Қым-қуыт тірліктің сан тарау сүрлеуінде атқа мініп, арман-мұратыңды аңсап, ағындап жүргенде талай адамдармен жолың түйіседі. Қаламгер болған соң талай арқасы қорған ағалармен, аялы алақанды аналармен, ізеті бөлек інілермен, қырмызы қызғалдақтай қарындастармен танысып сыйласып өтуді қалайтынбыз. Күнде кездеспесең де солардың амандығын тілеп, жақсы да жайсаң қасиеттерін еске аламыз. Күні кеше ғана ортамызда жүзінен күн шуағы төгілген, жарқылдай күліп жүрген Базарбайқызы Сәлиманың бұл өмірден өткеніне жыл толыпты.
Cәлима Базарбайқызы 1946 жылдың желтоқсан айында Жалағаш ауданына қарасты Ақсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Базарбай Ибрагимов Ұлы Отан соғысынан қос аяғынан жарақат алып, туған топырағына арбамен оралады. Ал анасы Тұраш апа от басы, ошақ қасындағы шаңырақ шуағы еді.
– Әкем Жалағаш ауданының су шаруашылығы мекемесінде қызмет атқарып жүрген жерінен соғысқа аттанды. 1943 жылы Таганрог қаласы үшін болған шайқаста ауыр жарақат алып, елге арбамен оралды. Азаматына деген адалдықтан айнымаған анам өмірге ағам Төлендіні, мені, інім Алтынбек пен сіңілім Мәдинаны әкелді. Әкем ақынжанды кісі еді. Туған жеріне, балалары – бізге, асыл жары – анамызға арнап жазған өлеңдері әлі сақтаулы. Төте жазумен жазылған дүниелері де бар. Сол кездегі Жалағаш аудандық су шаруашылығы мекемесіндегі азаматтардың да ерлігін айтпасам болмас. Әкемді жұмысқа қайта шақырып, кеңседегі барлық табалдырықтарды кесіп алып тастаған, – деген еді Сәлима көзі тірісінде.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, осындай аяулы ата-анадан тәлім-тәрбие алған Сәлима мінезі жағынан әкесіне айнымаған. Өтірікке жаны қас, шындықты бетке айтатын. Бала кезден кез келген отырыстың сәнін келтіріп, домбырамен күй төгіп, асқақтата ән салған.
Туған ауылынан орта білім алған Сәлима 1966 жылы Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың шетел тілі факультетіне оқуға қабылданды. Білім алумен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Бала кезден өнерге деген құмарлықтан болар, асқақтата ән салып, мың бұрала би билеп, көпшілік назарына іліге бастайды. Көп ұзамай институт студенттерінен жасақталған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің белсенді мүшесі болды. Өнерпаздар Сыр өңірі өнерінің шоқтығы биік екенін әлем елдеріне паш етті. Ансамбль Мәскеу, шет елдерге барып қайтты.
1970 жылы Сәлима Базарбайқызы Қызылорда қаласындағы №198 орта мектепте еңбек жолын бастады. Жас маманның тынымсыз ізденісі мен талабын көрген қалалық білім беру бөлімі оны №10, №173 орта мектептерге ұстаздық етуге жіберді. Ал 1980 жылы №9 балалар бақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындады. Сөз орайы келгенде айту керек, бұл балабақшаның материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін. Сәлиманың іскерлігі арқасында балабақша қаладағы еңбекпен түзеу колониясына шефтік қамқорлыққа өткізілді. Ойын алаңқайы, қоршау қабырғалары, жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын түгелдей сол мекеме өз мойнына алды. Біреулерге болмашы болып көрінгенімен, сол кезде бұл екі мекеме екі түрлі министрлікке қарайтын. Екі тараптың басшылығын кездестіріп, ортақ келісімге келтіру қалалық білім беру бөлімінің қолынан келмеген екен. Осы мәселені шешкен Сәлиманың іскерлігіне сол кезде қалалық білім беру бөлімінің басшылығы таңғалыпты. Бұл шынымен де қиюы келісуі қиын іс еді.
