Теңізді өңірдегі өрелі істер

2146

0

Жылдан жылдың жүгі ауыр. Өтіп бара жатқан жылдың өзіне тән қиындығы, ерекшелігі болғаны баршаға белгілі. Шартарапты дүрбелеңге салған кесел салқыны Арал аймағына да тиді. Бұған дейін де сан мәрте сынаққа төтеп берген теңіз перзенттері сыр бермеді. Мұндағы сан саланы қамтыған тіршілік тіні қалыпты тарқатылуда.

Газет тілшісінің Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевпен жасаған сұқбатында теңізді өлкедегі тындырылған толымды тірліктер, алдағы уақытта межеленген жұмыстар көпшілік назарына ұсынылып отыр.

– Мұхтар Әуесұлы, облыс орта­лығынан шалғай орналасқан теңізді аймақтың биылғы әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсеткіштері қан­дай? Жыл парағы қандай жақсы іс­термен жабылғалы тұр?

– Дұрыс айтасыз, жылды қоры­тындылайтын уақыт та жақын қалды. Статистикалық деректерге көз жү­гір­тіп, жеткен жетістіктерімізді сара­лайтын болсақ, аудан дамуында оң  динамика байқалады. Нақты айтқан­да, жыл басынан бері 10,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Аудан бюдже­тінің нақтыланған жалпы түсімі 22,9 млрд теңгені құраса, төртінші деңгейлі бюджеттің енгізілуіне бай­ланысты дер­бес бюджеті бар 24 қала, кент және ауылдық округ бюджеті 2,7 млрд тең­гені құрады.

Жыл басынан бері өнеркәсіп орын­дары 13,3 млрд теңгеден артық өнім өндірсе, агроөнеркәсіп кешеніндегі жал­­пы өнім көлемі 10,1 млрд теңгені құрап отыр. Құрылыс саласында бар­лығы 2,7 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылуда. Бұл бірлік пен сабырға жүгінген аудан халқының несібесі деп білемін.

– Сәлемдесуді мал-жанның аман­дығынан бастайтын ағайынға ауыл шаруашылығы саласы тон­ның іш­кі бауындай жақын екені бел­гілі. Аралдың табиғаты мал ша­руа­шы­лығына қолайлы. Ендеше осы сала­ның қазіргі жағдайына тоқ­талып өтсеңіз.

– Агроөнеркәсіп кешеніндегі жал­пы өнім көлемі 8,2 млрд теңгені құ­рап, былтырғымен салыстырғанда 102 процентке артты. Зер салсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тыр­ғанда ірі қара, жылқы, түйе, қой мен ешкі басы өскені бай­қалады. Ауданда 26 заңды тұлға мен 856 шаруа қожалығы бар. Оның ішін­дегі 7 ауыл шаруашылығы құ­ры­лымы асылтұқымды мал өсіру­мен айналысады. Сондай-ақ, 1 акцио­нер­лік қоғам, 26 кооператив, 14 жауап­кершілігі шектеулі серіктестік, 1 мем­лекеттік мекеме жұмыс істейді және 849 шаруа қожалығы тіркелген.

Мал шаруашылығы өнімдері де көбеюде. Қазір 7 асылтұқымды ірілен­дірген шаруашылық бар. Олардың ішінде 2 шаруашылық қазақтың ақбас сиыры тұқымын өсірумен айналысса, 4 шаруашылық асылтұқымды қазақ жылқысын, 1 шаруашылық «Мұғал­жар» тұқымды жылқы және қос өркешті (бактериян) түйе өсірумен айналысады. Оған қоса, «Берекет», «Ықылас» ша­руа қожалықтары асыл­тұқымды «Қа­зақ­тың ақбас сиыры» тұқымын өсі­румен айналысады. «Бе­рекет» шаруа қожалығында 450 бас, «Ықылас» шаруа қожалығында 500 бас асылтұқымды ірі қара бар. Ша­руа­шылықтар жыл сайын барлық ау­дандарға және ауылдарға 80-100 басқа дейін ақбас сиырдың бұқашығын сатып келеді.

