аң-құс мекендеген ну жынысты, айналасын ұлы теңіз қоршаған қауіпсіз мына үлкен аралға қожалық еткеніне Зере қатты қуанды. Келу бойына жалшыларымен жедел іске кірісіп, өзімен бірге ала келген жеміс-жидек, бау-бақша, алуан гүлдердің дәнін егіп, бұлбұл құстарын еркіндікке жіберіп, елсіз аралға жан кіргізіп, ажарландыра түседі. Биік төбенің баурайындағы көмілген бұлақтың көзін ашып, суы тұщы көрікті көл жасайды. Теңіздің ащы суынан жеріген аралдың аң-құстары бұлақтың балдай тәтті суынан мейірлене ішіп, аққу-қаздары айна көлде еркін жүзіп, жан рахатына бөленеді. Жеміс бағы жайнаған, бұлбұл құсы сайраған аты жоқ арал аз уақытта дертке дауа, бойға қуат, жанға рахат берер жұмақты мекенге айналады.

Ахмет бай болса ата-анасынан гүл мен бұлбұлын артық көретін ақылсыз қызының ертеңін ойлап ауыл-аймаққа: «Кімде-кім менің қызыммен көңілі жарасып, тұрмыс құрамын десе кәрі-жасына қарамай бәріне де рұқсат беремін» деген тілегін таратады. Байдың тегін қызынан кім тартынсын, бұл хабарды естіген өңірдің батыры да, пақыры да желкенді қайықпен желдей есіп, белгісіз аралды бетке алыпты. Бірақ қаншама адам ол жаққа кетсе де, олардың бірде-бірі қайтып оралмапты. Сөйтіп, ол арал келе-келе «Барсакелмес» атанып кетіпті.

Теңіздің түбіндегі балықшы ауылда бір шал-кемпірдің үш баласы болыпты. Солардың үлкені «Барса келмейтін бұл неткен арал? Мен қайткенде  де ол аралға барамын. Зере сұлуды қалыңдыққа аламын, әрі ол жаққа кеткен ауылдастарымының өлі-тірісін біліп қайтамын» деп, әке-шешесінен рұқсат алып, қайығының желкенін көтеріп, теңізбен жол тартыпты.

Ал желкенді қайықпен бір адамның келе жатқанынан Зере сұлу да хабардар болады. Әдеттегідей алдынан шығып, жігітке гүл мен бұлбұл сыйлап құрметтеп қарсы алады. Бірақ, ашулы апайтөс ауыл жігіті Зеренің гүлі мен бұлбұлына көз қиығын да салмай: «Маған тек сен керексің. Сол үшін де міне, мен келіп тұрмын. Енді сен мендіксің» деп Зеренің ақ білегінен шап беріп ұстап жібермейді. Осы сәтте Зере өзгеше бір белгі беріп еді арыстаны ақырып, жолбарысы атылып жетіп келеді. Зәре-құты қалмаған әлгі жігіт жер бауырлап жата  қалады.

Сонда Зере:

– Жігітім, мен іздеген адам сен емес екенсің. Маған жар болу түгілі, алдымен қызметшім болуға жаралғаныңа шүкіршілік ет. Сенің қатарың анау жақта, – деп жұмыс істеп жатқан жалшы жігіттерін көрсетеді. Барып қараса бәрі де баяғы Зере сұлуға үйленемін деп үміттеніп келген ауылдастары екен. Олардың амандығына көзі жетіп, қуанып қауышады.

Қаншама күндер өткенімен, үлкен ұл қайтып оралмайды. Ағасының хабарсыз кеткеніне қатты күйінген ортаншы ұл «енді менің кезегім» деп ол да желкенін көтеріп, теңізге түседі. Бірақ бұл жігіт те ағасының кебін киіп, Зеренің көп қызметшілерінің қатарына келіп  қосылады.

Теңізге телміре қараумен талай күндер өтеді. Екі ағасынан да еш хабар келмейді. Енді кенже ұл – Төренің кезегі келеді.

