Ұлттық анимация – ұрпақ тәрбиесінің бір тетігі

3079

0

Кейінгі уақытта қазақ көрерменінің қазақша контентке сұранысы байқалады. Саны көбейгенмен, сапасы сынға қалып жүрген дүниелерге қарап, қазақ фильмдері мен мультфильмдерін кім жасап жүр деген сұрақ еріксіз туындайды. Жерлесіміз Бағлан Төлебай – 3D графика арқылы түрлі жобаларды іске асырып, ұлттық рухты оятатын ойлы дүниелер ұсынып жүрген IT маман.

3D анимация саласының эксперті, аға оқытушы, жас та болса біраз биікті бағындырған Бағланмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– «Мұзбалақ» фильмін, «Ер Төстік» ертегісінің желісімен ұлттық ойынды анимацияладыңыз. Бұл идеялар қайдан, қалай келді?

– Ертегіні де, ойынды да құрастыруға ұлттық фактор әсер етті деуге болады. Басқалар секілді мен де бала кезімнен мультфильмді жақсы көріп, асыға күтетінмін. Мысалы, «Наруто» анимесі, «Аватар» мультфильмін әлі күнге дейін сүйіп қараймын. Кейіннен анимациялық туындыларды кімдер, қалай жасайтыны қызықтыра бастады. Кинотуындылардың жасалу жолы, кәсіби камераға түсірілетіні түсінікті. Ал мультфильм қалай жасалады деген сұрақ туындайтын. Әкем – ұлтжанды кісі. Оқушы кезімнен ұлттық рухың әлсіз, санаң дамымай жатыр деп қинап болса да «Алпамыс батыр» жырын, «Ер Төстік» ертегісін, өзге де жыр-дастандарды оқытатын. Әрине, сол сәтте ескі жыр-дастандарды осыншама қиналып оқудың не керегі бар деп ойлап, қадірін түсінбедім. Аса қызық болмады. Ал кейін ержете келе, тарихта болған кейіпкерлер туралы жыр-дастандарды, батырлар жырын оқудың маңызын, құндылығын түсіне бастадым. Әлем балаларының, тіпті, ересек көрерменнің назарын жаулаған «Наруто» секілді ұлттық болмыстағы анимациялық фильмдер жасау керек деп шештім.

Бұрынғы уақытта әжелер институты болған. Неге бізде батырлар көп десеңіз, ұлан-ғайыр даланы ұрпағына мұра етіп сақтап қалған бабалардың барлығы да кішкентайында құймақұлақ болып, ата-әжесінің аузынан батырлар жырын тыңдап, жаттап өскен. «Өскенде мен де батыр боламын, елді қорғаймын» деген ұлттық рухты бойына сіңіретін болған.

Қазіргі балалардың ата-анасы, ата-әжесі бар болғанмен, олардың көбісінің бала тәрбиелеуге уақыты жоқ. Бүгінгі күні баланың тәрбиешісі – смартфон. Демек ұлттық болмыстағы қазақ тілді контенттерді мейлінше молайтып, сұранысқа сай түрлі бағыттағы ақпарат көзімен қамтамасыз ете алуымыз керек. Сондықтан жобаларым қазақ ауыз әдебиеті кейіпкерлерімен тікелей байланысты.

Мультфильмдер – ертеңгі ел басқаратын, елімізді алға жылжытатын жас ұрпақты тәрбиелеуші негізгі құрал. Ондағы кейіпкерлерге ұқсап баққысы келетіндіктен өмірдегі адалдық пен ерлікке құштар болады. Өкінішке қарай, кішкентайымыздан «өрмекші адам» сияқты кейіпкерлерге еліктеп өстік. Қазіргі күні ол туындылардың терең мағынасы жоқ, тек анимациялық тұрғыда шебер жасалғанын түсіне бастадым. Енді менен кейінгілер өзгенің дүниесіне телмірмесе деймін.

– IT саласына қалай келдіңіз?

– IT саласына келуіме түрткі болған – 3D анимация. 7-сыныпта Қызылордадағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түстім. Ол жақта 5 жыл білім алдым. Ал туған ағам қазақ-түрік лицейінде оқыған еді. Ол кезде технология жағынан ең үздік мектеп сол болатын. Осылайша ағам бағыт-бағдар көрсетіп, «3D макс» деген бағдарламаның кітабын сатып алып берді, яғни, кітаптан алғаш рет осы анимация түрінің алгоритмі мен бағдарламасын үйрене бастадым. 2010 жылдардың шамасы болу керек. Интернет те нашар, ноутбук те тапшы. Соған қарамастан ішкі қалауым мен болашақта қол жеткізуім керек деген мақсаттарым нөлден бастап үйреніп алуыма, ізденуіме түрткі болды. Осылайша 13 жасымда болашақта қазақтың болмысын, ұлттық танымын әлемге танытатын, әдебиетінің жауһарларын көрсете алатын анимациялық туындыларды жасаймын деген мақсат қойдым. Әлі күнге дейін осыған қол жеткізу, қазақша анимациялық контентті дамыту жолында еңбек етудемін.