Биыл Жіңішкеқұм ауылдық окру­гіндегі «Ажигулов Зинет» шаруа қо­жалығы Арал қаласындағы «Арал ыры­сы» кредиттік серіктестігі» ЖШС-дан 16 млн теңге несие алды. Ақ­төбе облысы, Мартөк ауданындағы «Есбол» шаруа қожалығынан сүт ба­ғы­тындағы 50 бас асылтұқымды «Красная степная» сиырын және 2 асылтұқымды бұқа әкеліп, шаруасын дөңгелентіп отыр.

– Халықтың тұрмыс-тіршілігіне баға тұрақтылығының тигізер әсері баршаға аян. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бағаны тұрақтандыру мәселесі қай кезде де басты назарда. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі негізгі азық-түлік бағасына үнемі мониторинг жүргізілуде. Соның ішінде нан бағасын тұрақтандыру мақсатында «КZ-MBK» ЖШС ұн тарту комбинаты, 1-сұрыпты «Аралым» ұнын келісі 130 теңгеден (1 қабы 6500 теңгеден) наубайханаларға ұсынуда. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында 1 рет, Қызылорда қаласында 3 рет және аудан орталығында 8 рет барлығы 12 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.

– Экологиялық сауықтыру бағы­тында қандай жұмыстар бар?

– Осы жылы республикалық бюд­жеттен «Көкарал бөгетін сақтау жә­не Сырдария өзенінің арнасын қал­­­пына келтіру» жобасының құжат­та­­рын әзірлеуге тиісті қаражат бө­лін­­ді. Бүгінде тиісті жұмыстар ат­қа­ры­луда. Биыл Жаңақұрылыс ауыл­­­дық округіндегі «Нұралы» жар­ма ка­на­лының экологиялық жағ­да­йын жә­не сумен қамтамасыз еті­­луін жақ­­сар­­ту үшін су тоспасын салу­дың жо­ба-сме­талық құжаттарын әзір­леу­ге об­лыс­тық бюджеттен қаржы қа­ралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оған қоса, Бекбауыл ауылдық окру­гіндегі «Кеңесарық» каналына су тос­палары салынып, тазалау жұмыс­тары толығымен аяқталды. Бөген ау­ылдық округіндегі «Домалақ» ка­на­лының жер актісі, техникалық құ­жаттары жә­не бағалау жұмыстары құ­жат­тан­дырылуда.

– Арал десе көз алдымызға шал­қыған теңіз, тайдай тулаған ба­лық елестейтіні анық. Бүгінде Арал­дың балығы бірнеше шет мем­ле­кеттермен қатар, Еуропа елдеріне дейін экспортталып жатыр. Балық шаруашылығы саласындағы тың жаңалықтарды бөлісе отырсаңыз?

– Қазір балық шаруашылығы ауыл шаруашылығының маңызды буы­ны болып қалыптасты деп толық ай­та аламыз. Балық шаруашылығы өңір эко­номикасының дамуына және ха­лықтың әлеуметтік жағдайының жақ­саруына, оларды жұмыспен қам­тамасыз етуде маңызды болып отыр. Себебі, Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық аулаумен тығыз байланысты.

Ауданда балық аулау көлемі жыл сайын артуда, 2000 жылмен салыс­тырғанда 20 есеге өсіп, қазір 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сыр­дария өзені және 20 көл бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дү­ниесі аумақтық инспекциясы Арал инс­пекциясы бөлімінің мәліметі бойынша қазан айының 1-іне дейін ауланған балық 4450 тонна болса, аудандық ста­тистика басқармасының жедел мәліметі бойынша  өңделген балық 4372 тоннаны құраған.

Аулау көлемінің өсуі өңдеу са­ласының дамуына мүмкіндіктер жа­сады. Балық  шаруашылықтары мен өң­деу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Ауданда жылдық қуатты 19900 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Таратыңқырап айтсақ, «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орта­лығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары терең өңдеумен, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», «Жалғасбай» шағын за­уыт­тары қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады.

Еуропа нарығына шығуға мүмкін­дік беретін Еврокод белгісі екі кә­сіпорында – «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-да бар. Биыл Ақбасты елді мекенінде екі бір­дей балық цехы іске қосылды. Оның бірі 100 тоннаға дейін ауланған балықты сақтаса, екінші цех күніне 40 дана балық консервісін дайындауда. Қазан айындағы мәліметке сәйкес 1807 тонна балық өнімдері Ресейге, Польша, Қытайға, Германия, Грузия ел­деріне экспортқа шығарылды.

Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтағы Қосжар ауылындағы «Қа­­мыстыбас» питомнигі мен оның «Тас­тақ» учаскесінде балық өсіруге ар­налған арнайы инкубациялық цех­тар бар. Облыс көлемінде табиғи су ай­дындарының балық қорын кө­бей­ту мақсатында республикалық бюд­жеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне,  «Ақшатау» көлдер жүйесі мен «При­морский», «Қамыстыбас» көлдер жү­йесіне осы «Қамыстыбас балық пи­томнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана бір жылғы шабақ және 420 мың екі жылғы шабақ өсірілуде.

Аулау мен өңдеуден бөлек балық өсіру бағытындағы жобалар бар. Мә­селен, «Арал теңізі» балықшы­лар қо­ғамдық бірлестігінің бастама­сы­мен балық қорын көбейту мақса­тын­­дағы жоба жемісін берді. «Ға­лам­­дық экологиялық қордың»  қар­­жы­лай қолдауымен Ақшатау ауыл­ында көлемі 16х30 метр болатын инку­ба­­ция­лық цех салынды. Бұл цехқа Ре­сейден әкелінген УЗВ (тұйықталған сумен қамтамасыз ететін балық өсі­ру қондырғысы) аппараттары қон­дырылды. Жобаның жалпы құны  26 млн теңгені құрайды. Жоба авторы «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің директоры Айнагүл Баймаханова. Се­ріктестері – «Жамбыл» өндірістік кооперативі, жеке кәсіпкер Төребек Игіліков. Бірлесе атқарылатын жұ­мысты орындаушы – «Қазалы Оазис» қоғамдық бірлестігі.

Өткен жылы ашылған цехтан биыл 40 миллион дернәсіл су айдындарына жіберілді. Олардың 23 миллионы тісті болса, қалғаны – карп балығы. Атап өту қажет, цехта балық қолдан ұрықтандырылып, одан шыққан уыл­дырық дернәсілге айналып, тұйық­тандырылған бассейндерде жаз бойы қоректендіріледі, су айдындарына жіберіледі.

– Кәсіпкерлікті дамытуда теңіз төскейінде қандай жұмыстар ат­қарылуда? Жалпы кәсіпкерліктің сандық және сапалық даму деңгейі қалай? «Кәсіп ашамын, бизнес жа­саймын» деген азаматтардың бел­сенділігі, оларды қолдау жағы қа­лай?

– 1 қарашадағы мәлімет бойынша аудандағы шағын және орта бизнес субъектілері 4150-ді құрады. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3640-қа, яғни 87,7%-ке жетті.

Өз кәсібін ашуға ынталы жандар баршылық. Кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан несиелендіру жұмыстары да бөтен емес. Атап өтсем, өңірде барлық қаржы институттары арқылы 774,9 млн теңгені құрайтын 123 жо­ба несиелендірілді. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға ар­налған 200 АЕК көлеміндегі қай­та­рым­сыз гранттық қаржыландыру («Ең­бек» бағдарламасы) жобасы бо­йынша 314 адамға 172,6 млн теңге, инно­вациялық тұрғыдағы (БЖК-2025 бағдарламасы) 2 бизнес жобаға 4 млн теңге көлеміндегі қолдау көрсетілді.

Жыл соңына дейін қаржыланды­рылатын жобалар бар. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 246 азамат, «Бизнес кеңесші» бағ­дар­ламасы бойынша 46 адам оқудан өтті.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 101,8 млрд теңгені құ­райтын, іске қосылғанда 1389 азаматты жұмыспен қамтитын 6 жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде «Арал» сервистік дайындау орталығы» ЖШС «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасының 1-кезеңі бойынша Арал қаласында орналасқан цех және 4-кезең бойынша Бөген ауыл­дық округіндегі мұздату цехы, жатақхана пайдалануға беріледі. «Қа­зақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобасы жақын арада іске қосылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, «Аралтұз» АҚ-ның «3-Испан цехын салу»(жоба құны – 3 млрд теңге) және «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы» (Жоба құны 1,5 млрд теңге) жобаларының құрылыстары бас­талды. Олар 2021 жылы пайда­ла­нуға беріледі деп күтілуде. Мұнымен қатар, «Дана Кварц» ЖШС-ның «Арал ауданында кварц құмын тау-кен ба­йыту комбинаты» жобасы толық қуат­тылықта іске қосылады деген жоспар бар.         

Аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан 4 жол бойы сервистік нысаны қызмет көр­сетіп келсе, бұған қосымша жеке кәсіпкер Т.Жалғасбековтың баста­ма­сымен «С» және «Д» санатындағы жол бойы сервистік қызмет көрсету кешені осы желтоқсан айының ішінде жолаушылар игілігіне берілмек.

– Қала келбетінен біршама өзгеріс байқалады. Аудандағы құрылыс саласындағы жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

– Биылдың өзінде құрылыс саласы бойынша 17 жоба іске асырылды. 250 орындық оқушылар үйінің, бес елді мекенде биотермиялық шұңқырдың, Шижаға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағ­дар­ламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі ғимаратын жаңғырту жұмыс­тары, Шөміш, Қарашалаң елді меке­нінің ішкі су желісін кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстары  аяқталды. Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мек­теп пен 40 төсектік аурухана, Арал қаласындағы қатты тұрмыстық қал­дықтарға арналған полигон, Арал қаласы №1 шағын ауданына су желісін тарту, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жақсықылыш кентіндегі «Спорт­тық сауықтыру кешені» мен №19 орта мектебіне 100 орындық қо­сымша жапсаржай салу қарқынды жүргізілуде.

Тұрғын үй мәселесін шешу бағы­тында ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыстық бюджет есебінен небәрі алты айдың ішінде 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жергілікті кәсіпкерлер – «Арал су құрылысы» және «Наурыз құ­ры­лыс» ЖШС мерзімінде сапалы орын­дап шықты.

– Тұрғындарды ауыз сумен қам­тамасыз ету қаншалықты деңгейде?

– Арал ауданында 49 елді мекен бар. Осы елді мекендердің 38-і орта­лықтандырылған ауыз су жүйе­сімен қамтылса, 10 елді мекен (Абай, Тоқабай, Жіңішкеқұм, Ерімбетжаға, Күршек, Сазды, Көктем, Құланды, Ақбасты, Мойнақ) орталықтандырылмаған көз­дер (скважиналар) арқылы және 1 елді мекен (Тастүбек) тасымал арқылы ау­ыз сумен қамтамасыз етілген.

Өздеріңізге белгілі, ҚР Премьер-министрі А.Мамин мақұлдаған елді мекендерді 2023 жылдың соңына де­йін сапалы ауызсумен жабдықтау жөніндегі Жол картасына сәйкес, барлық елді мекендерді ауызсу жү­йесіне қосу жос­парланған. Жоғары­да атап өтілгендей, биыл Шөміш, Қа­ра­шалаң елді мекендері мен Арал қаласындағы №1 шағын ауданы ау­ызсу жүйесіне қосылды. Осыған сәй­кес 2018 жылы «Тоқабай-Абай», «Қо­саман-Ақбасты» жобасы әзір­­леніп, респуб­ли­каға ұсынылды. Аталған екі жоба ал­дағы 2021-2022 жыл­дары жүзеге асырылады деп күтілуде.

– Қазір «Жол картасы» бағ­дар­ламасы шеңберінде ауқымды жо­балар жүзеге асырылуда. Бұл тұрғындардың  жұмыспен қамты­луы­на да септігін тигізуде. Осы ба­ғытта қандай нәтижелі жұмыстар бар?

– Арал ауданында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде 16 жоба іске асырылуда. Олардың 6-ы аудандық бөлімдер арқылы, 10 жоба облыстық басқармалар арқылы қаржыландырылуда. 616 жұмыс ор­нын ашу жоспарланса, қазір 651 адам (105,7%) бағдарлама шеңберінде жұ­мыспен қамтылды. Арал қаласында орналасқан екі бірдей колледж күр­делі жөндеуден өткізілуде. Екі білім ошағының да маман дайын­дауда ма­ңызы зор.

Арал көпсалалы колледжінің  оқу ғимараты 3 қабатты, 1980 жылы са­лынған. Негізі 360 оқушыға ар­нал­ған. Оқу корпусының іргетасы бір­тұтас бетон, сыртқы, ішкі күрделі қа­бырғалары қыштан салынған. Ал, колледждің жанындағы зертхана ғи­мараты 1975 жылы қамыстан тұрғы­зылған. Осы нысанның күрделі жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Абзал Проект Консалтинг» ЖШС қалыпты деңгейде жүргізуде. Құры­лыста 125 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Арал индустриалды-техникалық колледжі болса, өткен ғасырдың сек­сенінші жылдары  аудандағы кеме жөндеу зауытының теңгеріміне асхана ретінде салынған. 2003 жылы колледж балансына алынып, оқу корпусы ретінде қайта жабдықталған.

