Сандық жүйе жұмыс сапасын жақсартты

2175

0

Жыл сайын наурыздың екінші сенбісінде «Жерге орналастыру, геодезия және картография» күні кәсіби мерекесі аталып өтеді. Жерді пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған шараларды біріздендіру, ақпараттарды базаға енгізу, меншік құқығына және жер пайдалану құқығына құжат дайындау әрі оның дер кезінде орындалуын жіті бақылауда ұстау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалы осы үдеден шығуда. Себебі, атқарылған жұмыс ауқымды. Бұл туралы филиал директоры Айдын Қайруллаевпен сұхбатта тарқатқан едік.

– Айдын Бөкенбайұлы, бүгінде мемлекеттік корпорация жер саласы бойынша қажетті қызметтер ұсынып келеді. Жүйелі іс, ауыз толтырып айтарлық нәтиже байқалады…

– Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталықтары мемлекеттік корпорацияға 2016 жылдың сәуір айында енгізілді. Бүгінде корпорацияда Жер кадастры басқармасы, Ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу басқармасы, іздестіру, жер мониторингі және зертханалық зерттеулер басқармасы, тіркеу және жер кадастры жөніндегі қалалық және аудандық бөлімдер жұмыс істейді. Негізгі бағыт – жер учаскелерін жобалау, картографиялық жобалау, жерге орналастыру, іздестіру және түгендеу материалдары мен сәйкестендіру құжаттары туралы мәліметтерді іздеу және жинау. Сондай-ақ, жер кадастрының техникалық тапсырмаларын, техникалық-жұмыс жобаларын дайындау, кадастрлық электрондық карталарды жасақтау, мұнан өзге де міндеттер бар. Облыс бойынша бұл бағытта 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Жалпы, мемлекеттік корпорация жер кадастры бойынша монополиялық қызметтердің 13-ін және жерге орналастыру жұмыстарының 11 түрін ұсынады. Өткен жылы облыс бойынша жер кадастры бағытында 16 411 қызмет көрсетілді. Қазір екі немесе одан да көп қызметті бір өтінішпен алуға болатын қызметтерді қалыптастыру бойынша жұмыс қарқын алды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электронды қызметтің үлесін арттыруды, цифрландыруға ерекше назар аударуды және бизнес-процестерді мейлінше оңтайландыруды тапсырды. Жер қатынастары саласында қандай өзгеріс бар?

Өткен жылдың соңында жер қатынастары саласындағы бірқатар қызметті цифрландыру жобасын іске асырдық. Енді «Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру», «Жер учаскесінің кадастрлық бағалау құнын анықтау», «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу», «Жер учаскесіне актілер дайындау және беру», «Жер учаскесінің сапалық жағдайы туралы ақпарат беру» сияқты мемлекеттік қызметтер egov.kz электронды үкімет порталы арқылы қолжетімді. Айта кетейін, бұрын графикалық мәліметтерімен жобаланатын жер учаскесін келісу мерзімі 15 күнтізбелік күн болса, қазір ол 7 жұмыс күніне дейін, ал жеке сәйкестендіру құжатын дайындау уақыты 6 жұмыс күнінен 4 күнге дейін қысқарды. Мемлекеттік жер кадастрынан ақпарат беру мерзімі 3 жұмыс күнінен 15 минутқа дейін қысқарды. Қазір аталған жүйе бойынша 1:2000 масштабтағы облыстың бірыңғай картографиясы жасақталған. Аймақтық геоақпараттық жүйесімен ықпалдасып жұмыс істеу мақсатында «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйесі құрылды. Ол «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» деректер қоры мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесінің бірігуі нәтижесінде жасақталды. Аймақтық геоақпараттық жүйесі мен «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйесі ықпалдастырылуы арқылы жер саласы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін толықтай онлайн форматта алуға болады. Бұл – уақытқа үнем.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ бонитетін анықтау, шаруа қожалықтарын паспорттау жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.

Өткен жылы облыс бойынша 1 млн 70 мың гектар жер аумағына аталған жұмыстар жүргізілді. Айта кететін ерекше жаңалығымыз, мамандар тамыз-қыркүйек айында алғаш рет «Возрождение» аралына барып, топырақ құнарын зерттеу жұмыстарына атсалысты. Зерттеуге шықпас бұрын мамандарға арнайы вирусқа қарсы екпе салынды және қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Маңызды зерттеудің міндеті – Аралдың топырақ жамылғысының және оған іргелес Арал теңізінің құрғаған аумағының жай-күйін, олардың ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін жарамдылығын анықтау. 7 бригадалық топпен шықан зерттеушілер 2 ай көлемінде Арал маңындағы 270 мың гектар аумақ топырағының үлгісін алып, лабораториялық зерттеуге кірісті. Күйдіргі микробын анықтауға арналған зерттеулер Арал қаласындағы М.Айқынбаев атындағы «Араломор» обаға қарсы станциясының ақбастылық эпидемияға қарсы жасағы базасында жүргізілді. Зертханалық зерттеу нәтижелері теріс, яғни топырақ құрамында қауіпті заттар анықталған жоқ. Ал, топырақ үлгілеріне химиялық талдау филиал зертханасында жүргізілді. Нәтижесінде топырақ құрамы мен құнарлығы анықталды. Қорытынды облыстық жер қатынастары мекемесіне жолданды. Бұл жұмыстар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы негізінде жүзеге асқан болатын.

Жұмыс желісі нақты цифрларға негізделгендіктен, сіздерге қырандай қырағы, сауысқандай сақ болудың маңызы зор. Оған қоса заман талабына сай сапаны арттыру күн тәртібінде. Сондықтан болар, «Азаматтарға арналған үкіметті» жұртшылық жаңашылдықтың жаршысы деп біледі. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Өткен жылдың қараша айынан бастап жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын ХҚКО-ға бармай-ақ, онлайн алуға мүмкіндік жасалды. Құжатты дайындау мерзімі жылжымайтын мүлік түріне байланысты, яғни техникалық тексеру қорытындысы бойынша пәтердің, жатақханалардағы бөлменің техпаспорты үш жұмыс күні, жеке гараждар мен саяжай құрылыстарына бес жұмыс күні өткен соң беріледі. Пәтер, жатақхана бөлмесі, жеке гараждар мен саяжай құрылыстарына рәсімделетін электронды техпаспорт ХҚКО-да қолтаңбамен расталып, мөр басылып берілетін құжаттағыдай бірдей деректі қамтиды. Техпаспорттың электронды баламасы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тартылған қызметкерлердің электронды-цифрлық қолтаңбасымен расталатын болды. Мұнан бөлек жаңашылдықтардың енгізілуі уақыт еншісінде.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<