Болыстың болжамы

1916

1

Туған жердің әрбір сүйемі жаныңа күретамырыңдай жақын екені белгілі. Осынау ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың тұяғы тозатын сайын дала өзінің саңлақ ұлдарымен де қастерлі. Біздің атақонысымызда есімдері көпшіліктің жадында мәңгілікке сақталып қалған дарабоз тұлғалар аз болмаған. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы ел басқарған Егізбай Бейбітұлы.

Біздің ауылда Егізбай бо­лыстың зәулім үй тамы бар. Нақты деректе «Мемлекет қор­ғауына алынған Егізбай ке­сенесі 1927 жылы қамкесектен салынған. Кесененің биіктігі – 5 метр 80 см, аумағы 350 м3. Кірер есіктің жоғарғы жа­ғында қатарынан 3 күмбез орналасқан» деп жазылған.

Егізбай болыс әділдігімен қатар, өткір тілді, алысты бол­жайтын көреген адам болғанға ұқсайды. Оған төмендегі оқиға дәлел болады.

Ертеректе Егізбай болыс, малының есебін адам санап тауыса алмайтын атақты Кен­жебай бай, қожа-молда, ишан өзге де елге сыйлы ақ­сақал-қарасақалдары Ащы­көл­дің бойына мәжіліс жасап­ты. Атағы жер жарған ел ағаларының әр қадамы береке ғой. Толқыны жағаны ұрып, айдынында сазан ойнап, аққу-қаз жүзген көлдің шүйгініне жағалай ақ боз үйлер тігіліп, саба-саба қымыз құйылып, ту биелер сойылып, самсаған жер ошақта қазан қайнап, мамыражай күй кешіпті. Осы мезетте алыс жолдан сапарлап, шаршап-шалдығып келе жат­қан екі жолаушы жігіт шөл қандырып, сәл жан шақырып алмақ оймен киіз үйлердің көлеңкесіне отыра кетіпті. Исі қазақ мейманды жатсынған ба? Қос жолаушы да қымызға мелдектей тойыпты.

Түс әлеті болса керек. Бі­легін сыбанып қызмет жасап жүргендер астың дайын екенін, қолға су құю керектігін айтады. Мұны естіген біздің ауылдың жас жігіттері қаншама адамға қызмет жасауға ерініп, үйлерді айналып, сырттап кетіпті. Өзгелер ыңғай танытпаған соң, мәжіліске кездейсоқ тап болған екі жолаушы жігіт басты ордаға кіріп, үлкендердің қолына су құйып, баталарын алыпты.

Сонда төрт аяғын тең басқан жорғадай көпшілік арасына сызат түсірмеген Егізбай болыс:

– Қап, әттеген-ай. Осы үйде отырған ақсақал-қарасақалдар – ау­зы дуалы, сөзі киелі, тілегі қабыл, бақ дарып, қыдыр қон­ған, қасиеті мол қаймақтар еді. Барша ықы­лас-пейілдері, ри­­за­шылық-ба­талары бел ба­ла­ларымызға емес, кездейсоқ жүр­ген жолаушыларға бұйыр­ды-ау. Жеті атамыздан бері қарай қон­ған билік біздермен шек­телмесе игі. Ұрпағымыз тіз­гіннен айрылып қалмаса болар еді-ау. Жалған дүние! – деп қатты өкінген екен.

Арада ғасырдан астам уақыт өтті. Егізбай атаның осы сөзі ел ішінде әлі ұмытылған жоқ. Қайран, бабалар!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<