Жеңіл өнеркәсіптің қанаты қашан қатаяды?

1374

0

Маусым айының екінші жексенбісі – жеңіл өнеркәсіп иелерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күн алдында облыстық жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы Дина Махатовамен саладағы жаңалықтар мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы аз-кем
әңгімелескен едік.

–       Дина Ордабекқызы, алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Қиын әрі  күрмеуі көп салада ерінбей еңбек етіп, суығына тоңып, ыстығына күйіп, ел игілігіне қызмет көрсетіп, өнім шығаруда еңбектеріңіз ерен. Сіз басқаратын қауымдастықтың бүгінгі тынысы қалай? Оған қанша кәсіпкер мүше?

– Біздің қауымдастық әлі күнге дейін аккредитациядан өтпеген болатын. Биыл осы істі қолға алудамыз. Пандемияның залалы жеңіл өнеркәсіп иелеріне де тиді. Білім ордаларында сабақ онлайн болғандықтан, мектеп формасын тіге алмадық. Енді бұл мәселені де бірігіп шешуде үлкен жоспар жасаудамыз. Кім мектеп формасын тігуге келіседі, солардың өнімі жәрмеңке арқылы сатылымға шығады. Алда жасалатын шаруа көп.

– Еліміз мақта, жүн, тері сияқты шикізат ресурстарына өте бай. Бірақ, осы шикізаттардан өндірілетін өнімдердің импортына тәуелділігіміз жоғары. Мәселен, біздегі тігін-тоқыма өндірісі ішкі сұраныстың 10%-ін ғана өтейді, аяқ киім сұранысын бар-жоғы 1% көлемінде жабады екенбіз. Бұл мәселенің күрмеуін қалай шешеміз?

–       Әрине шикізатқа баймыз. Бірақ оны өңдеп жатқан мекеме жоқтың қасы. Мен өзім жүн мен теріні қайта өңдеп, одан түрлі өнімдер жасауды бастаған едім. Алайда қомақты қаражат қажет болды. Оның үстіне бірлесіп бастайтын серіктес те табылмады. Сонымен басталған іс тек қағаз жүзінде қалып отыр. Бізде тігін және тоқыма өндірісі жағынан әлі ешқандай бастама жоқ. Киім өндірісін бір-екі кәсіпкер қолға алды. Бірақ ол да қолдауды қажет етеді. Жеңіл өнеркәсіп иелерінің мәселесі облыс әкімі алдында да көтерілді. Бірнеше жоба бар, қолдау болады деп ойлаймын. Қарап отырсаңыз, қырғыз, өзбек елдерінде жеңіл өнеркәсіпке үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Біздің оларға бәсекелесе алмай отырғанымыздың бір себебі де сол. Ал Қазақстанға матаның 90 проценті сырттан келеді.  Тек Шымкент өңірінде оң бастама бар. Мақтадан өнім өндіруді қолға алуда. Өзім де Шымкенттегі «Тұран» фирмасынан өңделген теріні, тауарды сатып аламын. Біз одан жұмыс қолғаптарын тігеміз. Сол өңірдегі «Alatex» мекемесі 800 гектар мақта шабындығынан өнім алып, мата өндіруге көшуді жоспарлауда. Енді жергілікті кәсіпкерлер болып осы мекемеден сатып алуды көздеп отырмыз. Бұл кәсіпорын – ерлер киімін өндіруде еліміз бойынша алдыңғы қатардағылардың бірі. «SapaKa»  қазақы нақыштағы киімдерді тігуді жақсы жолға қойды. Өзім  «Ac-Ка»  ЖШС-ның иесімін. Біз бүгінде инновациялық жаңа өнім өндіруді бастап жатырмыз. Арнайы бас киімге тапсырысты  Қазақстан бойынша біздің мекеме орындауда. «Озық» мекемесі біртіндеп алға дамып келеді. Ал шағын ателье иелері мұндай үлкен жобаларға қатысудан тартынады. Қанша өзімізге қарай баулығанмен тәуекел ете алмай отырғандары бар. 

– Ел нарығын емін-еркін жайлап алған қытайлық, түркиялық, қырғызстандық тауарлармен тең дәрежеде бәсекеге түсу мүмкін болмай қалды. Көлеңкелі экономика да осы саланың еншісінде. Соның салдарынан ел ішіне сапасы өте төмен, төмен болғанда, адам ағзасына қауіпті тауарлар көлеңкелі жолмен ағылуда. Отандық өнімді дамыту үшін бізге не жетіспей жатыр деп ойлайсыз?

– Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы мекемелерге арнайы жеңілдіктер беретін болса, міндетті түрде отандық өнім дамитын еді. Өзбекстан бұл жағын реттеп қойған. Біздің отандық кәсіпкерлерге  салық жағынан жеңілдіктер қарастырылып, банктерден проценті төмен несие берілсе дейміз. Әкелетін тауарымыздың өзіне қаражат жетпей жатады. Несие алсақ, оның проценті көп. Біреуін жауып, екінші несиені тағы аламыз. Олай жасамасақ жұмыс тоқтап қалады, жұмысшыларға айлық төленбейді. Сырттан алдыратын құрал-жабдықтар мәселесіне де қолдау болса, отандық киім-кешек, тігін, тоқыма өнеркәсібі өркендеп, кең қанат жаяр еді.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз…

– Аты жеңіл өнеркәсіп дегенмен, жүгі ауыр салада еңбек етіп келетін әріптестерімнің кәсібіне береке тілеймін. Еліміздің экономикасы мен өндірісін дамытуға үлестеріңізді қоса беріңіздер! Шығарған өнімдеріңіз көптің көңілінен табылып, әлем нарығын жаулайтындай дәрежеге жетсін! Отандық өнімді өркендетуде аянбай тер төге беріңіздер!

Әңгімелескен

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<