Қазалы ауданының абыз ақсақалы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет қайраткері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Әлмәмбет Әлішевтің өмірден озғанына жыл толып отыр.
Әлмәмбет ағаның бойындағы қанмен келген тектілікті аудан халқы әлдеқашан мойындаған. Қандай мінбелерде де өз ойын ашық айтатын қайраткерлігі көпшілікті тәнті ететін. Және ол алған бетінен қайтпайтын қайсар жан. Әділет үшін күресте ешкімнің алдында бас имейтін. Оны халық «Қазалының айбары» деп бағалайтын.
Әлекең ағамыздың кітаптары мен газет беттерінде жарияланған көркем очерктерін құмарта оқып, өзімізге үлгі тұтып өскен кейінгі буын журналистер бірге қызмет атқарған жылдары оның қарым-қабілеті мен шығармашылық талантын, ел алдындағы беделі мен қайраткерлік қабілетін айқын сезіндік. Қайсар мінезі мен алғырлығы, аса еңбекқорлығын көзбен көріп, еріксіз мойындадық. Ақылман ағаның өмір жолына да қаныға түстік.
Әлмәмбет Әлішев бала күнінен өмір талқысында шыңдалып, шымыр болып өсті. Мектеп, ауыл кітапханаларындағы кітаптарды қызығып оқитын ол сабақты да бестік бағаларға бітірді. Оқушы кезінен пікірін ашық айтуға дағдыланған ол мұғалімдерінің назарынан тыс қалған жоқ. Әкесіз өскен баланың соншама қайсарлығы ұстаздарын да таңдандыратын. Оның үстіне әдебиетке құмарлығы талай асуларды бағындыратынына ұстаздар көңілін сендіре түсетін.
1957 жылы №24 Октябрь орта мектебін бітірген жасөспірім жас колхозда шопан болып еңбек жолын бастады. Маң далада шопан отарын қайырып жүріп қиялға берілген талапты жас көкірегіне хатталған, өлеңмен өрнектелген сөз тіркестерін қойын дәптеріне жазып ала берді. Алғашқы өлең шумақтары сол кездегі аудандық «Социалистік жол» газетінде жарияланып, бұл балғын көңілге шабыт беріп, мақалаларды бірінен соң бірін бұрқыратып жаза бастады. Газетте көлдей-көлдей материалдары басылған соң журналист болуға шыңдап ден қойды. Қайсар жас өз-өзін қамшылады. Талабына сенімі беки түсті. «Алмас қылыш қап түбінде жатпас» дегендей журналистік қадамын 1960 жылы Алматы қаласында шығатын Қазақстан мен Қырғызстанға тарайтын республикааралық «Теміржолшы» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, қабілет-қарымын танытқан соң арнаулы тілші қызметіне қабылданды. Алайда жас журналист отбасылық жағдайына байланысты әсем Алматымен қимай қоштасып, туған жерге қайта оралды. Жалындап тұрған жасқа аудандық газет редакциясында орын болмағандықтан аудандық комсомол комитетіне қатардағы нұсқаушы болып жұмысқа тұрды. Тумысынан алғыр Әлмәмбет аға комсомол қызметінде де сатылап өсе берді. Әйтсе де қолынан қаламы түспеді. 1960 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде «Серт» атты алғашқы әңгімесін жариялады. Және осы газет бетінде көрнекті балалар жазушылары: Сейтжан Омаров пен Өтебай Тұрманжанов әңгімесіне жылы лебіз білдірген соң шығармашылық ізденісін қуанышпен жалғастырды. Соның нақты нәтижесі 1962 жылы 15 мамырда Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде қазақтың көрнекті ақыны Асқар Тоқмағамбетовтың алғы сөзімен сәт сапар тілеген Әлмәмбет Әлішевтің топтама өлеңдері жарияланды. Шығармашылық қуаттың әсері де болар қарымды журналист келер жылы Қазалы ауданы жастарының жетекшісі болып сайланды. Бұл қызметті үш жыл абыройлы атқарып, Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары қызметіне ауысып, шығармашылық ортасымен қайта қауышты.
Әлмәмбет Әлішевтің шығармашылық бастауындағы күрделі жұмысы Ұлы Отан соғысы кезінде теңдессіз ерлік жасап, Латвия республикасында мерт болған, Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Үрмәш Түктібаевтың өмірі мен жауынгерлік жолын көз майын тауыса ұзақ жыл зерттеп, кейбір құжаттарда «Орман Туйтебаев», «Орман Тоқтыбаев» болып қате жазылған батырдың аты-жөнін қалпына келтіріп, Латвияға өзінің жеке қаржысы есебінен алты рет барып, батыр қабірін тауып, сүйегі жат жерде қалған Үрмәш Түктібевты қайта тірілтіп, туған халқымен қайта қауыштыруы еді. Батыр жайлы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Үрмәш Түктібаев» атты кітапты, келер жылы сол баспадан «Батыр болып тумайды» повесін 46 мың данамен шығаруы батырға деген шынайы құрметтің белгісі еді. Атап айтар жағдай жазушының «Батыр болып тумайды» повесін аудармашы Лина Қосмұхамедова орыс тіліне тәржімалап, 1972 жылы повесть латыш тіліне аударылып, Рига қаласындағы «Лиесма» баспасынан латыш тілінде 10 мың данамен басылды. Осы аударма кітап туралы кезінде республикалық газеттер мен журналдарда, одақтық «Правда» газеті мен «Литературная газета» басылымында жылы лебіздер жарияланғанын көпшілік есіне сала кетудің еш артықшылығы жоқ деп ойлаймын.