Оқушы кезде балалар алдына нақты мақсат қоймайды. Армандай алуы мүмкін. Алайда мақсат – жоспарлы түрде ұзақ не қысқа мерзімде іске асатын адамның ішкі қалаулары. Тіпті кей 11-сынып оқушылары да өзінің кім боларын, нені қалайтынын білмейді. Бұл – қалыпты дүние. Дегенмен болашағына нық қадам баса алуы үшін мектеп кезінен баламен сөйлесіп, ішкі қалауын, шешімін өзінен сұрау керек. Елде университет бітіргеннен кейін де 3D анимацияны оқытатын арнайы оқу орны жоқ. Сол үшін де С.Демирел университетіне IT мамандығына түстім. Қызығушы жас толқынға анимациямен айналысу үшін осы мамандықты меңгеріп шыққаны жеткілікті екенін айта кетейін. Анимацияның тілін түсінсе, әрі қарай адамның шығармашылық идеяларының жемісіне байланысты.

– Арнайы академияңыз бар. Ал шәкірт тәрбиелеуді қашан бастадыңыз?

– Шын мәнінде оқушы кезімнен-ақ шәкірт тәрбиелеп келемін. 10-сыныпта жүргенде Халықаралық INFORMATIC конкурсына қатысып, күміс медаль иегері атандым. Нәтижесінде Қазақстанның кез келген ЖОО-ға тапсыра алатын грантқа ие болдым, яғни, грантқа ие болу 11-сыныпта информатика сабағынан босатылып, оқымауға рұқсат етілді деген сөз. Алайда сабақтың орнына көшеде қыдырып, ойын ойнап жүрмедім. 11-сыныпқа көшкен соң мектеп директорына кіріп, ұсыныс жасап, өзімнен төменгі сыныптарға IT саласы бойынша бар білетінімді үйреткім келетінін айттым. Осылайша директор Балзия апайдың қолдауымен мектепте арнайы үйірме ашылып, 2 ай бойы балаларға сабақ бердім. Курс соңында арнайы диплом бергенім де есімде. Алғашқы курсымның сертификаттарына директордың, менің қолым қойылып, мектеп мөрі басылды. Кейін сабақ берген оқушыларымның арасында дәл осы бағытты таңдап, IT мамандығына грантқа түскендер де болды. Қазір Нархоз университетінде аға оқытушы қызметіндемін. 3D анимация бойынша осы кезге дейін 200-ден аса шәкірт даярлап шықтым. Сонымен қатар С.Демирел университетінде экспертпін.

Қазір «Дансай академия» деп аталатын онлайн анимация академиям да бар. Академиядағы анимация курстарына кез келген жастағы қазақстандық қатысып, сала бойынша қазақша білім алуына мүмкіндік бар. 3D анимация бойынша алғашқы қазақша кәсіби курстарды дайындап, білімімді бөлісіп жүргенім, «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей қазақ балаларының қазіргі жетілген технологияларды максималды дәрежеде меңгеруіне септігімді тигізе алуым – мен үшін үлкен бақыт. Себебі өзім анимацияны ағылшын тілінде оқып, үйренгенмін. Базалық білім, теорияның барлығы ағылшын тілінде жазылған. Қазақ тілінде оқулықтар жоқ. Сондықтан қазақ тілінде қазақ балаларына үйрете алғаныма, әсер еткеніме шын жүректен қуаныштымын.

Студенттердің көбісі ағылшын тілін білмейді. Сондықтан мен екі ортадағы көпір сияқтымын. Неге қазақ тілінде үйренуі керек? Себебі болашақ қазақ балаларына контент ұсынатын әрбір аниматордың өзінің болмысы, жаны қазақ болуы тиіс. Жапондықтардың анимелерін көрсеңіз, тіпті орыс кейіпкерлер де жапондық бейнемен салынады, яғни, контенттің қайдан шыққанын, кім жасағанын бірден біліп отырасыз. Біз де жапондықтардың тәжірибесіне сүйеніп, ұлттық болмысы бойында қалыптасқан қазақ балаларына қолдау көрсетіп, қазақша мультфильмдердің санын да, сапасын да арттыруымыз қажет. Мәселен, өзіміздің «Алдар көсені» жасап шыққан – Краус Артур есімді еврей азаматы. Өн бойында да, жанында да қазақылық жоқ. Ешкімді сөгіп, кінә артпаймын. Алайда ел боламын, әлемде қазақ деген ұлт болып қаламын десек, әрбір қазақша фильм, анимациялық туындыларды жасауда қазақтың тұрмысын білетін, қазақтың тілінде сөйлейтін, ата мен әженің тәрбиесін көрген жастарға сенім артып, олардың қолынан шыққан дүниелерге қолдау білдіргеніміз жөн.

– Бағлан, сүбелі сұхбат үшін рақмет!

Әңгімелескен

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<