Нұрлыбек Қалжатайұлы Жолдасбаев – Сыр аймағына белгілі есім. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының Сыр өңірінен шыққан санаулы түлектерінің бірі. Жастайынан ел басқарып, ат үстінде жүрді. Бастапқы еңбек жолын айтпағанда туған ауылы «Мәдениет» кеңшарының директоры, аудан әкімінің орынбасары, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық бірнеше басқарма басшысы мен департамент тізгінін ұстаған айтулы азамат. Қазір зейнеткер.
Белгілі тұлғамен арадағы бүгінгі сыр – сұхбатымызда мемлекеттің ауыл шаруашылығына қатысты саясатының өзекті мәселелері арқау болады.
Ж.А: – Нұрлыбек Қалжатайұлы, алдымен әңгімемді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда ғана қозғаған өзекті мәселесінен бастағым келеді. Президент санаулы күндер бұрын реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткізіп, бүгінгі таңда биліктегі азаматтардан тың тәсілдер мен тиімді шешімдер күтетінін, мұндай сәтте жоғары кеңестің маңызды роль атқаратынын атап көрсеткен болатын. Ойыңызды біршама жүйеге түсіру үшін мына мәселені есіңізге сала кеткім келеді. Сол жолы Президент берілетін бастапқы мәліметтердің қатарында, әсіресе ведомстволық статистикада түйткілді мәселелер барын айтты. Соңғы уақытта Мемлекет басшысы статистика төңірегінде жиі әңгіме қозғайтын болды. Қалай ойлайсыз, экономикада цифрлардың атқаратын маңызы ерекше екенін ескерсек, Президент көп нәрсеге көңілі толмайтынын сездірген сыңайлы. Ол кісі нені меңзеп отыр? Әңгімемізді алдымен Сырдың басты дақылы – күріштің жай-күйінен бастасақ деймін…
Н.Ж: – Бұл – өзі үлкен, жан-жақты қырынан қозғауға тура келетін мәселе. Дұрыс айтасыз, өздеріңізге мәлім, Президент халыққа арнаған Жолдауында стратегиялық жоспарлау жөніндегі кеңес құру туралы мәселе көтерген болатын. Сол Жолдауда статистикаға мән бере отырып, саланың өзіне тікелей бағынышты болатыны туралы айтқаны есіңізде шығар деп ойлаймын.
Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Әлем өзгеріп жатыр. Ендігі жерде әрбір жасаған қадамымызға байыппен қарау маңызды шарт болып табылады.
Сауалыңыздың соңғы бөлігінде күріш төңірегінде айттыңыз. Рас, күріш – өңірдің басты дақылы. Тіпті елдің күнкөрісі, таяу болашақтың тағдыры ауылдағы осы дақылдың әкелетін табысына байланысты болады. «Мәдениет» кеңшарында директор болып жүргенімде қоғамдық формацияның өзгеруіне орай ауылдағы жекешелендірудің алғашқы кезеңінің талаптарын жүзеге асырған басшының бірімін. Ауылдағы суармалы, жайылымдық және инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді тұрғындарға үлесіне қарай бөліп бердім. Кейін не болды дейсіз ғой? Айтуға, ой қорытуға кейде санаң жете бермейді. Қызмет бабымен ұзақ жыл сыртта болдым. Зейнетке шыққан соң елге бардым. Жердің бастапқы иесі кім екенін анықтау мүмкін емес, барлығының берекесі кеткен. Жер қолдан қолға өткен. Ақыр соңында инвесторларға сенімді басқаруға берілген. Жердің кейінгі иелері банктерден несие алуы үшін оны кепілдікке қойған, қысқасы, саяси тілмен айтқанда жаппай анархия!
Жуырда Сырдария ауданындағы Тоқмағамбетов атындағы ауылда не болғанынан хабардарсыз деп ойлаймын. Жердің шынайы иесі кім? Міне, бұл бүгінгі таңда ел үшін маңызды сауал. Инвестор ауылға қандай игілікті шара істеді? Келісім шартта не көрсетілген? Жер бастапқы иелерінен кейінгі қожайындарға қалай өткен? Шын мәніне келгенде осының барлығы сот арқылы шешіледі. Айталық, бастапқы жер иелері бүгінде өмірден озған делік. Оның балалары немесе заңды мұрагерлері сол жерге иелік етуі тиіс. Осылардың барлығы бізде тек сот арқылы ғана шешіледі.