Жазушының шығармалары жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге ықпалын тигізгенін атап өтуімізге әбден болады. Себебі, талантты жазушының «Үрмәш Түктібаев», «Батыр болып тумайды», «Ат тұяғын тай басар», «Бәйтеректің бұтағы» атты «Жазушы», «Жалын» баспаларынан шыққан төрт кітабы да Ұлы Отан соғысының тақырыбына арналған.
2008 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан Ә.Әлішевтің екі томдық шығармалары жарық көрді. Алғашқы томда жазушының соңғы жылдары жазған «Иірім» романымен «Батыр болып тумайды» повесі, екінші томында «Бәйтеректің бұтағы» романы мен «Ой орамдары» әдеби-философиялық толғаулары, эсселері басылған.
Әлекеңнің Қызылорда облысында тұрып, еңбек еткен жазушылармен ақындар арасында Асқар Тоқтағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Саид Баязитов, Нәсіредин Серәлиев, Қуаныш Баймағамбетовтен кейін 1974 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өткен прозаик-жазушы екенін оқырман есіне сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Оның жазушылыққа өтуіне Асқар Тоқмағамбетов пен Нәсіредин Серәлиев кепілдеме берген.
Қаламгер аудандық партия комитетінде де бірқатар қызметтер атқарды. Аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетіне басшылық жасады. Үзіліссіз 11 жыл аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық советтің депутаты ретінде де аудан халқы үшін маңызды істердің шешімі табылуына үлес қосты.
Абыз ақсақалдың кейінгі 34 жылға жуық уақыты тікелей журналистикаға арналды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан бастап аудандық басылымға басшылық жасады. Қарымды қаламгер аудан баспасөзін биік деңгейге көтерді. Ел өмірі, қоғам тынысы жайында очерк, эсселер жазып, ой толғады. Қарамағындағы шығармашылық қызметкерлеріне сөзбен емес ісімен де өнеге көрсетті. Қоғамдық істердің бел ортасында жүрді. Әділеттік үшін арпалысып, ақиқаттың алдаспанына айналды. Халықтың ризашылықтарын алды.
Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апат зардаптарының ақ-қарасын ашып айтқан жазушының бірегейі Әлішев Әлмәмбет болатын. Сөйтіп аймақты экологиялық апат аймағы деп жариялатуға қомақты үлес қосқаны анық. Сол кезде жауырды жаба тоқушылардың Әлекеңді жаратпағаны да рас. Бірақ олардың қай-қайсысы да беделді де қайсар, текті азаматпен бетпе-бет келуден тайсақтайтын. Пікірлерін сырттан айтқандарымен, көзінше именетін, дәлел-дәйектерінің жоқтығынан қорғалақтайтын.
Шындығын айтсақ, Әлекең батыл редактор болды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары мен тоқсаныншы жылдарының басында аудандық «Ленин туы» газетінің тиражын 12 мыңға жеткізді. Бұл республикадағы жергілікті қазақ тіліндегі басылымдар арасында жоғары көрсеткіш болатын. Ал Әлекеңнің тәлімін көрген Балтабай Тәжімбетов, Молдабай Қаржаубаев, Жаңабай Өтегенов, Едіге Кішкенеев, Раушанбек Сейтенов, Жетіскен Мәкенәлиев, Жүргенбай Өмірбаев, Насифулла Аяғанов, Қасқырбек Мәмбетжанов, Тарғын Қаниев, Сахи Қапаров, Құттыбай Баймаханов, Жұмабек Табынбаев кейін әр салада абыройлы қызметтер атқарды. Әлекең 2003 жылы жеке аймақтық «Тұран-Қазалы» газетін ашты. Қазір бұл газетке ұлы Ғазиз Әліш басшылық етіп, әке ізін салған басылымды тұрақты шығарып келеді.
Жазушы, публицист ағаның елге сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Ол Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен, В.И.Лениннің 100 жылдығы құрметіне мерекелік медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Астана» медалімен, Қазақстан Республикасының, Қызылорда облысының «Құрмет» грамоталарымен, Елбасының Алғыс хатымен, «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Абыз ақсақал зайыбы Нағима Омарова екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі жоғары білім алып, әр салада қызмет атқарып жүр.
Раушанбек СЕЙТЕНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<