АҚЫЛДЫ АДАМҒА АҒАЙЫН КӨП

982

0

АҚЫЛДЫ АДАМҒА  АҒАЙЫН КӨП Бұл пәниде кім өтпеді, патша да өтті, пайғамбар да өтті. Оларды тарих неге түгендейді, өйткені тағылымы төре. Із өшпеу керек!
Иә, мәңгілік ештеңе жоқ, қа­лыбы қатты темір де тот басып, тозады. Оның қасында жү­регі жұмсақ, ет пен сүйектен жа­рал­ған адам азулы емес. Маң­дайға жазған тәңірдің берген жасын кө­реді, талқаны таусылса, оған еш­қандай шара да жоқ. Бірақ өл­мейтін бір-ақ нәрсе – ісі мен ізі екен.
Түптеп айтқанда, Ж.Баласағұ­ни­дің ұлағатты сөзіне бір үңіл­сеңіз игі: «Биіктеп кетсең – құлау бар, қуанып кетсең – жылау бар». Туасы, даңқтың жолы даңғыл емес, абыройдың жолы арналы емес ғой, «қуаныш келсе, таспа, қасірет келсе, саспа» деген, қай нәрсеге де қалыппен, байыппен барған дұрыс.
Табиғи талантты адамның өнерге деген жанашырлығы әрбір қырынан есіліп тұрады. Оның рас-өтірігін өмір дәлелдейді.
Қазақ халқындай қыздарға құрмет көрсетіп, бір үйдің көркі емес, бүкіл ұлттың ұйытқысы ретінде аялаған ел әлемде кемде-кем. «Ұлтыңды сақтаймын десең  – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәр­биеле» деген тәмсілдің мәні­не тәнтімін. Ата мен ана бала тәрбиесінің қамқоршысы ретін­де отбасындағы тәлім-тәрбие­нің алтын арқауы бола отырып, болашақтағы шаңырақ шырақ­шыларының тәрбиелі, өнегелі, ұстамды болып өсуіне ықпал жасауы үлкен мектеп десе болады.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қызметтік жағдаймен  Алматыдан Қызылордаға ауысу маңдайға жазылды. Өтпелі кезең ғой, елден көшу көп. Солай бола тұрса да тағдырдан қашып қайда барасын, бұрын-соңды болмаған өңірге тәуекел етіп келдім.
Алдымнан қашанда ақжар­қын Үрімхан апам шықты. Әсілі, ананың кеудесі – бұлақ, құшағы – жұмақ деген бар. Сондықтан шығар, «Әлемдегі ең бақытты адам – анасы бар адам» депті бір данышпан. Оны сөз зергері  Міржақып Дулатов «бізді сүйе-тұғын, күйе-тұғын, әрқашан қа­мымызды ойлап жүре-тұғын абзал жан – ана» депті. Бақсақ, анаға деген құрмет әрбір перзент санасында таудай биік парыз екен. Өйткені  «Ана» дегенде толқымайтын жүрек, тол­ған­байтын жан жоқ. Осылай еште­ңеден тарықпай Үрімхан апам­ның жанында алаңсыз күн­дер өтіп жатты.
Үйден кісі арылмайды, бірі ақыл-кеңесін тыңдайды, бірі қо­нақжай шаңырақтан шарапат іздеп келеді. Солардың ешқай­сысы көңіл жығылып қайтқан емес, апамның ақеден пейілі дай­ындаған дархан дастарханынан дәм татып қайтушы еді. Сондай сырбаз, салиқалы анам өмірден өтіпті. Ғұмыр деген бес саулық секілді бәріне бірдей емес. Тәңірге ғана тән, бұйрық бір, құлдық құба.
Ол берекелі балықшы отбасында туған, Сағындық пен Тұр­сынның тұңғышы болатын. Асау Аралдың жағасында, ақкө­бік толқыны бет-жүзін шайған, балығы тайдай тулаған теңізбен тел өсті. Нағашы жұрты Нұржан ишан еді, мешіттен молда келіп азан шақырып, Үрімхан қойғаны да тегін емес. Текті жердің қызы текті ғой, әке-шешеден мол тәрбие көргенін, олардың атына кір келтірмей, қайта алғыс ал­ғанын айтқан жөн. Біреу оны анашым десе, біреу ұстаз деді. Енді бірі қажы апа деп алдын кесіп өтпеді. Мектептен соң Ақтөбедегі Н.Байғанин атын­дағы қыздар педагогикалық учили­щесін, сосын Н.Гоголь атын­дағы Қызылорда пединсти­тутын тәмамдады. Мақсаты мұға­лім­дік еді, ұрпаққа ұлағатын сіңіруге барынша білек түрді. Мектеп бағдарламасынан бөлек, адамгершілік рухта тәрбиелеу, баланың бейғам санасына елжан­дылық қасиет қондыру секілді қосымша дәріс оқитын. Сол түлек­тері қазір қазақ қоғамын дамы­туға ерекше еңбек етіп жүр. Ұстаз мерейі осындай нәти­же­мен мәртебелі екені рас. Үрімхан Сағындыққызы «Ха­лық ағарту ісінің үздігі», «Аға оқыту­шы» атағын алса, кеудесіне «Ы.Ал­тын­сарин» төсбелгісін тақ­ты. Аналық парызын адал өтеген ардағы да айтулы. Тоғыз ұл-қыз өсіріп, күміс алқалы ана атанды.
Көптің көкейінде бар, бірақ шама-шарқы әлі әлсіз тұс – 1993 жылы дінге  біржола бет бұрып, ол қажылық сапарға жиналды. Сөйтіп қажы апа С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Қорқыт ата атын­дағы дарынды балалар гимназияларында «Араб әліпбиі және ислам дінінің тарихы» шариғат пәнін жүргізді. Имандылық са­бағы арқылы бойға қуат, жанға шуақ сыйлады. Тіпті Әділ Омаров дейтін шәкірті құран оқу қырынан Астана мен Иранда бас жүлде олжалады. Кейінгі кезде Алматыға қоныс аударып, сол жақта да қазақы тәрбиені де дәріптеп, ел-жұртқа өзіндік өне­ге­сін үлгі етті.
Әкеден төзім, шешеден се­зім қасиетін жинаған Үрімхан қажы­ға қарап бой түзеген бауырлары Шәмшәрі, Үрзия, Күнзада, Ма­риямкүл, Бұқарбай бір-бір шаңырақтың шаттығына тілекші болса, ұл-қыздарын да биік сатыға көтеріп, өз тұтқасын ұстауға тірек болды. Қазір олармен ел мақтанады. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Гүлзира Шалқарқызы мен жолдасы қайраткер қаламгер Сапарбай Парманқұлды ғана атасақ, аздық етпес.
Иә, қариясы бар үйдің қазы­на­сы бар дейтін еді. Жақын-жу­ық­қа жанашыр, балалардың да тілекшісі атанған анамызды мәң­гілік мекені – қара жер қой­нына алды. Арулап жерленді. Қара­құрым халық жиналды. «Жа­на­заңды байқайын, кім еке­нің­ді айтайын» дегенді сонда ел ықы­ласынан көрдік.
Бақ қолдайды, алайда әркімге әрқалай. Біреуге байлық бергенмен, бала бермеген. Біреуге оқу бергенмен, тоқу түгел емес. Қол қысқа деген бекер, қолдағынның өзі құт.
Бұрыңғылар бұрыс кетпеген, басынан өткесін басқасы қайталамаса дейді. Олар асфальт­ты армандаған жоқ, баянды болашақты армандады. Жаяу-жалпылап діттегенге жетті, оқу іздеп, табаны тозды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмады. Есесіне еңбегі жанды, қиналғаны қайтты.
 Бүгін бәрі бар, бірақ болған үстіне бола берсе дейміз. Жамау киім кимейміз, жаяу жүрмейміз. Пейіл тоқ, бірақ пайым көп. Аздаған ауыртпалыққа шама шыдамайды. Бір-бірімізге деген бауырмалдық сезім сыр беріп қалады. Дегенмен де, өлгеннен кейін де адамға абырой керек. Бірақ табиғат абыройға тым сараң. Ол тек адам атаулы ұсақтап кетпесін, жұрт жақсы мен жаманын, арам мен адалын ажырата алмай қалмасын дегендей, туған халқына жан-тәнімен беріле қызмет етуге құлшынған бірегей тұлғаларды іріктейді. Аузында Алласы бар, тілінде тәубасы бар игі жақсыға екі дүниенің есігі ашық. Бәлкім, ақылды адамның ағайыны көп деуіміздің мәні шын пейіліне сай өлшем шығар. Апам сондай сүйкімді, иманды жан еді.
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<