АТА ҚОНЫСТЫҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТІ

409

0

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары. Бұл уақыт ел еңсесін көтере алмай тұрған сындарлы да сын кезең болатын. Ауыл тұрмысы тығырыққа тіреліп, іске жарар ғимараттар мен техникаларды есеп білетіндер егеленді. Ал қолында ешнәрсесі жоқ қарапайым жұмысшылар отбасын асырау үшін жұмыс іздеп жан-жаққа кетіп жатты.

Осы тұс Мақпалкөл ауылының да басынан базары тая бастады. Әлеу­меттік қызметтер әлі жүйелене қой­маған, күрмеулі мәселелер жетіп-ар­тылады. Осы ауылда туып-өскен Әліби Бекжановты бұл  жағдайлар көп ойландыратын. Ауылдың болашағына алаңдайтын. Сондықтан жоғарғы оқу орнын гидротехник мамандығы бойынша бітірген жас маман ауылға келіп, еңбек жолын бастады.

Ауыл шаруашылығы саласы оны бала кезден қатты қызықтыратын. Өйткені әкесі Бақытбек осы саланың белді маманы. Бозбала шағынан шөп шабу, бақша егу жұмыстарында әке­сіне қолғабыс ете жүріп, көп нәрсені көңіліне түйген. Сондықтан болар, бейнеті басым екенін біле тұра осы салаға бет бұрды. Бастапқыда ұжым­шарда мұрап, гидротехник болып еңбек ете жүріп, егін жұмыстарына етене араласты. Ал 2000 жылы өзінің жер үлесін алып, күріш егуді бастады. Шынын айту керек, бұл кезеңде бірнеше шаруашылықтар банкротқа ұшырап, жұмыстарын тоқтатып жатты. Әйтсе де Әліби алған бағытынан танбай, тәуекелге бел буды. Азын-аулақ қаражатына әлгі шаруашылықтардың жер үлестерін сатып алып, егіс көлемін ұлғайтты. Кәсібін бастау оңай болмады. Алғашқыда көп қиындықтар көл­денең тұрды. Айталық, егін шаруа­шы­лығындағы ең  басты қиындық – жердің талапқа сай өңделмегені және техни­калардың тапшылығы болатын. Ол осы екі мәселені шешіп алуға ден қойды.

Дәл осы кезеңде мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау шараларын бастаған еді. Атап айтсақ, сала бойынша өндірілген өнімге жұмсалған шығынды субсидиялауға мемлекеттен қаржы бөліне бастады. Кәсіпкер жігіт осы мүмкіндікті тиімді пайдаланды. Жыл сайынғы түскен табысқа қажетті техникалар алып, 40-50 жыл бойы қараусыз қалған егістік жерлерді өңдеп, инженерлік жүйеге келтірді. Қолға алған ісі нәтижелі болуы үшін бертін келе Италия, Америка, Канада елдерімен байланыс  ор­натып, өзара тәжірибе алмасты. Сыр диқандарымен Ресейдің Краснодар өлкесіне іс сапармен барып, ондағы егін шаруашылығының барысымен танысты. Бұларды таң қалдырғаны, ол жақта егілген күріштің әр гектарынан 70-80 центнер көлемінде өнім алынады екен. Ал оның басты себебі, жердің тегістілігі мен құнарлылығы. Сондай-ақ,  заман­дық техникалардың да ықпалы зор. Осындай озық тәжірибелерді көріп, көңіліне түйген Әліби  елге келгесін сол тәжірибені енгізе отырып, өнім көлемін арттыруға жұмыс жасады. Әрине, бас­тапқы бір-екі  жылда аса үлкен нәтижеге жете қойған жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда жердің құнарлылығын сақтай отырып, егілген күріштің әр гектарынан 70 центнердің үстінде өнім алуға болатындығын іс жүзінде дәлелдеді.

Бүгінде Әліби Бекжанов басқаратын “Ер-Әлі” ЖШС екі елді мекеннің жеріне егін егіп, азаматтарын жұмыс­пен қамтып отыр. Аталған шаруа қожа­лығы биыл 856 гектар күріш егіп, әр гектардан орташа 70 центнерден  өнім алуды межелеуде.  Қазіргі таңда шаруашылықта 15 трактор, 10 комбайн, 4 жатка, пресс бастыратын 2 техника бар. Бекжановтардың отба­сы­лық кәсібі “Ер-Әлі”, “Құрман­бай ата” және “Сарғасқа” деп аталатын үш қожалық арқылы өркен жайып келеді. шаруашылығын қолға алып, өз істерін ұтымды ұйымдастырған. Аталған үш шаруашылықта 90 адам еңбек етеді. Мұнан бөлек, “Құрманбай ата” ШҚ төрағасы Еркін Бекжанов өз қаражаты есебінен 5 гектар жерге 13 мыңға жуық алма көшетін егіп, күтімге алған. Алма ағаштары тамшылатып суару әдісімен өсірілуде. Ертеректе ауылда Әшен қарттың алма бағы болатын. Тамылжыған тәтті жеміс ала жаздай аудан базарын қарық қылатын. Міне, осынау игілікті іс қайта иінін тапты. Бұл бастамаға тоқсанның төріндегі Әшен қарт батасын берді. Әрине, аталған шаруаларды атқаруда мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктердің де септігі мол.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбек жолымды бастадым. Сондықтан менің өмір жолымда, алдыма қойған мақсатым мен бүгінгі жеткен жетістігімде осы жылдардың зор салмағы жатыр. Дәлірек айтсам, сол жылдары  мектеп бітірген біздің замандастарымыздың жастық шағы елдің экономикасы құлдыраған ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Бүгінгі жастар секілді біздің алдымызда таңдау болған жоқ. Дегенмен, өзімнің осы саланы таңдағаныма, ауыл өмірін жақсартуға өз үлесімді қосқаныма қуанамын.

Алдағы мақсатым – ауыл шаруа­шылығын өркендету жолында ел ырысын еселеп, берекесін арттыруға аянбай еңбек ету, – дейді Ә.Бекжанов.

Иә, сонау екімыңыншы жылдары екі қолға бір жұмыс таппаған ауыл жастары жаппай қалаға қоныс аударып жатты. Осы жағдай жанына ауыр мұң ұялатқан Әліби ата қонысын аттап кетпеді. Тір­шілік тізгінін қолына алып, жас­та­рды жұмысқа тартты. Еңбек етті, табысқа жетіп, тұрмысын түзеді. Ауыл­дың ортасынан қаладағыдай еңселі үй салып, қала тұрмысына лайық жағдай жасады. Әлібидің бұл бастамасы ауылдастарын тұрақтандыруға, елдің бола­шағына сенім қалыптасуына септігін тигізген еді.

 “Еңбек ер атандырады” деген дана халқымыз. Елге жасаған еңбегінің нәтижесінде халықтың сенімін иеленген Әліби Бекжанов аудандық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болды.  Өзі еңбек ететін сала бойынша өзекті мәселелердің шешімін табуына лайықты үлесін қосып келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы адал қызметі үшін алған мадақ, марапаттары жетерлік. Ең бастысы, Елбасының Жарлығымен 2014 жылы  “Құрмет” орденін иеленді.  Ел құрметіне бөленген азамат үшін бұл лайықты баға.

Ғазиза ӘБІЛДА,

“Сыр бойы”.        

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<