Бірақ әкесі:

– Айналайын, балам, ол аралды халық «Барсакелмес» деп тектен-тек айтпаған. Ол жаққа кеткен адамдардың бүгінге дейін бірде біреуі қайтып келген емес. Ай-күннің аманында екі ұлымнан айрылдым, енді сені жоғалтсақ, қартайған біздің ертеңгі күніміз не болмақ?! Ауылдың беткеұстар азаматтарының бәрін сол арал алып тынды. Енді елге ие болар сенен басқа адам қалған жоқ. Райыңнан қайт, – деп қанша ақылын айтып, жалынғанмен кенже ұлы келіспепті.

Ақыры әкесінің ақ батасын алып, ақ желкенін көтеріп, «Барсакелместі» бетке алып сапар шегеді.

Ақ желкенді қайықтың келе жатқанын алыстан аңғарған Зере сұлу қонақты қарсы аулуға кіріседі. Ұлы теңіздің сонау түбегінен арып-ашып келген жігітті әдеттегідей алқызыл гүлмен, бұлбұл құсымен қарсы алады. Гүлін жүрек тұсына қадап, бұлбұлын иығына қондырған кенже ұл иіліп ілтипатпен сәлемдеседі. Өзінің сый-құрметін ойдағыдай қабыл алған жігітке риза болған Зере сұлудың көңіліне қуаныш, көзіне күлкі үйіріліп қонағын салтанатты сарайына алып келеді. Арман-тілектері жарасқан, сағынысып қауышқан екі жастың әңгімелері әсте таусылар емес. Зере сұлу болса әкесінің ашуымен осы аралға әкеліп тастағанын, өзіне талай жігіттердің үмітпен келгенін, бірақ бірде-бірі жан сезімін түсіне алмағанын, сондықтан да оларды туған жердің тікенді шөбінен бастап торғайына дейін жанашыр болуға үйрету үшін бағбандық жұмысқа салып қойғанын да әңгімелесе, жігіт солардың арасында өзінің де екі ағасының барын айтып, біраз күлісіп шер тарқатады.

Зере мен Төре қосылып, аралды бұрынғыдан да абаттандыра түседі. Қырында құлан мен бөкені жосыған, қопасында қабылан мен барысы мекендеген, тоғайында сан алуан құстар сайраған, бау-бағында хош иісті гүлдер жайнаған бұл арал бейне бір жұмақ мекенге айналады. Тіршіліктің түтінін көрген теңіздің жолаушы кемелері де енді бұл аралға соқпай кетпейтін болды. Кеме тоқтайтын айлаққа аяқ басқаннан-ақ аралдың жұпар ауасы бойға қуат, дертке дауа дарытып, жан рахатына бөлейді. Жұмақты мекенге айналған аралдың аты алысқа тарап, естіген ел сол аралға барса екен, барсақ екен деп армандайтын болыпты. Содан болар бұл арал келе-келе бұрынғыдай «Барсакелмес» емес, барса келетін, халық «Барса екен, барсақ екен» деп армандайтын «Барса» атанып кетіпті.

Осындай табиғатын түлеткен жұмақ аралда өмір сүретін Төре мен Зеренің де үйленер шағы келіпті. «Әкемді ренжітіп кеткен едім, бүгінде ол қандай күйде екен. Елге барайық. Әкемді риза етіп, қолынан ұзатылайын» деген Зеренің тілегін Төре де қабыл алыпты. Сөйтіп, үлкен кеме соқтырып, Төре мен Зере барлық қызметшілерімен елге бет алады. Зере алдымен әкесіне бір хабар беру үшін өзінің бұлбұлын ұшырып жібереді.

