Әскербек аға, бұл дүниенің жалған екенін жақының бақиға аттанғанда біледі екенсің. Бұрынғылар «беу, жалған дүние-ай» деп отырушы еді. Сол кезде оны кім түсініпті. Түсінгендер іштен тынған шығар, ал жас күнімізде оның парқын оншалықты ұға бермеген екенбіз. Қиыспас жаның қас пен көздің арасында о дүниелік болса – бұл дүниенің жалғандығы бекер еместігін түсінеді екенсің.
Қапияда өзіңіз қаза болғанда бір қауым ел осындай күй кештік.
…Бұл өнер он бес жаста
қонды маған,
Дүлейді күткен жанмын
домбырадан.
Өлеңді ұшыра алам,
Қондыра алам…
Өнерді байлық десең болды,
балам, –
деп өзіңіз айтқандай, өзіңіздей тума талант ақынынан айырылған қалың елдің қабырғасы қайысса, арқатірек ағасынан айырылған іні-қарындастарың, асқар таудай әкесінің орнын сипап қалған балаларың мен немерелерің, қиыспас досынан көз жазып қалған қатарлас-қаламдастарың қапаланып, қайғы жұтты. Сырбаз да сыршыл ақынынан айырылған ел мұңайды.
Сыр бойынан жеткен қаралы хабарды естіген астанадағы Махмұтбайдай өмірлік жан досыңыз:
Хабардың мынау
тосыны-ай,
Сену қиын шошымай.
Әскербек өткен өмірден,
Аяулы, асыл досым-ай.
Ажалдың алдан тосуы-ай,
Өмір деген осы ма-ай.
Бөлінбей сан жыл
бір жүрген,
Досым-ай, мойын
қосым-ай… –
деп жоқтау өлең жазса, сонау жігіттік шақтан қанаттасып бірге келе жатқан тағы бір досыңыз Аманкелді Мақатайұлы: «ардақтымыздан айырылыппыз-ау, Қабдешжан-ай» – деп еңіреді.
Әсеке, сіз қаза болды дегенде ет жақындарыңыз еңіреп, ел мұңдасып жатқанда қимас досы табытқа түскенін естіген қанаттастарың осылай жоқтап қалды, артыңызда.
Әскер аға, рабайда бір жол түсіп, өзіңіздің ізіңізге еріп ауылға барып, елдің адамдары мен бауырларыңыздың ортасына түскенде сіздің бір шешіліп әңгіме айтатыныңыз бар еді. Балалық шағыңыз туралы сыр шертетінсіз. Сол әңгімелеріңізден ақын адамның өмір жолы әу бастан қиын болатынын түйсінетін едім. Әңгіменің әлқиссасын өзіңіздің мына жарық дүниенің есігін жеті айға жетер-жетпес шарана болып ашып, қырқыңыздан шығарға дейін тымаққа салып киіз үйдің керегесінің басына жағалатып іліп отырғанын, одан соң анамыз Дәмелінің омырауынан сүт шықпаған соң жас босанған көрші Сәлиманың сәбиімен емшектес болғаныңыздан бастар едіңіз.
Одан соң әңгімеңіздің ауаны мектепте оқыған жылдарыңызға қарай ауар еді. Соғыстан кейінгі «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі» тұрған кезіндегі ауыл тұрмысын қоңыр үнмен әңгімелеп, тыңдарманның көз алдына әкелер едіңіз. Әсіресе, «Сарықұмның» баурайына қамкесектен қоржынтам етіп салынған бастауыш мектепті жылда тасқын су шайып кеткен сайын әр жерге көшіп отырғанын, бір бөлмеде бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейінгі оқушыларды бір ғана мұғалім оқытқанын, мектепте білім алу кезіндегі оқиғаларды қызықты етіп баяндайтын едіңіз. Әңгіме үстінде барынша жайдарыланып, әншейіндегі тұйық мінезіңіз ашылып, жан-жағыңызға мейір төгіп отыратыныңыз бар еді-ау. Сонан соң қарындастарыңыздың қолқалауымен қолыңызға домбыра алып, қоңыр дауыспен үй ішіндегілерді ұйытып ән салатынсыз. Екі-үш әнді қайырып болып, өлеңдеріңізді бірінен соң бірін жатқа оқитынсыз. Туған ауылдың адамдарының кеңпейіл дархандығына, өзіңізге деген ықыласына, бауырларыңыздың сүйіспеншілігіне іштей бір марқайып қайтатын едіңіз-ау, Әсеке-ай!
Осы күні ақынның жолы ауыр болатынын тағы да бір түсінгендеймін, Әсеке. Көрген ауыртпалықтан ердің белі қайысардай өміріңізді өлеңмен жазып кетіпсіз, ақын аға.
Шалымыздың шайқалды
шаңырағы,
Шаңыраққа қарап
шал қамығады.
Түндігін жел желпіген
ақ үй еді,
Қара кемпір кеткен
соң қаңырады.
Қаңырады ақ боз үй,
Қаңырады,
Шилерінен шілдеде
шаң ұрады.
Бозінгеннің ботасы
белдеудегі,
Бебеулейді, бейшара
шағынады, –
деп өлеңмен гөй-гөйге салыпсыз, анаңыз елу жастан аса бере бақилық болғанда. Осы өлеңді оқығанда енесі өлген ботадай боздап қалған бауырларыңызды басынан сипап жұбатып тұрғаныңыз көз алдыма келеді. Жиырма бес жасында анасынан айрылған ақын шерін қалай тарқатпақ?! Қайғының қара тастай салмағын көтеру оңай болмасы анық.
