«Сыр бойының» 90 жылдық тарихында осы руханият мектебінен өткен ер азаматтар қатарында қыздар да болды. Редакцияның уақытпен санаспайтын мың-сан тірлігін атқару, азаматтардың ауыр жүгін жеңілдетуге олар да өздерінің нәзік иықтарын тосты. Қарашаңырақтың ортақ абыройын асқақтатуға тер төкті. Солардың қатарында Рысты апа Бекбергенованың орны бөлек. Бүгінде жасы 90-ға жақындап қалғанына қарамастан ұжымның барлық шараларынан қалмайды. Жүрісі ширақ, сөзі нық, батасынан жаңылмайды.
Басылымның мерейтойы қарсаңында Рысты апамен сұхбаттасу үшін үйіне бардық. Бізді көріп қуанғаннан көзі жарқ ете қалды. Әдеттегідей қолымыздан сүйіп, «мені іздеп келдің бе?» деп ризашылығын білдірді. Бірақ құлағы құрғыр ауырлап қалыпты. Кітап сөресіндегі есту құрылғысын киіп алып, сөзімізге ден қойды.
– Апа, «Сыр бойының» 90 жылдығы келе жатыр. Алдымыздағы аға буын – ардагерлермен сұхбат жүргізудеміз. Сіздердің өмір мен еңбек жолдарыңыз тек біз үшін емес, оқырман үшін де өнеге. Әңгімемізді туған жер, өскен орта, ата-анадан бастайық. Сонау Астраханның қызы Сыр бойына қалай келді?
– Иә, менің туып-өскен жерім – Ресейдің Астрахань облысы, Володар деген ауданы. Әкем Сейітжан «Қызылтаң» деген колхозды қолымен құрып еді. Азамат соғысына бастан-аяқ қатысқан, орыс және араб тілдерін жетік білетін. Үйімізде қоңыр домбыра болатын. Оны «Дина апамның домбырасы» дейтін. Атақты Құрманғазының үйі біздің «Қызылтамға» жақын «Алтынжар» деген төбеде тұратын. Қасынан Еділдің бір сағасы өтеді. Баламын ғой, оны қайдан біліппін. Кейін 1968 жылы төркініме барғанда күйшінің басына құран оқыдық.
Негізі ата-анам сол замандағы Гурьевтің бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданының тумалары. Қазан төңкерісіне дейін бұл жерде ақ пен қызылдардың арасында қиян-кескі соғыс болған. Сол Ганюшкин деп аталатын ауылды анам «Қанішкен» дейтін. Әкем отбасын қорғау үшін түнделетіп Астраханға көшірген.
Балалық шағым қуғын-сүргін, қала берді, соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкем «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткенде бар-жоғы 5 жастамын. Он жылға кесілген еді, бірақ 5 жылда босап келді. Үй-ішімен қауышқаны сол еді, екінші дүниежүзілік соғыстың оты бұрқ ете қалды. Ол кісі өз еркімен соғысқа сұранды. Шешем жылап жүр. «Есімізді енді жиғанда, мұның қалай? Балаларды кім жеткізеді? Үйдің сиқы мынау» дейді. Әкем сабырлы қалпынан танбастан «Өзіміз құрған өкіметті өзіміз қорғамағанда кім қорғайды?» деп қарсы сұрақ қойды. Сонымен сөз бітті. Бесінші сыныптың екі айын аяқтап қалған едім, қызыл әскерлердің отбасын «Ақсарай» деген қырға көшірді. Анама түйе бағу, бие сауу тапсырылды. Төрт жыл бойы сонда тұрдық. Ол жақта мектеп жоқ.
Соғыстан аман-есен оралған әкеммен бірге ішкі жаққа қоныс аударғынымызбен, ол кісі 2 ай 20 күннен соң ауырып, қайтыс болды. Осылайша мейірімге шөліркеп қала бердік. Ішер ас, киер киім тапшы. Өзімнен жас балалармен оқуға арланамын. Колхозға жұмысқа тұрдым. Бірақ есіл-дертім оқуда. Үлкен апайым Гурьевтің, қазіргі Атыраудың Мұнайлы деген жерінде тұратын еді. Бір келгенде өзімен бірге кетуге үгіттеген. Анамды қимадым.
– Сол дәуірдің адамдарының білімге, оқуға құштарлығы туралы талай әңгіме естіп жүрміз. Соғыстан кейінгі бірде аш, бірде тоқ заманда біліммен сусындауға итермелеген қандай күш?
