Диқан еңбегі дәріптелетін шақ

2056

0

Сыр өңірінің диқандары тағы бір маңызды науқанды межелі мерзімінде абыроймен атқарып шықты. Қамбаға күміс дән құйылып, елдегі еңбекші қауым бейнеттен бел жаза бастады. Шынында, Сыр диқандары биылғы су тапшылығы жағдайында жинақы қимыл көрсетіп, үлкен жауапкершілікпен еңбек етті. Әрбір түйір дәннің бітік шығуына қаншама тер төкті. Осылайша қара жерден несібе терген қарапайым шаруа адамының мерейі тасып, табысқа кенелуде. Диқандардың дәстүрлі мерекесі қарсаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Талғат Тұрсынұлы, тағы бір жылдың еңбек маусымы мәресіне жетті. Биылғы нәтиже қандай?

– Қашанда ауыл шаруашылығы саласы қолдаусыз қалған емес. Сол игілікті істер биыл да жалғасты. Осының нәтижесінде межелі нәтижеге қол жеткіздік. Атап айтқанда, биылғы жылдың 9 айында 127,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өсім көрсеткіші 3,2 пайызға артып отыр.

Рас, кейінгі жылдарда өңірде су тапшылығы мәселесі алаңдатып отыр. Бұл әсіресе агроөнеркәсіп саласына едәуір кедергісін келтіруде. Үкімет тарапынан тұрақты түрде қолдау жасалуда. Биыл Үкімет резервінен Сырдария өзеніндегі су тапшылығын алдын алуға 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Сол арқылы 21 каналды тазалау, 52 ұңғыманы қалпына келтіру және бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қашыртқы суларды қайта пайдалану және елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 133 дана насос қондырғылары сатып алынды. Елді мекендерге қажетті насос қондырғысы жеткізіліп, ұңғыманы бұрғылау мен 14 каналға тазалау жүргізілді.

Күріш көлемі биыл су жағдайына байланысты 5 мың гектарға қысқартылып, 78,6 мың гектарды шамалады. Жалпы егіс көлемі 188,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәндi дақылдар 91,7 мың, майлы дақылдар 5,9 мың, малазықтық дақылдар 71,3 мың, картоп, көкөнiс, бақша 19,6 мың, қант қызылшасы 3,5 гектар.

Айта кетсек, қысқартылған күріш алқабы орнына суды аз қажет ететін дақылдарға назар аударылды. Мәселен, малазықтық, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 7,3 мың гектарға ұлғайтылды.

– Кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру қарқын алып отыр. Бұл туралы не айтасыз?

– Бұл мәселе біздің ұдайы назарымызда тұр. Әртараптандыру бағытындағы дақылдар көлемін ұлғайту шаралары лайықты жалғасын табуда. Аталған мақсатта биыл 1945 гектар жүгері, 189 гектар соя, 358 гектар қант құмайы, 3,5 гектар қант қызылшасы егілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар жүзеге асты. Осы мақсатта Қызылорда қаласы мен аудандарда 1433 гектар қосымша жер дайындалып, ол 6802 отбасыға бөлініп берілді. Алдағы уақытта бұл қарекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен дәнекерлік болады.

Кейінгі уақытта өзге елдердің қызылордалық өнімдерге сұранысы артып келе жатқанын байқаймыз. Оның негізгі дені – күріш болса, өзге де өнімдер бойынша экспорттық әлеуетіміз қандай?

– Әрине, шетелдік тұтынушылар тарапынан күрішке үлкен сұраныс бар. Біздің өңір осы өніммен елімізді толықтай қамтамасыз етуге әлеуетті. Экспортталған өнімнің 91,4 пайызын күріш құрайды. Оған Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирактан сұраныс жасалуда.

Биылғы жартыжылдықта облыстан құны 32,2 млн долларды құрайтын 60 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылды. Олардың қатарында күріш және балық өнімдері, қамыс бар. Шетелге 54,8 мың тонна күріш экспортталды. Ал, Ресей, Әзербайжан, Польша, Грузия, Венгрия, Литва, Германия, Чехия, Нидерланды және Австрияға 2051,5 тонна  балық өнімдері жөнелтілді. Сондай-ақ, Германия, Дания және Нидерландыға – 921,7 тонна  қамыс, Ресейге 120 тонна қызанақ экспортталды.

