Алақаны аялы асыл адам

1303

0

Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеуінде атқа мініп, арман-мұратыңды аңсап, ағындап жүргенде талай адамдармен жолың түйіседі. Қаламгер болған соң талай арқасы қорған ағалармен, аялы алақанды аналармен, ізеті бөлек інілермен, қырмызы қызғалдақтай қарындастармен танысып сыйласып өтуді қалайтынбыз. Күнде кездеспесең де солардың амандығын тілеп, жақсы да жайсаң қасиеттерін еске аламыз. Күні кеше ғана ортамызда жүзінен күн шуағы төгілген, жарқылдай күліп жүрген Базарбайқызы Сәлиманың бұл өмірден өткеніне жыл  толыпты.

Cәлима Базарбайқызы 1946 жылдың желтоқсан айында Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Базарбай Ибрагимов Ұлы Отан соғысынан қос ая­ғынан жарақат алып, туған то­пырағына арбамен оралады. Ал анасы Тұраш апа от басы, ошақ қасындағы шаңырақ шуа­ғы еді.

– Әкем Жалағаш ауда­нының су шаруашылығы ме­ке­месінде қызмет атқарып жүр­ген жерінен соғысқа аттанды. 1943 жылы Таганрог қаласы үшін болған шайқаста ауыр жарақат алып, елге арбамен оралды. Азаматына деген адал­дықтан айнымаған анам өмірге ағам Төлендіні, мені, інім Алтынбек пен сіңілім Мә­динаны әкелді. Әкем ақын­жанды кісі еді. Туған жеріне, балалары – бізге, асыл жары – анамызға арнап жазған өлең­дері әлі сақтаулы. Төте жазумен жазылған дүниелері де бар. Сол кездегі Жалағаш ау­дандық су шаруашылығы меке­месіндегі азаматтардың да ер­лігін айтпасам болмас. Әкем­ді жұмысқа қайта шақы­рып, кеңседегі барлық табал­дырық­тарды кесіп алып тас­таған, – деген еді Сәлима көзі тірісінде.

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, осындай аяулы ата-анадан тә­лім-тәрбие алған Сәлима мі­незі жағынан әкесіне айны­маған. Өтірікке жаны қас, шын­дықты бетке айтатын. Бала кезден кез келген отырыстың сәнін келтіріп, домбырамен күй тө­гіп, асқақтата ән салған.

Туған ауылынан орта білім алған Сәлима 1966 жылы Қы­зылордадағы Н.В.Го­голь атын­дағы педагог­икалық инс­ти­тут­тың шетел тілі факуль­тетіне оқуға қабылданды. Бі­лім алумен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да бел­сене қатысты. Бала кезден өнерге деген құмарлықтан бо­лар, асқақтата ән салып, мың бұрала би билеп, көпшілік назарына іліге бастайды. Көп ұзамай  институт студент­тері­нен жасақталған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің белсенді мүшесі болды. Өнерпаздар Сыр өңірі өнерінің шоқтығы биік екенін әлем елдеріне паш етті. Ансамбль Мәскеу, шет елдерге барып қайтты.

1970 жылы Сәлима Ба­зар­байқызы Қызылорда қала­сындағы №198 орта мектепте еңбек жолын бастады. Жас маманның тынымсыз ізденісі мен талабын көрген қалалық білім беру бөлімі оны №10, №173 орта мектептерге ұс­таз­дық етуге жіберді. Ал 1980 жылы №9 балалар бақ­­ша­сы­ның меңгерушісі қыз­ме­тіне таға­йындады. Сөз орайы кел­генде айту керек, бұл бала­бақшаның материалдық-тех­­никалық ба­засы сын көтер­­мейтін. Сәли­маның іскер­лігі арқа­сында ба­лабақша қаладағы ең­бек­пен түзеу колония­сына шеф­тік қамқорлыққа өткізілді. Ойын алаңқайы, қоршау қа­бырғалары, жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын түгелдей сол мекеме өз мойнына алды. Біреулерге болмашы болып көрінгенімен, сол кезде бұл екі мекеме екі түрлі министрлікке қарайтын. Екі тараптың бас­шылығын кездестіріп, ортақ келісімге келтіру қалалық бі­лім беру бөлімінің  қолынан келмеген екен. Осы мәселені шешкен Сәлиманың іскерлігіне сол кезде қалалық білім беру бөлімінің басшылығы таң­ғалыпты. Бұл шынымен де қиюы келісуі қиын іс еді.

