Халқымыз Жер-Ананы айрықша қастерлеген, табиғаттың ерекше сыйы – судың да қасиетін жоғары бағалаған. Ал судың біздің Сыр өңіріндегі суармалы егіншілік үшін қаншалықты маңызды болғанын, маңызды бола беретінін барлығы да біледі.
Осыдан 30-40 жыл бұрын облысымызда инженерлік жүйеге түсірілген 220 мың гектар егістік алқабы болды. Осыншама жерден ел өзінің ырзық-несібесін айырды. Облыстың мыңдаған диқандары табыс тасқынын молайтты. Елдің мерейін көтерді. Көптеген азамат мемлекеттің ордендерімен және медальдарымен марапатталды. Бірқатары ең ірі марапат – Социалистік Еңбек Ері атағын иемденді.
Сырдың еңбек абыройын көтеруде суармалы егіншіліктің атқарған рөлі ерекше еді. Ал осынау су құрылыстарын сапалық жаңа деңгейге көтеруде аймақ қана емес, республика өңіріне белгілі азамат Виктор Степанович Морозовтың есімі ерекше аталады. Ол кісінің еңбегі бүгінгі таңда Сырдарияның төменгі ағысындағы егіс алқаптарын суландырумен, атап айтқанда, Қазалы су құрылысы нысанымен, «Әйтек» каналымен, Қазалы оң және сол жағалауындағы, Келінтөбе, Жаңашиелі, Сунақата, Қандыарал, Сұлутөбе, Жетікөл, басқа да магистральді су шаруашылығы каналдарымен тығыз байланысты.
Виктор Степанович Сыр өңірінде 50 жылға жуық еңбек етті. Ол ең алдымен бүкіл күш-жігерін біздің алтын қорымыз болып табылатын суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін барынша арттыруға жұмсады. Кеңес жүйесінің соңғы жылдарында су жолдарын жөндеу, кейін қалпына келтіру біршама күрделене түсті. Осыған қарамастан, ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында салаға барлық күшті жұмылдыра білді. Нәтижесінде Сыр өңірінде суды тиімді пайдаланудың мүмкіндігі артты.
Сыр өңірінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында өткен ғасырдың 60-80 жылдары көптеген ұжымдық шаруашылықтар жаңадан бой көтерді. Сарысу өңірінде, Қарақұмда 2 мыңнан астам скважина, 4 мыңнан астам шахталық құдық қазылды. Жаңадан шаңырақ көтерген шаруашылықтарда тұрғын үйлер салынды, балабақшалар, басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. 1970-1980 жылдары өңірде суландыру мақсатына, нақты айтқанда су құрылыстарына 420 млн рубль бөлінді. Бұл Сырдың егіншілік, сонымен бірге мал шаруашылығы саласындағы дамудың ең жоғарғы шыңы болды. Осы қыруар жұмыстарды жемісті, тиімді атқаруда Виктор Степановичтің ұйымдастыру қабілеті жоғары деңгейден көрінді. Сол кездің деректеріне көз жүгіртсем, облыста 32 шаруашылық қой өсіріп, ет, жүн, қаракөл елтірісін өндіріп, солардың көл-көсір табысымен өмір сүріпті. Бұл жылдары әр жүз саулықтан 105-тен қозы өргізіп, республика бойынша өңір жақсы көрсеткішті қамтамасыз етті. Облыста қой 22 мың басқа жетті. Көптеген шопандар қаракөл қойы үшін рекордтық деңгейге қол жеткізді. Осының барлығы шаруашылықтарды интенсивтендіру және материалдық-техникалық базаны нығайту есебінен жүзеге асырылды.
«Су – өмір» деген аталы сөз бұрыннан өзінің мән-мағынасын жоғалтпай келеді. Сол жылдары біздің алтын қорымыз болып табылатын суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру нәтижесінде су жолдары, ірі коллекторлар мен қашыртқылар салынды. Оларды кешегі күнге дейін пайдалану нәтижесінде егіншіліктен мол өнім алынды.
Айдынды теңізімізден айырылып, көңіл жүдеу тартып, Сыр өңірі экологиялық апат аймағы болып жарияланған кезден бастап суармалы егіншіліктің мәні бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені Жер-Ана бүлініп, сортаңдана бастады. Халықтың сапалы ауызсуға деген сұранысы артты. Арал және Қазалы аудандарының халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Арал-Сарбұлақ» су құбыры іске қосылды. Оның іске қосылу сәтіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Осылайша 2005 жылы Арал қаласында халық алдында ресми тұсаукесері өтті. Бұл орайда біз кезінде салада қыруар жұмыс атқарып, «Кызылордамелиорация» бірлестігін, кейін «Арна» акционерлік қоғамын басқарған В.Морозовтың еңбегін айрықша құрметпен атаймыз.
Сонымен қатар В.С.Морозов 2001 жылы Арал теңізінің кепкен табанындағы орта ғасырларда пайда болған қаланың орнын бірінші болып көрді. Осы ақпарат ғалымдардың назарына ұсынылып, 2001 жылы Қорқыт ата университеті ғалымдары аймақта археологиялық экспедиция ұйымдастырып, теңіздің кепкен табанында екі ірі ортағасырлық Кердері-1, Кердері-2, мавзолейлердің болғанын, олардың Алтын Орда дәуірінде салынғанын ғылыми негіздеп XIV-XV ғасырларда қала мәдениетінің қалыптасқанын ғылыми айналымға енгізді.
Уақыт өте келе осы тарихи қазбалар Кедері-1, Кедері-2 мавзолейлері еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Қорқыт ата университеті жанынан Археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, жас археолог-ғалымдар Сыр өңірінде өздерінің ізденістерін жалғастырып келеді. Олар Ресейдің Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтымен және Германияның Тюбинген университетімен бірлесіп, өңіріміздің тарихи ескерткіштеріне ғылыми-зерттеулер жүргізуде. Бүгінде өңірімізде археолог ғалымдардың әлеуеті жетіліп, қалыптасып, халықаралық ғылыми жобаларды орындауда.
Облыстың су құрылысы өндірістік жағынан өркендеп қоймай, сала әлеуметтік бағыттағы игілікті шараларға ұдайы көңіл бөліп отырды. Қызылордалықтар әлеуметтік шаралардың ұйытқысына айналған, бүгінде «Шұғыла» шағын ауданында жұмыс істеп тұрған «Мелиоратор» сарайын жақсы біледі. Аталған мәдениет үйі өткен ғасырдың 80-жылдары В.С.Морозов басқарған бірлестіктің күшімен салынды. Ол кейін қызылордалықтардың мәдени-көпшілік сипатындағы сүйікті демалыс орнына айналды.
Білікті құрылысшы, шебер ұйымдастырушы, айтулы азамат Виктор Степанович Морозов еңбек демалысына шықса да, өзі өмірінің негізгі кезеңі өткен Қызылорданың өсіп-өркендеуіне жанашырлық танытып, келелі ойларын, ұсыныстарын атқарушы билікке, қоғамдық орындарға жеткізіп отырды. Сыр өңірі орталығының қарыштап дамығанын, өркениет үлгісіне айналғанын өз көзімен көрді. Қатардағы механиктен ірі құрылыс бірлестігі басшысы деңгейіне дейін көтерілген білікті маман, айтулы азамат ретіндегі оның бейнесі Сыр жұртшылығының есінде мәңгі сақталады.
Қылышбай БИСЕНОВ,
облыстық мәслихат хатшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<