Азық-түлік: Қор және баға

294

0

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі өткен аптада -0,1%-ды құрады. Айдың басынан бастап барлығы: -0,3%. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

– Азық-түлік бағасының төмендеуі 10 өңірде тіркелді, оның ішінде Ақмола және Жамбыл облыстары үш апта қатарынан осындай нәтиже көрсетіп келеді. Жеті облыста өсім болған жоқ, үшеуінде 0,1%-ға өсім тіркелді, – деп хабарлады Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Жалпы азық-түлік бойынша жұмыртқа (1,8%), қарақұмық (1,3%), ұн (0,7%), күріш (0,6%), күнбағыс майы (0,4%), тұз (0,3%), сүзбе және пияз (0,1%) бағаларында төмендеу бар. Сонымен қатар қырыққабат пен сәбіз бағасының маусымаралық қымбаттауымен қатар, бір аптада сары май бағасының өсуі (0,5%) тіркелген. Есептеулерге қарағанда мамыр айында сүт өндірісінің ұлғаюы тек майдың ғана емес, басқа да сүт өнімдері бағасының тұрақтануына оң әсер етуі тиіс.

Бұған қоса, кеңесте су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі тұрақтандыру қоймаларындағы қор мониторингінің нәтижелері тыңдалды. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта ӘКК-де жалпы көлемі 284,9 мың тонна маңызды азық-түлік түрлерінің қоры бар. Барлық облыста жұмыс топтары құрылған, көкөніс қорларына ревизия жүргізілген. Су басқан өңірлерге азық-түлік жеткізуде кідірістер байқалмайды.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин барлық өңірде маусымаралық кезеңнің шарықтау тұсында бұрынғы қорларды босатып, пайдалану және жаңа өнімдерді қабылдауға уақытылы келісімшарт жасау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<