Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде қаламгер-журналист Жүзбай Таңрықбаевтың 75 жасқа толуына орай мерейлі шара өткізілді.
Дәрісхананың көк желегін қию рәсімінде сөз сөйлеген колледж директоры Абайбек Жүнісов: «Жүзбай Таңрықбаев – осы оқу орнының түлегі. Өзінің алтын ұясына деген перзенттік парызы есебінде ол дәрісхананы жөндеуден өткізуге демеушілік жасады. Бұл кісі бізге БАҚ саласындағы қызметімен де белгілі. Сондықтан бүгіннен бастап 2-оқу ғимаратының «Жолда жүру ережесі және қауіпсіздігі» дәрісханасы қаламгер-журналист, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Жүзбай Таңрықбаев атындағы дәрісхана деп аталады» деді.
Дәрісханасының тарихы және ашылу мақсаты мен жүргізілетін жұмыс бағыты жайлы колледж қызметкері Гүлдана Мұсабекова баяндады.
ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов мерейтой иесіне одақ төрағасы С.Матаевтың құттықтауын жолдап, құрмет грамотасын тапсырды. Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Елубай Әуезов мерейтой иесіне жылы лебізін жеткізді.
Мұнан соң белгілі қаламгер Дүйсенбек Аяшұлының «Жетпіс бесінші көктем» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Кітапта еңбек адамының бейнесі жасалған. Бұл жөнінде колледждің «Мемлекеттік және шет тілдері» пәндік-әдістемелік циклының төрайымы Айжан Қалманова түсінік берді.
Мұнан соң шараға қатысқан қауым ақындар мүшәйрасын тамашалады.
Еңбек пен еңбек адамын дәріптеген ақындарға қазылық жасаған облыстық «Сыр бойы» газетінің қызметкері Айнұр Батталова мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақжол Түменбай жыр бәйгесінің бірінші сыйлығын қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлықбек Бекұзақұлына лайық деп шешті. 2-орын жүлдесі жас ақын Аружан Оралбайға, 3-орын Ғабит Қадырбайға берілді. Мерейтой өзінің тағылымымен, тартымдылығымен көпшілік мерейін көтерді. «СБ» ақпарат