Дақылды өсіруден өңдеуге көшудің үлкен пайдасы бар. Бұл тұрғыда шетелдік инвесторлар қызығушылық танытқанын естідік.

– Өздеріңіз білетіндей, түрік компанияларымен бірлескен жобалар аясы кеңеюде. «KOÇ Holding» және отандық «Orbis Kazakhstan» компанияларының басшысы осында арнайы келді. Компания өкілдері Жаңақорған ауданында қызанақ пастасын шығаратын зауыт салуға ниет білдірді.

Осылайша биыл Жаңақорған ауданында қызанақ егуге 30 гектар жер телімі белгіленді. Жобаның құны – 13,5 млрд теңге. Өндіріс іске қосылғаннан кейін, жылына 24 мың тонна томат пастасын дайындауға мүмкіндігі бар. Жобаны қос компания тең көлемде қаржыландырады. Онда 154 жұмыс орны ашылмақ. Өндірісті толық  жүзеге асыру 2025 жылға дейін жоспарлануда.

Биыл «Қызылорда Агроплюс» серіктестігі 10 гектарға қызанақтың американдық 3 сортын тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы екті. Ол алдағы жылы 500 гектарға дейін көбеймек. Ал 2025 жылға дейін серіктестік аталған мақсатта 3000 гектар жерді айналымға қосуды жоспарлап отыр.

– Биыл минералдық тыңайтқыш, арзандатылған дизель отыны, арамшөптерге қарсы гербицидпен қамтамасыз етудің жайы қалай болды? Мұның бәрі өнімнің сапасы мен өнімділігіне себепші дегеніміз ғой…

– Дұрыс айтасыз, Егіннің сан-мың қиындығы бар. Десе де диқан-мамандар дақылдарды күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай өз мерзімінде жүргізді. Егілген 78,6 мың гектар күріш егісінің басым бөлігі арамшөптерге қарсы гербицидтермен толық өңделіп, 65 мың гектары тыңайтқыштармен толық үстеп қоректендірілді.

Айта кету қажет, биылғы жылы тыңайтқыштар мен гербицидтердің бағасы едәуір қымбаттаған болатын. Бұл өз кезегінде кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті көлемдегі тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу мүмкіндігі болмауынан егіннің өнімділігіне кері әсерін тигізіп отыр. 

Сондай-ақ, күзгі егін жинау және дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникалары толығымен жөндеуден өткізілді. Осылайша 1786 трактор, 847 комбайн, 472 жатка, 353 жүк көлігі және 831 трактор тіркемесі науқанға қатысты. Облыста күзгі егін жинау және дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары 12,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны 210 теңгеден таратылып берілді.  Бүгінгі күні күздік және жаздық бидай, тары, арпа, дәндік жүгері, күнбағыс, картоп, көкөніс және бақша өнімдерін жинау аяқталуға жақын.

Облыс бойынша мал басында өсім бар. Биылғы жылдың                               1 қазанындағы мәлімет бойынша облыста 411 мың мүйізді ірі қара, 848 мың қой мен ешкі, 205 мың жылқы, 61,6 мың түйе және 123,9 мың бас құс санаққа енген.

Төрт түлік басы көбейіп отыр.  Нәтижесінде ет, сүт, жұмыртқа өндіруде өсім бар.

Міне, осындай еңбек көрігімен еңбекші қауым дәстүрлі «Алтын дән» мерекесіне де жетті. Жылдағы үрдіспен жәрмеңке өтеді. Бұл – қала халқы үшін үлкен мүмкіндік әрі нарық тұрақтылығын сақтау қамы. «2022 жылы озаттар көшін кімдер бастайды екен?» дегендей көп көңілінде сауал бар. Ал оның нәтижесін дәстүрлі тойдың шешуші салтанатты іс-шараларында білетін боласыздар.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет. Ел несібесі мол болғай.

Сұхбаттасқан

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<