– Оқу туралы ой бала күнімнен санамда орнықты. Алмағайып заман мұрша бермегенмен, түбі бір жетермін деуші едім. Бір күні Гурьевке жүретін жүк көлігімен келісіп жолға шығатын болдым. Түн ауа діттеген жеріме келгенде көлік жүргізушісі «түсетін үйің бар ма?» деп сұрады. Мен «жарығы бар бағананың түбіне қалдыра беріңіз» деп жауап қаттым. Таң атқан соң Мұнайлыға жүретін көлік іздедім. Алдымен Құлсарыға, Қосшағылға жетіп алуым керек екен. Мұнайлыға күн бата жеттім. Апайым мұғалім еді. Оқушы балалар жеткізіп салды. Сол жерде жетіжылдық жұмысшы жастар мектебі ашылғалы жатыр екен. Жолым болып кетті. Оқып жүріп завхоз, кейін кітапханашы болып жұмыс істедім. Жетіншіні бітіргенде жасым бірталайға келіп қалған-ды. Газеттен «Алматыда қыздар педагогикалық училищесі бар, оқуы, жатын орны, тамағы тегін» деген хабарландыру оқыдым.
Апам мұндай оқудың Гурьевте де бар екенін айтып еді, Алматыға кетем деп болмадым. Алматыға барып жатақханаға орналастым. Оқуға түскеннен екі айдан кейін педучилище Қызылордаға көшетін болды. Қарашаның 6-сы күні осында келдік. Оқуды сағынып келгендіктен бе, өте жақсы оқып, қызыл диплом алдым. Міне, қарағым, Астрахан қызының Қызылордаға келу тарихының ұзынырғасы осындай.
Соңғы курста бітіру емтихандарын тапсырып жүргенде анам дүниеден өтті. Ауылға барып, шешемді ақтық сапарына шығарып салып, «әрі қарай оқимын» деп Алматыға аттанып кеттім. Тағы жолым болды. Құжат тапсырудың соңғы күні екен. Бірақ қабылдаушы орыс әйел «түске дейін ғана жұмыс істеймін» деп есігін тарс жапты. Сол кезде аяғын сылтып басқан жігіт ағасы келіп, «осында Бекбергенова деген бар ма?» деп сұрады. «Мен» деймін. Қолында Жазушылар одағының мекенжайы жазылған конверт бар. Осында педучилищеде оқып жүргенде өлең жазатынмын. Жазушылар одағы күзде өтетін жас жазушылардың съезіне шақырып, 5-6 өлең жіберуімді сұрапты. Кезекте тұрғандар шулап құжатымызды қабылдамай жатқанын айттық. Сөйтсек, ол кісі – деканымыз Тауман Амандосов екен. Топырлап құжат тапсырдық. Сөйтсек, әлгі конверт алдымен Қызылордаға педучилищеге барған. Училищедегілер менің Алматыға ҚазГУ-ге оқуға кеткенімді білген соң, конвертті сонда жолдайды. Университетті де өте жақсы оқыдым.
– Апа, «оқу, білім» дегенмен, қыз баланың өмірге келгендегі басты миссиясы – ошақтың отын жағып, ұрпақ өрбіту ғой. Әңгіме барысында «өзімнен 6 жас кіші қыздармен оқыдым, жасым ұлғайғанда білім іздедім» дегенді айттыңыз. Жарыңызбен кездесіп, отбасын құрған, редакциядағы жұмыс пен үйдің тірлігін қатар алып жүрген шақтарды есіңізге алыңызшы…
– Журфактың 2-3 курсында сол кездегі «Ленин жолына» тәжірибеден өтуге келдім. Бір күні Бибінұр құрбымның үйіне түскі үзіліске барғам. Күйеуінен бөтен екі жігіт отыр. Бибінұрдың жолдасы тербетіп отырған бөпесін газетпен желпіді. Ойымда ештеңе жоқ, «желпи түс, үйдің іші қапырық екен, маған да жақсы боп қалды» демеймін бе? Бейтаныс жігіт жұлып алғандай «ондай қызметті біз де жасай аламыз» деді. Абдулла деген мұғалім екен. Сол жерде таныстық. Кейін көңілін білдіріп, оқуды бітіретін жылы қосылдық.
Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен диплом қорғап, «әдебиетке керек адам» деген баға алдым. Қызылордаға келсем, жалғыз газет – «Ленин жолында» бос орын жоқ. «Редакцияның еденін жусам да, осы жерден кетпеймін» деп бекініп алғам. Зейнолла Жарқынбаев телетайпқа жұмысқа алды. Бір-екі айдан кейін мәдениет бөліміне ауыстырды. Содан бір бөлімде 1988 жылға дейін жұмыс істедім. Негізі 5 баламен 50 жасымда, 1980 жылы зейнетке шыққанмын. Бірақ 8 жыл бойы жұмысымда жүрдім. Жолдасым дүниеден өткен күннен бастап үйде отырып қалдым.
Ата-енем, 5 балам болды. Ол кезде бала туғанға дейін – 56, туған соң 56 күн демалыс береді. Содан кейін жұмысқа шығу керек. Балам жасқа толған күні жауапты хатшыға барып «бүгіннен бастап мені кезекшілікке жаза беріңіз» дегенімде, «ақжүрек қарындасым-ай» деп риза болған. Ертемен самаурынға шоқ салып, қайнаймын дегенше сиыр сауып, оны бөгеттен әрі айдап тастаймын. Шайды дайындап беріп, өзім ішпестен жұмысқа асығам.