Араға біраз жылдар салып, кешегі кеңес-герман арасындағы қанды-қасап соғыстан аман келген әкеңіз Рахымбек те кемпірі Дәмелінің артынан келместің кемесіне мініп кете барды. Жүрегінен жылуы, жүзінен нұры тамып тұрған жаны жайсаң қара шалдың төрдегі орны үңірейіп қалды.
Ай мен Күн орнында тұрған ашық-жарқын күндердің бірінде, жасыңыз жер ортасына жеткен шағыңызда қапияда жан жарыңыз Сәбирадан айрылдыңыз.
Сұм ажал қайдан
сырғақтай жетті?!
Жыландай жылжып,
Жырғатпай кепті.
Ұлы бесінде –
Күн батпай кетті…
Үзілді үнсіз,
Тіл қатпай кетті.
Батар күн маңып
бағиға бақты,
Шабыттың аты
шағиға шапты.
Жасаурап жүзі
жазира жатты,
Жанбады жұлдыз
Сәбира атты… –
деп, аһ ұрдыңыз, ағажан!
Шаңырақта ұлардай шулап ұл-қыз қалды. Қарауытып жатқан жас қабірге қарап «…кешікпей, бәлкім, келермін мен де…» деп сіз қалдыңыз. «Жарты жолға жеткенде атың өлмесін, жары жасқа келгенде қатының өлмесін» дегенді бұрынғылардың қалай айтқанын сіздің басыңызға түскен ауыртпалыққа қарап біз де түсінгендей болдық. Ақын жүрегіңізге тағы да ауыр салмақ түсті-ау, аға!
Сәбира!
Жалғыз қалдырдың,
Жалғыз жүремін.
Жалғыз мұңайып,
Жалғыз жүдедім.
Жалғызсырады жалғыз
жүрегім,
Жар болсын Алла! –
Жалғыз тілегім… – деп, қалың елдің ортасында жалғыз қалғандай күй кештіңіз-ау, ағажан!
Қуаныш пен қайғы бірін-бірі аңдысып, ала алмай жүрген ескі жау секілді алма-кезектесіп жүретіні белгілі ғой ежелден. Ойламаған жерден ажал құрығы жалғыз ініңіз Жұмабекке түскені сізді тағы да есеңгіретіп кетті-ау, ағасы.
… Есім дұрыс па?!
Естідің нені құлағым?!
Тұманданып тұр,
Тұтылғаны ма мына күн?..
Құладың қалай?
Жұмаш-ай, қалай құладың?!
Құлап жатқан теректі
құшып жыладым… –
деп көз жасын төктіңіз. «Соңымнан ерген жалғызым-ай, ағаңды неге алдыңа салмадың?», – деп торықтыңыз. «Өлгеннің артынан – өлмек жоқ». Жұмабектің артында қалған үйелменді ұл-қызының жетілгенін көріп, көңіл тоғайттыңыз, шүкіршілік жасадыңыз. Сонда да болса, бауырдың орнының омсырайып тұрғаны сіздің ақын жүрегіңізді сыздататынын ұғатын едім-ау, аға!
Бұл жалған дүниені кімдер тәрк етпеген, жан аға?! Екі кештің арасында сіз де қайтпас сапардың сүрлеуіне түсіп, қайырылмастан кете бардыңыз. Аңырап ағайыныңыз, еңіреп еліңіз қалды артыңызда. Арқа тірек ағасын жоқтап іні-қарындастарыңыз, ұлардай шулап ұл-қыздарыңыз қалды. Алланың сізге берген аманатын өзіне тапсырар уақыт болатынын біліпсіз-ау, жан аға!
… Жансыз тән топыраққа
телінерде,
Шыдамай екі ұлым
еңірер ме?!
Не опа теңгеңнен де,
Тегіңнен де?..
Кемістік мен кетті деп
кеміген бе?!
Көзіме көртопырақ
көмілерде,
Жолданар менен
сәлем өлілерге.
Не дейін пейіштегі
перілерге,
Сарылып бізді күткен
серілерге?..
… Келер жыл айтулы ас
берілер ме?
Күмбезім көк кірпіштен
өрілер ме?
Көк күмбез күндік жерден
көрінер ме?..
… Бізсіз де өрлей берер
өмір өрге,
Өлеңім – аманатым
менің елге… –
деп, өзіңізді бізден ажыратып ақирет жолымен кете бердіңіз. Қабірстандағы мәңгілік жайыңыз бұдан жиырмашақты жыл бұрын өзіңіз жайғастырған Сәбира жарыңыздың оң жағынан бұйырды.
Жұртым-ай,
Құпиям көп жан білмеген,
Өмір шіркін өтпес кіл
ән-күйімен.
Екі перзент бар менде:
Бірі – балам,
Екіншісі – өлеңім
әлдилеген… –
деп, күмбірлеген күміс қоңыраудай қоңыр үнмен өзіңіз жиі оқитын өлеңіңіз құлақта қалды. Осы қос перзентіңіз сіздің екі дүниедегі өміріңізді жалғастырушы болсын, АҒА!
Қабдеш ШАҒЫРОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<