Баланың қолын хан да қақпаған

3125

0

Бала тәрбиесін педогог-психологтар бес кезеңге бөледі.

Біріншісі – 5 жасқа дейінгі кезең. Бес жасқа дейін белсенділік, танымдық және өмірге қызығушылық секілді қасиеттер орнығады. Тыйым салып, жазғырудан гөрі бұл кезеңде баланы алдаусырату керек. Балаға жаза берудің бірден-бір себебі – олардың есесін қайтара алмауында жатыр. Егер сәбиіңіз қауіпті бірнәрсе жасар болса, қорыққан кейіп жасап, қорыққан дауыс шығарыңыз. Бала ол тілді өте жақсы түсінеді. Баланы бес жасқа дейін басып тастар болсақ, онда біз баланың белсенділігін, өмірге деген қызығушылығын, интеллектін және иммунитетін де басып аламыз. Балаңызды уайымсыз бойұсынуға үйретіңіз.

Екінші – 5-10 жас аралығы. Бес жастан он жас аралығы – бағыну мен өмір заңдарын үйрену кезеңі. Бұл кезеңде баланың ақыл-парасаты мен логикасы белсенді түрде дамиды. Бала айналасындағы адамдардың оның жасаған істеріне қалай қарайтынын саралайтын кезеңде және ол да жағымсыз көзқарасты мейлінше байқамауы керек. Бұл кезде баланы білім алу, тапсырма беру және оларды талап етуден қорықпаңыз. Егер бес жастан кейін де баланы еркелете берер болсаңыз, балаңыз ұшқалақ, жұмысқа қабілетсіз әрі рухани жұтаң болып өседі.

Үшінші – 10-15 жас аралығы. Он жастан соң балаңызбен әр мәселеде кеңесіңіз. Өздігінен шешім қабылдауға мүмкіндік беріңіз. Егер оның шешімі ұнамаса, тікелей тыйымнан гөрі, оның соңының жақсы болмайтынын айтып түсіндіріңіз. Бұл кезде дербестік пен сананың тәуелсіздігі дамиды. Балаға кішкентай сәби секілді қарар болсаңыз, бала өмірге төселмеген болып кетеді, өзге жолдастарының қасында тәуелді болып қалады.

Соңғы кезең – 15 жастан кейінгі өмір. Он бес жастан соң сыйластықпен қарым-қатынас жасаңыз. Баланы бұл шақта тәрбиелеу – кеш. Бұл кезде сіз өз еңбегіңіздің жемісін ғана көре аласыз.

Бұл – психолог мамандардың тұжырымы. «Баланы бес жасқа дейін хан көтер, он жасқа дейін құлша жұмса, одан соң досыңдай сырлас» деген қазақ даналығы бұл психологтардың тұжырымынан жүздеген жыл бұрын пайда болған.

«Қыз Жібек» киносы есіңізде болар. Сырлыбай ханның елдік дәрежедегі үлкен мәселелерді шешіп отырып, қасындағы ойын балаларына «хан талапай» деп асық шашып жіберетін көрінісі бар. Сонда хан бала ойынын  елдік мәселеден кем көріп отырған жоқ. Бұл көрініс арқылы режиссер бізге ұлттық педагогикамызды көрсеткен.

Бала тәрбиесіне саналы түрде қадам жасау – өмірлік маңызды әрекет, аталық парыз, аналық қарыз. Бүгінде бала бақылаусыз қалып, соның нәтижесінде қауіпті, қайғылы жағдайларға да кезігіп жатады. Кешегі елордадағы сегізінші қабаттан құлап кете жаздаған «Сәбит пен сәби» оқиғасы осы айтқанымыздың бір қайырлы көрінісі.

Балаларымыз аман болсын. Ұлттың рухынан қуат алған ұрпақ өсірейік.

 Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<