Балалық шақтың бастауы балабақшадан тамыр тартады. Осы орайда баланың тұлға болып қалыптасуында мектепке дейінгі ұйымның алатын орны ерекше.
Бұл жерде баланың тәрбиелік дағдысы қалыптасады. Себебі бала үйде ата-анаға еркелеген қылықтарын қалдырып, ішкі тәртіпке үйренеді. Мезгілімен тамақтану, жаттығу, серуендеу, орындыққа түзу отыруға дағдыланады. Тәрбиешілер баланы мейірімді, қайырымды, әдепті болуға тәрбиелейді.
Мұндай мамандарда педагогикалық бірізділік, әр балаға жеке көңіл бөлу ата-анамен қарым-қатынас орнату қабілеті болуы қажет. Баланы ойната отырып тәрбиелейді, білім береді. А.Байтұрсынов бір сөзінде «Баланың ойыны қайсы, жұмысы қайсы? Баланың ойыны да – ойын, жұмысы да – ойын» деген екен, яғни, бала ойнап жүріп өседі.
Балабақша тәрбиеленушісі ең алдымен байланыстырып сөйлеуге қалыптасады, жеке бас тазалығын ұстауға үйренеді және мүсіндейді, сурет салады, құрастырады, жапсырады, қырқады, сызады, жазады, бояйды, сәйкестендіреді, топтастырады, қоршаған ортамен танысады. Ең алғаш еңбек дағдыларын үйренеді.
Сахнаға шығып, өз бойындағы қорқыныш пен үрейден арылады. Сәлемдесуді, сыйлауды, құрметтеуді, қамқор, дос, жанашыр, мейірімді, ашық, таза, ұқыпты болуды үйренеді.
Әл Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес – тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дегеніндей, балабақша баспалдағынан өзіне ең құнды рухани азық алып өскен бала үлкен өмірдің бір кірпіші болып қаланатыны анық.
Жадыра ЖҮНІСОВА,
№5 «Шаттық» балабақшасының тәрбиешісі.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<