Басшылық қызметте жүріп отбасымнан, өз балаларымның тәрбиесінен алыстап кеттім бе деген оймен Сәлима 1988 жылы өз өтінішімен үйіне жақын №140 мектепке мамандығы бойынша ауысады. Бұл жерде де оның іскерлік қабілеті қажет болды. Елде нарықтық қатынастар басталып, жоғары басшылықтан әр мекеме өз күнін өзі көруі тиіс деген тапсырмалар түседі. Ер азаматтары көп мекемелер қосалқы шаруашылықтар ашып, мал ұстап, көкөніс егуді қолға алды. Өмір бойы ұстаздықпен айналысқан мұғалімдердің осындай кәсіппен айналысуға ебі болмайтыны жасырын емес, оның үстіне сабақ кестесі, бала тәрбиесі ешқашан кезек күттірмейді. Ұжым бас қосқан жиналыста Сәлиманың бастамасымен мектеп ішінде тігін цехы ашылды. Цехты ашу, керекті материалдық базаны құру, дайын өнімді шығарып сату Сәлима бастаған бірнеше мұғалімге жүктеледі. Сол кездегі мектеп директоры Әділхан Білманов: «Сәлима болмағанда жағдайымыз тіпті қиын екен ғой. Оның арқасында мектебіміздің абыройы артты» дегені анама берілген жоғары баға еді» дейді қызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Майра Шаймағамбетова. – Анамның республикалық аймақтық деңгейде алған «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» да толып жатыр.
«Отан – от басынан басталады» дегендей, Сәлима есімі Сыр еліне танымал Шаймағанбет Көшенов есімді азаматпен шаңырақ көтереді. Ғұмыр бойы бір ғана сала – «Казгипрозем» институтының Қызылорда іздестіру экспедициясында қызмет істеген оның Жер-анаға қатысты қалдырған қолтаңбасы қомақты. Инженер-топырақтанушы болып еңбек жолын бастап, директордың орынбасары қызметіне дейінгі еңбек жолымен жүрген. Бір ғана дерек, Шаймағанбеттің 1974 жылы Мәскеу қаласында топырақтанушылардың Х халықаралық конгресіне қатысып, әлемнің бар аймағынан келген ғалымдармен тәжірибе алмасып, осыдан алған іс-тәжірибесін Сыр топырағына сіңіргенін осы салада еңбек еткендер жыр ғып айтумен жүр.
Кімнің де болсын қоғамдағы орны оның бітім-болмысымен, қадыр-қасиетімен, еңбегінің құнымен бағаланады. Біз әңгіме етіп отырған Сәлима Базарбайқызының адамгершілігі мен ақыл-парасаты, бауырмалдығы, қарапайымдылығы – өз алдына бөлек әңгіме.
– Қызымыз Айнұр Қанат Шаймағанбетұлымен бас қосып, шаңырақ көтергенде қуандық. Өйткені, бұл – өнегелі, шуақты шаңырақ. Құда-құдағайымыздың жарасымына көпшілік қызығатын. Отбасында күнде думан, дастарханынан қонақ арылған емес. Қашан көрсең, дос-жаран, ағайынның бірі келіп, бірі кетіп жатады. Шүкір, екеуінің осы қасиеті бауыр еті – балаларына берілген, – дейді Болатбек Пұсырманов.
– Анам Сәлима мінезі жағынан әкесінен айнымаған, ер мінезді болатын. Оның түр-келбеті мен жан дүниесінің үндескенін даусынан, адамдармен жарқын араласқанынан көруге болатын еді. Анамыз тап-таза болып жүретін, жүрген жерін де таза ұстайтын, содан да тек қана таза жандармен дос болатын. Ол қуана да білетін, қайғыра да білетін, – дейді Майра.
***
Аяулы апамыз өзінің кемеліне келген шағында өмірден озды. Әлі бізге ғана емес, ел-халқына берері мол еді. Десе де, Алланың жазмышына ешкімнің таласы жоқ.
Иә, өмір деген осы. Келместің кемесіне мініп, мәңгілік сапарға кеткен жан қайтып келмейді. Сәлима Базарбайқызының бітім-болмысын оның рухын сыйлайтын дос-жарандары мен ағайын-туыс, құда-жекжат, бауырлары есінен ешқашан шығармайды. Өйткені, артында өнегелі іс, өшпес із қалдырған жанды өлді деуге болмайды. Ізіне ізгілік қалдырған асыл ана мың жасайды.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<