Бұл кезде Ахмет бай кәрілікке бой алдырып, ауру айналдырған, Зереге деген сағыныштан сарғайып, төсек тартып жатқан еді. Көзі ілініп кеткен екен ақ желкенін көтерген алып кемемен тау толқындарды қақ жарып, жанында жүзінен нұр төгілген жігіті бар, айдай жарқырап Зере қызы жүзіп келеді. Ояна келсе түсі екен. Жастығынан жандәрмен басын көтерсе құлазыған бағынан бір бұлбұлдың таныс үні құлағына келеді. Терезеден қараса, сайрап тұрған Зеренің бұлбұлы. Қуанғанынан: «Кемпір, а кемпір, Зере қызым келе жатыр ғой, қарашы» деп айқай салады. Шынында да ақ желкенді үлкен кемемен жүзіп келе жатқан Зере сұлу еді. Алыс-жақын ауылдардағы бүкіл халық Зерені құрметтеп күтіп алуға жағалауға жүгіреді. Олардың арасында «Барсакелмеске» аттанып, қайтып оралмаған жігіттердің де ата-аналары болатын. Аман-сау қауышқандарына бәрі де қуанысып, той-думан жасайды.

Зере әкесіне келіп, сәлем беріп, басынан өткен барлық мән-жайды асықпай баяндап береді. Өз теңін тауып, елсіз аралды ел таңданатындай жұмақ мекенге айналдырған қызына риза болған Ахмет бай оның бар тілегін орындап, Төреге Зере сұлуды өз қолынан той жасап ұзатыпты. Осылайша екі жас өздерінің жұмақ аралдарында өле-өлгенше бақытты өмір кешіпті.

Бұл – ақиқат па, әлде аңыз ба, ол жағы белгісіз, анығы біздің аталарымыз осылай деген. Бірақ, Зеренің «Барсакелмес» атанған аралы Арал теңізінде әлі бар. Аты аңызға айналған аралға бүгіндері Зеренің мұрагер сіңілілерінің бірі Зерде сұлу билік құрып, жер жәннатына айналдырып отырған көрінеді. Содан да болар естіген жан бұрынғыдай «Барсакелмес» демей «Барсаға» барсақ екен» деп күні бүгінге дейін армандап келеді екен.

Кешірілген жаза

Бұлар – Әзөк, Жагон, Мико, Сакон есімді бір көшенің бірге өскен балалары болатын. Өміртайдан өзгелері аттарына ерекше екінші есім еншілеп алған, осы көшені ұстап тұрған белсенділер еді. Солардың ішінде ең пысықайы, әрі сотқары орыс мектебінде оқитын Жагон.

Бесінші сыныптан кейін Өміртайды атасы мұсылмандық, имандылықты үйренсін деп қаладағы орталық мешітке оқуға тіркетті. Күнделікті сабақтан кейін балалардың бірі спорт мектебіне, енді бірі әуез мектебіне барып жүрсе, Өміртай имандылық мектебі – мешітке келіп араб тілі әріптерін үйреніп, мұсылмандықтан дәріс алып жүрді.

Бәленің бәрі осыдан басталды. Мешітке барып жүрген Өміртайды балалар «молда, молда» деп мазақ қылатынды шығарды. Өйткені, Өміртай бұрынғыдай балалармен еркін ойнамайтын. Біреуге ауыр сөз айтпайды, ешкімге тиіспейді. Өзін біреу қатты ренжітсе «Құдай жазаңды берсін» дегеннен әріге бармайтын. Ал, балалар Өміртайдың күрт өзгерген мінезін қызық көретін. Оқудан қайтып келе жатқандарында олар Өміртайға әдейі соғып кетеді немесе қақпақылдап біріне бірі итеріп жібереді. Санасына имандылық пен ибалық сынадай сіңген Өміртай оларға алара бір қарап: «Құдай жазаларыңды берсін» деп жөніне кете беретін. Мұндайда Жагон құтырынып шыға келеді:

– Мына қара, «Құдай жазаңды берсін» дейді. Құдайың қане, жазаңды бергізші, – деп Жагон тағы бір түйіп қалды. – Құдай жоқ қой, жоқ. Жоқ Құдай қалай жазалайды. Одан да сен бізді де ұрсайшы бүйтіп, – деп Жагон тағы бір түйіп жіберді.

Өміртай орыс мектебінде оқитын Жагонның мына қорлығына сазарып жарылардай болып келе жатты. Сөйтті де:

– Құдай жазаңды берсін, – деп қаттырақ жүріп, балалардан озып кетті.

