«Қарапайым тұрғынның мәселесі – қоғамның мәселесі»

521

0

Халық қалаулысы болу – үлкен жауапкершілік. Елдің мұң-мұқтажын тыңдап ғана қоймай, түйткілді мәселенің түйінін шешуге ықпал ету депутат үшін үлкен міндет. Бүгінде жергілікті мәслихат депутаттары өз міндеттерін қалай атқарып жүр? Осы орайда облыстық мәслихатқа №28 Жаңақорған сайлау округінен сайланған депутат «Аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС атқарушы директоры Жангелді Ысқақпен пікірлесудің сәті түсті.

– Халық қалаулысы атан­ғаныңызға да үш жыл уақыт болды. Елге берген уәде, сайлауалды бағдарламалардың орындалуының нәтижесі се­зілетін кезең. Үш жылдың есебі ретінде атқарылған жұмыстарды айтып өтсеңіз.
– Менің сайлау округіме Жаңақорған кенті, Кейден ауылдық округі, Аққұм, Қауық елді мекендері қарайды. Осы округте өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп келемін. Атап айтар болсақ, Аққұм елді мекені кезінде теміржол разъезінің қарамағында болған. Бұл елді мекенде мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт кезінде асар әдісімен салынған, жол мәселесі қиын еді. Сайлаушылармен кездесуде олардың үш тілегі осы болатын. Бұл мәселе бүгінде толығымен шешімін тапты. Ендігі мәселе – ауыз су. Елді мекенге Талап су құбыры арқылы ауыз су келуі тиіс. Қазір жобасы нақтыланды. Жыл аяғына дейін бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз. Өткен жылы ауылда мешіт салынды. Қыс мезгілінде мешітті отын-көмірмен қамтамасыз етуге көмектестім. Бір сөзбен айтқанда, салыстыр­малы түрде қарасақ, бір ауылдың өзінде бірқатар мәселе шешімін тауып, елдің еңсесі көтеріліп қалды.
Кейден ауылының мәселесі – жол. Ауылдағы үш көшенің біреуіне жол салынды. Аяқ су да шешімін таппаған мәселенің бірі болса, қазір насос қойылып, ел егін егуде су тапшылығын сезінбеуде. Тағы бір шешімін тапқан мәселе – бір шаруашылыққа электр желісінің тартылуы. Анығын айтқанда, «Сарман тастақ» шар­уашылығы тас өң­деумен айналысады екен. Өңірімізде кәсіпкерлікке көп қолдау жасалып жатқан тұста кәсіпкер ісінің алға басуына қолдау жасадық. Сондай-ақ, «Бекарыс и К» кооперативіне де электр желісі тартылды. Мұнан бөлек, ардагерлерге ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар ететін ау­дан­дық газетті жаздыр­тып беру­ді дәстүрге айналдырдық.
– Депутат атақ емес, ел сенімін арқалаған жауапкершілік. Сіз қалай айтар едіңіз?
– Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту қызметіне аса жауапкершілік керек. Халықтың тілегін орындауға қызмет ету – міндет. Әрине, елмен жұмыс істеудің қызығы мен қиындығы  қатар жүреді. Тіршілік барда сұраныс таусылмайды. Жарық, су, мектеп, жол сияқты ел игілігіне ортақ мәселелерден бөлек, жеке мәселелермен де айналысып жатамыз. Осы орайда менің айтарым, жеке адамның мәселесіне немқұрайлы қарау­ға болмайды. Себебі, әрбір тұр­ғынның шешілмеген мәселесі қоғамдағы өзекті проблемаға айналады. Мәселен, өткенде бір тұрғын қабылдауға келді. Инсульт алғаннан кейін бір қол, бір аяғы жансызданып қалған. Жұмысқа жарамайтыны анық. Алайда мүгедектік тағайын­далмаған. Жұмыс істемек түгілі, адамның қолына қарап қалған жанның жағда­йын зерттеп қарасақ, мүгедектікке шығудың өз талабы бар екен. Ол бірнеше рет ауруханаға жату керек дегендей. Ауруханаға жату үшін квота күту керек. Меніңше,  жағдайы көзге көрініп тұрған жанды әуре-сарсаңға салмай, бірден мүгедектікке шығару заң шеңберінде қарастырылу қажет. Бүгінде қоғамда көп өзгерістер болып жатыр. Бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймын.