Өкінішке орай, елде бүгінге дейін осының барлығы заң жүзінде реттелмеген. Мемлекеттің өзіндік талабы бар. Егер жер иелері оны өз мақсатына пайдаланбаса, белгілі мерзім өткен соң, мемлекет өз меншігіне алып немесе басқа тұлғаларға беруі тиіс. Әңгіме талап бойынша егіншілік мәдениетін сақтау, басқаша айтқанда, ауыспалы егіс тәртібінің орындалуы туралы болып отыр. Оның заңдылығын тексеретін, шешім шығаратын тиісті инспекциялар бар.
Президент тұжырымдамасында айтқандай, көп түйткілдің түйінін тарқататын мезгіл әлдеқашан пісіп жетілді. Біз қазір нарық заңымен жұмыс жүргізуге дағдылануымыз керек. Ауылдағы әртараптандыру міндеті қойылған екен, ол орындалуы қажет. Жалған мәліметтерді қағаз ғана көтереді. Біз тіпті көтеріңкі цифрлар қуалап, күріштің әр гектарынан жаппай 60 центнерден өнім алдық дегенге дейін барып жүрміз. Елде осыншама өнім алатын жекелеген звено жетекшілері бар. Бірақ олар некен-саяқ. Негізінен күріштен алынатын өнім 40 центнерден көп аспайды. Жұмысты тиімді ұйымдастырса, осының өзі жеткілікті. Қазір мемлекет күрішке қатысты субсидия беру көзқарасын өзгерте бастады. Көктен жауып жатқан қаржы жоқ, бюджет тапшы, бізге осыны түсінген абзал. Осы орайда, айта кетейін, әкімдердің рейтингін белгілеу кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің молшылығына қарай бағалау критерийлері бар. Осыдан түпкілікті арылуымыз керек. Міне, статистика сонда ғана жөнге түседі. Бұл дегеніңіз байыпты стратегиялық жоспарлаудың алғышарты болып табылады. Президенттің бастамасымен аталған мәселеде оңды жағына қарай көзқарас қалыптасып жатыр. Бұған тек қуануымыз керек.
Ж.А: – Ойды ой қозғайды. Кешегі Кеңес Одағының соңғы жылдарын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Дәл есімде жоқ, шамасы, 1989 жыл болуы керек, Кеңес Премьері Николай Рыжков халық депутаттары алдында баяндама жасап, экономикадағы берекесіздіктің жәй-күйін жайып салды. Баяндамада ауыл шаруашылығы өнімдері өңделмей, қоймаларда іріп-шіріп жатқанын, қағазда көтеріңкі цифрлардың өріп жүргенін қынжыла айтқан еді. Сонда қалай? Нарықты игере алмай, сол сүрлеуге қайта түскеніміз бе?
Н.Ж: – Міне, көрдіңіз бе, біздің сырқатымыздың түп-тамыры қайда жатқанын? Бірақ ол келмеске кетті. Жоспарлы экономика өтірікті көтере алмады. Ақыры қожырап, тігісі сөгіліп, құлап тынды. Біз қазір нарық жағдайындамыз. Ел ағаларынан бастап, қатардағы шаруа осыны мықтап жадынан шығармауы керек деп ойлаймын. Нарық экономикасының 300 жылдық тарихы бар. «Көш жүре түзеледі« деген емес пе, бүгінгі жақсы қадамдар оңды нәтижеге жеткізетініне сенімдімін.
Ж.А: – Жаңа ауыл инвесторларының жауапкершілігі туралы әңгіме қозғадыңыз. Бізде барлығы соншалықты эгоист емес шығар деп ойлаймын. Елді көркейтіп, берекесін асырып отырған азаматтар да аз емес…
Н.Ж: – Сізбен келісемін. Жалағаштағы «Байтабын», «Таң» шаруашылықтарының төрағалары – елдің игілігін арттырып жатқан азаматтар. Елімізге белгілі еңбек ері Абзал Ералиевті алыңыз. Мадақтау да, мақтау да оларға орынды берілген. Барлығы бірдей емес, әрине. Көктемде төрағаларға қарызға ақша беріп, күзде өнімдерін сыпырып алып кететіндер аз емес. Тіпті қатардағы шаруа олардың «есептерінен» мүлдем бейхабар. Елдің есебінен байып жатқан төрағаларды да білемін. Қазір жастардан механизатор таппайсыз. Нан табу қамымен қалаларда жүр. Елде жағдай жақсы болса, туған жерінде қалар еді ғой. Ал Қазақстан халқының 40 проценті ауылда тұратынын ескерсек, бұл – үлкен түйткілді мәселе.