 Басшылық қызметте жүріп отбасымнан, өз балаларымның тәрбиесінен алыстап кеттім бе деген оймен Сәлима 1988 жылы өз өтінішімен үйіне жақын №140 мектепке мамандығы бо­йынша ауысады. Бұл жерде де оның іскерлік қабілеті қа­жет болды. Елде нарықтық қа­тынастар басталып, жоғары басшылықтан әр мекеме өз күнін өзі көруі тиіс деген тап­сырмалар түседі. Ер азаматтары көп мекемелер қосалқы шаруа­шылықтар ашып, мал ұстап, көкөніс егуді қолға алды. Өмір бойы ұстаздықпен айна­лысқан мұғалімдердің осын­дай кәсіппен айналысуға ебі болмайтыны жасырын емес, оның үстіне сабақ кестесі, бала тәрбиесі ешқашан кезек күттірмейді. Ұжым бас қос­қан жиналыста Сәлиманың бас­тамасымен  мектеп ішінде тігін цехы ашылды. Цехты ашу, керекті материалдық базаны құру, дайын өнімді шығарып сату Сәлима бастаған бірнеше мұғалімге жүктеледі. Сол кез­дегі мектеп директоры Әділхан Білманов: «Сәлима болма­ған­­да жағдайымыз тіпті қиын екен ғой. Оның арқасында мек­тебіміздің абыройы артты» де­гені анама берілген жоғары баға еді» дейді қызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің оқытушысы, эко­­­номика ғылымдарының кан­­­дидаты Майра Шаймағам­бетова. – Анамның республи­калық ай­мақтық деңгейде алған «Құр­мет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» да толып жатыр.

«Отан – от басынан баста­лады» дегендей, Сәлима есімі Сыр еліне танымал Шай­ма­­ғанбет Көшенов есімді азамат­пен шаңырақ көтереді. Ғұмыр бойы бір ғана сала – «Каз­гипрозем» институ­тының Қы­зылорда іздестіру экспе­диция­сында қызмет істеген оның Жер-анаға қатысты қалдырған қолтаңбасы қомақты. Инженер-топырақтанушы болып еңбек жолын бастап, директордың орынбасары қызметіне дейінгі еңбек жолымен жүрген. Бір ғана дерек, Шаймағанбеттің 1974 жылы Мәскеу қаласында топырақтанушылардың Х ха­лықаралық конгресіне қаты­сып, әлемнің бар аймағынан келген ғалымдармен тәжірибе алмасып, осыдан алған іс-тәжірибесін Сыр топырағына сіңіргенін осы салада еңбек ет­кендер жыр ғып айтумен жүр.

Кімнің де болсын қоғамда­ғы орны оның бітім-болмысы­мен, қадыр-қасиетімен, еңбе­гінің құнымен бағаланады. Біз әңгіме етіп отырған Сәлима Базарбайқызының адам­гер­ші­лігі мен ақыл-парасаты, ба­уырмалдығы, қарапайым­ды­лы­­ғы – өз алдына бөлек әңгіме.

– Қызымыз Айнұр Қанат Шай­мағанбетұлымен  бас қо­сып, шаңырақ көтергенде қуан­дық. Өйткені, бұл – өнегелі, шуақты шаңырақ. Құда-құда­ғайымыздың жарасымына көп­шілік қызығатын. Отбасында күнде думан, дастарханынан қо­нақ арылған емес. Қашан көрсең, дос-жаран, ағайынның бірі келіп, бірі кетіп жатады. Шүкір, екеуінің осы қасиеті бауыр еті  – балаларына беріл­ген, – дейді Болатбек Пұсыр­манов.

– Анам Сәлима мінезі жағы­нан әкесінен айнымаған, ер мінезді болатын. Оның түр-келбеті мен жан дүние­сінің үн­дескенін даусынан, адам­дармен жарқын аралас­қа­нынан көруге болатын еді. Анамыз тап-таза болып жүре­тін, жүрген жерін де таза ұстайтын, содан да тек қана таза жандармен дос болатын. Ол қуана да білетін, қайғыра да білетін, – дейді Майра.

***

Аяулы апамыз өзінің ке­меліне келген шағында өмірден озды. Әлі бізге ғана емес, ел-халқына берері мол еді. Десе де, Алланың жазмышына еш­кімнің таласы жоқ.

Иә, өмір деген осы. Кел­местің кемесіне мініп, мәң­гілік сапарға кеткен жан қайтып келмейді. Сәлима Базарбай­қызының бітім-болмысын оның рухын сыйлайтын дос-жа­рандары мен ағайын-туыс, құда-жекжат, бауырлары есі­нен ешқашан шығармайды. Өйткені, артында өнегелі іс, өшпес із қалдырған жанды өлді деуге болмайды. Ізіне ізгілік қалдырған асыл ана мың жасайды.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<