«Даламның иісі бұрқырап,
Қарттарым аман-сау жүрші».
Жаныңды тербеген әсем әуенді тыңдап тұрып, селеу-жусаны желмен тербелген сайын дала, қырқаны жапқан төрт түлік, берекелі тірлік кешкен ауыл көрінісі, елдің құты – қариялар санаңда қылаң береді. Ең ғажабы, ағайынға – мақтан, өскелең буынға – өнеге, сырт көзге айбат тұтар ғибратты ғұмыр иелері ауыл арасында аз емес.
Социалистік Еңбек Ері, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» Кәрібоз Әлимаев атамыз – дәл осындай керемет жан. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…». Кеудесінде «Алтын жұлдызы» жарқыраған Кәрібоз атамыз – аудандағы көзі тірі жалғыз, Сыр өңіріндегі санаулы Еңбек Ерінің бірі. «Қарапайымдылық – ұлы қасиет» деген ұғым бар. Ол кісінің бойына осынау ұлы қасиет, яғни, кішіпейілдік дағдысы атаның қаны, ананың сүтімен дарыған.
Кәрекең маңғаз даласының қыры мен сырын есін білгеннен санасына құйып өсті. Туған топырағының тынысын тамыршыдай дөп басқан перзенті. Олай демегенде ше?! Жаздың ми қайнатар аптабы, күздің қара суығы, қыстың аязды дауылында шаруа қамын күйттеген еңбек адамы табиғаттың тосын мінезіне сыралғы болары тағы рас. Ал мұндай мол тәжірибе, өз ісіне жауапкершілік, қиындықтан жасымау кейіпкеріміздің жұлдызының жануына септігін тигізді десек, жаңыла қоймаспыз.
Кәрібоздың балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына дөп келді. Өзге қатар-құрбыларындай елдегі ауыр жұмысқа араласты. Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосты. Мектептен соң Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын механизатор мамандығымен бітірді. Еңбекке араласты. Абырой биігінен табылды. Трактормен егін алқабында жер жыртып, өзіне бекітілген нормасын асыра орындады. Талай мәрте ауыспалы «Қызыл туды» жеңіп алды.
«Кәрібоз Әлимаев 1964-1966 жылдар аралығында жер жырту нормасын 141-158 процентке орындаған. Маусымдық жұмыста өзіне бекітілген 528 гектардың орнына 1031 гектар жер жыртып, тұқым себуге әзірлеген» дейді уақыт табы сарғайтқан деректе.
Кәрібоз Әлимаевқа 1967 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл кезде біздің кейіпкеріміз ордабұзар жаста болатын. Арада бірнеше жыл өтті. Кеңшар басшылығы Кәрібозға шопан болуға ұсыныс жасады. Кеудесінде «Алтын жұлдызы» жарқыраған еңбек батыры тартынған жоқ. Ата-баба кәсібін жалғастыруға бел байлады. Қандай жұмыстың да өзіндік қиындығы болатыны белгілі. Бірде Кәрекеңнің отар қоймен бірге түні бойы адасқаны бар. Ақ түтек боран көз аштырмайды. Дауылда ыққан малдың адамға бой бермейтіні, қайырымға көнбейтіні малсақ ағайындарға жақсы таныс. Оған қоса отардың ізінен ажалдай аңдыған аш қасқыр ермесі бар ма?! Ердің нағыз сыналар шағы. Алайда, дала сырына қанық шопан сыр бермеді. Арада тәулік өте өзін іздеп табанынан таусылған топпен жүздескенде отардың да, батырдың да дін аман екенін көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады.
Кәрекеңнің табысты жолы жалғаса берді. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестің депутаты атанды. «Адам ұрпағымен көрікті». Көкеміз жұбайы «Күміс алқа» иегері Байхожаева Зейнегул анамызбен бірге 3 ұл, 3 қызынан 32 немере, 30 шөбере сүйіп отыр.
«Еңбектің даңқы өшпейді» деген осы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<