Ғимарат екі қабатты, сәуір айында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі арқылы конкурс жарияланған болатын. Жөндеу жұмыстарын «Са­мат-Мұнай» ЖШС жүзеге асыруда, 60 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар, Арал қаласында орна­ласқан архив ғимараты жөндеуден өткізілуде. «РБ-Строй» ЖШС жүргізіп жатқан жөндеу жұмыстарында 24 адам жұмыспен қамтылған.

– Жол қатынасы – экономиканың күретамыры. Аудан көлемінде жол салу жұмыстары қаншалықты жүргізілуде?

– Биыл аудан тарихында бұрын-соңды болмаған қарқынмен Арал қа­ласындағы 33 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 22,32 шақы­рымды құрайтын 33 көшеге, оның ішінде 28 көшенің жолына (17,42 ша­қырым) асфальт жабындысы, ал 5 көшеге (4,9 шақырым) қиыршық тас  төселді. Сондай-ақ, Жетес би ауылдық округіне қарасты Ескіұра елді ме­кенінің кіреберіс жолы жөндеуден өткізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы аясында Жақсықылыш кенті көшелерін орташа жөндеуге ти­істі қаржы бөлінді. 18 көшені жөн­деу­ден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу жүргізілді.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша Тоқабай елді мекеніне кіреберіс автожолының 1,2 шақырымы жөн­дел­ді, қалған бөлігі келесі жылы жал­ғасады. Жолдарды күрделі және ор­таша жөндеу бойынша облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 4 жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы бас­талған 4,9 шақырымды құрайтын «Ақлақ-Қаратерең» автожолының 2,5 шақырымы жөндеуден өткізілсе, биыл қалған бөлігі (2,4 шақырым), сонымен бірге 1,2 шақырым болатын «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автожолының 0,6 шақырымы орташа жөндеуден өт­кі­зілді.

– Аймақта жеті аудан арасынан алғаш болып аралдықтар «көгілдір отынға» қол жеткізгенін білеміз. Биыл тұзшылар қауымы да газдың игілігіне бөленіп жатқан жайы бар. Ендігі жерде елді мекендерді газдандыру бойынша қандай жос­парларыңыз бар?

– Арал қаласында 6667 тұрғын үйдің 95,5 проценті газ қолданып отыр. Сондай-ақ, 210 кәсіпкерлік және 23 әлеуметтік-мәдени нысан «көгілдір отын» көзіне қосылған. Бұдан бөлек Жақсықылыш кентіне «Компания Газ Строй» ЖШС мердігер мекемесі арқылы газдандыру жұмыстары жүр­гізіліп, облыс әкімі Гүлшара Әб­ді­қа­лықова телекөпір арқылы Жақ­сы­қылыш кентіне «көгілдір отынды» қосты. Кентте Аралдың ақ алтыны – тұз өндіретін «Аралтұз» АҚ орналасқан. Газдандыру жұмыстары барысында 57,7 шақырым газ құбыры тартылып, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункті орнатылды. Бүгінде Жақсықылыш кентіндегі жалпы саны 855 жеке тұрғын үйдің 405-і (47,3%) газға қосылды.

Сексеуіл кентін газдандыру об­лыстың әлеуметтік-экономикалық да­­мы­тудың 2019-2022 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспарына енгі­зіл­ген. Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасы арқылы «Арал ау­да­нының Сексеуіл кентінде АГБС (автоматтандырылған газ бөлу стан­сасы) орнатумен қоса «Бейнеу-Шым­кент» магистральдық газ құбы­рынан бұрма газ құбырын салу» жұ­мыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Кешенді жоспарға сәйкес Сексеуіл кентінде газ жеткізу құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салу 2022 жылға жоспарланған.

Тоғыз жолдың торабында орналас­қан Сексеуіл кентін «көгілдір отынға» қосу әрдайым басты назарымызда.

Әңгімелескен

Жұмабек Табынбаев,

«Сыр бойы».

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз