Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiнге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге, жазықсыз жала құрбандарын ақтап, оларға келтірілген моральдық және материалдық залалды қазіргі заманға сай мүмкіндік шеңберінде өтеудi қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдады. Сол сияқты, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жалпұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» аталып өтті.
Тарихшылардың айтуынша, сол 1930 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Бұдан бөлек, ашаршылық нәубетінен қаншама қандастарымыз көз жұмған. Бізге белгілісі, 1929 жылғы әдепкі ашаршылықта және 1932 жылғы екінші толқынында миллиондаған адам қырылған. Иә, қазақ халқының басына қара бұлт үйірген саяси қуғын-сүргін Сыр жұртшылығын да айналып өткен жоқ, облыста 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған. Білуімізше, облыстық ішкі істер департаментінің архивінде сол жылдары қозғалған 6000-нан астам қылмыстық істің құжаттары сақталған.
Ашаршылық жылдары қаза болғандардың нақты саны белгісіз десек те, сол бір зұлмат заманда өзгелерге қарағанда қазақ халқының көбірек зардап шеккені шындық. Оның үстіне ел ішіндегі шала сауатты «шолақ белсенділер» де әміршіл жүйенің сойылын соғып, талайдың тағдырына тас атқанын жасыруға болмас. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұлттың дамуына қарсы бағытталған саяси жоспар болды. Халықтың төрттен бірі бас сауғалап шет елдерге көшкен. Ал, Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ бойы немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да этнос өкілдері қоныс аударып келді. Өз басындағы тауқыметке қарамастан, қазақ халқы жер аударылып келген қаншама ұлт пен ұлысқа ыстық құшағын ашып, пана болды.
Сол заманғы тарихтың ащы шындығынан тағылым алу мақсатында қуғын-сүргіннің құрбанына айналған 100 мыңнан астам адам туралы ақпарат қамтылған «Мемориал» веб-порталы іске қосылып, еліміздің әр аймағы бойынша «Аза» кітабы жарыққа шықты.
Қызылорда облысы бойынша 2000 жылы шығарылған Боздақтар – «Аза» естелік кітабының бас редакторы Х.Ембергенов. Кітаптың құрылтайшылар алқасына сол кездегі облыс әкімі С.Нұрғисаев төрағалық етсе, редакциялық алқаға И. Құттықожаев жетекшілік жасады.
«Аза» – отызыншы-қырқыншы жылдарда және елуінші жылдың бастапқы кезеңінде орын алған репрессия құрбандары туралы кітап. Бұл естелік кітапқа Қызылорда облысының боздақтары енген.
…«Еліміз егемендік алғаннан кейін тарих пердесін айқара ашып, тоталитарлық зобалаң кезеңдегі шаш ал десе, бас алған зорлық-зомбылық пен асыра сілтеушілік оқиғаларын тұтас күйінде ешқандай боямасыз, бүкпесіз ашықтан ашық, толыққанды мағынада айтуымызға мүмкіндік туды. Мұның өзі ескі қателіктерді қайталамас үшін қажет.
Жариялылық кезеңіне дейін бұйрықшыл әкімшіл-әміршіл, бюрократтық жүйе мен тәртіп – зұлмат науқаны 20-жылдардың аяғы мен 30-40 жылдардағы репрессия құрбандары жөніндегі шындық нақты айтылмады. Осы жылдарда қауіпсіздік органдарының қолымен мыңдаған адам, ең алдымен, қазақтың зиялы азаматтары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл қанды жылдар халық есінде мәңгілік өшірілместей жазылып қалды. Осының бәріне себеп болған жеке адамға табынушылық, зорлық-зомбылық және заңсыздық. Сталинның индустриялизациясы өкіметті жеке басқару режимін жасаудың алғашқы қадамы болды. Ал екінші қадамы – бұл коллективизация болғаны белгілі. Бұларды жүзеге асыру процесінде ол партияны қанаушылар мен жендеттер ұйымына айналдырды.
Міне, арада 70 жылдан астам уақыт өткен соң сталиндік қаулылардың күшін жоятын бірқатар заң актілері мен Үкімет шешімдері қабылданды. Соның ең бастысы – Қазақтан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып саналады» деп жазылған «Аза» кітабының алғысөзінде.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<