Әр айдың соңғы жұмасында қоғамдық қабылдау жасаймын. Тұрғындардың талап-тілегін тың­дауға және шешімін таб­уына депутат ретінде ықпал жасау­ға әрдайым дайынмын.
– Шынайы бағаны беретін халық. Елден қандай баға алып жүрсіз?
– Осы күнге дейін сын естімедім. Есеп беру кезінде біткен іске ризашылығын білдіріп жатады. Әрине, уақыт талабы басқа. Шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Бәрі де өз кезегімен болады деп есептеймін.
– Қоғамда қандай мәселе сізді ойландырады?
– Елімізде жалғызбасты аналардың көбейгені ойландырады. Бұл қоғамның үлкен қасіреті дер едім. Ол бір отбасының емес, елдің мәселесі. Себебі, болашақ ұрпақты жалғызбасты аналар тәрбиелеп жатыр. Олардың балалық шағы қалай өтіп жатыр? Ол ертең көкейіне нендей ой түйіп өседі?! Ұлт болашағын ойласақ, жастардың отбасылық өмірге бейімделуіне ерекше назар аударуымыз керек. Отбасы деген шағын мемлекетінің іргесі мықты болуына әрбір адам жауапты екенін ұғындыру қажет.
Тағы бір ойландыратыны ата кәсіпті әлде де дамытсақ деймін. Еттен бас тартпайтын қазақ мал басын көбейтуге еңбек ету керек. Қазір еттің бағасы өсті деп қиналамыз. Ел экономикасын мал шаруа­шылығын дамыту арқылы көтеруге болады.
– Аманат арқалаған жандарға бейқамдық жараспайтыны анық. Сергек депутаттардың қатарынансыз ба?
– Ел игілігі үшін шешімін табуы тиіс мәселені айтпай қалған кезім жоқ. Әрдайым елдің ортасындамын. Сайлау округімдегі өзекті мәселелердің бәрін білемін. Қазір де бірқатар мәселенің шешімін табуына жұмыс жасаудамын. Мәселен, Шалқия елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық құжаты жасалды. Енді қаржы мәселесі шешілсе дейміз.
Мұнан бөлек аудандағы «Ауған соғысы ардагерлер ұйы­мы» кітап шығаруға көмек сұрады. Қазір кітап дайындалу үстінде.
– Өңірде мұнай көлемінің азаюының зауыт жұмысына әсері қандай?
– Бізде аз көлемде ғана мұнай өңделетіндіктен, әсері сезілді деп айта алмаймын. Біздегі мәселе басқа: шикі мұнай алу мәселесі. Зауыт жұмыс істеуге дайын, алайда шикізат жоқ. Мұнай компаниялары ірі зауыттармен жұмыс істейді. Бұл мәселені кезінде облыс басшылығы тиісті министрлікке  жазды. Алайда, нәтиже болмады. Себебі, елімізде заң бойынша жылына 400 мың тоннадан төмен мұнай өңдейтін зауыттар шикізатты нарықтан өзі іздеп табуы тиіс. Алайда, нарықтан іздейтіндей бізде биржа жоқ. Бұл мәселені депутат ретінде көтердім. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін жылу электр орталығы және Қазалы, Байқоңыр қалаларындағы жылу орталықтарына қыс мезгілінде қажет мазутты сырттан тасымай-ақ, өзімізде өндірсе шығын да аз болар еді, әрі бұл жергілікті кәсіпкерлікке де үлкен қолдау.

– Рахмет.

Әңгімелескен
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<