Ол кезде күріш егу, жинау науқанында арнайы беттер шығарамыз. Мәдениет бөлімінде жан-жақтан келген өлеңдер жинақталады. Оларды өңдеп, авторлардың атынан жариялаймыз. «Әйелдер үшін» деген бетте жас аналарға арнап бала күтімі туралы материалдар жинақтаймын. – Облыстық басылымның жылнамасына жазылған қаламгерлердің көбісімен әріптес болып, қанаттас еңбек еттіңіз. Көзбояушылық, жұмыс ырғағының бұзылуы сияқты келеңсіздіктер партияның органы саналған азулы газеттің сынына ұшыраса, мәселе бюрода қаралатын еді. Мұндайдың бірнеше мысалын ардагер журналистерден естіп білдік. Сіз жазған мақалалардың қоғамда резонанс туғызғандары есіңізде ме?
– Бір ауылға қыдырып барып, шай үстіндегі әңгімеге құлақ қойдым. Дүкенге түскен көйлектік тауарды ауыл әйелдері метрін 6 сомнан талап алып кетіпті. Сөйтсе көрші ауылда әлгі мата 3 сомнан сатылыпты. Содан қымбатына алғандар тауарды қайта өткізіп, әжептәуір шу болыпты. Жұмысқа келген соң, дүкеншінің пайдакүнемдікпен істеген ісі туралы мақала жаздым. Ауданнан тексеру барып, газетке жауап келіп, біраз талқыланды.
Тағы бірде қала маңындағы ауылға барып, автобус шопырының жолаушыларға көрсеткен дөрекілігін сынап жаздым. Тасбөгетке жетер-жетпесте салондағы адамдарды түсіріп, «бензин таусылды» деген жауапсыздығы үшін жұрт наразылық танытты. Бірақ көпшіліктің талабына қарайтын ол жоқ. Ақыры жүргізуші халыққа қызмет көрсетпейтін болып, оған шара қолданылды. Қарағым, қазір есіме түскендерін айтып отырмын. Біздің кейіпкерлеріміз қарапайым халықтың арасында жүретін. Сосын газет сынына селт етпейтін басшы болмайтын.
Отыз жылға жуық редакцияның жасы үлкендерін «аға», кішілерін «іні» деп сыйластым. Жарықтық Асқар аға Тоқмағамбетов жиі келіп, қайда барғанын, кіммен сұхбаттасқанын айтып кететін. Құрманғали Ажаров, Ахметжан Нұрекеев, Шора Ералиев, Нұрғали Оспанов сияқты азаматтар қандай еді! Мырқы Исаев бір тыным таппайтын. Ахметжан аға соғыстан бір аяқсыз оралған. Жеңіс күні қарсаңында «Бір аяғың Берлинде, Бір аяғың осында, Балдақты тастап жан аға, Тік жүр, десем, шошынба, – деп өлең жазсам, «ой, қызым-ай, аяғы құрсын, елге аман оралғанды айтсайшы» деп риза болатын. Редакцияға бас сұққан сайын көз алдыма ақжарқын ағалар бейнесі келеді. Ешқайсысы бетіме жел боп тимеп еді, жарықтықтар.
– Редакцияның күнделікті жұмысы шығармашылықты ысырып қоюға мәжбүр етеді. Соған қарамастан өлең, шағын әңгімелеріңізді жинақтап кітап етіп шығардыңыз. Тоқсанға таяған төре жасыңыздың биігінен қарағанда кейінгілерге не айтасыз?
– Жазған-сызғандарымды 5 кітапқа топтастырдым. Соңғы екеуі кейін жарық көрді. Өмірден көргендерім мен түйгендерімді қағазға түсірдім. Артық ештеңе жоқ. Маған өмір жолымда көбіне жақсы адамдар жолықты деп айта аламын. Қарашаңырақ «Сыр бойының» 90 жылдығы жақындап келеді. Бір кезде «Өмір ұзақ, кетсем мойын бұрмаспын, бір жыл деген немене, мен өзіңмен құрдаспын, «Сыр бойы!» деп жазып едім. Отыз жылдай еңбек еткен, кейінгі отыз жылда үзбей қатысып тұрған газетімді мерейтойымен құттықтаймын. Әрине, жаңа дәуір, жаңа уақыт газеттің тіршілік-тынысын өзгертті. Бұл заңдылық та. Бірақ, өзгермеген дәстүрлер бар. Ол – елдің ауызбірлігін сақтауға үндеу, Сыр елінің тарихын хатқа түсіру. Осы жолда еңбектерің жемісті, кәсіптерің берекелі болсын, айналайындар. Редакцияға сәлем айт.
– Апа, сізге де қуатты болыңыз дейміз. Бала-шаға, немере-шөберелердің шаттығына бөленіп, ұзақ жасаңыз!
Әңгімелескен
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<