– Айттым ғой ұра алмайды деп, ұра алмайды. Әй, молда, жазалайтын Құдайың қайда? Ха-ха-ха, – деп Жагон мазақтап күліп қалды.

Өміртай достарының мына қылықтарына қатты ренжіді. Әсіресе, Жагонға. Бір көшенің бойында бірге өсті, бірге ойнады. Жазығы мешітке барғаны ма. Сондықтан барынша олардан бөлек жүруге бейімделе берді.

Тағы бірде мешіттен қайтып келе жатқанында Жагондармен кездесіп қалды.

– Сәлем, «молда», – деп амандасып жатыр олар. Өміртайдың да енді лақап аты пайда болып, «Молда» атанып кеткен-ді. Бұлардың тағы да мазағына қалмайын деп бөлектеніп кете барып еді.

– Мына молдаң жүргіш қой, – деген Жагон аяғын арынан шалып қалғаны сол Өміртай сүріне жолға тізерлей құлады. Үстін қаққылап түрегелген ол Жагонды отты көзімен атып: «Құдай жазаңды берсін!» деді.

Жагонға да керегі осы сөз еді.

– Әне, молда осы сөзден басқаны білмейді, попугай ғой, – деп келекелеп күле берді.

Жагонның мына қылығына Өміртайдың ашуы алқымына тіреліп, көзіне жас алып келе жатқаны сол еді, біреудің бас киімін жұлып алып қашып бара жатқанында артындағы жеңіл автокөлікке соғылып, анадай жерге ұшып түскенін байқады. Қараса Жагон. Асфальт жолдың бойында ес-түссіз жатыр. Балалар жүгіріп жетіп келді. Кабинадан атып шыққан жүргізуші жігіт Жагонды көріп еді, тірі екен. Дереу құшағына алып, машинесінің артқы орындығына жатқызып ауруханаға ала жөнелді.

Ал, балалар бұл хабарды ата-анасына айту үшін Жагонның үйіне қарай жүгірді.

Ертеңіне балалар Жагонның орталық аурухананың хирургия бөлімшесінде жатқанын білді. Кешкілік Әзөк, Мико, Саконмен бірге Өміртай да Жагон жатқан палатаға келді.

Сынған қолы гипстеліп, басы таңылған Жагон бұларды үнсіз қарсы алды. Бір-бірлеріне не айтарын білмей бір сәт тұрып қалғанында Өміртай:

– Жагон қалайсың? – деді.

Бәріне өзі кінәлідей сезінген Жагон жайменен:

– Жақсымын, – деді.

«Жагон, мені кешірші, мен саған ылғи «Құдай жазаңды берсін» деуші едім. Содан болды ма, кінә менен, кешірші» деген сөзді Өміртай ішінен қинала қайталаса да дауысын шығарып айта алмады.

Ал Жагон болса: «Өміртай, кешірші мені, саған қаншама қиянат жасағанымда «Құдай жазаңды берсін» деген сөзіңді мазақ қылушы едім. Бұл сол Құдайдың жазасы шығар. Кінә менен, сен мені кешір!» деген алқымына тіреліп, айта алмаған тілегін іштей қайталап, Өміртайға кінәлі адамдай жалтақ-жалтақ қарай берді.

Жагон досының жан күйзелісін жаутаңдаған жанарынан ұққан Өміртай одан әрі шыдай алмады.

– Жагон, кешір мені, – деді.

Осыны күткендей Жагон да:

– Жоқ, Өміртай, сен мені кешір, бәрі менен болды ғой, – деп досына қолын ұсынды.

Міне, қолдың бес саусағындай біріккен – Әзөк, Жагон, Мико, Сакон, Молда жарасымды әзілмен өздерінше көшені жарып келеді. Жагон тән жарасынан да, жан жарасынан да жазылған. Жылы жүзінен айналасына имандылықтың нұрын шашқан Өміртай орталарында ерекше көрінеді.

Атасының кішкентай «пірі»

Күз кезі. Қарашаның қары әлі жаумаған. Күзгі қоңыр салқын түскелі үйлерде пеш жағатын қыс айының қарбалас тіршілігі қайта басталған кез еді.