Ауылдағы звено жетекшісі маусым кезінде айына 70 мың теңге жалақы алады. Жылға шаққанда 35 мың теңгеден келеді. Механизаторлар да, басқалары да сондай жалақымен жүр. Қазір нарықта күріштің бағасы – сонау жоспарлы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Әңгіме табыстың әділ бөлінуіне қатысты болып отыр ғой. Елдегілер жерін инвесторларға сенімді басқаруға беріп, өзінің адал жалақысын ала алмайды. Бұл жерде әлгі пысық инвесторлардың әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз. Міндеттеме шарттары жасалмаған. Жасалғанның өзінде орындалмайды. Осының барлығын елдегі ағайынның заңды білмейтін, өз мүддесін қорғай алмайтындығынан көремін.
Ж.А: – Айта беретін атакәсіптің жай-күйіне тоқталсақ. Мемлекеттік қолдау жеткілікті беріліп жатыр. Бірақ нарықта әлі қымбатшылық. Мал басы артып жатқанын білеміз. Жағдайдың түбегейлі жақсарып кетуіне не кедергі деп ойлайсыз?
Н.Ж: – Соңғы жылдары мал басы өсті. Бұған тек қуануымыз керек. Бірақ Cыр өңірінің өз ерекшелігі бар. Суармалы егіншілікте, әдетте, мал өнімдерінің өзіндік құны қымбатқа түседі. Солтүстік, Батыс өңірлерде жауын-шашынмен өсетін дақылдар бізде суармалы егіншілікке күні қарап отыр. Соңғы жылдардың көлемінде жоңышқаның бір пресі екі есе қымбаттады. Менің тәжірибемнен көңілге түйгенім, Қызылорданың жағдайында бізге жоңышқа, жүгері сияқты мал азғындық дақылдарға мемлекеттен жеткілікті субсидия бөлінсе, құба-құп болар еді.
Мемлекет малға көп көңіл бөлуде. Өзіңіз білесіз, миллиардтаған теңге субсидия беріледі. Әңгіме оның қаншалықты әділ бөлінуіне қатысты болып отыр. Соңғы жылдары Үкімет бұл саладағы ақша бөлудің қаншалықты тиімді және тиімді еместігіне назар аудара бастады. Кезінде ақша молынан берілді. Қазақстанның бюджеті негізінен мұнайдың бағасына қатысты болғандықтан шикізат нарығы өскенде жаппай теңгермешілікке жол беріліп, жалпақшешейлікке барғанымызды жасырғым келмейді. Соңғы уақытта талап өзгерді. Енді үнемдеу саясатына көбірек көңіл бөлінетін болады. Өйткені уақыт басқа талаптарды алға тартуда.
Ж.А: – Үлкен қызмет жолдарынан өттіңіз. Өткен жолыңызға, тағдырыңызға ризасыз ба?
Н.Ж: – Ертеректе бір данышпан: «Аспанға қол жайып біреуді айыптамадым, төменгі істермен айналысып жоғарыға жеттім», – депті. Сол сияқты өмірімнің барлық жолында тындырған, тындыра алмаған істеріме шүкіршілік жасадым. Тағы бір ұлы адам айтқан «Бақыт күле қарап тұрған адаммен тайталасуға болмайды» деген ұстанымды өмірінің кредосы деп түсіндім. Өзің жақсы болсаң, өзге жұрт сыйлайды, құрметпен қарайды. Конфуцийден «басқарудың мәнісі неде? – деп сұрапты. Сонда ол «патша – патша, құл – құл, әке – әке, ұл – ұл болса, басқарудың мәнісі осы» деп жауап беріпті. Зейнетке шыққан соң соңғы қызметте көп отырмай кетуге арыз жаздым. Ешкім арыз жазуға зорлаған жоқ, таңырқасты. Менің пайымдауымда, әркімнің өз орнында өз қызметімен айналысқаны абзал. Әр саланың өз маманы болуы керек. Соларға сүйенгенде жақсылыққа жетуге болады. Қаланың сыртында мал ұстап, бие сауып дегендей өзіме де, өзгеге де сауапты тіршілікпен айналысып жатқан жайым бар. Сауапты дейтінім, кешегі пандемия кезінде бірқатар науқастарға тегін саумал тараттым. Ел ризашылығын алдым. Меніңше, осыдан артық қандай бақыт болуы керек?
Тағдырыма ризамын.
Әңгімелескен
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<