– Атасы, – деді ерте оянған Мағжанның әжесі балталап сындырылған жыңғылды ошаққа біртіндеп салып, маздата жағып, – өткендегі отын таусылайын депті. Бүгін жыңғылға бармасаң болмас.

Әжесінің дауысынан Мағжан да оянып кетті. Атасымен бірге ол да ерте тұрып жуынып, дастархан басына отырып, ертеңгі тамағын ішті.

Көл жағасынан жыңғыл әкелуге дайындалған атасына:

– Ата, жыңғылға мен де барайыншы, – деді.

– Тоңып қалмасаң жүре ғой, айналайын, – деді атасы.

– Тоңбаймын.

Қалың киініп алған Мағжан атасына ілесіп көл жағасындағы қалың жыңғылға келді. Атасы беліне бірнеше орап байлап алған кішкене арқан жіпті шешіп, жерге ұзынынан созып тастады. Сөйтті де балтасын алып, қу жыңғылды таңдап, түбінен шаба бастады.

– Мағжан, сен қарап тұрма, жұмыс істемесең тоңып қаласың. Менің шапқан жыңғылымды шетінен біртіндеп тасып, міне, мынандай етіп сала бер, – деп өзі әкелген жыңғылды арқан үстіне кеселеп жатқызды.

Осылайша атасы мен немересінің отын шабу жұмысы қызу басталып кетті. Іске кіріскен Мағжан атасы шапқан жыңғылдарды біртіндеп тасып, жіптің үстіне әдемілеп тастай берді, тастай берді. Соңынан атасы да көмектесіп, екеуі жабылып үлкен бір арқа жыңғыл шапты.

Жыңғыл тасып, жұмыс істеп, атасына көмектескен Мағжанның қуанышында шек жоқ. Құжыраңдай қимылдап, атасына мақтана қарай береді.

Арқан үстіне жиналған жыңғылды тізесімен сығымдай қысып байлаған атасы арқалауға кірісті. Жыңғылға арқасын бере тізерлей отырып иығына асқан арқанның ұшын қолына екі-үш рет орап алып: «Ауып, пірім!» деп ұмтылған атасы орнынан тұра алмады. Аузын ауаға толтырып, «ауып, пірім» деп тағы ұмытылып еді, жыңғыл арқасына дұрыс түспей тағы да көтеріп кете алмады. Артынан біреу кішкентай демеп жіберсе арқалап кете алатын түрі бар. Тек арқасына түсіп, тұрып кетсе болды, үйге апару түк емес.

Қанша «ауып, пірім!» деген атасы бір өзінің шамасы келмейтінін сезіп:

– Мағжан, – деді, – келші, көмектесші. «Ауып, пірім» дегенде жыңғылдың артынан көтер, ұқтың ба?

– Иә, ата, көтерем, қане, – деген Мағжан бір арқа жыңғылдың астына қоянның көжегіндей кіріп кетті.

Атасы «ауып, пірім!» деп көтерілуге ұмтылғанда Мағжан да атасы сияқты бойына бар күшін жинап «ауып, пірім!» деп жыңғылдың астынан сығымдай ұстап көтере берді. Сол сәтте атасы тәлтіректей орнынан көтеріліп, отынды бір сілкіп, арқасына ыңғайлап салып алды да, үйге қарай жолға түсті.

Немересінің көмекке жарағанына қуанып қалған атасы:

– Сен менің кішкентай «пірім» екенсің ғой, – деді.

– Пір деген не? – деді бұл сөздің мәніне түсінбеген Мағжан сәл ойланып.

– «Пір» деген аруақ, алапат күш. Жаңа мен мына бір арқа жыңғылды көтеруге күшім жетпеп еді, сен келіп көмектестің, маған күш-қуат бердің. Енді сен менің кішкентай «пірімсің».

Осы сәтте мақтауға масаттанған Мағжанның бойында бір алапат күш пайда болып, өз денесіне өзі сыймай келе жатты. Өйткені ол бүгіннен бастап әркез қиналғанда көмек беретін атасының кішкентай «пірі».

Жұмабай ЖАҚЫП

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<